ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Ашық сағат алаңында» 2023 жылы еліміздегі автомобиль жолдары саласында жоспарланған жұмыстар мен іс-шаралар талқыланды.
Бейнебайланыс режимінде ұйымдастырылған жиынға ведомство өкілдері мен «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ және Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының басшылары қатысты.
Басқосуда ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтияр сапалы жолдар ел дамуының негізгі факторы екенін атап өтіп, бұл тарапта алда атқарылатын жұмыстарға назар аударды.
«Республикалық автожолдарды жөндеу мен күтіп ұстау сапасы – әрдайым жіті назарымызда. Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырмасын орындау шеңберінде министрлік тарапынан нақты іс-шараларды жүзеге асыру жалғасуда», – деді Жамбыл Бақтияр.
Мәселен, 2023 жылы республикалық бюджет қаржысы есебінен жолдарды орташа жөндеу жобаларына 64 млрд теңге қарастырылып отыр. Бұл қаражат 1 жарым мың шақырым республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын нормативтік қалпына келтіруге бағытталмақ.
Атап айтқанда, орташа жөндеу жұмыстары барысында жолдарды жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, бағдаршамдар мен арнайы жол белгілер қойылмақ. Сонымен қатар жануарлардың жол бойына шығып кетуіне кедергі жасайтын қоршаулар орнатылатын болады. Аталған іс-шаралар жол-көлік апаттарының алдын алуға және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізбек.
Жиында Жол активтері ұлттық сапа орталығы бас директорының орынбасары Арман Қайырбеков автомобиль жолдарын күтіп-ұстау бағытында атқарылған жұмыстар турасында баяндады.
«2022 жылы 17 мың шақырым автомобиль жолдарының сапасына сараптама жасалып, сынамалар алынды. Талдау жұмыстары барысында жол учаскелерінде анықталған олқылықтарды жою бойынша Автомобиль жолдары комитеті мен «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясына ұсыныстар берілді. Жүргізілген сараптама нәтижесінің негізінде автожолдарды жөндеу жұмыстары бойынша арнайы жоспар түзілетін болады», – деп атап өтті А. Қайырбеков.
Жиынды Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтияр қорытындылап, автожол инфрақұрылымын дамыту мәселесінде сапаға ерекше назар аудару қажеттігін алға тартты.
Бүгін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде «Ашық сағат алаңы» жобасы аясында Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтиярдың төрағалық етуімен алқалы отырыс болып өтті. Жиынға «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы, Қазақстан автожолшылар қауымдастығы мен мердігер ұйымдарының өкілдері қатысты.
Конференцияны бастаған Жамбыл Бақтияр тендерлік рәсімдерді өткізуде халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлесе атқарылып жатқан жұмыстардың барысы, сондай-ақ бәсекелестікті арттыру мақсатында заңнамаға енгізілетін өзгерістер туралы баяндап берді. Ол сондай-ақ бүгінгі таңда мердігер ұйымдарының конкурсқа аз қатысып жатқанын мәлімдеді.
Сөз кезегінде түрік компаниясының өкілі шетелдік мердігерлердің басым бөлігінің конкурсқа қатыспау себептерін ашық айтты.
«Біріншіден, қазақстандық банктер өздерінің уәде еткен кепілдіктерін толыққанды орындамайды. Осы ретте тендерлік өтінімде банктік кепілдікті алуда тапсырыс беруші тарапынан бюрократиялық рәсімдерді және біліктілік талаптарын қысқарту бойынша ықпал жасауды сұраймыз», – деді Узунай Барыш.
Сонымен қатар шетелдік компания өкілі техниканы жеткізуде де бірқатар қиындыққа тап болатынын алға тартты.
Ал, Қазақстан автожолшылар қауымдастығының президенті Бағлан Баймағамбетов мердігерлердің алдында туындайтын тағы бірқатар түйіткілді мәселелерді тізіп берді. Б.Баймағамбетовтің айтуынша, автожол жобаларына бюджеттен қаражаттың бөлінуі ұзақ уақытты талап етеді. Сәйкесінше, жобалық-сметалық құжаттамадағы көрсетілген материал мен жұмыс құны шарықтай түсіп, құрылыс маусымына дейін ұсынылған бағалар күрт өзгереді.
