Алакөл ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасын түсіндіру бағытында арнайы жиын өтті.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары А. Қабаев ашып, бағдарламаның ауыл тұрғындарының табысын арттыруға және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған маңызды бастама екенін атап өтті.
Кездесуге «Аманат» партиясының Жетісу облысы бойынша ауыл шаруашылығы кооперативтерінің үйлестірушісі Жұмаш Арыстанбек Булатқанұлы және Жетісу облысы ауыл шаруашылығы басқармасының кооперацияны дамыту және агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін несиелендіру бөлімінің басшысы Тарыбаев Ерсін Бақбергенұлы арнайы қатысып, бағдарлама аясында берілетін жеңілдетілген несиелер, кооператив құру тәртібі және мемлекеттік қолдау тетіктері туралы жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Жиын барысында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.
Алакөл ауданы әкімінің кеңейтілген кеңесі өтті.
Кеңес отырысында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы өзекті мәселелер жан-жақты қаралды. Күн тәртібіне сәйкес әлеуметтік саладағы атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер сараланды.
Сондай-ақ 2025 жылғы көлік салығын өндіру қорытындылары шығарылып, 2026 жылдың І тоқсанына арналған болжамды жоспардың орындалу барысы пысықталды. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары салаларындағы мәселелер көтеріліп, көктемгі дала жұмыстарына дайындық, жерді тиімді пайдалану және мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы талқыланды.
Коммуналдық сала бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жол инфрақұрылымы және елді мекендерді абаттандыру бағытындағы жұмыстар қаралды.
Кеңес қорытындысы бойынша жауапты бөлім басшыларына белгіленген міндеттерді сапалы әрі мерзімінде орындау тапсырылды.
Алакөлде «Широкая Масленица» мерекесі тойланды
Қыстың соңғы күндері, көктем күн шуағын шашқанда, жарқын жылулықпен, ерекше шаттықпен, жайлылықпен есте қалар мереке – Масленица тойланады.
Осы орайда, бүгін Д.Қонаев атындағы орталық алаңда «Масленица» мерекесіне орай «Раздольная масленица» атты мерекелік іс-шара өтті. Славян халықтарының дәстүрлі мейрамы алакөлдіктерді біріктіріп, қыспен қоштасып, көктемді қарсы алуға үндеді.
Аудан әкімінің орынбасары М.Төлеужанов тұрғындарды масленица мерекесімен құттықтап, бұл мейрамның бірлік пен татулықты нығайтатын ерекше күн екенін атап өтті. Сондай-ақ, мерекені ұйымдастыруға ат салысқан мекемелер мен жеке кәсіпкерлерді алғыс хаттармен марапаттап, түрлі сыйлықтар табыстады.
Орталық алаңда мерекеге орай «Славян» этно-мәдени орталығы мен бөлім, мекеме, білім беру ұйымдарының ұлттық тағамдары ұсынылып, ән мен би көрсетіліп, түрлі спорттық ойындар, конкурстар мен сахналық қойылымдар халық назарына ұсынылды.
Айдынды Алакөлдің тұрғындары мен қонақтары әсем думанның куәсі болып қана қоймай, түрлі ойындар мен байқауларға белсене қатысты.
«Масленицаның» басты атрибуттары – көпшілікке құймақ таратылып, сабаннан жасалған тұлып(чучелка) өртелді. Бұл дәстүр өткеннің қиындықтарын артта қалдырып, жаңа маусымға үмітпен қадам басуды білдіреді. Жиналғандар алау жалынына қарап, көктемнің берекелі болуын тіледі.
Көпшілікті қамтыған мереке аудан тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, достық пен ынтымақтың жарқын көрінісіне айналды.
2026 жылғы 15 ақпан күні Алакөл ауданының Даңқ аллеясында Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Іс-шараға 70-ке жуық адам қатысып, жиналған қауым Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Рәсім барысында Алакөл аудандық орталық мешітінің наиб имамы Зарқұм Ербол құран бағыштап, марқұмдардың рухына дұға жасады.
Іс-шараның мақсаты – ерлік көрсеткен азаматтардың есімін ұлықтау, олардың ерлігіне тағзым ету және жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру.
«Ерлікке тағзым – ұрпаққа үлгі» атты салтанатты іс-шара өтті
2026 жылғы 13 ақпан күні Үшарал қаласында, З.Қойшыбаева атындағы мәдениет үйі ғимаратында Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күніне орай «Ерлікке тағзым – ұрпаққа үлгі» тақырыбында салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жауынгер-интернационалистердің ерлігіне тағзым ету, Ауған соғысында қаза тапқан боздақтарды еске алу, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру және тарихи жадыны сақтау болды.
