Меню
Страницы
Комитет туралы
Қызметі
Құжаттар
Байланыс ақпарат
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Министрлік туралы
Баспасөз орталығы
Қызметі
Все материалы
Ғылым
Цифрландыру
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
07 сентября 2026
AI+X: Қазақстанда мамандар даярлаудың жаңа моделі сынақтан өткізіліп жатыр

AI+X: Қазақстанда мамандар даярлаудың жаңа моделі сынақтан өткізіліп жатыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында Қазақстанда жасанды интеллект технологияларын нақты салалардағы кәсіби біліммен ұштастыратын мамандар даярлаудың жаңа моделі сынақтан өткізіліп жатыр. Осы тәсілдің алғашқы мысалдарының бірі – Maqsut Narikbayev University (MNU) іске қосқан Artificial Intelligence and Frontier Systems: AI+X білім беру бағдарламасы.

Бүгін MNU-да аталған бағдарламаның ресми ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға ҚР Президентінің көмекшісі Қуанышбек Есекеев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, MNU Басқарма төрағасы Талғат Нарикбаев, университет оқытушылары мен студенттері қатысты. Іс-шара барысында қатысушылар білім беру бағдарламасымен танысып, университеттің жасанды интеллект саласындағы әзірлемелері ұсынылған AI Agentic Lab зертханасына барды.

AI+X моделі екі компоненттің үйлесімін білдіреді: AI – жасанды интеллект және X – нақты кәсіби сала. Яғни студент жасанды интеллект саласында білім алып қана қоймай, оны практикада қолданатын белгілі бір бағытты – мысалы, қаржы, экономика, медицина, құқық немесе инженерия салаларын меңгереді.

Бұл тәсіл еңбек нарығының жаңа талаптарына сәйкес келеді. Қазіргі маман үшін дайын AI құралдарын қолдана білу ғана емес, сонымен қатар нақты кәсіби міндеттерді шешуге арналған жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді әзірлеу және қолдану маңызды.

«Бүгін біз жасанды интеллект саласындағы терең білімді нақты салаларды түсінумен ұштастыра алатын мамандар даярлаудың жаңа моделін сынақтан өткізудің алғашқы практикалық қадамын жасап отырмыз. Мемлекет басшысы Қазақстанды толыққанды цифрлық елге айналдыру және білім мен технологияға негізделген экономиканы қалыптастыру міндетін қойды. Осы мақсатта Министрлік AI-білім беруді жүйелі түрде дамытып келеді: барлық жоғары оқу орындарында жасанды интеллект бойынша пәндер енгізіліп жатыр, төрт мыңнан астам білім беру бағдарламасы жаңартылды. Бұл жұмыстың негізгі бағыттарының бірі – ұлттық AI-Sana бағдарламасы. Оның келесі кезеңдері AI-агенттерді әзірлеуге, прототиптеуге, салалық міндеттерді шешуге және бизнеспен өзара іс-қимыл жасауға бағытталады. Сондықтан бүгін AI Agentic Lab зертханасының ашылуының маңызы зор», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Жаңа тәсілдерді сынақтан өткізу мақсатында MNU және AI Research University жоғары білім беру саласындағы эксперименттік алаң мәртебесіне ие болды. Үш жылға, яғни 2026-2028 жылдарға есептелген эксперимент AI+X моделін, білім беру процесін ұйымдастырудың жаңа форматтарын және технологиялардың қарқынды дамуын ескере отырып мамандар даярлау тәсілдерін іс жүзінде сынауға мүмкіндік береді.

Artificial Intelligence and Frontier Systems: AI+X бағдарламасы MNU, Seoul Cyber University, сондай-ақ отандық технологиялық компаниялар Shai.pro және Alpha.Tech.Edu бірлесіп іске асырады. Бағдарлама жасанды интеллект бойынша дайындықты кәсіби мамандандырумен ұштастырады. Студенттер бағдарламалау, деректерді талдау, машиналық және терең оқыту, интеллектуалды жүйелерді жобалау және AI шешімдерін әзірлеу бағыттарын меңгереді. Сонымен қатар үш бағыттың бірін – қаржы, экономика немесе бизнес-менеджментті таңдайды. Оқыту ағылшын тілінде жүргізіледі.

Бағдарламаға алғашқы қабылдау кезінде шамамен 70 студент қабылданды.

