Былтыр ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ақылы жол учаскелерінде жеңілдікпен жүруге түзетулер енгізуді көздейтін заң жобасына бастамашы болды. Құжат жеңілдік берілген адамдар тізімін ұлғайтуды діттейді.
Осылайша, республикалық маңызы бар жолдардағы ақылы учаскелермен жеңілдікпен жүретіндердің қатарына ҰОС ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғаларды қосу көзделуде. Қазір заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінде қарастырылып жатыр.
Бүгінде ақылы жолға іргелес елдімекендерде тұратын пайдаланушылардың бір ауданның шегіне өту үшін 1000 теңгені құрайтын жылдық тарифты қолдануға мүмкіндігі бар.
Жолаушыларды тұрақты тасымалдауды жүзеге асыратын автобустар, ақылы жолға іргелес аудандардағы автобустар, жедел медициналық көмек қызметтері, өрт сөндіру және төтенше жағдайлар қызметтері, патрульдік полиция мен әскери техникалар тарифтерден босатылған.
Естеріңізге сала кетейік, биыл ұзындығы 5,8 мың шақырым жолды ақылы ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл келесідей жол учаскелері: «Шымкент – Өзбекстан шекарасы», «Орал – РФ шекарасы (Саратов)», «Орал – РФ шекарасы (Самара)», «РФ шекарасы (Оренбург) – Ақтөбе», «Щучинск – Петропавл», «Қостанай – РФ шекарасы (Троицк)», «Шымкент – Қызылорда», «Шымкент – Тараз», «Тараз – Қайнар», «Қапшағай – Талдықорған», «Атырау – Бейнеу – Өзбекстан шекарасы», «Қарабұтақ – Қызылорда», «Ақтөбе – Орал», «Ақтау – Бейнеу», «Нұр-Сұлтан – Қостанай», «Павлодар – РФ шекарасы (Омбы)», «Нұр-Сұлтан – Павлодар», «Павлодар – Семей – Қалбатау».
Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының және ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының мамандары жол құрылымы мен топырақ негізінің температурасы және ылғалдылығын бақылау бойынша жобаны жүзеге асыруды жалғастыруда. Биыл ел жолдарында 22 датчик орнатылады деп көзделген.
Былтыр Қазақстан жолдарында, атап айтқанда, «Шу айналма жолы», «Омбы-Майқапшағай» және «Ақтөбе-Атырау» автомобиль жолдарының учаскелерінде алғаш рет температура мен ылғалдылықты бақылау жүйесі орнатылған болатын.
2021 жылы Қазақстанның бірқатар өңірінде температура мен ылғалдылық датчиктерінің 22 жиынтығын орнату жоспарлануда. Осылайша, өлшеу кешендері Қазалы, Ақтау, Орал, Петропавл, Балқаш, Тараз, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Үшарал, Жезқазған, Қордай және Күйік өткелдері, Зайсан, Талдықорған және Өскемен, Нұр-Сұлтан, Алматы және Түркістан, Атырау маңында орнатылмақ.
Датчиктер жол құрылымдарының су-жылу режимі параметрлерін автоматтандырылған жинақтауды жүзеге асырады. Содан кейін алынған мәліметтер бақылау орталығына беріледі. Зерттеулер ғалымдарға елдің әртүрлі аймақтарында климат пен жүктемені ескере отырып салу, қайта құру және жөндеу технологиясын түзетуге мүмкіндік береді. Ал бұл өз кезегінде қаржылық шығындарды айтарлықтай төмендетеді.
Мейрам күндері ауа райының бұзылуына байланысты республикалық маңызы бар жолдардағы 86 учаскеде автокөліктер үшін қозғалысқа шектеу енгізілді.
Ең көп жабылған жол учаскелері бойынша бірінші орында Ақмола облысы тұр. Мұнда қозғалысқа шектеу 29 жол учаскесінде енгізілді.
Қарағанды облысында жолдар наурыздың 20-сы мен 24-і аралығында 15 мәрте, ал Шығыс Қазақстан облысында 14 рет жабылды. Айта кету керек, бес күннің ішінде аталған өңірлерде жауын-шашынның айлық мөлшері түскен.
Қыс басталғалы республикалық тас жолдардағы қозғалысқа шектеу барлығы 997 учаскеде енгізілген болатын.
Қазақстанда «Жол активтерін басқару жүйесін» енгізу жалғасуда. Жоба жол саласын цифрландыру аясында Дүниежүзілік банктің қолдауымен іске асырылып жатыр. Ол биыл ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келу бойынша сынақтан өткеннен кейін, өнеркәсіптік пайдалануға берілмек.
Жол активтерін басқару жүйесі – жіті жүргізілген аспапты зерттеудің деректерінің негізінде жөндеуге қажетті инвестиция көлемдерін болжайтын арнайы жетілдірілген ақпараттық жүйе.
