Көлік министрлігі мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Көлік құрылысы» білім беру бағдарламалары тобын ашу бойынша бірлескен жұмысы өз мәресіне жетті. Бұл туралы ҚР КМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Анар Ғабдуллина Алматы қаласында жоғары оқу орындары басшыларымен және студенттермен өткен кездесу барысында мәлім етті.
Көлік құрылысында мамандар даярлайтын білім беру мекемелерімен стратегиялық өзара іс-қимыл және әріптестікті нығайту шеңберінде министрлікке қарасты Автомобиль жолдары комитеті, «ҚазжолҒЗИ» АҚ, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы және Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы өкілдерінен құралған жұмыс тобы Алматы қаласындағы бірқатар оқу орнына барды.
Көзделген негізгі мақсат – автожол саласындағы кадрларды дамыту перспективаларын талқылау және білім беру мекемелерімен тығыз ынтымақтастық орнату.
Естеріңізге сала кетейік, қазіргі уақытта автожол саласында білікті кадрлардың жетіспеушілігі мәселесі туындап отыр. Саланың білікті кадрларға деген қажеттілігі жыл сайын шамамен 2 мың адамды құрайды. Ал жоғары оқу орындары жыл сайын 100-ге жуық жол маманын дайындап шығарады.
Бүгінгі таңда Көлік министрлігінің Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлескен жұмысының нәтижесінде білікті жол мамандарын даярлау үшін «көлік құрылысы» бағыты бойынша оқуға 1 мың қосымша грант бөлу туралы шешім қабылданды.
Сондай-ақ кадрларды ынталандыру және мамандардың жұмыс сапасын арттыру үшін Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты Jolshy базасын құрды. Аталған жүйе жоғары оқу орындарының түлектерінен бастап, автомобиль жолдарының құрылысы, оларды жобалау және пайдалануда жұмыс істейтін мамандарды қоса алғанда, жол саласының барлық маманы туралы ақпаратты қамтитын болады.
Қазіргі уақытта базаны толтыру және платформалармен біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, Enbek.kz және eLicense.kz мамандар базасында кадрлар туралы мәліметтер (біліктілік, жұмыс тәжірибесі, біліктілікті арттыру курстарының сертификаттары және т.б.), жол саласы кадрларының қажеттілігі туралы статистикалық деректер және жұмыс берушілер үшін кадрларды іріктеу бойынша ақпарат қолжетімді.
ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиеваның Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ямада Джун мырзамен кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Жапония арасындағы әуе қатынасын қалпына келтіру мәселесін талқылады.
Салтанат Томпиева қазақстандық әуе компаниялар 2025 жылдың бірінші жартысында екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлады. Ямада мырза өз кезегінде бұл мәселеде жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін хабарлады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар елдер арасындағы экономикалық, іскерлік және мәдени ынтымақтастықты кеңейту үшін әуе қатынасын қалпына келтіру бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.
Ведомство өкілдері таксиге тапсырыс беруге арналған мобильді қосымшалар операторларымен кездесу өткізді
Биыл 19 қаңтарда автомобильмен жолаушыларды тасымалдау мәселелері жөніндегі кеңес аясында Көлік министрі Марат Қарабаевтың төрағалығымен таксиге тапсырыс беруге арналған мобильді қосымшалар операторларының, оның ішінде «Яндекс» және inDrive өкілдерімен кездесу өткен болатын. Кеңес барысында такси тасымалдаушыларының автомобиль көлігі саласындағы заңнама нормаларын сақтауын қамтамасыз ету және жолаушылар тасымалы қауіпсіздігі бойынша ішкі корпоративтік талаптарды енгізу қажеттілігіне қатысты мәселелер көтерілген еді.
Кеңес қорытындысы бойынша таксиге тапсырыс берудің мобильді қосымшалары операторларының өкілдеріне автомобильмен жолаушыларды тасымалдау саласының проблемалық мәселелерін шешу бойынша ұсыныстар енгізу ұсынылды.
12 ақпанда көлік вице-министрі М.Қалиақпаровтың төрағалығымен inDrive сервис операторының өкілдерімен қосымша кездесу өткізілді. Кеңес барысында жолаушыларды заңсыз тасымалдаудың жағымсыз тұстарын көрсете отырып, жол-көлік апаттары бойынша статистика көпшілік назарына шығарылды. Осыған байланысты компанияға жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін сақтау бойынша талаптарды күшейту ұсынылды.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша мобильдік қосымша операторының такси тасымалдаушыларының автомобиль көлігі саласындағы заңнама талаптарын сақтауын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды кезең-кезеңімен қабылдауына бағытталған Көлік министрлігі мен inDrive операторы арасындағы ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы меморандум жасасу қажеттілігі туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта аталған меморандумның жобасы әзірленіп жатыр.
