Инженерлік әскерлерге қарайтын 58012 әскери бөлімінің күш-құралдары Ойыл ауданындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға жұмылды.
Шұбарқұдық станциясына Қонаев гарнизоны инженерлік-саперлік бригадасының әскери қызметшілері теміржол көлігімен жетті. Олармен бірге платформада понтон көпірі паркінің элементтері, соның ішінде понтон көпірінің сегменттері бар екі ауыр тонналық көлік (КрАЗ-255Б), жүзетін транспортер және КамАЗ және КрАЗ базасындағы екі сүйреткіш-моторлы қайық жеткізілді.
– Бізде өткел жасау тәжірибесі бар. Өткен жылы біздің бөлім қатынас жолдарынан ажырап қалған ауылдардағы адамдарды, техника мен материалдық құралдарды тасымалдауға көмектесті, – деп түсіндірді понтонды-көпір батальонының командирі майор Наурызхан Төлеуов.
Әскери инженерлер тобы жұмысқа кірісті. Әскери қызметшілер Ойыл, Ақтоғай, Қараой және Сарыбие ауылдық округтері тұрғындарының арасындағы қатынасты қамтамасыз етеді.