Аталған жүйені енгізудің арқасында ақауларды ерте кезеңде жойып, күрделі шығындарды төмендетіп, жолдардың өмірлік циклының шығындарын қысқартуға мүмкіндік туады. Сондай-ақ, жол желісінің жағдайын баға берудің сандық индикаторларынан сапалы көрсеткіштерге өту арқылы «Нәтижеге бағытталған бюджет» концепциясын іске асыруға жағдай жасалады.
Бүгінгі таңда ЖАБЖ ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келу бойынша сынақтан өткізілуде. Бұдан соң, өнеркәсіптік пайдалануға енгізу жоспарланған.
Айта кету керек, ЖАБЖ маңызды компоненттерінің бірі – көшпелі зертханалармен жол жағдайын аспаптық зерттеу. Биыл аспапты диагностикалауды республикалық маңызы бар жолдар желісінің 19 мың шақырымына жүргізу көзделген. Зерттеу құны 1,5 млрд.теңге. Болашақта диагностика бойынша жұмыстармен еліміздің жергілікті маңызы бар жолдарын қамту жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта мемлекеттік басқару органдарына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Бұл олардың қабылдаған шешімдерімен ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік жобалардың, ел азаматтарының жеке деректерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етумен де байланысты.
Мемлекеттік ақпараттық жүйелер талаптарға сәйкес келуге және бақыланатын аймақтан тыс шығатын байланыс арналары бойынша беру кезінде деректерді ашудан қорғауды қамтамасыз етуге тиіс.
«КиберСтраж» DLP-кешенін белсенді енгізу – бұл ақпараттың толық қорғалуына, заңнамалық талаптарды орындауға жасалған қадам.
Кешенді енгізу өткен жылы басталды және қазіргі уақытта ол барлық ішкі компьютерлерге енгізілді. Келесі қадам-Сыртқы құрылғыларда тестілеу.
Қашықтан жұмыс режиміне көшуге байланысты қызметкерлердің жұмыс уақытын ескере отырып қиындықтар туындады, бірақ DLP-кешенін енгізу мониторинг жұмыстарын жүргізуге және офистік қызметкерлердің де, онлайн режимде жұмыс істейтіндердің де уақытын бақылауға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ, «КиберСтраж» көмегімен ішкі техникалық аспектілердегі кемшіліктерді анықтап, ҚР ИИДМ ішкі инфрақұрылымды дамытуға қандай іс-қимылдар көмектесетінін анықтауға мүмкіндік туды.
Алдағы құрылыс маусымында жолшылар реконструкциялау учаскелерінің бірқатарында қозғалысты ашуды жоспарлап отыр. Олардың қатарында Алматы облысындағы республикалық маңызы бар «Ұзынағаш – Отар» тас жолының 63-101 км учаскесі бар. Аталған тас жол «Алматы – Бішкек» халықаралық көлік дәлізінің бөлігі болып табылады.
Ұзындығы 96 шақырым болатын бүткіл жол жобасы Жамбыл және Алматы облыстарында орналасқан 3 учаскеге бөлінген.
63-101 км учаскесінде мердігер ұйым «Казахдорстрой» ЖШС негізгі құрылыс жұмыстарын жүргізген. Шаралар толықтай биыл тәмәмдалады деп көзделіп отыр. Ал 101-143 шақырымдағы реконструкциялау учаскесіндегі жаңа мердігерді анықтау үшін тендер өткізіледі деп күтілуде. Үшінші учаскені жаңарту былтыр аяқталған болатын. 143-159 шақырымдағы жол учаскесінде қозғалыс толықтай ашылды. Осылайша, 2021 жылдың аяғына дейін пайдаланушылар тас жолдың жаңартылған 58 шақырымымен жүре алады.
Жоба толығымен аяқталған соң, «Ұзынағаш – Отар» автожолы 4 жолақты, 1 категорияға сәйкес келетін болады. Бұл жолдағы уақытты едәуір қысқартып, екі ел арасындағы көлік ағынының кеңеюіне ықпал етеді.
2021 жылдың екі айында ауа райының бұзылуына байланысты республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында көлік қозғалысына 539 шектеу енгізілді. 500-ге жуық көлік қар құрсауынан шығарылды.
Атап айтсақ, жол учаскелері боран мен қатты желдің әсерінен жолда көрудің нашарлауы себебінен 329 рет жабылды. Шектеулер 78 мәрте – көктайғақ, 34 рет – ауа температурасының төмендеуі мен 98 мәрте – көршілес өңірлердегі қозғалыстың шектелуіне байланысты енгізілді. Айта кету керек, жол учаскелерін жабу бойынша Ақмола көш бастап тұр. Мұнда биылғы жылдың екі айында жолдар 111 рет жабылды. Екінші орында Шығыс Қазақстан облысы тұр. Аталған өңірде шектеулер 66 мәрте енгізілді.
Жыл басынан бері жолшылар барлығы 500-ге жуық көлік құралына көмек көрсеткен болатын. Олардың 109-ы жылы бокстерге орналастырылды. Ал 800-ден астам адам «Қазақавтожол» ЖШС жылыту пункттеріне орналастырылды.
Айта кетейік, былтыр сәйкес кезеңде ел жолдары 676 мәрте жабылған болатын. Автокөліктерге енгізілетін шектеулер – бұл мәжбүрлі, бірақ жолдардағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қажетті шаралар.