Практикалық дайындық AI Agentic Lab зертханасында жүргізіледі. Мұнда студенттер мен зерттеушілер заманауи жергілікті жасанды интеллект модельдерін пайдалана отырып, агенттік AI-жүйелер әзірлейді. Модельдерді әзірлеу, оқыту және тестілеу үшін университетте өнімділігі 3 петафлопс болатын жеке GPU паркі құрылды.

AI+X моделін сынақтан өткізу жасанды интеллектіні тек білім беру бағдарламаларына ғана емес, ғылыми зерттеулерге, университет инфрақұрылымы мен басқару жүйесіне де интеграциялауды көздейтін AI-Enabled University тұжырымдамасын қалыптастыру жөніндегі кең ауқымды жұмыстың бір бөлігі.

Осылайша, AI+X моделі жасанды интеллект технологияларын түсініп қана қоймай, оларды нақты салалардың міндеттерін шешуде қолдана алатын жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталған.

Бұл модельді сынақтан өткізу қазақстандық жоғары оқу орындарына цифрлық экономикаға қажетті кадрларды даярлаудың тиімді тәсілдерін қалыптастыруға және еліміздің технологиялық трансформациясын одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.

Ғылым
Халықаралық ынтымақтастық
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
07 сентября 2026
Қазақстан мен Бельгия критикалық маңызды металдар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді

Қазақстан мен Бельгия критикалық маңызды металдар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді 

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің маңызды басымдықтарының бірі – қолданбалы ғылымды, халықаралық ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын және университеттердің экономиканың нақты секторымен өзара іс-қимылын дамыту. Бұл бағыттар Қазақстан Республикасында жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында айқындалған.

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ өкілдері Бельгияға жұмыс сапары барысында критикалық маңызды металдарды өңдеудің заманауи технологияларын зерделеп, еуропалық компаниялармен бірлескен бастамалардың техникалық-экономикалық негіздемелерін әзірлеуге уағдаласты.

Қазақстандық делегация түсті, сирек және қайталама металдарды өңдеуге маманданған Hydrometal S.A. және Campine NV компанияларымен келіссөздер жүргізді. Тараптар қазақстандық шикізатты өңдеу, технологиялармен алмасу және пилоттық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыруға және өндірістің қоршаған ортаға түсіретін жүктемесін азайтуға ерекше назар аударылды.

Делегация Мехелен қаласында өткен ICHS 2026 циклдік гидрометаллургия жөніндегі II халықаралық симпозиумға да қатысты. SOLVOMET аясында және Horizon Europe бағдарламасының жобалары қолдауымен ұйымдастырылған форум Еуропа, Азия және Солтүстік Американың ғылыми орталықтары мен өнеркәсіптік компанияларынан келген 200-ден астам өкілді біріктірді.

Симпозиумды қолдаған жобалардың бірі – Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті қатысатын Horizon Europe бағдарламасының TiBeRIUM жобасы. Форумда сирек жер элементтерін, литийді, кобальтты және басқа да критикалық маңызды металдарды өңдеу технологиялары таныстырылды. Негізгі назар циклдік гидрометаллургия қағидаттарын практикаға енгізуге, соның ішінде химиялық реагенттерді қайта пайдалануға, су мен энергия шығынын азайтуға және қалдықтарды барынша қысқартуға аударылды.

Сапар аясында ШҚТУ өкілдері KU Leuven ғалымдарымен университетте құрылып жатқан Сирек жер элементтері орталығын дамыту, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және жоғары технологиялық салалар үшін кадрлар даярлау мәселелерін талқылады.

Университеттің, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және Үлбі металлургиялық зауытының ынтымақтастығы ғылыми әзірлемелерді өндірістің нақты міндеттерімен ұштастыруға мүмкіндік береді. Қол жеткізілген уағдаластықтар технологиялар трансферіне, Қазақстанда минералдық шикізатты терең өңдеуге және қосылған құны жоғары өнім өндіруге ықпал ететін болады.

Ғылым
07 сентября 2026
Қазақстандық ғалымдар жаңа отандық картоп сортын шығарды

Қазақстандық ғалымдар жаңа отандық картоп сортын шығарды

Қазақстанда жоғары өнімділігімен және бірқатар ауруларға төзімділігімен ерекшеленетін «Айтхожин» атты жаңа картоп сорты шығарылды. Жаңа сорт Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен М.Ә.Айтхожин атындағы Молекулалық биология және биохимия институты ғалымдарының бірлескен еңбегінің нәтижесі.

