ҚР ІІМ логотипі
Меню
Страницы
Құжаттар
Министрлік туралы
Баспасөз орталығы
Комитеттер
Қызметі
Аймақтар
Байланыс ақпараты
Все материалы
03 июня 2025
ТЖМ суға батқан азаматтарды құтқарған полицейлерді марапаттады

Жетісу облысы төтенше жағдайлар департаментінде суға батқан адамдарды құтқарған полицейлер марапатталды.

23 наурызда Жетісу облысы Ескелді ауданында орналасқан техникалық су қоймасында суға батқан адамдардың өмірін құтқару кезінде батылдық пен жанқиярлық танытқан полицейлер Төтенше жағдайлар министрлігінің тарапынан марапатқа ие болды.

Қызметтік міндеттерін адал атқарып, төтенше жағдай кезінде кәсіби шеберлік пен ерлік көрсеткендері үшін Төтенше жағдайлар министрлігінің "Суға батқан адамдарды құтқарғаны үшін" медалі Жетісу облысы полиция департаменті Ескелді ауданы полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі Өмірбек Сенбай мен патрульдік полиция қызметінің аға инспекторы Мұхтар Нұрмұханбетовке табысталды.

Оқиға кезінде тәртіп сақшылары өз өмірлеріне төнген қауіпке қарамастан, суға батып бара жатқан азаматтарды аман алып қалған. Олар кәсіби әрекет ету арқылы төтенше жағдайдың қайғылы аяқталуына жол бермеді.

Аталған марапат – полиция қызметкерлерінің қоғам алдындағы борышын абыроймен атқарып жүргенінің жарқын дәлелі.

02 июня 2025
Шығыс Қазақстанда "Халық заңгері" акциясы өтті Шығыс Қазақстан облысының полицейлері өзге мемлекеттік органдар өкілдерімен бірлесе отырып, Өскемен қаласында орналасқан С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің әкімшілік ғимаратында "Халық заңгері" атты құқықтық акция ұйымдастырды. Акция аясында тұрғындарға құқықтық көмек көрсетіліп, өзекті мәселелер бойынша кеңес берілді. Қатысушылар интернет-алаяқтықтың алдын алу жолдары, жол қозғалысы қауіпсіздігі және киберқылмыстан қорғану тәсілдері жөнінде құнды ақпарат алды. Мұндай іс-шаралар халықтың құқықтық мәдениетін көтеруге, сондай-ақ азаматтар мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған. Жергілікті халықпен тығыз байланыс орнату – құқық қорғау органдарының ашықтығы мен қоғамға жақын болу қағидатының жарқын көрінісі.

Шығыс Қазақстан облысының полицейлері өзге мемлекеттік органдар өкілдерімен бірлесе отырып, Өскемен қаласында орналасқан С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің әкімшілік ғимаратында "Халық заңгері" атты құқықтық акция ұйымдастырды.

Акция аясында тұрғындарға құқықтық көмек көрсетіліп, өзекті мәселелер бойынша кеңес берілді. Қатысушылар интернет-алаяқтықтың алдын алу жолдары, жол қозғалысы қауіпсіздігі және киберқылмыстан қорғану тәсілдері жөнінде құнды ақпарат алды.

Мұндай іс-шаралар халықтың құқықтық мәдениетін көтеруге, сондай-ақ азаматтар мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған. Жергілікті халықпен тығыз байланыс орнату – құқық қорғау органдарының ашықтығы мен қоғамға жақын болу қағидатының жарқын көрінісі.

Әкімшілік полиция
02 июня 2025
Балалар қауіпсіздігі – басты назарда: СҚО-да полицейлер жазғы тасымалға арналған автобустарды тексерді

СҚО-да полицейлер балаларды жазғы лагерьлерге тасымалдау алдында автобустарды тексерді.

Жазғы демалыс маусымының басталуымен Солтүстік Қазақстан облысында мектеп оқушыларын сауықтыру лагерьлеріне қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ету мақсатында кешенді шаралар қолға алынды. СҚО полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы білім басқармасы өкілдерімен бірлесіп, балаларды тасымалдайтын автобустардың техникалық жағдайын тексеру жұмыстарын жүргізуде.

Тексеріс барысында автобустардың техникалық жарамдылығы, "Балалар" белгісінің болуы, өрт сөндіру құралдары мен қажетті құжаттардың толықтығы назарға алынды. Сонымен қатар жүргізушілердің еңбек өтілі, денсаулық жағдайы және еңбек тәртібін сақтау мәселелері де қарастырылды. Рейд нәтижесінде автобустардың техникалық жағдайы мен жүргізушілердің біліктілігі талаптарға сәйкес екені анықталды.

