Әскер спортшылары Азиаданың күмісі мен қола жүлделерін еншіледі

Әскер спортшылары Азиаданың күмісі мен қола жүлделерін еншіледі

Қазақстандық әйелдер мен ерлер арасындағы шаңғышылар командасы қытайдың Харбинінде өтіп жатқан IX қысқы Азия ойындарында жеңіс тұғырына көтерілді.

Қазақстандық Ксения Шалыгина, Камила Елғазинова, Ангелина Шурыга және Надежда Степашкина 4×5 шақырымға шаңғы эстафетасы жарысында 55:24.5 уақыт көрсеткішімен мәреге екінші болып келді. Үздік нәтиже – 53:59.3. көрсеткен қытайлықтарда. Үшінші болып 56:38.1 уақытында мәреге Жапония шаңғышылары жетті.

  Айта кету керек, Азиаданың осы түрдегі күміс жүлдегерлерінің қатарында Қарулы Күштердің қызметшілері Надежда Степашкина мен Ксения Шалыгина бар. 

Бұдан өзге континенттің 9 командасы арасында 4×7,5 шақырымдық шаңғы эстафетасында ел атынан шыққан ерлер құрамасы Константин Борцов, Наил Башмаков, Олжас Климин және Владислав Коволев қола жүлдеге ие болды. Алтын медаль – жарыс иелеріне, ал күміс жапондықтарға бұйырды.

Армия орталық спорт клубының спортшысы Олжас Климиннің бұл Азиададағы екінші қола медалі. Біріншісін ол еркін стильде 10 шақырым қашықтыққа шаңғы жарысында алған болатын.

Осылайша, Азия континентінің спортшылары арасындағы жарыста армия клубының қоржыны алтынмен (10 шақырым спринтте мерзімді қызмет сарбазы Владислав Киреев), күміспен және екі қоламен толықты.