Жаңа сортты әзірлеу жұмыстары 267 «Білім және ғылыми зерттеулердің қолжетімділігін арттыру» бюджеттік бағдарламасы және «Селекция, тұқым шаруашылығы, биотехнология және инновациялық агротехнологиялар негізінде Қазақстанда картоп, көкөніс және бақша шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз ету» 2024-2026 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы аясында жүргізілді.

Зерттеудің негізгі мақсаты – Қазақстанның топырақ-климаттық жағдайларына бейімделген, жоғары өнімді, ауруларға төзімді және шаруашылыққа құнды қасиеттері бар жаңа картоп сортын шығару. Осы бағытта дәстүрлі селекция әдістері заманауи биотехнологиялық және молекулалық-генетикалық әдістермен ұштастырылды.

Көп жылдық зерттеулер барысында картоптың перспективалы селекциялық материалдары кешенді бағаланып, олардың өнімділігі, пісіп-жетілу мерзімі, түйнектерінің морфологиялық және тауарлық сапасы, ауруларға төзімділігі және басқа да шаруашылыққа құнды белгілері зерттелді. Нәтижесінде құнды қасиеттер кешенімен ерекшеленетін перспективалы генотип іріктеліп, жаңа сорт ретінде ұсынылды.

«Айтхожин» сорты ерте пісетін, жоғары өнімді сорттар тобына жатады. Оның өнімділігі 35,0 тонна/гектарға дейін жетеді. Түйнектері сары түсті, домалақ-сопақша пішінді, көзшелері аз әрі ұсақ. Түсі сары және кескен кезде қараймайды. Крахмал мөлшері 14,1-18,3%, С дәруменінің мөлшері 21,1-24,3 мг% деңгейінде.

Сорттың маңызды ерекшеліктерінің бірі – картоптың мозаикалық X вирусына (PVX) төзімділігі. Сонымен қатар ол альтернариоз бен фузариоздық солу ауруларына салыстырмалы түрде төзімді. Бұл қасиеттер сорттың өндірістік әлеуетін арттырып, оны Қазақстан жағдайында өсіруге мүмкіндік береді.

Жаңа сортты шығару барысында екі ғылыми ұйымның зерттеу бағыттары өзара сабақтасты. Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында селекциялық жұмыстар жүргізілсе, М.Ә.Айтхожин атындағы Молекулалық биология және биохимия институтында молекулалық-генетикалық зерттеулер орындалды. Ғылыми әдістердің үйлесуі селекциялық материалдарды жан-жақты зерттеп, олардың құнды белгілерін нақтылауға мүмкіндік берді.

Сорт авторларының қатарында ауыл шаруашылығы және биология саласының ғалымдары бар. Олардың ішінде Д.С.Шарипова, Ж.А.Тоқберенова, К.О.Шәріпов, О.В.Карпова, М.Ж.Қошмағамбетова, Б.Ж.Сейтмұратов, Е.С.Қойбағаров, Р.Қ.Балғабаева және ресейлік селекционер-ғалым Е.П.Шанина бар.

Сорттың «Айтхожин» деп аталуы да ерекше мәнге ие. Атау Қазақстандағы молекулалық биология ғылымының қалыптасуына зор үлес қосқан көрнекті ғалым, академик Мұрат Әбенұлы Айтхожиннің ғылыми мұрасына құрмет ретінде таңдалған.

Жаңа сорттың авторларының бірі, М.Ә.Айтхожин атындағы Молекулалық биология және биохимия институтының 3-курс докторанты Меруерт Қошмағамбетова ауыл шаруашылығы ғылымында 15 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Оның ғылыми зерттеу бағыты картоп және көкөніс селекциясы, тұқым шаруашылығы мен биотехнология мәселелерін қамтиды.

«Айтхожин» сортын әзірлеу оның докторлық диссертациясының ғылыми бағытымен де сабақтас. Диссертация тақырыбы – «Инновациялық әдістер негізінде аурулардан сауықтырылған картоп сорттарының бастапқы тұқым шаруашылығын жүргізу».

«Бұл сорт – бірнеше жыл бойы зерттеу жүргізіп, тиімді шешімдерді іздеген ғалымдар ұжымының бірлескен еңбегінің нәтижесі. Селекциялық зерттеулер мен молекулалық-генетикалық жұмыстар бірін-бірі толықтырып, ғылыми нәтижені нақты селекциялық жетістікке жеткізуге мүмкіндік берді», – дейді зерттеуші.