«Мәселен, жобалық-сметалық құжаттама әзірлегенде битумның бағасы 80 мың теңге деп көрсетілсе, құрылыс маусымында ол 180-200 мың теңгеге дейін шарықтап кетеді. Себебі саудагерлер бұл материалды ерте сатып алады да, кейіннен екі-үш есе қымбаттатып сатады. Бұдан бөлек, жолдағы құрылыс жұмыстары мамыр айынан өз бастауын алып, қыркүйек айына дейін жалғасатыны белгілі. Осы ретте қаражатты тек жаз айларына ғана емес, екі-үш маусымға созылатын жобаның ақшасын бірден берсе, тиімді болатын еді», – дейді Бағлан Әуелбекұлы.
Мердігерлердің мәселесін шешу үшін Қазақстан автожолшылар қауымдастығының өкілі 2023 жылдан бастап 2040 жылдарға дейін жүзеге асырылатын Ұлттық бағдарлама әзірлеу қажет екенін алға тартады.
«Аталған бағдарлама шеңберінде мердігер жобаны өзі жасап, жүзеге асырып, кейін сол жолды өзі қадағаласа, жақсы болар еді. Мәселен, 20 жылдық мерзім көлемінде. Мердігер тек жолдың құрылысымен ғана айналысып қоймай, сонымен бірге оны күтіп ұстаса, оның жауапкершілігі де арта түседі», – деп түйіндеді Қазақстан автожолшылар қауымдастығының президенті.
Жиынды қорытындылаған Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтияр өзекті мәселелерді шешу үшін еліміздегі іске асырылып жатқан автожол жобаларын толықтай FIDIC қағидаттарына көшіру қажет екенін атап өтті.
«Қазіргі уақытта дамыған мемлекеттердің бәрі осы FIDIC заңнамасымен жұмыс істеп жатыр. Жобаны сызу, орындау, бақылау FIDIC арқылы жүзеге асырылады. Себебі, құрылыс материалдары қымбаттаған жағдайдың өзінде мердігерлер алаңдамайтын болады», – деді Жамбыл Бақтияр.
Елордада Автомобиль жолдары комитеті «ҚазжолҒЗИ» АҚ-мен бірлесіп, жол құрылысындағы заманауи технологиялар мен материалдарды қолдануға және олармен танысуға арналған ауқымды салалық жиын өтті. Айта кету керек, семинар ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың бастамасымен, 2025 жылға дейін жолдардың сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылып отыр.
Семинар-тренингке барлық жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысты. Олар іс-шараның ұйымдастырылуын жоғары бағалады. Семинарда айтылған тың технологияларға баса назар аударды.
Мәселен, Жамбыл облысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жетекшісі Бақытжан Жәнібеков жол төсемін нығайтудағы инновацияға қызығушылық танытты. Айтуынша, алдағы уақытта Тараз қаласында жаңа технологияны қолдану үшін тәжірибелік учаске салынатын болады.
«Ойға түйген көп нәрсеміз бар. Оны болашақта өзіміздің жергілікті жолдарымызға енгіземіз деген жоспар бар. Шыны керек, жол желісінің 90 %-ы өткен ғасырдың 70-80 жылдарында салынғанын айтып өтуім керек. Әлбетте жолдар қазіргі заманғы жүк көліктерінің ауырлығына төтеп бере алмай жатыр. Сондықтан да, аталған семинарға жергілікті маңызы бар жолдарға қызмет көрсететін компаниялардың жаңа тәсілдерін есту, көру үшін келдік, - дейді Бақытжан Жәнібеков.
Анықталғаны, Жамбыл облысындағы жергілікті желі жолдарының ұзындығы 3,5 мың шақырымды құрайды. Соның 95%-ы бүгінде нормативтік жағдайда. Ведомство басшысы аталған көрсеткішті жақсарту үшін өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.
