ҚР ІІМ логотипі
ҚР ІІМ логотипі
Меню
Страницы
Баспасөз орталығы
Құжаттар
Департамент туралы
Байланыс ақпараты
Қызметі
Онлайн қабылдау
Все материалы
Тергеу және анықтау
15 апреля 2025
Полиция полковнигі Талғат Мейманов — Республика мойындаған көшбасшы

Полиция полковнигі Талғат Мейманов — Республика мойындаған көшбасшы
31 қаңтар мен 5 наурыз аралығында «Жаңа Қазақстан» инновациялық орталығы ұйымдастырған «Қазақстан Республикасының үздік ұйым басшысы» атты патриоттық байқау өз мәресіне жетті. Ел көлемінде өткен бұл байқау барысында түрлі саладағы басқарушылар арасында үздіктер анықталды.
Қарағанды облысы Полиция департаменті Тергеу басқармасының бастығы, полиция полковнигі Талғат Мейманов кәсіби біліктілігі мен жоғары басқарушылық қабілетін дәлелдеп, беделді номинацияның лауреаты атанды. Байқауға қатысу барысында Талғат Мейманов ұйымдастыру комитетіне талап етілетін құжаттардың толық пакетін ұсынып, өз қызметіндегі жетістіктерін нақты көрсете білді. Қазылар алқасының құрамында ҚР Парламентінің депутаттары, қоғам қайраткерлері мен мәдениет өкілдері секілді елге танымал тұлғалар болды. Республика көлемінде болған қатаң бәсекелестікте үздік деп танылған Талғат Меймановтың бұл жетістігі — оның құқық қорғау саласындағы сіңірген еңбегінің, тергеу басқармасын дамытуға қосқан үлесінің және өңірдегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі табандылығының айқын дәлелі.

Ювеналдық полиция
15 апреля 2025
Болашақ қауіпсіздігі үшін: Қарағанды облысында оқушылар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу

Болашақ қауіпсіздігі үшін: Қарағанды облысында оқушылар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу. Қарағанды облысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу – полиция мен білім беру ұйымдарының басты назарындағы мәселелердің бірі. Сәуір айынан бастап бұл бағыттағы жұмысқа прокуратура өкілдері де белсенді түрде араласып, құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды күшейтті. Қоғамда кеңінен талқыланған Теміртау қаласындағы жасөспірімдердің бұзақылық әрекеттері Ішкі істер органдарының ардагерлерін де бей-жай қалдырмады. Көп жылғы тәжірибесі бар зейнеттегі полицейлер өскелең ұрпақпен профилактикалық жұмыс жүргізуге белсене атсалысып жатыр. Осындай бастамалардың бірі – Октябрь полиция бөлімінің ювеналды полиция инспекторлары, аудан прокуратурасы және запастағы полиция подполковнигі Ерлан Оспановтың аудан мектептеріндегі жоғары сынып оқушыларымен өткізген кездесулері. Бұл кездесулерде құқық қорғау саласының өкілдері жасөспірімдерге әкімшілік құқықбұзушылықтар мен қылмыстық әрекеттердің салдары туралы кеңінен түсіндіреді.
Ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен қазіргі қызметтегі мамандардың практикалық кеңестері жастардың құқықтық санасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, заманауи технологиялар да кеңінен қолданылуда – онлайн форматта өткізілетін ата-аналар жиналыстары арқылы маңызды ақпарат жедел жеткізіліп, көп баланы қамтуға мүмкіндік туады. Кәсіби тәжірибе мен заманауи коммуникация құралдарын үйлестіре отырып жүргізілетін бұл кешенді жұмыс – жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алуда тиімді құралға айналып отыр.