Қазіргі уақытта ғалымдар үшін келесі маңызды кезең – «Айтхожин» сортын мемлекеттік сортсынаққа ұсыну және оны селекциялық жетістік ретінде құқықтық қорғау рәсімдерін жүргізу. Кейінгі стратегиялық мақсат – жаңа отандық сортты өндіріске енгізіп, еліміздің тұқым шаруашылықтарын жоғары сапалы бастапқы тұқымдық материалмен қамтамасыз ету және отандық картоп тұқым шаруашылығының тұрақты дамуына ғылыми негіз қалыптастыру.

Ғылым
Цифрландыру
Халықаралық ынтымақтастық
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
05 сентября 2026
Түркістанда Woosong University Kazakhstan студенттерін қабылдау рәсімі өтті

Түркістанда Woosong University Kazakhstan студенттерін қабылдау рәсімі өтті

Түркістанда Woosong University Kazakhstan-ның бірінші курс студенттерін қабылдау рәсімі өтті. Университет Қазақстанда екінші жыл қатарынан жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы сұранысқа ие бағыттар бойынша мамандар даярлап келеді. Биыл Түркістан облысының әкімдігі университетке бөлген білім гранттарының саны екі есеге артып, 100-ден 200-ге жетті.

Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, Woosong Educational Foundation төрағасы Ким Сонг Кёнг, Woosong University Kazakhstan ректоры Ким Хонг Ги, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.

Woosong University Kazakhstan ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан халықаралық білім беру жобасы аясында жұмыс істейді. Университет жасанды интеллект пен цифрлық технологияларға қатысты бағыттар бойынша білікті кадрлар даярлап, студенттерге халықаралық білімді Қазақстанда алуға мүмкіндік беріп отыр.

Жобаның дамуындағы маңызды көрсеткіштердің бірі – білім гранттары санының артуы. Өткен жылы Түркістан облысының әкімдігі университетке 100 грант бөлсе, биыл олардың саны 200-ге дейін көбейді. Грант иегерлері «Жасанды интеллект» және «Деректер туралы ғылым» білім беру бағдарламалары бойынша білім алады.

«Гранттық қолдаудың кеңеюі жасанды интеллект және цифрлық технологиялар саласында мамандар даярлауға сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Халықаралық білім беру жобалары студенттерімізге заманауи білім алып, еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіби құзыреттерін дамытуға мүмкіндік береді», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова.

Салтанатты рәсімге академиялық алмасу бағдарламалары аясында Қазақстанға бір семестрге келген Корея Республикасының студенттері де қатысты. Олардың қатарында Active Intensive English Program және Cultural Exchange Program бағдарламаларының қатысушылары, Woosong University-дің 32 студенті, оның ішінде Woosong стипендиялық бағдарламалары бойынша білім алып жүрген шетелдік студенттер бар. Сонымен қатар іс-шараға ROTC бағдарламасы аясында әскери даярлықтан өтіп жатқан 17 студент қатысты.

Жаңа оқу жылының басталуына орай студенттерге оқуда және кәсіби дамуда табыс тілектері білдіріліп, жаңа технологиялық салалар үшін кадр даярлауда халықаралық ынтымақтастықтың маңызы атап өтілді.

Ғылым
Халықаралық ынтымақтастық
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
04 сентября 2026
Лаос Президенті Тхонглун Сисулит қазақстандық студенттерге дәріс оқыды

Лаос Президенті Тхонглун Сисулит қазақстандық студенттерге дәріс оқыды

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне Лаос Халық Демократиялық Республикасы Президенті Тхонглун Сисулит келді.

Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының бірінде дәріс оқыған Лаос басшысы ЕҰУ мен Лаос университеттері арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді. Тхонглун Сисулит мемлекеттердің болашағын қалыптастыруда жастар мен жоғары оқу орындарының айрықша рөл атқаратынын атап өтіп, халықаралық диалогты дамыту, білім мен тәжірибе алмасу және халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтудың маңыздылығына тоқталды.

«Бүгін Қазақстан Республикасы мен Лаос Халық Демократиялық Республикасы арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне қадам басып отырмыз. Қазақстанда білім алған Лаос азаматтары бүгінде мемлекеттік қызметтің жауапты лауазымдарында еңбек етіп, өз елінің дамуына үлес қосып келеді. Қазіргі таңда Қазақстанмен тоғыз негізгі бағыт бойынша, соның ішінде білім беру саласында ынтымақтастықты дамытуға дайынбыз. Сонымен қатар екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы байланысты кеңейтіп, атап айтқанда, студенттердің академиялық ұтқырлығын дамытуға ұсыныс білдіреміз», – деді Лаос Президенті.