65 жылдық мерейтойына орай Қазақстан жолғылыми-зерттеу институты «Жол құрылысы саласындағы үздік инновациялық жоба»конкурсының басталғаны туралы хабарлайды
Бастама жас ғалымдардың, жол құрылысы мен инфрақұрылым саласына қызығушылығын арттыру және ынталандыруға бағытталған.
«Ғылыми мекемелердің, университеттердің, кәсіпорындар мен жеке зерттеушілерді осы шараға қатысуға және жол құрылысы мен инфрақұрылымды дамытуға үлес қоса алатынжастарды өздерінің инновациялық идеялары мен әзірлемелерін көрсетуге шақырамыз», – деп атап өтті «ҚазжолҒЗИ» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Әсел Нұғманова.
Байқау жеңімпаздары 12 сәуірде Ғылым күні қарсаңында анықталатын болады. Аталған іс-шара жол құрылысы саласындағы ғылыми зерттеулердің маңыздылығын арттыра түспек.
Конкурсқа қатысу жас ғалымдарға өздерінің инновациялық жобаларын ұсынуға және Қазақстанның жол саласын дамытуға өз үлесін қосуға мүмкіндік береді.
Өтінімдер 20 ақпаннан бастап 25 наурызға дейін қабылданады. Байқауға қатысу үшін qazjolgzi.kz ресми сайтына кіріп, «Ғылыми-зерттеу орталығы»бөліміне өтіп, берілген нысан бойынша қосымшаны толтыру қажет. Қосымша ақпаратты ресми сайттан немесе 8 (708) 888-80-18, 8 (775) 688-20-94 телефондары арқылы алуға болады.
Көлік министрлігінде бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге дайындық мәселелері жөнінде кеңес өтіп, жолаушыларды уақтылы хабардар ету және билеттерді брондау әрі сату бойынша жүйелерді жаңарту бойынша тиісті жұмыстарды жүргізу тапсырылған болатын.
Осы ретте «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ көршілес теміржол әкімшіліктерімен бірлесе отырып, жолаушылар пойыздарының қозғалыс кестесіне өзгерістер енгізу бойынша шараларды қолға алды. Ұлттық компанияның ақпаратына сәйкес, жолаушылар пойыздарының қозғалысына қатысты барлық өзгеріс ресми сайттар мен интернет-ресурстарда қолжетімді.
Бүгінгі таңда теміржол көлігімен жолаушыларды, багажды, жүк-багажды және пошта жөнелтілімдерін тасымалдау ережелеріне сәйкес барлық жолаушылар пойызына билеттерді сату жүзеге асырылып жатыр.
Сондай-ақ жолаушыларды уақтылы хабардар ету үшін қызметкерлер арасында бірыңғай уақыт белдеуіне көшу кезінде жолаушыларды ақпараттандыру және поездардың жүру тәртібі туралы тиісті нұсқамалар берілді.
Жолаушылар анықтамалық ақпаратты 1433 нөмірі бойынша «Жолаушылар тасымалы» АҚ Бірыңғай анықтамалық қызметі арқылы немесе @KTZH_PP_BOT Telegram ботының көмегімен тегін ала алады.
Азаматтық авиация саласында да тиісті дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Көлік министрлігі халықаралық әуе көлігі қауымдастығымен (ИАТА) бірлесе отырып, бірыңғай уақыт белдеуіне көшу бойынша қажет жұмыстарды жүргізді. Нәтижесінде отандық әуе компаниялары билеттерді сату жүйелеріне өзгерістер енгізді. Азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында әуе компаниялары ресми сайттары мен әлеуметтік желідегі парақшаларында жолаушыларға барынша ақпараттық қолдау көрсетіп жатыр.
Осылайша, Air Astana, SCAT және Qazaq Air әуе компаниялары билеттерді сату жүйесінде қажетті өзгерістер енгізіп, жолаушыларға тиісті хабарламалар жолданды. Өз кезегінде, Fly Arystan әуе компаниясы да бірыңғай уақыт белдеуіне көшуді ескере отырып, рейстер кестесіне өзгерістер енгізу бойынша техникалық жұмыстарды аяқтады. Жолаушыларға нақты ұшу уақыты белгіленген билетті қалай жүктеп алуға болатыны туралы ақпаратты көрсете отырып, хабарламалар жіберілді.
Айта кетерлігі, 29 ақпаннан 2 наурызға дейін Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің жедел штабы базасында 8 7172 798214, 8 7172 798213 нөмірлері бойынша «жедел желі» жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ рейс бойынша өзекті ақпаратты нақтылау үшін жолаушылар әуежайдың анықтамалық қызметтері мен әуе компаниялардың Call-орталықтарына хабарласуы керек: Air Astana 8 727 244 44 77, 8 7172 58 44 77, 8 702 702 44 77; FlyArystan 8 727 331 1010 (WhatsApp 8 702 702 0227); SCAT 8 7252 99 88 80; Qazaq Air 8 727 356 14 14.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Үкіметінің 2024 жылғы 19 қаңтардағы қаулысына сәйкес Қазақстанның барлық аумағында 5-ші уақыт белдеуі қолданылатын болады. Осылайша, 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақыт 1 сағатқа шегеріледі (Астана қ., Алматы қ., Шымкент қ., Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Жетісу және Ұлытау облыстары).
Маңғыстауда Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин солтүстік-оңтүстік және ТХКМ көлік дәліздерін дамыту бойынша кеңес өткізді.
Ақтау порты мен Иранның солтүстік порттары арасында жүктерді тасымалдау жолға қойылған Солтүстік-Оңтүстік дәлізі баламалы сауда маршруттарын дамыту тұрғысынан өте перспективалы бағыт. Маңғыстау облысы арқылы Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің шығыс тармағы өтеді. Кеңесте көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров айтқандай, сервисті жақсарту, жүктерді жеткізу уақытын қысқарту және аталған көлік дәлізінде «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету үшін Қазақстан, Ресей және Түркіменстанның теміржол әкімшіліктері бірлескен кәсіпорын құруды жоспарлап отыр.
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша Солтүстік – Оңтүстік дәлізі бойынша теміржол көлігімен тасымалданған жүктердің көлемі 2,1 млн тоннаны құрады, бұл 2022 жылдан 4%-ға артық. 2027 жылға қарай дәліздің көлік әлеуеті жылына 6-дан 10 млн тоннаға дейін ұлғайтылатын болады», - деді Мақсат Қалиақпаров.
Транскаспий халықаралық көлік маршруты (TХКМ) – Шығыс-Батыс бағыттарына маңызды балама. Оның өткізу қабілеті 6 млн тонна, 2023 жылы тасымалдау көлемі 2,76 млн тоннаны құрады, бұл 2022 жылдан 65%-ға жоғары. 2024 жылдың басынан тасымалдау 274,2 мың тоннаны құрап, өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 147%-ға арта түскен. ТХКМ-де инфрақұрылымды және терминалдық қуаттарды жақсарту, порттарды кеңейту, жылжымалы құрамды ұлғайту, әкімшілік кедергілерді алып тастау және тасымалдаушылар үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Мұның бәрі 2027 жылға қарай аталған көлік маршрутының өткізу қабілетін жылына 10 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Ең ірі жұмыстардың қатарында «Достық – Мойынты» т/ж учаскесінің екінші жолдарын және «Алматы» айналма теміржол желісін, Ақтау теңіз портындағы контейнерлік хабты, Құрық портындағы «Саржа» көпфункционалды терминалын салу, екі портты да тереңдету.
Сондай-ақ көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров Маңғыстау облысының әуе және автомобиль көлігі саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарлады. Кеңес қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин Маңғыстау облысының елдің көлік-логистикалық жүйесіндегі, әсіресе солтүстік - оңтүстік және ТХКБ дәліздеріндегі стратегиялық рөлін атап өтті. Оларды кеңейту және өткізу қабілетін арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Бас директоры болып 20 жылдан астам жол саласында қызмет еткен Болатбек Қабланбекұлы Айтбаев тағайындалды.
Болатбек Қабланбекұлы 1975 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. М. Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын "Автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы" мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2004 жылы «ҚазЖолҒЗИ» ААҚ Астана қаласындағы филиалында инженер болып бастады.
Ұзақ уақыт бойы «Қазавтожол» жүйесінде басшылық қызметтерде болды.
Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының мамандары Қазақстандағы асфальтбетон зауыттарын тексеруге кірісті. Олардың жаңа құрылыс маусымына және асфальтбетон қоспаларын сапалы өндіруге дайындығы тексеріледі, сондай-ақ жол-құрылыс материалдарын сынайтын зертханаларға бақылау қамтамасыз етіледі.
Қазіргі уақытта ғылыми-зерттеу институтының сарапшылары мен ғалымдарынан құралған комиссия Жол активтерінің ұлттық сапа орталығымен бірлесіп Жамбыл облысындағы асфальтбетон зауыттарына зерттеу жүргізіп жатыр.
Қазақстанда жалпы 300-ден астам асфальтбетон зауыты жұмыс істеп тұр. Отандық жол ғылыми-зерттеу институтының мамандары сапа стандарттары мен нормативтерге сәйкестігін тексеру мақсатында әрбір зауытқа инспекция жүргізуді жоспарлап отыр.
Тексеру жұмыстарының нәтижелері ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің қолдауымен құрылған rcmbase.kz жол-құрылыс материалдарының бірыңғай базасында қолжетімді болады. Аталған базада зауыттың орналасқан орны, техникалық сипаттамалары, жобаларға қатысуы, зертханалардың болуы, салмақ үлестіргіштерінің жай-күйі және асфальтбетон зауыттарының экологиялық қауіпсіздігі жөніндегі шаралардың сақталуы туралы деректер ұсынылады.
Естеріңізге сала кетейік, жол-құрылыс материалдарының бірыңғай базасын құру жол-құрылыс материалдарының сапасын арттыруға, жеткізушілерді таңдау кезінде ашықтықты қамтамасыз етуге және жол құрылысында материалдар мен технологияларды пайдалануды жүйелеуге арналған.
Жыл сайын көктем мезгілінде республикалық маңызы бар жолдарды қыстан кейін сақтау және күтіп ұстау үшін бір оське жүктемесі 8 тоннадан асатын автокөлік құралдарының қозғалысын уақытша шектеу енгізіледі. Бірінші наурыздан бастап мұндай ережелер 8 облыстағы трассаларда қолданылатын болады.
Атап айтқанда, Алматы, Атырау, Жамбыл, Ұлытау, Қызылорда, Маңғыстау, Жетісу және Түркістан облыстары «Бесінші жол-климаттық аймаққа» кіреді. Аталған уақытша шектеу шаралары 1 наурыздан 1 сәуірге дейін қолданылады.
Шектеу шаралары жүктерді және жолаушыларды халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-шараларға тартылған, зардап шеккендерге гуманитарлық көмек, азық-түлік, багаж, дәрі-дәрмек тасымалдауды жүзеге асыратын, сондай-ақ жол-құрылыс жұмыстарымен айналысатын автокөлік құралдарына қатысты қолданылмайды.
Осындай шектеулер 23 наурыз бен 1 мамыр аралығында Ақмола, Ақтөбе, Абай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында да енгізілетін болады.
Қазақстан Республикасының Көлік министрі Марат Қарабаев жол-құрылыс компанияларының және жергілікті жол-құрылыс материалдарын өндірушілердің өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында Көлік министрлігі, еншілес ұйымдар мен бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі мәселелері қаралды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе мемлекеттік органдар мен жекеменшік компаниялар арасындағы жол құрылысы саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту болды. Марат Қарабаев ведомство өкілдері еліміздегі жол жұмыстарының сапасын қамтамасыз етуге бағытталған тиімді әріптестікке ниетті екенін білдірді.
Кездесуде сонымен бірге жол құрылысы жүргізілетін жобалардағы қазақстандық компаниялардың үлесін арттыру қажеттілігі туралы мәселе көтерілді. Министр жергілікті компаниялар мен өндірушілердің жобаларды іске асыруға қатысуын арттыру ұлттық экономиканың дамуына және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал ететініне сенім білдірді.
Жол-құрылыс саласын дамыту стратегиясын талқылау шеңберінде жергілікті кәсіпорындарды қолдау экономиканың өсуіне ықпал ететіндігі және Қазақстандағы бизнестің дамуына оң әсерін тигізетіні айтылды.
Компания өкілдері аталған бастаманы іске асыру мақсатында мемлекеттік органдармен тығыз ынтымақтастыққа дайын екендіктерін жеткізді.