Криминалдық полиция
10 апреля 2025
Шахтинск тұрғыны 37 миллион теңге көлеміндегі алаяқтық үшін сот алдында жауап береді

Шахтинск тұрғыны 37 миллион теңге көлеміндегі алаяқтық үшін сот алдында жауап береді
Қарағанды облысында аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікпен 35 жастағы Шахтинск қаласының тұрғынына қатысты қылмыстық істің тергеуі аяқталды. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдікті қор нарығындағы ойындарға әуестеніп, тұрақты табыс көзі болмағандықтан, қылмыстық схема ойлап тапқан. Өзінің таныстарымен сенімді қарым-қатынасын пайдалана отырып, ол алдау жолымен 11 адамның қаржысын иемденген. Келтірілген жалпы залал сомасы 37 миллион теңгеден асты. Күдікті азамат салымшыларға өзінің "табысты" жобаларына инвестиция құю жоғары пайда әкелетінін уәде еткен. Кей жағдайларда ол алдау тәсілін түрлендіріп, баспана немесе дәрі-дәрмек сатып алуға қаражат сұрау арқылы аяушылық сезімін тудырып, сенімге кірген. Алаяқтық құрбаны болған азаматтар уәде етілген дивидендтердің түспегенін байқап, полицияға жүгінген. Жүргізілген кешенді тергеу нәтижесінде тәртіп сақшылары 11 алаяқтық фактісі бойынша күдіктінің кінәсін дәлелдейтін материалдарды толық жинақтады. Қазіргі уақытта іс сот қарауына жолданды. Күдіктіге ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру, сондай-ақ алаяқтық жолмен алынған мүлкін тәркілеу түріндегі жаза қолданылуы мүмкін.

Криминалдық полиция
10 апреля 2025
Қарағандыда полицейлер питбайк ұрлығын ашты

Қарағандыда полицейлер питбайк ұрлығын ашты
Қарағанды қаласында полиция қызметкерлері питбайк ұрлығы бойынша қылмысты ашты.
Наурыз айында 32 жастағы қала тұрғынының ұйым ғимараты маңында қалдырған питбайкы белгісіз жағдайда жоғалып кеткен. Келтірілген материалдық шығын 300 мың теңгеге бағаланған. Жәбірленуші Михайлов полицияға хабарласқаннан кейін, Михайлов полиция бөлімінің қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізіп, күдіктіні анықтап, ұстады.
34 жастағы қала тұрғыны өз үйінде ұсталды. Ол кінәсін мойындап, ұрланған мүлікті иесіне қайтарды. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы («Бөтен мүлікті ұрлау») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында күдікті тағы бір қылмысын мойындады – ол көршісінің құны 600 мың теңге тұратын велосипедін де ұрлаған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.

Кадр саясаты
10 апреля 2025
Жеңістің жаңғырығы – заман бояуында

Жеңістің жаңғырығы – заман бояуында
Қарағанды облысының Полиция департаменті ғимаратында ерекше көрме өтті. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Жеңіс ұрпақтар жүрегінде» атты цикл аясындағы суреттер көрмесі полицейлерге тың серпін мен әсер сыйлады.
Бұл рухани шараны Қарағанды облысы Полиция департаменті мен облыстық бейнелеу өнері мұражайының ұжымы бірлесіп ұйымдастырды. Экспозицияда департамент мұражайының қорында сақталған, қарағандылық талантты суретші В. Харловтың екі туындысы көрнекті орын алды.
Көрме аясындағы экскурсияға қатысқан жас мамандарды Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Жанат Қақажанов қарсы алып, өз сөзінде тарихи жадыны сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, ол батырлық пен ерлікке құрмет көрсетіп, көрме ұйымдастырушылары алғысын білдірді.
Экскурсияны облыстық бейнелеу өнері мұражайының ғылыми-әдістемелік бөлімінің жетекшілері Снежана Черкаева мен Гүлжан Заитова жүргізді. Олар туындылардың жасалу тарихы, авторлардың өмір жолы және көрме жұмыстарының аймақ мәдениетіндегі орны жайында жан-жақты әңгімеледі.
Көрмеде В. Харловтың соғыс тақырыбы мен Жеңіс шеруіне арналған терең тебіреністен туындаған шығармалары ерекше назар аудартты. Сондай-ақ, аты аңызға айналған ерлік иелерінің бейнелері – ержүрек Әлия Молдағұлова, батыл Мәншүк Мәметова және жерлесіміз, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы Тишбек Ахановтың портреттері көпшіліктің ықыласына бөленді.
Келушілер суретшілердің кәсіби шеберлігіне тәнті болып, туындылардың эмоционалды әсерін ерекше атап өтті. Олар көрме барысында өнердің терең мәнін сезініп, жүрек толқынысымен әрбір картинаны зерделеді.