Сапар барысында Тхонглун Сисулит ЕҰУ студенттерімен және профессор-оқытушылар құрамымен кездесіп, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, білім беру саласындағы байланыстарды нығайту және Қазақстан мен Лаос арасындағы гуманитарлық қарым-қатынастарды кеңейту тақырыптарына арналған дәріс оқыды. Лаос басшысы студенттер мен оқытушылардың сұрақтарына да жауап берді.

Мәртебелі мейманды қарсы алған ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Лаос Президентінің елдегі жетекші жоғары оқу орындарының біріне келуінің айрықша маңызын атап өтті. Министрдің айтуынша, Тхонглун Сисулиттің, оның ішінде білім беру саласындағы көп жылғы кәсіби және мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі бұл кездесудің қазақстандық академиялық қауымдастық үшін мәнін арттыра түседі.

«Студенттеріміз бен оқытушыларымыз үшін Лаостың дамуы мен білім беру жүйесінің қалыптасуына көптеген жылдар бойы үлес қосқан мемлекет басшысынан осы елдің өткені мен бүгініне қатысты ой-пікірін білу үлкен мүмкіндік. Лаостың қалыптасу тарихы, елдің жүріп өткен жолы және оның одан әрі даму перспективалары жөніндегі Сіздің көзқарасыңыз академиялық орта үшін қызықты әрі пайдалы болады деп сенемін. Бүгінде Қазақстан мен Лаос арасындағы, соның ішінде білім, ғылым және кадр даярлау салаларындағы өзара байланысты кеңейтуге мүмкіндік мол. Екі ел арасындағы мұндай байланыстар халықтарымыздың бір-бірін тереңірек түсінуіне жол ашып, жастар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырғанын қалаймыз», – деп атап өтті Саясат Нұрбек.

Министр Қазақстан ұзақ мерзімді даму мақсаттарына қол жеткізуде білім, ғылым, инновациялар мен адами капиталды дамытуды негізгі басымдықтар ретінде қарастыратынын атап өтті.

ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов Қазақстан мен Лаос арасындағы білім, ғылым және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге зор мүмкіндік бар екенін айтты.

«Студенттеріміз, оқытушыларымыз бен жас зерттеушілеріміз үшін мемлекет басшысының қазіргі даму үдерістері, халықаралық ынтымақтастық, білім беру және болашақты қалыптастырудағы жас ұрпақтың рөлі жөніндегі көзқарасымен танысу – үлкен мәртебе әрі бірегей мүмкіндік. Бүгінгі кездесу жаңа бірлескен бастамаларға, академиялық байланыстарды кеңейтуге және перспективалы жобаларды жүзеге асыруға негіз болады деп сенемін», – деді ректор.

Халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және гуманитарлық байланыстарды дамытуға қосқан үлесін мойындау белгісі ретінде ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов Еуразия ұлттық университеті Ғылыми кеңесінің Тхонглун Сисулитке ЕҰУ-дың құрметті профессоры атағын беру туралы шешімін жариялады.

Сапар соңында Лаос Халық Демократиялық Республикасының Президенті бастаған делегациясы Түркі жазба мәдениеті тарихы музейіне және «Күлтегін» ескерткішіне барды. Қонақтар көне түркі жазуы мен өркениетінің тарихына арналған бірегей материалдармен танысты.

Ғылым
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
04 сентября 2026
Министрлік қызметкерлері ғылым мен білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін марапатталды

Министрлік қызметкерлері ғылым мен білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін марапатталды

Білім күніне орай ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қызметкерлеріне ведомстволық наградалар табысталды.

Салтанатты жиында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына және Әділетті Қазақстанды құруға қосқан үлесі, сондай-ақ жоғары білім мен ғылым саласындағы қажырлы еңбегі үшін азаматтарға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Қазақстан Республикасы Конституциясының арнайы басылымы табысталды.

Сондай-ақ білім мен ғылым саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар азамат «Еңбек ардагері», «Қаныш Сәтбаев» медальдарымен, сондай-ақ «Жоғары білім беру саласына қосқан үлесі үшін» және «Салаға қосқан үлесі үшін» ведомстволық наградаларымен марапатталды.

Мерекелік жиында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Білім күнінің маңызына тоқталып, жаңа оқу жылының басталуымен қатар бұл күн білім мен ғылымның ел болашағындағы айрықша рөлін айқындайтынын атап өтті.

