Түркістан облысында бөлімшелерді жауынгерлік үйлестіру бағдарламасы шеңберінде өткен жауынгерлік атысқа механикаландырылған бригаданың 150-ден аса мерзімді қызмет сарбазы қатысты.
Мамандық бойынша даярлықтан өтіп, тактиканың теориялық негіздерін меңгерген бөлімшелер құрамындағы жауынгерлер штаттық қарудан жауынгерлік міндеттерді пысықтауға кірісті.
Оқу-жаттығу орындарында әдістемелік нұсқау беру сабақтары барысында офицерлер мен сержанттар жауынгерлік атыстың барлық кезеңдерін өткізу жөнінде нақты тапсырмалар алды.
– Сабақтың негізгі мақсаты – командирлер мен жеке құрамды атыс құралдарын қолдана отырып, тиімді ұрыс жүргізуге үйрету. Атысты сауатты басқару және жауынгерлік бұйрықтарды нақты беру қойылған міндеттерді ойдағыдай шешуге мүмкіндік береді, – деп түсіндірді бригада командирінің жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары майор Ержан Сабырбекұлы.
Әскери қызметшілер бөлімшелердің жорығы, елді мекендердегі іс-қимылдар және қорғанысты ұйымдастыру сияқты негізгі тақырыптар бойынша дағдыларын жетілдірді.
Мақсатқа сәйкес бөлімшелер құрамындағы жауынгерлер әуе шабуылына тойтарыс беру, диверсиялық топтарды анықтап, көзін құрту, зақымданған жерлерден өту, мина-жарылғыш тосқауылдарды пайдаланып қорғаныс іс-қимылдарын жүргізу және қорғаныстың алдыңғы шебінде жауды жою сценарийлерін пысықтады.
Жауынгерлік жағдай қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың тәжірибесін ескеріп, жеке құраммен жұмыс істеудің тиімді формалары мен әдістерін қолдана отырып модельденді.