Криминалдық полиция
10 апреля 2025
Қарағандыда полицейлер несие ұйымын екі рет алдаған алаяқты ұстады

Қарағандыда полицейлер несие ұйымын екі рет алдаған алаяқты ұстады
Қарағанды қаласында полицейлер құжаттарды қолдан жасап, екі автокөлікке бірден несие рәсімдеген күдіктіні ұстады. Шағын қаржы ұйымы полицияға алаяқтық дерегі бойынша жүгінген болатын. Тергеу барысында 25 жастағы жергілікті тұрғын жалған құжаттар арқылы жалпы құны 23 миллион теңге болатын екі жаңа кроссоверге несие алғаны анықталды. Автокөліктерді иеленген соң, ол байланыс нөмірлерін өзгертіп, төлемдерді тоқтатқан. Іздестіру шаралары барысында күдікті қолға түсті. Қазіргі уақытта оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің алаяқтық бабы бойынша іс қозғалды. Күдіктінің заң алдында жауап беруі тиіс. Заттай дәлелдемелер – екі кроссовер тәркіленіп, айып тұрағына қойылды. Тергеу органдары олардың алдағы тағдырын заң шеңберінде шешетін болады.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл
09 апреля 2025
Қарағанды облысында есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес құрылды

Қарағанды облысында есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес құрылды
Қарағанды облысының Полиция департаментінде есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес құрылды. Бұл – өңірдегі есірткі қылмысына қарсы күреспен алдын алу жұмыстарын жүргізетін алғашқы орган болып табылады. Оның мақсаты – нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте полиция мен азаматтық қоғам арасында белсенді өзара іс-қимылды жолға қою.
Кеңестің құрылуы – биылғы жылдың қаңтар айында басталған Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасының жалғасы. Министрліктің орталық аппаратында үкіметтік емес ұйымдармен және жұртшылықпен өзара іс-қимыл мен ынтымақтастық жөніндегі кеңес құру туралы шешім қабылданып, бұл бастаманы елімізге танымал әрі құрметті азаматтар қолдаған болатын.
— Біздің қала мен облыс азаматтарымызды қорғауға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған идеяларды ілгерілетуден шет қалмады. Бүгін біз полиция мен азаматтық қоғам арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бетін ашып отырмыз. Құрметті кеңес мүшелері, сіздердің әрқайсыңыздың абырой-беделдеріңіз, тәжірибелеріңіз және ортақ іске – нашақорлық қатерінен болашақты қорғауға шынайы үлес қосуға деген ниеттеріңіз бар, — деді Қарағанды облысы Полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагулов кеңесті ашу барысында.
Кеңес құрамына қоғам қайраткерлері, сарапшылар, Үкіметтік емес ұйым өкілдері, сондай-ақ медиа тұлғалар мен танымал спортшылар кірді. Бұл мәселеге кешенді әрі тиімді түрде қарауға мүмкіндік береді.
Кеңес мүшелері арасында – Олимпиада чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Вэл Баркер кубогының иегері Серік Сәпиев бар.                                                                          — Нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымы – тұлғаны күйрететін, ел қауіпсіздігіне қауіп төндіретін аса күрделі әлеуметтік мәселе. Біз тек ақпараттандырумен шектелмей, халық арасында жаңа қоғамдық сана қалыптастыруымыз керек. Болашақ ұрпақтың денсаулығы үшін әрқайсымыз жауаптымыз, — деп атап өтті спортшы.
Іс-шара барысында кеңес мүшелеріне жобадағы қатысуларын растайтын куәліктер табысталды. Дауыс беру арқылы кеңес төрағасы болып Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әбіл Әбілдин сайланса, оның орынбасары болып «Қазақстан азаматтары» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Дмитрий Полтаренко тағайындалды.
Кеңестің құрылуы – есірткі қылмысына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстың аясында ерекше маңызға ие. 2025 жылдың бірінші тоқсанында Қарағанды облысының полицейлері тарапынан:
синтетикалық есірткі өндіретін зертхана жойылды;
үш фитозертхананың жұмысы тоқтатылды;
өңірге есірткі жеткізудің үш ірі арнасы жабылды;
синтетикалық есірткі өндіріп, таратумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленді;
бес есірткі зертханасының негізгі ұйымдастырушысы мен оның сыбайластары ұсталды;
қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру фактісі анықталды;
заңсыз айналымнан 600 кг есірткі құралдары мен прекурсорлар, оның ішінде 92 кг синтетикалық заттар тәркіленді.