Министр ведомство қызметкерлерінің жоғары білім мен ғылымды дамыту, салалық реформаларды жүзеге асыру және елдің адами капиталын нығайту бағытындағы еңбегіне жоғары баға беріп, олардың күнделікті жұмысы білім мен ғылым саласындағы оң өзгерістердің маңызды негіздерінің бірі екенін атап өтті.

«Бұл ведомстволық наградалардың ерекшелігін де атап өткен жөн. «Қаныш Сәтбаев» медалі, «Жоғары білім беру саласына қосқан үлесі үшін» және «Салаға қосқан үлесі үшін» медальдары алғаш рет табысталып отыр. Бұл – сіздердің қажырлы еңбектеріңізге, кәсіби жауапкершіліктеріңізге көрсетілген құрмет әрі алғыс. Сіздер білім мен ғылымның дамуына үлес қосып қана қоймай, еліміздің болашағына қызмет етіп келесіздер. Баршаңызға және отбасыларыңызға зор денсаулық, бақ-береке, амандық, еңбектеріңізге табыс пен жаңа жетістіктер тілеймін», – деді Саясат Нұрбек.

Білім күніне орай өткен іс-шарада министрлік ұжымының кәсіби еңбегі мен сала дамуына қосқан үлесі атап өтіліп, марапат иелеріне алғыс білдірілді.

Ғылым
Халықаралық ынтымақтастық
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
03 сентября 2026
Atyrau Oil and Gas University Қытайдың білім беру ұйымдарымен ынтымақтастығын кеңейтеді

Atyrau Oil and Gas University Қытайдың білім беру ұйымдарымен ынтымақтастығын кеңейтеді

Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті Қытайдың білім беру ұйымдарымен серіктестігін кеңейтіп жатыр. Қытайлық серіктестермен өткен кездесу барысында ынтымақтастық туралы екі меморандумға қол қойылып, бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды іске асыру жөнінде уағдаластықтар жасалды. Сондай-ақ өзара іс-қимылдың жаңа бағыттары айқындалды.

Кездесудің негізгі нәтижелерінің бірі – Atyrau Oil and Gas University, Language and Culture Press және Association of Silk Road Countries Universities and Consulting Companies арасында үшжақты меморандумға қол қойылуы.

Құжат аясында мұнай-газ саласының мамандарын тілдік даярлауға бағытталған «Oil & Gas Chinese» арнайы бағытын бірлесіп әзірлеу көзделген. Ынтымақтастық шеңберінде тараптар техникалық сөздіктер мен салалық глоссарийлер әзірлеуді, қытай тілін үйренуге арналған жасанды интеллект платформаларын енгізуді, сондай-ақ университет ғалымдарының ғылыми еңбектерін Қытайда аударып, жариялауға жәрдемдесуді жоспарлап отыр.

Тағы бір меморандумға Inner Mongolia Vocational College of Chemical Engineering колледжімен қол қойылды. Серіктестік студенттер мен оқытушылардың академиялық алмасуын, 2+2 және 3+1 үлгілері бойынша бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыруды, практикалар мен тағылымдамаларды ұйымдастыруды, сондай-ақ бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын әзірлеп, жүзеге асыруды қамтиды.

Кездесу барысында Huazhong University өкілдерімен ынтымақтастық орнату перспективаларына да ерекше назар аударылды. Тараптар жоғары білім беру және ғылым салаларындағы ықтимал өзара іс-қимыл бағыттарын, оның ішінде бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.

Қытайдың білім беру ұйымдарымен серіктестікті кеңейту Atyrau Oil and Gas University-дің халықаралық ынтымақтастықты дамыту және білім мен ғылымды интернационалдандыру жөніндегі стратегиялық бағытына сәйкес келеді. Қол жеткізілген уағдаластықтар студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамытуға, бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыруға, ғылыми зерттеулер жүргізуге және кәсіби тәжірибе алмасуға жаңа мүмкіндіктер береді.

Қытайлық серіктестермен ынтымақтастық университеттің халықаралық білім беру ортасын кеңейтіп, студенттер, оқытушылар мен зерттеушілер үшін жаңа практикалық мүмкіндіктер қалыптастыруға жол ашады.