«Ең маңызды жобаларға тоқталар болсам, «Тараз-Жетібай-Тегістік-Ойық» автожолы, Тараз қаласын Қаратау, Жаңатас моноқалаларымен қосатын бағыттағы жолдарға жөндеу жүргізілуде. Болашақта басты мақсатымыз Мойынқұммен шекаралас жатқан Сарысу ауданының жолдарын, Мойынқұм ауданының «Ұланбел-Бірлік-Мойынқұм» автожолын жөндеу көзделген», - деп атап өтті Бақытжан Жәнібеков.
Ал Түркістан облысында жергілікті маңызы бар жолдардың нормативтік жағдайдағы үлесі 87%-ды құрайды. Өңірде орташа жөндеуге және қозғалыс қарқыны жоғары жолдарда реконструкцияға басымдық берілген. Атап айтқанда, «Түркістан-Шәуілдір» бағытындағы 70 шақырымдық учаске, Түркістаннан Кентауға баратын жол қайта жаңартылуда. Алайда, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Роллан Ибрагимов басты түйткіл – битум тапшылығы екенін алға тартады.
«Қазіргі таңда үлкен проблема битум тапшылығы. Өйткені, Казақбитум біздің оңтүстік өңірлерге, атап айтқанда, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облысына битум жеткізуі керек болатын. Алайда, Ресейдегі соғыс жағдайынан гудронның бағасы күрт өсіп кетті. Сондықтан қазіргі уақытта сметалық құжаттамада битумның 1 тоннасы 135 мың теңгені құрайды, бірақ нарықта 230 мың теңгеден бастап шарықтай береді. Сондықтан біз жаңа инновацияларға көшуіміз керек. Бұл үшін бүгінгі семинар тамаша мүмкіндік», - деп жеткізді Роллан Ибрагимов.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде «Ашық сағат алаңы» жобасы аясында Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Бековтың төрағалығымен ZOOM форматында жиын өтті. Онда қараусыз жайылған үй жануарларының қатысуымен болатын жол көлік оқиғаларының көбею себептерін анықтап, аталған түйткілді шешудің амалдары талқыға салынды. Шараға Автомобиль жолдары комитеті, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті, «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ, Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының өкілдері белсене қатысты.
ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Бековтың айтуынша, атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, биыл жол көлік оқиғаларының саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда едәуір артқан. Статистикаға сүйенсек, соңғы 8 ай ішінде республикалық маңызы бар жолдарда 1674 жол көлік оқиғасы орын алып, 693 адам қаза тапқан, ал 2787 адам жарақаттанған. Апаттардың орын алу себептеріне келсек, 36% – көлік жылдамдығын шамадан тыс асыру, 10% – жүргізушілердің қарама-қарсы бағытқа шығу, 9,4% – қашықтықты сақтамау, ал 1,5% – көлік тізгінін мас күйде ұстау себебінен орын алған.
«Тәртіп сақшыларымыздан жол жиегінде тұратын жергілікті тұрғындармен түсіндірме жұмыстарын жиі өткізуді сұраймыз. Әсіресе, мал жаюға болмайтынын ескертіп, қадағаласа, игі болар еді», - дейді Амангелді Беков.
«ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ бас инженері Талғат Смағұлов та автомобиль жолдарында ірі қара малдың қатысуымен болатын жол көлік оқиғаларының саны біршама артқанын жеткізді. Мәселен, ағымдағы жылы 20 қыркүйекте республикалық маңызы бар жолда 17 жол апаты орын алған.
«Жол-көлік оқиғаларының 9 – Жамбыл облысында, 8 – Маңғыстау және Түркістан облыстарында тіркелген. Салдарынан 29 адам қаза тауып, 97-сі жарақат алды. Бұдан бөлек, 57 үй жануары зардап шеккен», - дегенді алға тартты Талғат Смағұлов.
Ал мұндай оқыс жағдайларды болдырмау үшін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында арнайы алдын алу шаралары қолға алынған. Мәселен, жол жиектерінде 319 малөткелі орнатылып, 1 мыңнан астам шақырымға торлы қоршау қойылды.
