Астанада Екінші дүниежүзілік соғыс сарбазын жауынгерлік құрметпен соңғы сапарға шығарып салды

Астанада Екінші дүниежүзілік соғыс сарбазын жауынгерлік құрметпен соңғы сапарға шығарып салды

Екі соғыстың ардагері Владимир Иванович Дровосеков 99 жасында дүниеден озды.

Майдангермен қоштасу рәсіміне қалалық ардагерлер кеңесінің, Астана қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдері және әскери қызметшілер қатысты. Марқұмның денесін әскери оркестрдің сүйемелдеуімен құрмет қарауыл ротасының жауынгерлері шығарды.

Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов өз сөзінде Владимир Дровосеков жас ұрпаққа үлгі болатын даңқты жауынгерлік жолдан өтті деді.

– Біздің ата-бабаларымыз өз өмірлерін құрбан етіп, жеңіске жетті. Аман қалғандары үйлеріне оралып, Владимир Иванович сияқты соғыстан кейін елді көркейтуге атсалысты. Олардың есімдері жадымызда жаңғырып, жүрегімізде мәңгі қалады, – деді С. Есілов.

Владимир Иванович 1926 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Балкашино ауылында дүниеге келген. Ақмоладағы фабрика-зауыт училищесін бітірген соң, темір ұстаның ұлы № 317 әскери зауытта токарь болып жұмыс істеді.

Ол 1944 жылы соғысқа аттанып, 3-ші Беларусь майданында шайқасты. Қатардағы жауынгер Владимир Дровосеков сапер бөлімшесінде «Пальма» атты мина іздеуші овчарка итпен бірге қызмет етті. Бірде иті сапердің өмірін ажалдан арашалап қалды. Дегенмен соғыстың соңында итті қауіпті миссияға – танктерді жоюға дайындайды. Осылайша Владимир Иванович адал досынан айырылды.

Екінші дүниежүзілік соғыс қазақстандық сарбаз үшін 1945 жылдың қыркүйегінде бірақ аяқталды. Еуропадан ол Қиыр Шығысқа дейін барды, Сахалин мен Курил аралдарындағы теңіз катерлерінде қызмет етті. Үйіне 1952 жылы ғана оралып, Ақмоладағы арнайы комендатурада, содан кейін вагон жөндеу зауытында механик болып жұмыс істеді.

Жауынгердің қабіріне гүл шоқтары мен қалампырлар қойылды. ҚР Мемлекеттік әнұраны орындалғаннан кейін сарбаздың құрметіне салют атылды. 

Қатардағы жауынгер Владимир Дровосеков әскери жолында II дәрежелі Отан соғысы орденімен, жаумен шайқаста көрсеткен батылдығы, табандылығы мен жанқиярлығы үшін жауынгер «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.