Төрт айлық қызмет: қазақстандық бітімгерлер Голан биіктерінде 470 жедел іс-шара өткізді

Төрт айлық қызмет: қазақстандық бітімгерлер Голан биіктерінде 470 жедел іс-шара өткізді

19 қыркүйекте Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Голан жоталарындағы бөлінуді бақылау жөніндегі миссиясы (UNDOF) құрамында үшінші ұлттық бітімгерлік контингентінің қызмет атқара бастағанына тура төрт ай толды. Осы кезеңде қазақстандық әскери қызметшілер 470 жедел іс-шара өткізіп, оның ішінде жауапкершілік аймағында 379 патрульдеу жүргізді. Сонымен қатар 350 жарылғыш зат пен атыс қаруына арналған 1 800 оқ-дәрі жойылды.

БҰҰ миссиясының мандатына сәйкес бітімгерлік ротаның әскери қызметшілері жауапкершілік аймағын патрульдеп, ахуалды бақылауды жүзеге асырады, сондай-ақ жедел әрекет ету күштерінің тұрақты әзірлігін қамтамасыз етеді.

Қажет болған жағдайда әскери қызметшілер бақылау бекеттерін күшейтуге, БҰҰ персоналын эвакуациялауға, сондай-ақ Ұйым өкілдері мен жүктерін алып жүруге тартылады.

Ұлттық контингенттің инженерлік-саперлік тобы да маңызды міндеттерді атқаруда. Төрт ай ішінде әскери қызметшілер 350 жарылғыш зат пен атыс қаруына арналған 1 800 оқ-дәріні анықтап, жойды.

Маусым-қыркүйек аралығында ұлттық контингент барлығы 470 жедел іс-шара өткізді. Оның ішінде жауапкершілік аймағын патрульдеумен қатар, 49 уақытша түнгі бақылау бекеті ұйымдастырылып, жедел әрекет ету күштерінің 11 оқу-жаттығуы және жергілікті қауымдастық өкілдерімен 11 кездесу өткізілді.

Қазақстандық бітімгерлік контингент БҰҰ мандатына сәйкес міндеттерін орындауды жалғастырып, жауапкершілік аймағында тұрақты қатысуын және кез келген жағдайға жедел ден қою әзірлігін қамтамасыз етуде.