Малдың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмыстары орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу мен күтіп-ұстау барысында да атқарылуда. Мәселен, биыл Маңғыстау облысының 105 шақырымына, «Жетібай – Жаңаөзен» учаскесінің 65 шақырымына және «Доссор-Құлсары-Бейнеу-Ақтау» автожолының 40 шақырымына торлы қоршау орнатылды.
Семинар қорытындысы бойынша, республикалық жолдардағы қауіпсіздікті арттыру үшін атқарушы органдарға ұсыныстар берілді.
Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінен республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы реконструкциялау учаскелерінде патрульдеуді күшейту бастамасын көтерді. Ал «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ өкілдеріне республикалық маңыздағы тасжолдарға торлы қоршауларды орнатып қана қоймай, қосымша электр бақташыларын қоюды тапсырды.
««Сергек» және «Автоураган» бейнекамераларын орнату өте маңызды. Бұдан бөлек, жолдың қозғалыс бөлігінде үй малы табылған жағдайда мал иелесіне айыппұл санкцияларын қатаңдату қажет деп санаймын. Айыппұлды 50 АЕК-ке дейін ұлғайту қажет. Сондай-ақ, үй жануарларының қатысуымен болған жол көлік оқиғасы орын алған кезде қылмыстық жауапкершілікті қарастыру қажет», - дегенді алға тартты Амангелді Беков.
Сонымен қатар, «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ мен ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті өкілдерімен бірлесіп, үй жануарларына чип, бирка тағып, аэрозоль бояуын себу мәселесін қолға алмақ. Осылайша жарық шағылыстырғыш таспаларды орнату арқылы жүргізушілерге тәуліктің түнгі уақытында жануарлардың жүріп келе жатқаны ескертілмек.
Айта кету керек, ZOOM-конференциялар ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың бастамасымен іске қосылған «Ашық сағат алаңы» жобасы аясында өткізілуде. Әр апта сайын ұйымдастырылатын кездесуде Автомобиль жолдары комитетінің өкілдері ең өзекті деген түйткілдерді талқылап, оларды шешудің амалдарын ойластыруда.
«Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ ғалымдары Атырау облысындағы аймақтық маңызы бар жолдардың құрылысында жергілікті материалдарды пайдаланудың жаңа технологиясын қолданатын болады. Сондай-ақ жол төсемінің табиғи беріктігін арттыру үшін жергілікті климаттық жағдайлар мен жер қыртысының құрылымы да назарға алынады.
Бұған дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Атырау облысына іс-сапармен барған кезде шалғайдағы елдімекен тұрғындары жолдың сын көтермейтіні туралы арыз-шағымын жеткізген болатын. Атап айтқанда, Азғыр өңіріндегі жергілікті маңызы бар жолдың ахуалы төңірегінде сөз қозғаған азаматтар министрге жолдың сапалы салынуы үшін тиісті шара қабылдау қажеттігін тапсырған еді. Қайырбек Айтбайұлы аталған мәселені жеке бақылауына алатынын айтып, ғалымдармен бірлесе ғылыми тұрғыда климаттық ерекшелікті ескере отырып, жол салу технологиясын қайта қарайтынын уәде еткен.
Енді міне, инновациялық технология алғаш рет Атырау облысының Азғыр өңіріндегі автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстарында қолданылмақ. Құрманғазы ауданында өткен қоғамдық тыңдауда осы мәселе егжей-тегжейлі талқыланды. Басқосуға министрдің тікелей тапсырмасымен құрылған топ, яғни, Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары, сондай-ақ жергілікті атқарушы орган өкілдері мен аудандық қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
Жиында «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ Автомобиль жолдары және көпір құрылымдары департаментінің директоры Асхат Байбатыров Азғыр өңіріндегі жер бедерінің ерекшелігіне назар аударып, жол құрылымына зиянды процестің алдын алатын жаңа технологиялардың зерделеніп жатқанын атап өтті.