Соңғы 15 жылда Қазақстан жол ғылыми зерттеу институтының ғалымдары еліміздің автожол саласы үшін 200-ге жуық жаңа технология мен инновациялық шешім әзірлеген. Аталған әзірлемелерді қолдана отырып, 170 автожол учаскесі салынды.
Инновациялық әзірлемелерді енгізген соң институт мамандары учаскелердің пайдалану жағдайын тұрақты түрде бақылап отырады. Осылайша, 2020 жылы ҚазжолҒЗИ 4 учаскені мониторингтен өткізген. Бұдан бөлек, былтыр «Құрты-Бұрылбайтал», «Ақтөбе-Атырау» және «Омбы-Майқапшағай» автомобиль жолдарының учаскелеріндегі жол жабындылары мен жер асты қабаттарының температурасы мен ылғалдылығының өзгеруіне ұзақ мерзімді бақылау жүргізу үшін институт ғалымдары серіктестермен бірге ойлап шығарған өлшеу кешендері, яғни температура мен ылғалдылық датчиктері орнатылды.
Айта кету керек, 2020 жылы институт зертханалары жүргізген зерттеу нәтижелері бойынша материалдар мен құрылымдардың сапасын бағалау бойынша 260 хаттама берілді. ҚазжолҒЗИ-дың жылжымалы зертханалары автомобиль жолдарын диагностикалау мен төлқұжаттауды жүзеге асырады. Осылайша өткен жылы 2397 диагностикалау жүргізіліп, автомобиль жолдары мен қала көшелерінің 202 шақырымы төлқұжаттандырылды.
Сондай-ақ, былтыр ҚазжолҒЗИ ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Жол битумының жоғары және төмен температуралық сипаттамаларын жақсарту» гранттық жобасы бойынша жұмысты бастап кетті. Оның аясында білім беру мекемесінің зертханаларында битумды байланыстырғыштарды сынау бойынша италиялық Калабрия университетімен бірлескен жұмыс жүргізілуде. Жоба Қазақстан өңірлерінің климатын ескере отырып, сапасы жақсартылған жол битумдарын шығару мүмкіндігін қарастырады.
Бұдан бөлек, институт автожол жобалары бойынша кеңес беру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізуде. Сондай-ақ, автомобиль жолдарын салу мен реконструкциялау кезінде авторлық қадағалауды да жүзеге асырады.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан автожол жобалары бойынша техникалық қадағалау қызметі туралы кеңес өтті.
Талқылауға ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті, ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК өкілдері қатысты.
Кездесу барысында техникалық қадағалау қызметін бағалау жүйесін әзірлеу ұсынылды. Бұл рейтинг жоба бойынша сапалы жұмыс жүргізуге техникалық қадағалауды жүзеге асыратын инженерлердің қызығушылығын арттырмақ. Сонымен қатар, техникалық қадағалауды дербес жауапкершілікке тарту тетігі бойынша ұсыныстар әзірлеу, оның ішінде мердігер ұйымдарды ғана емес, техникалық қадағалаудың инженерлік компанияларын да, кепілдік кезеңінде ортақ жауапкершілікті бекіту бөлігінде Қазақстан заңнамасына өзгерістер енгізу бойынша ұсынысқа бастамашылық ету мәселесі көтерілді.
Естеріңізге сала кетейік, техникалық қадағалау автомобиль жолдарының құрылысы мен жөнделуіне бақылау жасайды, сондай-ақ техникалық құрылғылардың көмегімен жол төсемін орнату технологиясының сақталуын бақылайды.
Қазақстан өңірлерінде республикалық маңызы бар жолдарға ақылы жүйе енгізу бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізу жалғасуда. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және қоғам белсенділері бірлесіп, аталған мәселені жіті талқылауда.
2021 жылдың қаңтарынан бастап Жамбыл, Алматы, Қызылорда, Атырау, Маңғыстау мен Түркістан облыстарында автомобиль жолдарының 7 учаскесі бойынша 35 елдімекенде қоғамдық тыңдау өткізілген. Ұлттық оператор өкілдері жүйені енгізу кезеңдері, жеңілдіктер, тарифтер, сондай-ақ төлемнің артықшылықтары туралы халықты хабардар етті.
Ақылы автомобиль жолдары желісін кеңейтудің ұзақ мерзімді әлемдік тәжірибесі Қазақстанда өзінің тиімділігін дәлелдеді. Қазіргі таңда елімізде 4 ақылы учаске жұмыс істеуде: «Нұр-Сұлтан – Щучинск», «Нұр-Сұлтан – Теміртау», «Алматы – Қапшағай» және «Алматы – Қорғас». Биыл ақылы жолдар жүйесін 5,8 мың шақырым жолға енгізу көзделген.
Жалпы, 2020-2025 жылдарға арналған инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 11 мың шақырым автомобиль жолын ақылы ету жоспарлануда.
Қоғамдық тыңдаулар Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында өткізіледі деп көзделіп отыр.