Балалар топпен жолға шыққан кезде олардың автобустарын полицияның патрульдік көліктері жол бойы бірге алып жүреді. Мұндай тексерістер облыстың барлық аудандарында тұрақты түрде өткізіліп тұрады және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Полиция қызметкерлері ата-аналар мен білім беру ұйымдарын балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдауға шақырады. Балалардың жазғы демалысы қауіпсіз және жағымды өтуі үшін барлық мүдделі тараптардың бірлескен әрекеті маңызды.

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес
02 июня 2025
ІІМ: Қарағанды өңірінде Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы екі қылмыстық топты ұстады

Ішкі істер министрлігі өңірлердегі кәсіпорындарға қылмыстық топтардың ықпал етуіне жол бермеу, сондай-ақ бағалы металдарды, материалдық құндылықтарды ұрлаумен айналысатын топтардың қылмыстық әрекеттерін әшкерелеу бойынша тұрақты түрде кешенді шаралар қабылдауда.

14 мамырда Қарағанды облысында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жүйелі түрде материалдық-техникалық құралдар мен жанар-жағармай материалдарын ұрлаумен айналысқан қылмыстық топты ұстауға бағытталған арнайы операция жүргізді. Олар қорғасын-мырыш кенін өндіру және өңдеу саласындағы ірі кәсіпорыннан ұрлық жасаған.

Тергеу барысында көрсетілген кәсіпорынның бірнеше қызметкері күзетшілермен сөз байласып, бірнеше ай бойы ұрлық жасап, ұрланған заттарды заңсыз қабылдау пунктіне өткізгені анықталды.

- Жүргізілген шаралардың нәтижесінде 18 адам қылмыс үстінде ұсталды. Ұрланған жанар-жағармай мен металл бұйымдары және автотехникаға арналған қосалқы бөлшектер тәркіленді.

Сондай-ақ тінту барысында тіркелмеген бес мылтық, оның ішінде кесілген және ойық ұңғылы карабин, травматикалық қару мен оқ-дәрілер тәркіленді, - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

21 мамырда аталған өңірдің тұрғындарынан құралған бағалы металдардың заңсыз айналымына қатысы бар тағы бір қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды.

Тінту шаралары барысында шамамен 17 тонна мыс концентраты, кенді қайта өңдеуге арналған жабдықтар, әртүрлі құжаттар мен ақша алынды.

- Барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ұсталғандар басқа да қылмыстарға қатыстылығы бойынша тексерілуде. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда, - деді Қуандық Алпыс.

02 июня 2025
Заң мен Тәртіп басты назарда: қоғам белсенділері полицияның алдын алу шараларына баға беріп, басым міндеттерді айқындады

Ішкі істер министрлігінде Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Жиында 2025-2030 жылдарға арналған "Заң және Тәртіп" мемлекеттік тұжырымдамасын іске асырудың негізгі аспектілері талқыланды. Іс-шараға азаматтық қоғам өкілдері мен ведомство қызметкерлері қатысты.

Тұжырымдама құқықтық мәдениет қалыптастыруға және құқық қорғау органдарына деген сенімді нығайтуға бағытталған. Отырыста құқықтық қоғам құрудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері қаралды.

Айта кету керек, Ішкі істер министрі Ержан Саденов 2025 жылды "Профилактика жылы: полиция Заң мен Тәртіп күзетінде" деп жариялады. Осы бағытта құқық бұзушылықтардың алдын алу, полиция қызметін цифрландыру, қауіпсіз орта құру және азаматтардың құқықтық санасын арттыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

Алайда қойылған міндеттерді толыққанды іске асыру үшін отырыс барысында ІІМ қоғамдық кеңесінің мүшелері атап өткен негізгі бағыттарды нығайту қажет. Атап айтқанда, ІІО материалдық-техникалық базасын күшейту. Заманауи технологиялар полицияға қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі міндеттерді тиімді орындауға мүмкіндік береді.

Ведомстволық білім стратегиялық ресурс ретінде қарастырылуы тиіс. Оған жастарды тартып, білім беру бағдарламаларын заман талабына сай бейімдеу, сондай-ақ сапалы практикалық дайындық үшін жағдай жасау - құзыретті және ынталы қызметкерлердің жаңа буынын қалыптастырудағы маңызды қадамдар.

Полиция мен қоғам арасындағы байланысты дамытуға ерекше назар аудару. Медиа және цифрлық арна алаңдарын кеңейту, ашық диалог құру азаматтардың сенімін арттыруға ықпал етеді, полиция қызметі туралы хабардарлықты арттырады және жұртшылықты қауіпсіз қоғам қалыптастыру процесіне тартады.


