Павлодар облысында «Ертіс Дарыны» жастар сыйлығының қорытындысы шығарылды
22 лауреат дипломдар мен 500 мың теңгенің сертификаттарына ие болды.
Сыйлықтарды табыстау рәсімі барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, Жастар бастамаларын дамыту орталығында өтті. Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов кездесуге қатысушыларға арнаған сөзінде өңір әртүрлі салаларда жоғары білікті кадрлар ұстаханасы болғанын және бүгін де солай екенін атап өтті.
- Павлодар облысының көптеген жастары өңірлік, республикалық және халықаралық деңгейлерде үлкен биіктерге жетті. Сіз одан да үлкен жетістіктерге жете алатындарыңызға сенімдімін. Сіздер өскелең ұрпақ үшін өзін өсірудің мысалысыздар. Бұл сіздердің ата-аналарыңыздың, мұғалімдер мен тәлімгерлеріңіздің еңбегі бар,- деді Әбілқайыр Сқақов.
Павлодар облысында 14-29 жас аралығындағы жастарға «Ертіс Дарыны» сыйлығы екінші жыл қатарынан беріліп отыр. Конкурстық науқан қорытындысы бойынша 10 номинация бойынша жастар сыйлығын алуға 200-ден астам өтінім берілді. Биылғы жылы «Жыл жетістігі» арнайы номинациясы құрылып, онда Worldskills кәсіби шеберлік чемпионатын жеңіп алған және 2021 жылы Австралияға халықаралық турнирге жолдама алған Дина Афанасьева және ремиксі «Грэмми» сыйлығына ұсынылған музыкалық продюсер Иманбек Зейкенов марапатталды.
«Еріктілік» номинациясын 16 жастағы белсенді Айбек Ғазиз жеңіп алды. Ол пандемия кезінде дәрі тамызғыштарға штатив жасап, блокпосттар мен провизорлық орталықтарға ыстық түскі астарды дайындауға және жеткізуге қатысты. Аталмыш номинацияға «Birge» өңірлік фронт-офисінің басшысы Саягүл Серікбекқызы да ие болды.
Токиода өтетін жазғы Олимпиадаға қатысуға лицензия алған боксшы Серік Теміржанов пен Азия ойындары мен Ислам ойындарының қола жүлдегері Мамед Ибрагимов «Спорт» номинациясы бойынша үздік деп танылды. «Мәдениет» номинациясы бойынша марапаттар Ж.Аймауытов атындағы театр актері Сұлтан Әнуарбек пен айтыскер Абзал Қабдрашқа бұйырды. «Білім және ғылым» номинациясында Қазақстан тарихы бойынша «Lego құрал» әмбебап құралының авторы Дастан Мұхтар мен биология саласында оқушыларға арналған екі бағдарлама жасаған мұғалім Гүлнәр Жингулова аталып өтті.
@pavlodar_region