«Бұл автомобиль жолы бесінші категорияға жатады. Азғыр аймағы Нарын құмында орналасқандықтан, мұндағы жол учаскелерінде құм, саз және сор кездеседі. Сондықтан да жөндеу жұмыстарын бір жобамен жүргізу мүмкін емес. Осы мәселені шешу үшін министрлік жол учаскесінде жаңа технологияларды енгізуді тапсырды. Ол оң нәтижесін берсе, инновациялық шешім өңірдегі өзге де жол жөндеу жұмыстарында қолданылатын болады», – деп атап өтті Асхат Байбатыров.
Аталған аймақтағы автомобиль жолын жөндеу жұмыстары өткен жылы басталған болатын. Бұған дейін 36 шақырымнан астам жол төсемі төселді. Ал биыл жол учаскесінің қалған бөлігінің жобасы жасалып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ғалымдар реконструкциялау жұмыстарына жергілікті құрылыс материалдарын қолдануды да қарастыруда.
«Жол саласында жергілікті материалдарға басымдық беру – ел экономикасына оң әсер тигізетіні белгілі. Яғни, оны тасымалдау кезіндегі қыруар шығындар азаяды», – дейді мамандар.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қолдауымен Автомобиль жолдары комитеті «ҚазжолҒЗИ» АҚ-мен бірлесе ұйымдастырылған семинарға шетелдік компания өкілдері көптеп қатысты. Олар өздерінің тың технологияларын таныстырып, тәжірибесімен бөлісті.
Семинарда 10 баяндамашы сөз сөйлеп, автожол саласына қажетті ең заманауи шешімдерді айтып берді. Олардың қатарында жақын шетелден келген мамандар да болды. Жер төсемін салудан бастап, автомобиль жолдарын абаттандыруға дейінгі жобалау, салу, жөндеу кезінде қолданылатын жаңа технологияларды ұсынды.
Мәселен, Екатеринбург қаласынан келген инженерлік компания өкілі Евгений Васильев жол жамылғысының негіздеріне арналған материалдарды таныстырды. Айтуынша, жолдар да үйлер сияқты берік іргетассыз ұзақ уақыт қызмет ете алмайды.
«Біз геотекстиль, геомата, геоспан сияқты күшейтетін материалдар шығарамыз, олар жоғары беріктігі бар полипропилен төсем болып табылады. Жолдың негізін күшейтіп, берік қылады. Яғни, тұрақтылық модулі мен жол құрылымының ығысуға деген төзімділігін арттырады. Осылайша, жөндеуаралық мерзім де ұзарады», - дейді Евгений Васильев.
Ал РОСНАНО мемлекеттік даму институтының еншілес компаниясының өкілі Геннадий Герасимов асфальтбетон модификаторын ұсынды. Ол белсенді резеңке ұнтағына негізделген композициялық материалды көрсетті.
«Ығысу өрісінде ол кішкентай түйіршіктен түсті қырыққабат сияқты үлкейіп, аумағын кеңейтеді. Бұдан соң біз асфальтбетон қоспасында тікелей жұмыс істейтін полимерлерді қосамыз. Өте технологиялық өнім. Ол түйіршіктерде шығарылады, BigBag-да жеткізіледі және полимерлі битум байланыстырғышын лайықты алмастырады», - дейді Геннадий Герасимов.
Анықталғаны, Ресейде жыл сайын шамамен 1 миллион тонна қоқыс шиналары қосылады. Аталған көлемнің тек 15-20 пайызы ғана қайта өңделеді екен.
«Қаншама шиналар кәдімгі қоқыс полигонына тасталып жатыр. Ал бұл қалдықтар қауіптіліктің төртінші класына жатады. Біз оларды утилизацияламаймыз, тек дайын ұнтақты шикізат ретінде алып, заманауи жол өніміне айналдыру үшін модификациялаймыз. Дегенмен, экологияны жақсартуға өз үлесімізді қосып жатырмыз деп айта аламын. Себебі, біздің асфальтбетон модификаторын қолдану кезінде автомобиль жолдарының 1 шақырымына бұрын қолданыста болған 800-ге жуық шина қажет", - дейді ол.
