Елорда прокуратурасы әлеуметтік қызмет көрсету саласында бюджеттік қаражаттың жымқырылғанын анықтады

Елорда прокуратурасы әлеуметтік қызмет көрсету саласында бюджеттік қаражаттың жымқырылғанын анықтады

Нұр-Сұлтан қаласы «Алматы» ауданының прокуратурасы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ (бұдан әрі – Орталық) қызметіне жетім балаларды және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды күтіп-бағуға, тәрбиелеуге, оқытуға бөлінген бюджеттік ақшалай қаражатты жұмсау тұрғысынан тексеру жүргізді.

Тексеру нәтижелері бойынша Орталықтың лауазымды тұлғаларының ақша қаражатын жымқыру және ысырап ету, оның ішінде тауарлар мен қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жоғары бағамен жүзеге асыру арқылы ұрлау фактілері анықталды.

Осыны ескере отырып, елорданың арнайы прокурорлары Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында Орталықта  11 адам формалды түрде жұмысқа орналастырылғаны анықталды, олар іс жүзінде жұмыс істемеген, яғни «өлі жандар» болып табылған. Бұл ретте жалақы, сыйлықақы, демалыс және басқа да төлемдер түріндегі ай сайынғы ақшалай қаражатты Орталықтың лауазымды адамдары алған.

Мемлекеттік аудит сарапшысының қорытындысына сәйкес негізсіз аударылған ақша қаражатының сомасы 34,5 млн.теңгеден асты.

Мемлекетке келтірілген залалды өтеу және тәркілеу мақсатында айыпталушылардың мүлкіне тыйым салынды және осы фактіні сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін қала прокуратурасы қылмыстық істі сотқа жолдады.

Нұр-Сұлтан қаласы «Есіл» ауданының №2 сотының 2022 жылғы                     10 наурыздағы үкімімен  директордың бұрынғы орынбасары және Орталықтың үш жұмыскері бас бостандықтан айырудың түрлі мерзімдеріне сотталды.