Салтанатты жиынға аудан басшылығы, Ауған соғысының ардагерлері, мекеме басшылары, жастар және қала тұрғындары қатысты. Жиын барысында Ауған жерінде әскери борышын өтеген азаматтардың ерлігі мен ел алдындағы адал қызметі ерекше аталып өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Мәулен Төлеужанов ардагерлерге алғыс білдіріп, арнайы алғыс хаттар табыстады. Сонымен қатар, патриоттық бағыттағы концерттік бағдарлама ұсынылып, қатысушыларға рухани әсер сыйлады. Іс-шара соңында естелік фотосуретке түсу рәсімі ұйымдастырылды.
Бұл тағылымды шара – ерлік пен елжандылықтың жарқын үлгісін көрсетіп, жас ұрпаққа отансүйгіштік рух беретін маңызды тәрбиелік мәні бар кездесу болды.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ
Астанада ХҚКО-да цифрлық сауаттылыққа арналған тегін оқыту жүріп жатыр
Астанадағы ХҚКО тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетумен қатар, цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталған оқыту алаңы ретінде жұмыс істей бастады. «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы Астанада азаматтарға мемлекеттік қызметтерді онлайн рәсімдеуді үйрететін және цифрлық қызметтерді қолдану қабілетін дамытуға бағытталған тегін офлайн оқытуды іске қосты.
Оқыту Мемлекеттік корпорацияның «Таным» оқу орталығы мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның қатысуымен ұйымдастырылды және практикалық форматта өтеді. Мамандар азаматтарға «Электрондық үкімет» порталы мен мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының біріңғай платформасын, «ЦОН» және «eGov Mobile» қосымшаларын қалай қолдану керегін көрсетіп, қажетті қызметтерді онлайн алу жолдарын үйретеді. Оқыту бағдарламасы азаматтар тарапынан жиі түсетін сұрақтар мен сұраныстарға сәйкес әзірленеді.
Бұл бастама Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген цифрландыру бастамалары аясында жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар, оқыту халыққа қызмет көрсетудің жаңа форматы – «Цифрлық халық кеңсесі» үлгісін енгізуге бағытталған. «Apple Store» үлгісіндегі бұл формат азаматтарға қызметтерді жылдам алуға және оларды онлайн түрде өз бетінше рәсімдеуді меңгеруге көмектеседі.
Айта кетейік, жоба әзірге пилоттық форматта жұмыс істейді: бірінші тоқсанда оқыту Астанада өтсе, екінші тоқсанда бұл тәжірибені өңірлерге кеңейту жоспарланған.
Оқыту тегін әрі тұрақты түрде өткізіледі. Іс-шара әр сәрсенбі және жұма күндері Астана қаласындағы ХҚКО-ның «Нұра» ауданы бөлімінде (Керей мен Жәнібек хандар көшесі, 4) сағат 10:00-ден 12:00-ге дейін өтеді. Кіру тегін.
Алакөл ауданының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің ұйымдастыруымен аудан шаруа қожалықтары басшыларына су пайдалану саласындағы цифрландыру және электрондық келісімшартқа көшу тәртібі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жиын барысында су ресурстарын тиімді пайдалану, келісімшарттарды электронды форматта рәсімдеу тәртібі және саладағы жаңа талаптар кеңінен талқыланды.
Жиынға:
– Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы Сембаев Әли Қасенұлы;
– «Қазсушар» РМК Жетісу облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Сайламбаев Думан Есенғалиұлы;
– Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі Балқаш–Алакөл бассейндік инспекциясы мемлекеттік бақылау бөлімінің бас маманы Керимханов Бағжан Дәлелханұлы;
– Алакөл өндірістік учаскесінің су нысандарын пайдалану бөлімінің инженері Омаров Аслан Маратжанұлы;
– аудан шаруа қожалықтарының басшылары қатысты.
«Сталкингті тоқтат: қауіпсіздік – әр адамның құқығы» форумы өтті
12 ақпан күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Сталкингті тоқтат: қауіпсіздік – әр адамның құқығы» тақырыбында аудандық форум өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сталкингтің алдын алу, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды нығайту болды.
Форумға құқық қорғау органдарының өкілдері, аудандық ардагерлер кеңесі, аналар кеңесі, білім беру және денсаулық сақтау саласының мамандары, аудандық бөлімдер мен мекеме қызметкерлері, сондай-ақ пробация қызметінің өкілдері қатысты.
Форумның арнайы қонағы – Жетісу облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Байгозинов Серік Өмірханұлы болды.