Ал Нижний Тагил қаласынан келген Евгений Дмитриев жылдың суық мезгілінде төсеуге болатын, асфальтбетонға арналған жылы инновациялық қоспа туралы айтып берді. Қоспаның артықшылығы жол-құрылыс жұмыстарының маусымы аяқталғанына қарамастан пайдалануға болатынында екен. Мәселен, асфальтбетон төсеп үлгермеген, бірақ жобаны тапсыру қажет болған жағдайда пайдалануға болады.
«Жолшылар жол сапасын құртпай-ақ, пайдалануға керек қасиеттерді жоғалтпай, суық жағдайда асфальтбетонды сапалы төсей алады. Қоспа жол-құрылыс жұмыстарының маусымын ұзарту қажет болған жағдайда өте тиімді. Ол Қазақстанның климатына сай келеді. Себебі, тез ысып, тез суитын күрт құбылмалы ауа-райында күн жылы болып тұрып, сынап бағанасы кенеттен нөлдік температураны көрсетуі мүмкін. Сондай жағдайда көп көмектеседі. Негізі оны қолдану бойынша тәжірибе бар. Айталық, Қазақстанның батысында, Ақтау қаласында жол учаскесі дәл осы қоспаны пайдаланып салынды», - деп жеткізді Евгений Дмитриев.
ҚР ИИДМ вице-министрі Алмаз Ыдырысов Қазақстандағы Дүниежүзілік банктің тұрақты өкілі Жан-Франсуа Мартомен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Дүниежүзілік банк қаржыландыратын инфрақұрылымдық жобаларды, сондай-ақ «Оңтүстік-Батыс» және «Шығыс-Батыс» несиелері бойынша жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Сонымен қатар «Шымкент – Жамбыл облысы», «Балқаш – Бурылбайтал», «Ұзынағаш – Отар» және «Күрті – Бурылбайтал» учаскелеріндегі жол құрылысының барысы да назарға алынды.
Қазіргі уақытта бұл учаскелерде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Реконструкциялық жұмыстарды 2023 жылы толықтай бітіру жоспарланған.
Қос тарап меморандумды кезекті «Ашық сағат алаңы» жобасы аясындағы кездесуде жасасты. Автожол саласындағы түйткілдер талқыланған шараға Автомобиль жолдары комитетінің, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының, мердігерлік ұйымдардың және техникалық қадағалау қызметінің өкілдері қатысты.
ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтияр бірқатар мәселелерді тілге тиек етті. Айтуынша, шетелдік компаниялар автожолдарды салу барысында, көп кезекте, жаңа, заманауи технологияларды қолданады. Ал біздегі жағдай тікелей бюджетке байланысты.
«Бізде бәрі бюджетке байланысты. Сол себепті мердігер ұйымдар жаңа технологияларды қолдануға мүдделі емес. Олар көбінесе дәстүрлі, шаблондық жобалық шешімдерді таңдайды. Тағы бір мәселе – жол пайдаланушыларына ыңғайлы болу үшін қозғалысты мерзімінен бұрын ашу. Ел тұрғындары айналма жолмен жүргіміз келмейді деп жиі шағымданып жатады. Сол үшін біз жабынның төменгі қабаты бойынша қозғалыс ашуға мәжбүрміз. Бұл ақаулардың мерзімінен бұрын пайда болуына әкеліп соғады. Құрылымдық қабаттар қазіргі ағымдағы қарқындылық пен жүктеме үшін арналмаған», - деп жеткізді Жамбыл Бақтияр.
Түйткілді шешу үшін бүгінгі таңда жобалау жүргізуде жаңа тәсілдер қолдану қажеттілігі алға тартылды. Жаңашылдық тек жаңа жобаларға қатысты болмақ. Атап айтқанда, жолдарды салу, реконструкциялау кезінде қозғалыс ағынын бөлу көзделетін болады. Мәселен, бұл әдіс қазірдің өзінде «Атырау-Орал» жобасында қолданылуда.