Ғылым
Халықаралық ынтымақтастық
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
02 сентября 2026
Академиялық алмасудан бірлескен зерттеулерге дейін: Қазақстан мен Қытай ғылыми серіктестікті дамытып келеді

Академиялық алмасудан бірлескен зерттеулерге дейін: Қазақстан мен Қытай ғылыми серіктестікті дамытып келеді

Бүгін ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. Саясат Нұрбектің Қытайдың ғылым және техника қауымдастығының (CAST – China Association for Science and Technology) атқарушы президенті Цзюнькэ Хэ бастаған делегациясымен кездесуі өтті.

Кездесуге ҚХР Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь, Қытайдың ғылым және техника қауымдастығының Оқыту және кадрлармен жұмыс орталығының директоры Шужуй Ван, ҚХР Шэньси провинциясының ғылым және техника қауымдастығының атқарушы президенті Ли Юйци қатысты.

Кездесу барысында Саясат Нұрбек Қазақстанның жоғары білім беру және ғылым жүйесін одан әрі дамытуға және нығайтуға бағытталған Ғылым және жоғары білім министрлігі жүзеге асырып жатқан негізгі реформалар туралы айтып берді. Сонымен қатар Орталық Азияда халықаралық білім беру және ғылыми ынтымақтастықты кеңейту үшін маңызды алаңға айналуы мүмкін білім беру орталығын құру перспективаларына ерекше назар аударылды.

Қытай делегациясының басшысы өз кезегінде Қытайдың ғылым және техника қауымдастығының қызметі мен негізгі жобаларын таныстырды. CAST – Қытай ғалымдары мен инженерлерін біріктіретін коммерциялық емес үкіметтік емес ұйым. Қазіргі уақытта қауымдастық және оның құрамындағы ұйымдар 250-ден астам халықаралық ғылыми-техникалық ұйымның мүшесі.

Келіссөздер барысында тараптар Министрлік пен CAST арасындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, академиялық алмасуға жәрдемдесу, ғылыми-техникалық салада бірлескен жобаларды іске асыру, сондай-ақ ғылымды танымал ету, ғылыми білім беруді дамыту және халықтың ғылыми сауаттылық деңгейін арттыру бағыттарындағы өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.

Сонымен қатар ғылыми-гуманитарлық алмасу саласында бірлескен уағдаластықтарды әзірлеу және екі елдің ғалымдары, зерттеушілері мен мамандары арасындағы кәсіби және академиялық байланыстарды нығайтуға бағытталған бастамаларды іске асыру мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

Саясат Нұрбек өзара ғылыми тағылымдамалар ұйымдастыру, жасанды интеллект, ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру және инженерия саласында кадрлар даярлау бағыттарындағы ынтымақтастық мәселелерін пысықтауды ұсынды.

Ғылым
Халықаралық ынтымақтастық
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
01 сентября 2026
Study in Kazakhstan: Әзербайжан студенттерінің алғашқы тобы Kozybayev University-де білім алу үшін келді

Study in Kazakhstan: Әзербайжан студенттерінің алғашқы тобы Kozybayev University-де білім алу үшін келді

Kozybayev University-де білім алатын Әзербайжан Республикасының алғашқы тобы Солтүстік Қазақстан облысына келді. Олардың қатарында бакалавриат, магистратура және докторантура білім беру бағдарламаларына қабылданған 32 студент бар.

Шетелдік студенттер қаржы, экономика, химия, инженерия және ақпараттық технологиялар сияқты сұранысқа ие бағыттар бойынша білім алады. 2026 жылы университетте барлығы 100-ден астам Әзербайжан азаматының білім алуы жоспарланып отыр.

Шетелдік талапкерлердің Қазақстанның жоғары оқу орындарына қызығушылығының артуына ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жүзеге асырып отырған халықаралық «Study in Kazakhstan» білім беру жобасының дамуы да ықпал етіп келеді. Жоба аясында Kozybayev University өкілдері Әзербайжан Республикасына 2025 жылғы наурыз және 2026 жылғы мамыр айларында екі рет жұмыс сапарымен барды. Баку қаласында университет өкілдері «Study in Kazakhstan» көрмелеріне қатысып, талапкерлер мен олардың ата-аналарына Қазақстанның жоғары оқу орындары, білім беру бағдарламалары, оқуға түсу және білім алу шарттары, сондай-ақ түлектер үшін ашылатын мансаптық мүмкіндіктер туралы ақпарат ұсынды.

Жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Әзербайжан азаматтарының Қазақстанда білім алуға деген тұрақты қызығушылығы қалыптасты. Биыл әзербайжандық студенттердің алғашқы тобы Солтүстік Қазақстан облысына келіп, жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын бастады.

