Білім беру ұйымдарының бірінші сыныбына қабылдау туралы
ПРЕСС – АНОНС
2024 жылдың 1 сәуірден бастап Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 12 қазандағы № 564 «Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының 9-2) тармағына сәйкес облыстың барлық білім беру ұйымдарында 1-сыныпқа қабылдау жұмысы басталады.
Бастауыш білімнің жалпы оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары дайындық деңгейіне қарамастан, білім беру ұйымы қызмет көрсететін аумақта тұратын барлық балалардың қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, алты жастағы және күнтізбелік жылда алты жасқа толатын балаларды бірінші сыныпқа қабылдауды қамтамасыз етеді.
Білім беру ұйымдарының бірінші сыныбына қабылдау egov.kz "электрондық үкімет" веб-порталы немесе білім беру ұйымының кеңсесі арқылы қабылданады.
Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібіне сәйкес келесі құжаттарды өткізу талап етіледі:
1) ата-аналардың немесе заңды өкілдердің өтініші;
2) "Профилактикалық екпелер картасы» № 065/у нысанды және «Бала денсаулығының паспорты» № 052-2/у нысанды медициналық анықтамалар;
3) баланың 3х4 см өлшеміндегі фотосуретi.
4) білім беру ұйымының кеңсесіне құжат өткізген жағдайда түпнұсқаны сәйкестендіру үшін жеке басын растайтын құжат көрсетіледі (ол көрсетілетін қызметті алушыға қайтарылады) немесе цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжат көрсетіледі.
Биылғы өзгеріс бойынша құжаттар 31 тамызға (бұған дейін 1 тамызға дейін қабылданған) дейін қабылданады. Сондай-ақ, мектептердің, гимназиялардың және лицейлердің 1-сыныбына қабылдау барысында дайындық деңгейі бағалайтын сынақтар жүргізілмейді.
Мектептерде ұйымдастырылатын мектепалды даярлық топтарына құжат қабылдау 1-31 тамыз аралығында жүргізіледі.
Сонымен қатар, жазғы демалыс уақытында мектептерде балаларды мектепке бейімдеу үшін Бүлдіршіндер мектебі ұйымдастырылады.