«Қолданыстағы жол айналма жол ретінде пайдаланылатын болады. Ал жаңасын қатарынан салатын боламыз. Қозғалыс жол құрылысы аяқталғанда ғана жол жабынының жоғарғы қабаты бойынша ашылады. Бұдан соң қолданыстағы жол реконструкцияланады. Бұрынғыдай жолдың бір жерін алып, басқа жерін салу деген болмайды», - дейді Жамбыл Бақтияр.
Конференцияда, сондай-ақ, жолшы мамандығының тартымдылығы, беделі туралы мәселелер көтерілді. Бүгінгі таңда қарапайым сарапшылар, мәселен, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мамандарының жалақысы 150-200 мың теңге. Бұған қарамастан, оларға үлкен жауапкершілік артылған. Олар миллиардтаған соманың актілерін қабылдайды және қол қояды. Бұл ретте, конференцияға қатысушылар жемқорлық тәуекелдері барын жеткізді. Ал аталған фактор кадрлардың көптеп кетуіне әсерін тигізбей қоймайды.
Кадрлардың жетіспеушілігі туралы Қазақстанның автожолшылар қауымдастығының президенті Бағлан Баймағамбетов те айтты. Ол кадрлық әлеуетті, мамандықтың тартымдылығын күшейтуді және университеттер жанынан автожол құрылысы саласында факультеттер ашу мәселесін пысықтау қажет дейді. Сондай-ақ, әлеуметтік қолдау көрсетіп, көптеп грант бөлу мәселесін шешу дұрыс деп санайды.
«Л. Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол институты, Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының имиджін көтеру қажет. Кадрларды күшейтіп, ғылым деңгейін жоғарылату керек», - дейді Бағлан Баймағамбетов.
Бүгінгі күні Автомобиль жолдары комитеті нормашығармашылық қызмет бөлігінде өз функцияларын толық көлемде орындамайды. Заңнаманы жетілдіру және жаңа қағидаттарды, тәртіптерді енгізуде жұмыстар баяулады. Себебі уақыттың көп бөлігі бақылаушы мемлекеттік органдарға ақпарат, есеп беруге кетеді.
Осыған байланысты бүгінгі күні барлық іске асыру функцияларды «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ға беру мәселесі пысықталуда. Онда Комитет тапсырыс беруші, ал ұлттық компания орындаушы ретінде болмақ.
«Жаңа тұжырымдама аясында барлық жобаларды «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жүзеге асырады. Бұл үкіметтік қарыздар есебінен жобалар, концессия шарттарының жобалары және басқалар. Комитет тек нормативтік базамен айналысатын болады. Егер бұған келмесек, жаңа технологиялар дамымайды», - дегенді алға тартты Жамбыл Бақтияр.
Автомобиль жолдары комитеті ұсынған барлық өзгерістер «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі тарапынан қолдау тапты. Аталған бірлестік директорының атқарушы орынбасары Нұрлыбек Мұқановтың айтуынша, автожол жобаларын барлық іске асырушы органдар ортақ жауапкершілікте болуы тиіс.
«Біз болып жатқан жағдайды егжей-тегжейлі көрдік. Бұл мәселеге жауапкершілікті тек қана ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетіне артып қоймау керек. Басқа да министрліктер жауап беруі тиіс. Сіздердің тарапыңыздан ұсыныс пакеттерін саралап, зерттедік. Сізді толығымен қолдаймыз. Біз Сіздердің түйткілді объективті түрде көріп, түсініп отырғандарыңызға қуаныштымыз. Өйткені біз тапсырыс берушілермен, мердігерлермен, өндірушілермен кездестік. Сіздің кеңес құжаттарыңыздан барлық сауалдарымызға жауаптар табылып отыр. Мен өз тарапымнан біздің ұйымға толық сенім арта алатыныңызды мәлімдеймін», - деп жеткізді Нұрлыбек Мұқанов.