Криминалдық полиция
09 апреля 2025
Қарағанды облысында «Қалта ұрысы» жедел алдын алу іс-шарасы өтуде

Қарағанды облысында «Қалта ұрысы» жедел алдын алу іс-шарасы өтуде
Қарағанды облысының аумағында қалта ұрлығының алдын алу мақсатында «Қалта ұрысы» атты жедел алдын алу іс-шарасы жүргізілуде. Іс-шараның басты мақсаты – қалта ұрлығының алдын алып, мұндай құқықбұзушылықтарға жол бермеу.
Облыстық полиция департаменті мен оның аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері қоғамдық орындарда және қоғамдық көліктерде профилактикалық түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуде. Тұрғындарға ұрлыққа тап болмау жолдары түсіндіріліп, сақтық шараларын сақтау қажеттігі ескертілуде. Сонымен қатар, ұрлық фактісі орын алған жағдайда қалай әрекет ету керектігі жайлы нақты кеңестер берілуде.
Жыл басынан бері автобустар мен қоғамдық орындарда 16 қалта ұрлығы тіркеліп, оның ішінде 2 қылмыстық іс бойынша күдіктілер жедел ұсталған.
— Бүгінде қалта ұрлығының басым бөлігі қоғамдық көліктерде орын алып отыр. Мәселен, №53 және №118 бағыттардағы автобустарда 4 ұрлықтан, №29 бағытында – 3 ұрлық, ал №43, №45, №65, №02 және №01 автобустарында бір-бірден қалта ұрлығы тіркелген. Көп жағдайда ұрылардың олжасы – ұялы телефондар мен әмияндар. Статистикаға сәйкес, тіркелген 16 ұрлықтың 13-і — ұялы телефон, ал 3 жағдайда әмиян ұрланған, – деді Қарағанды облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Мади Абдуллин. Мысалы, ақпанның 18-і күні 35 жастағы қала тұрғыны полицияға арыз түсіріп, аялдамалардың бірінде белгісіз адам қалтасынан ұялы телефонын ұрлап кеткенін хабарлаған. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында 25 жастағы күдікті ұсталып, қылмысын мойындады.
Полиция департаменті тұрғындарға қалта ұрыларына тап болмау үшін келесі сақтық шараларын ұстануға кеңес береді:
Қоғамдық көлікте жүргенде сөмкеңізді алдыңызда ұстап, қалтаңызда құнды заттар қалдырмаңыз;
Ұялы телефоныңызды шалбар немесе сырт киімнің сыртқы қалтасына салмаңыз;
Бөгде адамдардың итеріп, ыңғайсыз жақындауына бей-жай қарамаңыз;
Қол сөмкеңізді ашық қалдырмаңыз, ішіндегі заттарға үнемі бақылау жасаңыз;
Қала ішінде күдік тудыратын жағдайға тап болсаңыз немесе ұрлыққа куә болсаңыз, дереу «102» нөміріне хабарласыңыз.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл
Ювеналдық полиция
08 апреля 2025
Қарағандыда полиция қызметкерлері мектеп оқушыларына есірткінің зияны туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді

Қарағандыда полиция қызметкерлері мектеп оқушыларына есірткінің зияны туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді
Қарағанды қаласындағы №62 жалпы білім беретін мектебінде Қарағанды облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы 9–11 сынып оқушыларына есірткіге қарсы профилактикалық бағытта дәріс өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында есірткіге тәуелділіктің алдын алу және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру.
– Бүгін біз мектеп оқушыларымен кездесіп, оларға есірткінің зияны, оның салдары және құқықтық жауапкершілік туралы кең көлемде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қазіргі таңда әлеуметтік желілердің кеңінен дамуына байланысты жасөспірімдердің түрлі құқыққа қайшы контенттерге тап болып, тіпті есірткі тасымалдаушы ретінде пайдаланылып кетуі ықтимал. Мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында осындай түсіндіру шараларын жүйелі түрде өткізіп келеміз, – деді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Нұрым Садвакасов.
Кездесу барысында оқушылар полиция қызметкерлеріне өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты әрі толық жауап алды.
– Бүгінгі танымдық іс-шара біз үшін өте маңызды. Өйткені есірткімен күрес – тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Мен сыныптастарымды және барша жастарды есірткіге қарсы тұруға шақырамын, – деді 9-сынып оқушысы Александра Рогожникова.
Шараға сондай-ақ Қарағанды облыстық Полиция департаментінің Кинология орталығының мамандары да қатысты. Олар қызметтік иттердің есірткі заттарын іздеу және анықтау бағытындағы жаттығуларын көрсетіп, оқушыларға мамандықтың қыр-сырын таныстырды.
Айта кету керек, 2023 жылы Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының кешенді жедел-іздестіру шаралары барысында заңсыз айналымнан 243 келіден астам әртүрлі есірткі заттары тәркіленсе, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш 284 келіден асты.
– Полиция департаментінің бұл бағытта жүргізіп отырған жұмысы өте маңызды деп санаймын. Бүгінгі күні балалардың дұрыс жолды таңдауы, құқыққа қайшы әрекеттерден бойын аулақ ұстауы – ата-ана, ұстаздар және жалпы қоғам алдында тұрған ортақ жауапкершілік. Сондықтан мектеп қабырғасынан бастап осындай іс-шаралар өткізіп, оқушыларға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін көрсету – болашақта олардың адаспай, өз жолын дұрыс табуына сеп болады деп сенемін, – деді мектеп директоры Бақытгүл Калекина.

Штабтық қызмет
08 апреля 2025
Халықтың полициямен байланысын жақсарту мақсатында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінде «102» мобильдік қосымшасы жұмыс істейді

Халықтың полициямен байланысын жақсарту мақсатында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінде «102» мобильдік қосымшасы жұмыс істейді.
Аталған қосымшаны AppStore және Play Market платформаларында тегін жүктеуге болады.
Мобильдік қосымшаның көмегімен мемлекеттің әрбір тұрғыны құқық бұзушылық немесе қылмыс жасалғаны туралы ақпарат жібере алады.
Сонымен, мобильді қосымшаның интерфейсінде SOS қызыл батырмаcы бар.Оны басу арқылы оқиға орынан тікелей бейнеқоңырау шалуға болады, бұл ЖБО операторына не болып жатқанын көруге және дереу тиісті ден қою шараларын қабылдауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, тіркеуден өткеннен кейін азаматтар мобильді қосымшада:
құқық бұзушылық және қылмыс жасалғаны туралы полицияға жібере алады (жол қозғалыс ережелерін бұзу, отбасылық жанжал, тұрмыстық зорлық-зомбылық, баламен болған оқиға, бұзақылық әрекет, төбелес, тыныштық режимін бұзу, қоғамдық орындарда мас күйінде шығу және тағы басқалар);
оператормен аудио/бейнеқоңыраумен байланысу арқылы қоңырау шалушының автоматты түрде орналасқан жері анықталады. Нәтижесінде оператор не болып жатқанын көре алады және дереу тиісті ден қою шараларын қабылдай алады.
Бүгінгі күнде полицияға 377,3 мыңға жуық қоңыраулар мен хабарламалар келіп түсті.
Жүктеу саны 236,7 мыңнан асып түсті (Play Market – 172,5, App Store – 64,2).
Сондай-ақ, ұялы телефонды IMEI коды бойынша оның ұрланған немесе жоғалған тізімінде бар-жоғын тексеру мүмкіндігі бар.

Социальные сети
Меню подвал
Экран дикторы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы