Аичи-Нагоядағы жазғы Азия ойындарында спорттық құзға өрмелеуден жылдамдық бағдарламасының финалы өтті.
Қазақстан командасының спортшысы Дамир Тоқтаров ақтық сында 3-орын алды. Бұл сында Қытай өкілі топ жарса, ирандық Реза Фард Әлипур күміс жүлдеге қол жеткізді.
Айта кетейік, бұл Қазақстан үшін спорттық құзға өрмелеуден Азиада тарихындағы бірінші медаль саналады.
Осыған дейін Дамир жартылай финалда 4.789 секунд нәтижесімен Олимпиада чемпионы Леонардо Ведрикті (Индонезия) басып озып, 2-орынмен финалға өткен.
Тағы бір отандасымыз Париж Олимпиадасының қатысушысы Әмір Маймұратов жартылай финалда өз тобында 3-сатыдан көрінді.
Фото: Арлан ОЛЖАБАЙ
23-27 қараша күндері елордада Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) Атқарушы комитетінің отырысы өтеді.
Халықаралық деңгейдегі маңызды жиында әлемдік антидопинг қауымдастығының өкілдері бас қосып, таза спортты дамыту, допингке қарсы күресті күшейту және осы бағыттағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі жетілдіру мәселелерін талқылайды.
Биыл наурыз айында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен WADA президенті Витольд Банька өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат білім беру, допингтің алдын алу және ғылыми зерттеулер бағыттарындағы бірлескен жұмысты кеңейтуге бағытталған.
Қазақстан мен WADA арасында допингке қарсы күрес және таза спорт қағидаттарын дамыту бағытында тұрақты ынтымақтастық қалыптасқан. Бұған дейін WADA президенті Витольд Банька да қазақстандық әріптестерімен өзара байланысты жоғары бағалап, Агенттіктің маңызды халықаралық жиынын Астанада өткізу туралы шешім осы ынтымақтастықтың нәтижесі екенін атап өткен болатын.
«Қазақстандық әріптестерімізбен байланысымыз жақсы. Келесі жылы Қазақстанда жеті әлем чемпионаты өтеді. Сондықтан халықаралық ұйымдардың маңызды отырыстарын Астанада өткізуі орынды», – деді WADA президенті Витольд Банька.
WADA – спорттағы допингке қарсы саясатты халықаралық деңгейде үйлестіретін негізгі ұйымдардың бірі. Агенттік допингке қарсы бірыңғай талаптар мен стандарттарды қалыптастыру, олардың орындалуын бақылау және спорттағы адалдық қағидаттарын нығайту бағытында жұмыс жүргізеді.
Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында Қазақстан қоржынына дзюдодан кезекті күміс медаль түсті.
Отандасымыз Ажар Асхат 70 кг дейінгі салмақтың финалында жарыс қожайыны Рин Маэдамен кім мықтыны анықтады. Шиеленісті белдесуде Ажар қарсыласына есе жіберді.
Бүгін Нагояда 21 жастағы қазақ дзюдошысы татамиде Таиланд, Тайпей және Моңғолия спортшысын ұтты.
Фото: Нұрғали ЖҰМАҒАЗЫ
Жапонияның Аичи халықаралық аренасында өтіп жатқан дзюдодан ХХ жазғы Азия ойындарында Қазақстан қоржыны кезекті жүлдемен толықты.
Ерлер арасындағы -81 кг салмақтың финалында отандасымыз, биылғы Азия чемпионы Әділет Алмат пен жарыс қожайыны Сотаро Фудживара күш сынасты. Бас жүлде жолындағы тартысты белдесуде әлем чемпионатының күміс жүлдегері жапон палуаны басым түсті. Осылайша, 22 жастағы Әділет Қазақстан қоржынына күміс медаль салды.
Айта кетейік, бұл отандасымыз қатысып жатқан алғашқы Азиада. Бүгін Әділет 1/8 айналымда Тегин Алмазжан уулын (Қырғызстан), ширек финалда Шинбайар Ойинчимегті (Моңғолия) жықты. Ал жартылай финалда Абубәкір Шеровтан (Тәжікстан) мықты екенін дәлелдеді.
Бұл Аичи-Нагоядағы ойындарда дзюдодан Қазақстан қоржынына түскен 4-медаль.
Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында дзюдодан жарыс жалғасып жатыр.
Әйелдер арасында 63 келідегі Есмигул Куюлова 3-орын үшін өткен белдесуде Өзбекстан спортшысы Маржона Нуруллаевамен жолығып, қосымша уақытта басым түсті.
Айта кетейік, отандасымыз 2023 жылы Ханчжоудағы Азиада да қола жүлде еншілеген болатын.
Бүгінгі жарыс күні әлі Әділет Алмат (81 келі) пен Ажар Асхат (70 келі) финалда күреседі.
Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында джиу-джитсудан алғашқы жүлде жиынтықтары сарапқа салынып жатыр.
Әйелдер арасында 48 келідегі Жібек Құлымбетова 3-орын үшін өткен белдесуде Оңтүстік Корея спортшысы Хуивон Жангпен кездесіп, 2:2 есебімен тең түсті. Бірақ шабуылдағы белсенді әрекеті үшін жеңіс отандасымызға жеңіс берілді.
Фото: Сали САБИРОВ
Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында джиу-джитсудан алғашқы жүлде жиынтықтары сарапқа салынып жатыр.
69 келідегі Нұржан Батырбеков финалда БАӘ спортшысы Ахмед Андизбен белдесіп, 0:2 есебімен жол берді.
Айта кетейік, Нұржан Батырбеков 2023 жылғы Азиада чемпионы саналады.
Одан бөлек, 62 келідегі Батырбек Абдулла қола жүлде үшін таласта Сауд Арабиясының өкілі Абдумалик Мохаммед Әл Мурзимен жолығып, шабуылдағы белсенділігіне байланысты жеңіс қарсыласқа берілді. Нәтижесінде отандасымыз жарысты 5-орынмен аяқтады.
Фото: Сали САБИРОВ
Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында слаломда байдаркамен ескек есуден жеңімпаздар анықталды.
Әйелдер арасында байдаркамен ескек есу сайысы бойынша Екатерина Таранцева да 112.23 ұпаймен 3-орын алды. Бірінші орынды Жапония спортшысы жеңіп алса, күміс жүлде Қытайға бұйырды.
Ерлер арасында каноэмен ескек есуден финалда Александр Куликов 156.52 ұпай жинап, 5-орынға тұрақтады.
Аичи-Нагоядағы жазғы Азия ойындарында теннистен жарыс жалғасып жатыр.
Теннистен әйелдер арасындағы жеке сайыста Юлия Путинцева жартылай финалда Шуай Жангпен (Қытай) кездесіп, 4:6, 2:6 есебімен жол берді.
Айта кетейік, Юлия Путинцева әйелдер арасындағы жеке сайыстан ел тарихында жүлде алған бірінші теннисші ретінде тіркелді.
ХХ жазғы Азия ойындарында грек-рим күресінен алғашқы жарыс күнінің жүлдегерлері анықталып жатыр.
Мейіржан Шермаханбет (-67 кг) қола медаль үшін белдесуде моңғолиялық қарсыласы Намсрай Батбаярды мерзімінен бұрын жықты. Есеп: 11-0.
Айта кетейік, Мейіржан үшін бұл жазғы Азиададағы екінші медаль. Отандасымыз 2023 жылы Ханчжоу бәсекесінде күміс жүлдеге ие болған.