
13-18 қыркүйек аралығында «Көктал» полигонында Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан әскери қызметшілері заңсыз қарулы құралымдарды оқшаулау және жою, елді мекенді азат ету, сондай-ақ бейбіт тұрғындарды эвакуациялау бойынша бірлескен іс-қимылдарды пысықтады.
Оқу-жаттығу барысында бөлімшелер шартты қарсыластың мемлекеттік шекара арқылы өтіп, резервтерін жеткізу әрекетінің жолын кесті. Сондай-ақ басып алынған елді мекенді қоршауға алып, азат етті. Оқу-жаттығуға армиялық авиация, ұшқышсыз ұшу жүйелері, радиоэлектрондық күрес құралдары, әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері мен дүркін оқ атудың реактивті жүйелері жұмылдырылды. Тактикалық әуе десантын түсіру және шартты жаралыларды эвакуациялау да пысықталды.
ҰҚШҰ Бас хатшысы Таалатбек Масадыков «Шеп-2026» оқу-жаттығуы Қазақстан Қарулы Күштерінің «Батыл Тойтарыс-2026» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуымен бірыңғай жоспар бойынша өткізілгенін атап өтті. Бұл басқару органдары мен ұлттық контингенттердің өзара іс-қимылын пысықтауға мүмкіндік берді.
Қазақстан Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіровтің айтуынша, оқу-жаттығу шынайы жағдайға барынша жақын жағдайда өтті.
Маневрлерге 1 500-ге жуық әскери қызметші мен ҰҚШҰ-ның жедел топтары қатысты. 300-ден астам әскери және арнайы техника, сондай-ақ әртүрлі мақсаттағы 115 ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылды.
Оқу-жаттығуға Қазақстан Қарулы Күштері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы полковник Мақсұт Гусейнов басшылық етті.