
Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Жаңа жылдық таңертеңгілік кеші өтті. Онда қорғаныс ведомствосының басшысы авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов балалармен бірге Қарулы күштердің бас шыршасын жақты.
Мерекеге әскери қызметшілер мен орталықтың азаматтық персоналының балалары ертегі кейіпкерлерінің костюмдерін киіп келді. Жаңа жыл ғажабын асыға күткен олар Аяз ата мен Ақшақармен бірге «Жаңа жыл» әнін орындады.
Авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Қорғаныс министрлігі атынан балалар мен ата-аналарды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады.
– Сендер – еліміздің жарқын болашағысыңдар. Әрқайсыңның бойыңда талант пен үлкен мүмкіндіктер бар. 2026 жыл сендерге жаңа жетістіктер, қуаныш пен сәттілік әкелсін. Баршаңа зор денсаулық, бақ-береке мен бақыт тілеймін, – деді ол.
«Жас сарбаз» шығармашылық студиясының тәрбиеленушілері балаларға керемет көңіл күй сыйлап, жаңа жылдық би биледі. Шараға қатысушылар да өз өнерлерін көрсету мүмкіндігіне ие болды. Олар жаңа жылдық әндер айтып, билеп, өлең оқыды. Әдеттегідей дәстүрлі сыйлықтарды балаларға ертегі кейіпкерлері табыстап, олармен естелікке суретке түсті.
Одан кейін концерт залында жаңа жылдық қойылым көрсетіліп, балаларға жарқын эмоциялар мен көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ертегі кейіпкерлерінің рөлін Ұлттық әскери-патриоттық орталық шығармашылық взводының сарбаздары орындағанын айта кету керек.