Алғы сөзбен аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Абдильдаев Азамат Мұратұлы сөз сөйлеп, сталкингтің қоғамға төндіретін қаупі мен оның алдын алу жолдарына тоқталды. Сонымен қатар, Алакөл ауданы прокуратурасының прокуроры Ондабаев Ерасыл Қыдырбайұлы құқықтық жауапкершілік мәселелерін түсіндірді.
«Сталкингтің алдын алу – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бағыты» тақырыбында «Жанұя» отбасын қолдау орталығының директоры, облыстық мәслихат депутаты Садиев Алмат Тезекбайұлы баяндама жасап, отбасылық құндылықтарды нығайту мен алдын алу жұмыстарының маңызын атап өтті.
Аудандық орталық аурухананың психологы Әліпбекова Әйгерім Әліпбекқызы психологиялық қолдау тетіктері мен жәбірленушілермен жұмыс істеу бағытындағы тәжірибесімен бөлісті.
Форум барысында қатысушылар арасында ашық пікір алмасу ұйымдастырылып, ұсыныстар мен сұрақтар талқыланды. Жиын соңында қорытынды сөз сөйлеген Серік Өмірханұлы қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету – ортақ міндет екенін атап өтті.
Форум қорытындысы бойынша халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, алдын алу шараларын күшейту, мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды жандандыру, жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүйелеу бағытында нақты ұсыныстар қабылданды.
Іс-шара қоғамдағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды күшейтуге серпін берді.
Қысқы кезеңде елді мекендер арасындағы автомобиль жолдарына шықпастан бұрын алдағы қозғалыс бағдары бойынша ауа райы болжамын міндетті түрде зерделеген жөн.
Егер қандай да бір елді мекенге бару керек болған жағдайда уақытында және қажет елді мекенге жете алатындай теміржол көлігімен барған дұрыс.
Төменде келтірілген қарапайым ұсынымдарды орындасаңыз, боран болған кезде және бораннан кейін аман қалуға көп көмегін тигізеді.
Қыста жолға шығар алдында:
1. Мұқият ауа райы болжамын зерделеңіз;
2. Қозғалыс үшін қандай жолдар жабылуы мүмкін екенін анықтаңыз. Ақпаратты «Қазавтожол» ҰК» АҚ сайтында толығымен жабық учаскелердің картасынан көруге болады, 1403 телефон нөмірі немесе «112» телефон нөмірі арқылы нақтылауға болады.
«112» қызметінен ресми дауылды ескерту алған жағдайда елді мекендерден және жолға шығудан бас тартқан жөн.
3. Жолға шығуға алдын ала дайындалған жөн:
Машинаны шұғыл жағдайларда қажет болатын қосымша өте керек жүкпен жасақтау: отын қорына арналған канистр (кемінде 20 л) және құюға арналған құйғысымен бірге; тент немесе кемінде 4*3м өлшеміндегі автомобильге арналған қамтама; қарапайым құрал-сайман (күрек); сүйрейтін арқан; шәй құйылған термос пен азық-түлік қоры; сіріңке, шам, құрғақ отын; газ отыны мен дәнеркерлеу лампасы; қолшам мен оның батарейкасының қоры; GPS-навигатор, пауэрбанк; жылы киім жиынтығы; ұйықтайтын қап немесе жүн көрпе, плед;
Машинаның міндетті түрде қосалқы доңғалағы, домкрат, баланға арналған кілт, жөндеу жиынтығы, сорғы, аккумулятор қуаттайтын кәбіл, авариялық тоқтайтын белгі, өртсөндіргіш пен дәрі қобдишасы болуы тиіс.
Ең бастысы автомобиль техникалық жарамды жағдайда болуы тиіс.
Егер жолда келе жатқанда боран басталса:
Егер жолға шыққаннан кейін қолайсыз ауа райы болған кезде (боран, бұрқасын және т.б.), көріну нашарлағанда:
1. Алдыңғы және артқы тұманға қарсы шамдарды, сондай-ақ авариялық оттарды қосу керек.
2. Алдында немесе бүйір жағында кедергі болғанда қауіпсіз тоқтау үшін жылдамдықты біртіндеп азайтқан жөн.
3. Егер көпжолақты жол болса оң жақтағы жолаққа шығыңыз, бұл қар тазалайтын техниканың өтуіне мүмкіндік береді. Бұл жерде басып озу маневрлерін жасамай қажет ара қашықтықты сақтаған дұрыс.
4. Соқпақ жолмен жүрген кезде машинаның төменгі берілісінде аздаған айналыс күшімен, жолдан шықпай жүру керек.
5. Бұрқасын, боран көріну шектеулі болған кезде елді мекеннен алыс белгісіз жерде қар астында немесе тұрып қалуыңыз мүмкін болғандықтан кез келген автожолда қозғалысты жалғастыру қауіпті.