Халықаралық академиялық ұтқырлықты дамыту және шетелдік студенттерді тарту – Қазақстандағы жоғары білім беруді интернационалдандырудың және халықаралық ынтымақтастықты дамытудың маңызды бағыттарының бірі. Шетелдік студенттер санының артуы жоғары оқу орындары арасындағы академиялық және ғылыми байланыстарды нығайтып, қазақстандық білім берудің халықаралық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Әзербайжандық студенттердің Kozybayev University-де білім алуы екі ел арасындағы білім беру және ғылыми ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, академиялық байланыстарды нығайтуға және жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашады.

Ғылым
01 сентября 2026
ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫНЫҢ ОРЫНДАЛУЫ: ЖАС ҒАЛЫМДАРҒА ПӘТЕР СЕРТИФИКАТТАРЫ ТАБЫСТАЛДЫ

ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫНЫҢ ОРЫНДАЛУЫ: ЖАС ҒАЛЫМДАРҒА ПӘТЕР СЕРТИФИКАТТАРЫ ТАБЫСТАЛДЫ

Бүгін Білім күніне орай ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. Саясат Нұрбек Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бес жас ғалымға пәтер сертификаттарын салтанатты түрде табыстады.

Аталған шара Президенттің 2024 жылғы 31 мамырда Ғылым ордасында жас ғалымдармен кездесуінде берген тапсырмасын орындау мақсатында ұйымдастырылды. Оның негізгі мақсаты – жас ғалымдарды әлеуметтік қолдау, олардың әлеуметтік мәртебесін арттыру және ғылым саласына жас кадрларды тартуға жағдай жасау. Осы мақсатта Комиссия Астана және Алматы қалаларындағы ғылыми ұйымдар мен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында еңбек ететін жас ғалымдар арасынан баспанамен қамтамасыз етуге үміткерлердің кезекті тізімін айқындады.

«Бүгінгі айтулы күні Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бес жас ғалымға пәтер сертификаттарын салтанатты түрде табыстап отырмыз. Бұл – мемлекет тарапынан ғылым саласында еңбек етіп жүрген жас зерттеушілерге көрсетіліп отырған нақты қолдаудың маңызды бір көрінісі. Сіздер бүгін тұрғын үйге өтеусіз негізде қол жеткізуге мүмкіндік беретін пәтер сертификаттарының иегері атанып отырсыздар. Осы қуанышты сәт баршаңызға құтты болсын! Президент жас ғалымдарды қолдауға, олардың ғылыми әлеуетін дамытуға және әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше мән беріп келеді. Осы бағытта өтеусіз негізде берілетін пәтер сертификаттарымен қатар «Отбасы банкі» арқылы жүзеге асырылатын жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары да жас зерттеушілердің баспаналы болуына мүмкіндік береді. Мұндай шаралар жас ғалымдарға әлеуметтік жағдайын жақсартып қана қоймай, ғылыми ізденістеріне алаңсыз көңіл бөліп, еліміздің ғылымы мен технологиясының дамуына үлес қосуына жағдай жасауға бағытталған», – деді С.Нұрбек.

Өз кезегінде С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің оқытушысы Кәдірбек Володя қуанышын білдіріп, жас ғалымдарды қолдауға бағытталған мұндай шаралар әлеуметтік қолдаудың және ғылыми қызметті ынталандырудың маңызды тетіктерінің бірі екенін атап өтті.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жас ғалымдарды қолдау бойынша жұмысты кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді. Жас ғалымдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған мұндай шаралар олардың ғылыми әлеуетін арттыруға, ғылым саласына жаңа кадрларды тартуға, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға, сондай-ақ жаңа экономикалық кластерлердің қалыптасуына оң ықпал етеді.

Сонымен қатар 2023 жылғы 19 қазанда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Отбасы банк» АҚ арасында жас ғалымдарға 2023-2027 жылдарға арналған жеңілдетілген тұрғын үй несиесін беру бағдарламасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқан бұл шаралар жас ғалымдарды әлеуметтік қолдаудың тиімді тетіктерінің бірі болып отыр. Тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік беру арқылы жас зерттеушілерге ғылыммен тұрақты айналысуға, жаңа ғылыми жобаларды жүзеге асыруға және еліміздің ғылыми-технологиялық әлеуетін арттыруға жағдай жасалып келеді.

Социальные сети
Меню подвал
Экран дикторы
Құпиялылық саясаты
Терминдер мен қысқартулар
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің сайты