Кеңесті қорытындылай келе, Автомобиль жолдары комитеті мен «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында аймақтың 94 елдімекенін қамтитын 350 шақырымнан астам автокөлік жолын жөндеу жоспарланған. Батыс Қазақстан облысында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 5 мың шақырымды құрайды. Оның 39 пайызы нормативті жағдайда.
Жалпы 2022 жылдың алғашқы 8 айының қорытындысы бойынша өңірдегі 140 шақырымнан астам жол желісі жөндеуден өткізілген. Биылғы құрылыс маусымында жол жөндеу жұмыстарын 12 мердігер мекеме жүргізуде. Сондай-ақ 10 техникалық қадағалау ұйымы тартылып отыр.
Қазіргі күнде «Барбастау – Ақжайық – Индер», «Алға – Жалпақтал – Жұлдыз – Қарасу» бағыттарындағы автокөлік жолдарын күрделі жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттама даярлануда. Жөндеу жұмыстарының аясында «Чапаев – Жанғалай – Сайқын» жол желісінің 267-337 шақырымын жөндеу де қамтылмақ.
Аталған жобаларды жүзеге асыруға 28 мың тонна битум қажет. Аймақта 18 асфальтбетон мен 2 бетон зауыты іске қосылып, 6 темір жол тұйығы пайдалануға берілген.
Айта кетерлігі, жол жөндеу жұмыстарының сапасы мен онда қолданылатын құрылыс материалдары Жол активтері сапасының ұлттық орталығы зертханасында арнайы сараптамадан өткізіледі. Бұл орталық биыл 80 жол жөндеу нысанындағы жұмыстарға тексеру-талдау жүргізген. Нәтижесінде 60-тан астам бұзушылық анықталған. Сонымен қатар 510 зертханалық сынама жүргізіліп, талапқа қайшы бірқатар кемшіліктер айқындалған. Анықталған фактілер бойынша жауапты мердігерлерге кемшіліктерді қалпына келтіру бойынша нұсқаулықтар берілді.
Жалпы алғанда, жоғарыда атап өткен жол жөндеу жұмыстарының аясында өңірдегі жергілікті маңызы бар автокөлік жолдарының нормативті жағдайын 50 пайызға дейін арттыру көзделіп отыр.
Еліміздің жолдарын жақсартуға және республикалық маңызы бар жолдардағы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Кешенді мақсатты бағдарламаны» іске асыру жалғасуда.
Бүгінгі таңда жолшылар 490 мың шаршы метр шұрық-тесік, жолды жөндеп, ойқы-шойқы жолдың 147 мың шаршы метрін тегістеді. Сонымен қатар, 587 мың метр жолда жарықтарды құю іске асырылып, 9 мыңға жуық жол белгісі мен 323 дана ақпараттық панно орнатылды. Бағдарлама аясында 24 мың кума метр қоршауға жөндеу жүргізілді. Жолдың 23 мың шақырым қозғалыс бөлігіне таңбалар сызылды.
Бұдан бөлек, 13 дана жарықдиодты жол белгісі және көпірлерде 327 қума метр қоршау қойылды. Сондай-ақ, 188 автопавильон мен демалыс алаңы жөнделіп, 2616 шаршы метрден астам жолға шу жолақтарын орнату жұмыстары жүргізілді.
Республикалық жолдарда, мамандар 1681 дана километрлік көрсеткіштер, 206 дана жол буфері, 18 мыңнан астам дабыл бағанасы және 26 мыңнан астам катафот орнатты.
Айта кетейік, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған шаралар жол-көлік оқиға санын азайтуға және жүргізушілердің назарын барынша арттыруға септігін тигізеді. Мәселен, шу жолақтары таңдалған жолақтан шығып кету немесе жолдың қауіпті учаскесіне жақындауды ескертеді. Ал бұл жол белгілері мен жарықдиодты катафоттар жолда түнгі уақытта ұйықтап кетпеуге көмектеседі.
Естеріңізге сала кетейік, «Кешенді мақсатты бағдарлама» аясындағы жұмыстар жыл сайын жүргізілуде. Бүгінге дейін жоспардың 96% - дан астам орындалды.