02 июня 2025
Италия Премьер-министрінің сапары аясында Қазақстан мен Италия арасындағы реадмиссия туралы келісімге қол қойылды

Астанада Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы реадмиссия туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды.

Құжат Италия Министрлер кеңесінің төрайымы Джорджа Мелонидің ресми сапары және оның Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуі аясында жасалды.

Келісім екі елдің азаматтары болу шарттарын бұзған жағдайда оларды отанына қайтару рәсімін жеңілдетуге және жеделдетуге бағытталған. Атап айтқанда:

  • айыппұл санкцияларын қолданудан бас тарту;
  • қажетті құжаттарды ресімдеуге жәрдемдесу;
  • екі елдің уәкілетті органдары арасындағы өзара іс-қимыл көзделеді.

Құжатты іске асыруға Қазақстан мен Италияның ішкі істер министрліктері жауапты болады.

Осы Келісімді дайындау туралы уағдаластыққа Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы қаңтардағы Италияға ресми сапары барысында қол жеткізілді.

Қазақстанда осындай уағдаластықтар 21 мемлекетпен жасалған. Жаңа құжат азаматтардың құқықтарын қорғаудың қосымша құралына айналып, екі ел арасындағы сенімнің жоғары деңгейін растайтын болады.

Әкімшілік полиция
30 мая 2025
Өскеменде жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында акция өтті

Өскемен қаласының көшелері жол қозғалысы ережелерін бұзудың салдарын көрсететін ерекше, бірақ аса маңызды акцияның алаңына айналды: қала тұрғындары эвакуаторларға тиелген, жол-көлік оқиғаларында зақымданған көліктерді көрді. Бұл – жолда тәртіп сақтамаудың қандай ауыр зардаптарға әкеп соғатынын көзбен көруге мүмкіндік берген нақты ескерту болды. 

Осылайша Шығыс Қазақстан облысының тәртіп сақшылары тағы да бір рет жүргізушілерге қауіпсіздік туралы еске салып, өз өміріңізге, жолаушылар мен айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігіне бей-жай қарамауға шақырды. 

Акция республикалық “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында ұйымдастырылды. 

Құқық қорғау органдарының пікірінше, зақымдалған көліктерді көрсету – қоғам назарын аударудың қатаң, бірақ тиімді тәсілі. Себебі жол жүрісі қағидаларын бұзған көлік санаулы секундтар ішінде қауіпсіз құралдан қауіп көзіне айналуы мүмкін. 

ЖПІШ-тің алғашқы кезеңінің қорытындысы бойынша облыс аумағында 17 мыңнан астам жол жүрісі қағидаларын бұзу дерегі анықталды. 171 жүргізуші көлікті масаң күйде басқарғаны үшін ұсталса, оның ішінде 10-ы бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылғандар. 500-ден астам көлік пайдаланудан шеттетіліп, 300-ден астамы арнайы тұраққа қойылды. 

Апаттардың негізгі себептеріне айналатын құқық бұзушылықтарға ерекше назар аударылуда. Атап айтқанда, қарсы қозғалыс жолағына шығу, жылдамдық режимін сақтамау, жаяу жүргіншілерге жол бермеу. Тек бір айдың ішінде ғана 1 100-ге жуық жүргізуші жаяу жүргіншіге жол бермегені үшін жауапқа тартылды, ал 5 мыңнан астам адам өзге де бұзушылықтар үшін жазаланды. 

Аймақтағы жол-көлік оқиғаларының жағдайы алаңдатарлық: жыл басынан бері 459 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 650-ден астам адам жарақат алған. Негізгі себептер – жылдамдықты асыру, қауіпті жерлерде озу, жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту кезіндегі абайсыздық. 

Полиция департаменті жол жүрісі қағидаларын сақтау – әрбір жол қозғалысына қатысушының міндеті екенін ескертеді. Жолдағы қауіпсіздік жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жауапкершілігіне тікелей байланысты. Әрбір бұзушылықтың артында бір адамның өмірі тұруы мүмкін екенін есте сақтаңыз.

30 мая 2025
"Таза Қазақстан" акциясы аясында 48 мыңнан астам құқық бұзушы жауапқа тартылды

"Таза Қазақстан" акциясы аясында 48 мыңнан астам құқық бұзушы жауапқа тартылды.

Елордада санитарлық жағдайды жақсартуға бағытталған "Таза Қазақстан" акциясы қарқынды түрде жалғасуда. Астана қаласы полиция департаменті ұйымдастырған бұл бастама аясында қоғамдық орындар мен қала аумағының тазалығына бақылау күшейтілді. 

