
Қазақстанның кинопрокат қызметтері нарығының талданатын географиялық шекаралардағы көлемі 2024 жылғы 1 қаңтардан 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде 76,2 млрд теңгені құрады. Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жүргізген талдау нарықтың 60-тан астам қатысушысының қызметін қамтып, бәсекелестіктің дамуын тежейтін жүйелі кедергілерді анықтады.
Талдау нәтижелері нарықтың жоғары шоғырлану деңгейімен сипатталатынын көрсетті. Нарықтағы жетекші орынды Kinopark-Kinoplexx Theatres желісі иеленсе, екінші ірі қатысушы – Chaplin Cinemas. Бұл ретте бірқатар өңірлерде кинопрокат қызметтерін бір немесе екі ғана қатысушы көрсетеді, бұл бәсекелестік деңгейінің шектеулі екенін көрсетеді.
Негізгі проблемалардың бірі кинотеатрлар мен дистрибьюторлар арасындағы өзара іс-қимылдың бірыңғай қағидаларының болмауы болып келеді. Фильмдерді көрсету құқықтарын ұсыну шарттары кинотеатрлардың репертуарын қалыптастыру мүмкіндіктеріне және көрермендердің фильм премьераларына қол жеткізуіне тікелей әсер етеді.
Нарықта қызмет жүргізудің ашық және кемсітусіз жағдайларын қалыптастыру мақсатында ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі кинопрокат қызметін жүзеге асыру қағидаларын әзірлеуді, дистрибьюторлар мен кинотеатрлар арасындағы үлгілік шартты бекітуді, сондай-ақ нарықты мониторингтеу тетіктерін жетілдіруді ұсынды.
Ұсынылған шараларды іске асыру нарық қатысушыларының фильм контентіне тең қол жеткізуін қамтамасыз етуге, кинотеатрлар мен дистрибьюторлар арасындағы өзара іс-қимылдың ашықтығын арттыруға және кинопрокат саласында адал бәсекелестікті одан әрі дамыту үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Қорытынды: https://www.gov.kz/memleket/entities/zk/documents/details/1052402?lang=ru