Мүмкіндігінше автотын құю станциясы, жол бойындағы дәмхана, дөңгелек жөндеу пункті, кемпинг, ұзаққа жүретін машиналар тұрағы, парковка және т.б. болуы мүмкін жақын маңдағы қауіпсіз орынға жетіп алған дұрыс.
Тіке жол бойына тоқтамаған жөн.
6. Егер қозғалу мүмкін болмаған жағдайда және көмексіз шыға алмайтын болсаңыз үрейге берілмей бірден 112, 102 шұғыл қызметтерінің телефон нөмірлеріне қоңырау шалыңыз. Навигатордың көмегімен координаттарыңызды анықтаңыз. Өзіңіз координатаңызды, айналадағы отын қоры және т.б. болып жатқан ақпаратты беріңіз. Көмекке міндетті түрде келеді.
Мемлекеттік органдар автомобильдерді лектік ілесіп жүруге шешім қабылдаған жағдайда:
- жол қозғалысы ережелерін сақтаңыз;
- ілесіп жүретін мемлекеттік орган белгілеген жылдамдық режимін сақтаңыз;
- өткізу пунктінен шыққан автомобильдің артынан қатаң лекте қозғалыңыз;
- кез келген шешім қабылдап не тоқтай алатындай, алдында келе жатқан автомобильдің арасындағы қашықтықты сақтаңыз;
- алдыңғы автомобильдерді басып озуға болмайды;
- айналаңыздағы мән-жайды бақылаңыз.
Дереккөз: ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми сайты
Құтқарушылар ұсынымдары: халықтың автожолдардағы қар құрсауы кезіндегі іс-қимылдары
Жетісуда биыл 10 ірі әлеуметтік гранттық жоба іске асырылады
Жетісу облысында 2026 жылы мемлекеттік жастар саясатын, отбасы институтын және азаматтық белсенділікті дамытуға бағытталған ауқымды әлеуметтік жобалар кешені бастау алады. Үкіметтік емес ұйымдар арқылы жүзеге асырылатын бұл бастамалар өңір жастарының әлеуетін арттыруға, әлеуметтік мәселелердің алдын алуға және қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға негізделген. Билік орындары бұл жобалардың тек уақытша шара емес, 2028 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясының бір бөлігі екенін атап өтті.
Бағдарламаның ең басым бағыттарының бірі – ауыл жастарын қолдау және жұмыссыздықпен күрес. Жоба аясында жыл сайын 1 000-нан астам жас кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, үздік стартап иелеріне 3 миллион теңге көлемінде 10 қайтарымсыз грант беріледі. Өтінім қабылдау: қысқа мерзімді гранттар бойынша 15 жұмыс күні ішінде 3 мен 23 аралығында, ұзақ мерзімді гранттар бойынша 20 жұмыс күні ішінде 3 ақпан мен 2 наурыз аралығында https://cisc.kz/ru/projects/ сілтемесі арқылы беруге болады.
Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мен шығармашылығын дамыту мақсатында «Мейірімді Жетісу» волонтерлік фронт-офисі мен «Жайдарман» ойындарына ерекше көңіл бөлінбек. Волонтерлік қозғалысқа кемінде 1 000 ерікті тартылып, өңірлік «Жыл волонтері» сыйлығы тағайындалса, жайдарманшылар арасында облыс әкімінің кубогы сарапқа салынады. Сонымен қатар, студенттік өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру арқылы оқу орындарында 30-дан астам тың жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Бұл ретте қоғамдық қауіпсіздік пен салауатты өмір салтын насихаттау мәселесі де назардан тыс қалмады. Жастар арасында есірткінің алдын алу үшін арнайы Call-орталық пен сенім телефоны іске қосылып, ақпараттық науқандар арқылы 200 мыңнан астам адам қамтылады. Көшбасшылық қасиеттерді дамыту үшін 250 белсенді жас арнайы оқытудан өтіп, халықаралық жастар күніне орай өтетін «Көшбасшы» форумында марапатталатын болады.
Жобалардың тағы бір маңызды блогы отбасылық құндылықтар мен әйелдердің рөлін нығайтуға арналған. Әкелер институтын дамыту, аналар мен билер кеңестерімен кездесулер өткізу, сондай-ақ 500-ден астам әйел мен қызды қаржылық және құқықтық сауаттылыққа баулу шаралары көзделген. Бұл кешенді жұмыстар Жетісу облысының барлық 8 ауданы мен 2 қаласын қамтып, өңірдің әлеуметтік-демографиялық дамуына оң серпін береді деп күтілуде.