ЖАҚИЯРОВ БАЙҒАЖЫ ҚАЙЫПСОЛТАНҰЛЫ
1950 жылы 1 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Чернова (қазіргі Аққайнар) ауылында дүниеге келген. Білімі орта. 1967 жылы Чернова он жылдық мектебін бітірген. 1968 жылы Өскемен ауылшаруашылық техникумына мал дәрігері мамандығы бойынша оқуға түседі. Оқуда жүргенде әскер қатарына шақырылып, Германияда Бранденбург атындағы ерекше барлау батальонында азаматтық борышын өтейді.
Отбасылық жағдайына байланысты армиядан келген соң оқуын жалғастыра алмай, ауылдық клубқа меңгеруші болып орналасады. 1973 отбасын құрады. 1974 жылы механизаторлар дайындайтын курсты бітіріп, шаруашылықта бульдозерде жұмыс жасайды. 1979 жылы Чернова орта мектебіне жұмысқа шақырылып, оқушылардың арасынан кең профильді механизаторларды дайындайды. 1992 жылы кеңшарға қайта оралып, 1996 жылға дейін мал шаруашылығында жұмыс жасайды. 1994 жылы кәсіподақ комитетінің төрағасы болып сайланады. Кеңшар тарағаннан кейін жеке шаруа қожалығын құрады. 2005 жылы Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне инспектор болып жұмысқа орналасады. Жұмыс барысында мектепте оқушылармен экоағарту және туристік маршруттар ашу жұмыстарын жүргізеді. Талай конкурстарға қатысып жүлделі орындар алып, түрлі сертификаттарға ие болады. Он қолынан өнер тамған шебер, ақынжанды азаматтың туындылары көрмелерге қойылып, шығармалары түрлі баспаларда жарық көреді. 2013 жылы зейнетке шыққанан кейін Аққайнар орта мектебінде технология, сурет сабақтарын жүргізеді.
Қазіргі уақытта Байғажы Қайыпсолтанұлы Аққайнар ауылында ақсақалдар кеңесінің төрағасы ретінде ауыл өміріне, тыныс-тіршілігіне, абаттандыруға белсене араласып, ауылдың көркеюіне өз үлесін қосып келеді.
2025 жылы 20 маусымда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Байғажы Қайыпсолтанұлына VIII шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XXVIII сессиясының №28/324-VIII шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.