Әскери оркестр, далалық ас үйдегі сарбаз ботқасы

Әскери оркестр, далалық ас үйдегі сарбаз ботқасы

Жеңіс күнінің бұл атрибуттарымен Астана қаласы әкімдігінің "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығында өткен іс-шарада Қорғаныс министрлігінің Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің офицерлері қамтамасыз етті.

Орталық тұрғындары үшін олар Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 78 жылдығына арналған "Сарбаз ботқасы" акциясын ұйымдастырды. Офицерлердің бастамасын Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әскери кафедрасы, Қарулы күштердің ардагерлері, "Ауған соғысы және жергілікті қақтығыстар ардагерлері одағы" қоғамдық бірлестігінің мүшелері де қолдады.

Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев Ұлы Отан соғысының ардагері Раиса Егоровна Сафоничеваны және әлеуметтік мекеменің барша тұрғынарын тарихи оқиға - Жеңіс күнімен құттықтады.

– Біз үшін сіздің ұрпақ - батылдық пен таңғажайып өміршеңдіктің үлгісі. Ел басына күн туған қиын уақытта жеңіс үшін бәрі тылдағы еңбекке жегілді.  Біз бұл қаһармандықты балаларымыз бен немерелерімізге үнемі айтып отырамыз, - деді ол.

Шілде айында Раиса Егоровна 98 жасқа толады. 1943 жылы Минскіде қысқа мерзімді байланыс курсын аяқтағаннан кейін ол 2-ші Украина майданына жіберіледі. Киевтен Будапештке дейінгі майдан жолдарын жүріп өтіп, Жеңіс күнін қарсы алды.

Раиса Егоровнаның әскери еңбегі "II дәрежелі Отан соғысы" орденімен, "Украинаны азат еткені үшін", "Германияны жеңгені үшін" медальдарымен және басқа да наградалармен атап өтілген.

Іс-шараны ұйымдастырушылар мекеме түрғындарына дала асханасын ұйымдастырып, армиялық шатырлар орнатты. Оларға дәстүрлі сарбаз ботқасын ұсынды.

Бүгінде "Шарапат" орталығында 329 адам тұрады. Олардың арасында "1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталған тыл еңбеккерлері, еңбек ардагерлері бар.

Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымының күшімен мекеме қонақтары мен қызметкерлері үшін концерт дайындалып, онда соғыс жылдарындағы әуендер орындалып, әндер шырқалды.

Орталықтағылар Отанға жанқиярлықпен қызмет еткен аға буынға құрмет көрсеткен әскери қызметшілерге алғыс айтты.