
Бүгін Жапонияның Нагоя қаласындағы «Paloma Mizuho» стадионында «Біртұтас Азияны елестет» ұранымен өтетін XX Азия ойындарының ашылу салтанаты болады.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті – Орталық спорт клубының спортшылары Азия ойындарында спорттың 11 түрінен ел намысын қорғайды.
Бокстан — Алуа Балқыбекова мен Оразбек Асылқұлов, таэквондодан — Сомирхан Абабакиров, Батырхан Тлеуғали және Бейбарыс Қабылан, кураштан — Рауза Нұрмұхаметова мен Зарина Сәріпова, спорттық құзға өрмелеуден — Әмір Маймұратов, жеңіл атлетикадан — Давид Ефремов, Ясмина Тоқсанбаева және Георгий Шейко, оқ атудан — Ислам Сәтпаев, Әсем Орынбай, Елизавета Безрукова, София Шульженко, Валерия Попелова, Валерий Рақымжан және Эльдар Иманқұлов, грек-рим күресінен — Мейіржан Шермаханбет пен Демеу Жадыраев, дзюдодан — Ғұсман Қырғызбаев, Бақытжан Абдурахманов, Айдар Арапов, Марат Байқамуров және Ерасыл Қажыбаев, спорттық гимнастикадан — Нариман Құрбанов, Ілияс Әзизов және Дмитрий Патанин, еркін күрестен — Нұрқожа Қайпанов, ауыр атлетикадан — Сайрамкез Ақмолда, Любовь Ковальчук және Нұрғиса Әділетұлы бақ сынайды.
2026 жылғы Азия ойындарына әлемнің 45 елінен 15 мың спортшы қатысады. Байрақты бәсекелер 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Нагоя, Токио, Осака қалаларында, сондай-ақ Айти, Сидзуока және Гифу префектураларында өтеді. Жарыс бағдарламасына спорттың 43 түрі мен 71 спорттық дисциплина енгізілген. Барлығы 469 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Армия спортшыларына сенім, рух мықтылығын, жоғары нәтижелер мен жарқын жеңістер тілейміз! Жеңіс тұғырында көк Туымыз көкке көтеріліп, Азия ойындарының ареналарында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны мүмкіндігінше жиі шырқала берсін!