Нұр-Сұлтанда Кәкімбек Салықовтың 90 жылдығына арналған салтанатты іс-шаралар өтті

Нұр-Сұлтанда Кәкімбек Салықовтың 90 жылдығына арналған салтанатты іс-шаралар өтті

Нұр-Сұлтан қаласында мемлекет қайраткері, ақын Кәкімбек Салықовтың 90 жылдығына арналған салтанатты шаралар өтті.

Елордада Кәкімбек Салықовтың 90 жылдығына арналған іс-шаралар аясында ескерткіш тақта ашылып, кітап және фото көрмелер өтті. Сол сияқты Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік филармонияда концерт ұйымдастырылды. Салтанатты шараларға Алматы, Петропавл, Көкшетау, Қарағанды, Мәскеу және тағы басқа қалалардан келген өнер мен мәдениет қайраткерлері, белгілі ғалымдар және қоғам қайраткерлері қатысты.

«Соңғы жылдары Кәкімбек Салықов өте көп жазып, шығармашылықпен айналысты. Басты жолы, міндеті, ерекше қасиеті – поэзия екенін түсінген сыңайлы. Ол шығармашылықпен айналысып, жыр жазу үшін жаралғандай. Қызмет бабымен жүріп, әдебиеттен қол үзіп қалғанын сезгендей, 1990-жылдардан кейін осы олқылықтың орнын толтыру үшін көп еңбектенді. Өмірде көрген-білгенін, көзқарасы мен пікірін, сезімін жыр арқылы жеткізуге тырысты. Оның өмірлік тәжірибесі көптеген өлеңдерге арқау болып, халық арасында танымал керемет әндер жазылды», - деп еске алады жазушы, драматург Дулат Исабеков.

Нұр-Сұлтан қаласында Кәкімбек Салықов 2002-2013 жылдар аралығында тұрған үйге салтанатты түрде ескерткіш тақта орнатылды. Кәкімбек Салықов белгілі мемлекет қайраткері мен халық арасында кеңінен танымал әндердің сөзін жазған.

«Бұл үйде халқымызға белгілі екі азамат тұрған. Оның бірі – қазақтың аса ірі композиторы, Еңбек Ері Еркеғали Рахмадиев, екіншісі – ескерткіш тақта орнатылған қазақтың үлкен ақыны, мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімбек Салықов. Кәкімбек Салықовтың әндері қазақ даласына кеңінен тарап кеткен. Өлеңдері, поэмалары елдің жүрегінен орын алған. Оның тұрған үйіне ораза айында ескерткіш-тақта орнатылды. Құтты болсын дегім келеді.

Еліне, халқына, қызмет еткен адамның есімі ешқашан өшпейді. Халқымен, ұлтымен бірге жасайды», - деді ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлы.

Шығармашылық пен лауазымды қызметті ұштастыра білген Кәкімбек Салықов заманауи Қазақстанның дамуына сүбелі үлес қосқан көрнекті тұлға. Жақын досы, атақты композитор Еркеғали Рахмадиевпен бір үйде көрші тұрған. Енді Е.Рахмадиевтің ескерткіш тақтасының жанына Кәкімбек Салықовтың құрметіне ескерткіш тақта орнатылды.

«Ол кісінің адамгершілігі мол еді. Өзгелерден биік болатын. Ол кісіге арнап ескерткіш тақта ашылды. Бұл халқының оған жасаған сыйлығы», - деді ҚР Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров.

Тау-кен инженері, шахта бастығы, Жезқазған кен-металлургиялық комбинаты парткомының хатшысы, қалалық комитет басшысы, КОКП Орталық комитетінің инспекторы, КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты, Қарақалпақ облыстық партиясының бірінші хатшысы, Қазақстанның Жоғары Кеңесінің депутаты. Бұл Кәкімбек Салықовтың қызмет жолы. Бірақ дарынды тұлға мансаппен бірге шығармашылықты да қатар алып жүрген.

Кәкімбек Салықовтың алғашқы өлеңдері қазақстандық газет-журналдарда 60-жылдардың аяғында жариялана бастайды. 1972 жылдан бастап КСРО Жазушылар Одағының мүшесі атанған ақынның «Жезкиік» атты жыр жинағы кеңінен танымал болып, орыс және қырғыз тілдеріне аударылды. Кейіннен белгілі композиторлар Нұрғиса Тілендиев пен Жақсыкелді Сейілов бұл өлеңге ән жазады.

Ақын Кәкімбек Салықовтың өлең жолдарына жазылған әндер Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының сахнасында орындалды.