Өз ісінің маманы, сауатты, іскер әйелдер қоғамда жоғары беделге ие. Ерлермен иық теңестіре абыройлы еңбек етіп, өздерінің нәзік, табиғи қалыптарын сақтап қалған бұрымдылар жетерлік. Алда келе жатқан 8-наурыз - Халықаралық әйелдер күніне орай қиын да қызықты жол саласында ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп, үлкен жетістерге қол жеткізген кәсіби маман, тәжірибелі басшы, аяулы ана, асыл жар Күлімхан Нупбосынова туралы келесі бейнематериалда.
Күлімхан Нупбосынова аймақ жолдарын күтіп ұстау мен ағымдағы жөндеуден өткізуге жауапты - «ОблШығысЖол» мекемесінің өндірістік-техникалық бөлімді басқарады. Жиырма жылдан астам уақыт бойы жол саласында жұмыс істейтін жетекші маман ғұмырын осы салаға арнағанына еш өкінбейді.
Бұл мекеме жұмысының негізгі міндеті – облыс аумағындағы жолдарды қысы-жазы күтіп ұстап, жөндеуден өткізу. Сондықтан компания қызметкерлері аймақтағы жол тораптарының жай-күйін қадағалап, бекітілген бірыңғай талапқа сай келтірумен айналысуда. Сондай-ақ, 2020 жылдан бастап Күршім ауданындағы Бұқтырма суқоймасы арқылы өтетін көпірдің құрылысын атқаруда.
Өз ісіне берік, жұмысына тиянақты маманға әріптестері ерекше құрметпен қарайды. Ұжымға сыйлы, білікті басшы бәрінің тілін табады.
Өзі жұмыс істейтін саланың дамуына сүбелі үлес қосқан Күлімхан Нупбосынованың ерен еңбегі еленіп, басшылық тарапынан көптеген алғыс хаттар мен мақтау қағаздарын иеленген. Мадақтама, құттықтау хаттармен қоса Тәуелсіздіктің 20 жылдығы медалімен, ал 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атынан мақтау грамотасымен марапатталған.