Іс-шара басталғалы бері қоқысты заңсыз төгу, ортақ пайдаланылатын аумақтарды ластау және абаттандыру қағидаларын бұзу деректері бойынша 48 мыңнан астам адам жауапқа тартылды.

Мәселен, Ш.Айтматов көшесінің бойындағы тұрғын үй кешендерінің бірінің құрылыс алаңына жақын маңда бетон қалдықтарын рұқсатсыз төгу фактісі тіркеліп, мердігер ұйымға қатысты іс қозғалды. 

Тәртіп сақшылары күн сайын рұқсат етілмеген орындарда рейдтік шаралар өткізіп, қоқыс пен кәріз қалдықтарын заңсыз төгетіндерді анықтауда. Қазіргі таңда 590 жүк және ассенизатор көлігінің жүргізушісі тәртіп бұзғаны үшін жауапқа тартылды. 

Астана қаласының полиция департаменті қала тұрғындарын табиғатты аялауға, қоршаған ортаны таза ұстауға және заң талаптарын сақтауға шақырады. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Криминалдық полиция
30 мая 2025
Астанада жедел-іздестіру қызметі туралы заңнаманы жетілдіру мәселесі талқыланды

Елордада Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленовтың төрағалығымен "Қазақстан Республикасындағы жедел-іздестіру қызметі туралы заңнаманы жетілдіру: проблемалар, халықаралық тәжірибе және дамудың келешегі" тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференцияға Президент Әкімшілігінің, Үкімет Аппаратының, Сот әкімшілігінің, Бас прокуратураның өкілдері, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Қаржы мониторингі агенттігінің, ІІМ және прокуратураның ведомстволық академияларының басшылығы, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты. 

Конференцияның мақсаты - адамның өмірін, денсаулығы мен мүлкін қорғауға бағытталған конституциялық құқықтарын сақтаудың тиімді құралдарын әзірлеу. 

Сөз сөйлеушілер жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізудің қалыптасқан тәжірибесін, озық халықаралық тәсілдерді, сондай-ақ осы қызметті жетілдірумен байланысты, оның ішінде киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұсыныстарды қарады. 

Отырысқа қатысушылар Ішкі істер министрлігі жүргізіп жатқан жұмыстың өзектілігін атап өтіп, одан әрі өзара іс-қимылға дайын екендіктерін айтты.

Көші-қон қызметі
30 мая 2025
Жалған құжаттар мен құрылыстағы жұмыс: полицейлер көші-қон заңнамасын бұзудың 7 мыңнан астам дерегіне тосқауыл қойды

ІІМ көші-қон қызметі комитеті аумақтық полиция бөліністерімен бірлесіп, республика бойынша ауқымды жедел-алдын алу іс-шарасын өткізді. 

Елімізде бес күн ішінде 7 мыңнан астам көші-қон заңнамасын бұзу фактілерінің жолы кесілді: 

  • 2,5 мыңнан астам шетелдік Қазақстан Республикасының аумағында болу мерзімдерін бұзған.
  • 862 шетелдік тиісті рұқсатсыз жұмыс істеген. 
  • 499 қазақстандық жұмыс беруші заңсыз шетелдік жұмыс күшін тартқан. 
  • 3 мыңнан астам қабылдаушы тұлға ішкі істер органдарына шетелдік азаматтардың өздерінде тұратыны туралы хабарламаған.

Барлық құқық бұзушы жауапқа тартылды. Сонымен қатар 678 шетелдік азамат елден шығарылды, енді оларға Қазақстанға кіруге бес жылға тыйым салынады. 

Алғаш рет Мысыр азаматтарының заңсыз еңбек қызметі фактісі тіркелді. Қарағандыда ірі құрылыс алаңында рұқсатсыз жұмыс істеген осы елдің 14 азаматы табылды. 

Алматы облысының Жамбыл ауданында көші-қон қызметінің қызметкерлері заңсыз алкоголь өндірумен айналысқан 12 ҚХР азаматын анықтады. Олардың да тиісті рұқсат құжаттары болмаған. 

Заңды ұдайы бұзатын жұмыс берушілер де назардан тыс қалмады. Қарағанды облысында шетелдіктерді заңсыз жұмысқа бірнеше рет тартудың үш жағдайы анықталды. Осы эпизодтар бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 395-бабымен қылмыстық іс қозғалды, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. 

Алматы облысында полиция қызметкерлері ХҚКО-ның үш қызметкері ұйымдастырған заңсыз көші-қон арнасын анықтады. Олар жеке басының пайдасы үшін заңды бұза отырып, еңбек мигранттарын заңдастыру үшін жалған құжаттар жасаған. ҚР ҚК 394-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.


Социальные сети
Twitter
Instagram
Facebook
Меню подвал
Экран дикторы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы