АБРАИМОВ ЖОМАРТҚАН ҚАСЕНҰЛЫ
1949 жылы 31 шілдеде Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Жамбыл ауылында дүниеге келген. Білімі арнаулы орта. Лениногор орман шаруашылығы техникумын техник-механик мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1970 жылы Лениногор орман шаруашылығы техникумында бастайды. 1972 жылы Катонқарағай марал кеңшарына ауылшаруашылығы техникаларының механигі болып жұмысқа кіреді. Кейін осы кеңшарда МТМ меңгерушісі, №1 бөлімшесінің басқарушысы, кәсіподақ комитетінің төрағасы секілді қызметтер атқарады. Кеңшар тарап, ауыл тұрғындары жаппай қалаға қоныс аударып жатқанда Жомартқан Қасенұлы Жамбыл ауылының сақталып қалуына үлкен үлес қосады. Жұбайы Айсара екеуі дүкен, наубайхана ашып, ауыл тұрғындарын киім-кешекпен, азық-түлікпен, нанмен қамтамасыз етіп отырады. 2010 жылы «Жомарт» шаруа қожалығын құрып, округте мал шаруашылығын дамытуға да зор үлес қосады. 2012 жылы зейнеткерлікке шыққанан кейін Жамбыл ауылдық округі жанындағы Ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланады.
Жомартқан Қасенұлы Жамбыл ауылдық округінің дамуына, елді мекендерді көркейту жұмыстарына, жастарды патриотизм рухында тәрбиелеуге, ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажы мәселелеріне үнемі ат салысып, белсенділік танытып келеді. Сонымен бірге, көркемөнерпаздар концерттеріне қатысып, мәдени-көпшілік жұмыстарында да жастарға үлгі болуда. Жемісті еңбегі өкімет тарапынан әділ бағаланып, Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Конституцияның 20 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталған.
2025 жылы 20 маусымда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Жомартқан Қасенұлына VIII шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XXVIII сессиясының №28/324-VIII шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.