Мәжілісте әскери кафедралардағы оқыту сапасы талқыланды

Мәжілісте әскери кафедралардағы оқыту сапасы талқыланды

Айгүл Құспанның төрағалығымен өткен Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында  азаматтық жоғары оқу орындарының әскери кафедралары мен факультеттеріндегі дайындық сапасының мәселелері қаралды. Оған депутаттар, мемлекеттік органдардың өкілдері және жоғары оқу орындарының басшылары қатысты.

Отырыста Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары вице-адмирал Серік Борамбаев қазіргі уақытта еліміздің 41 әскери кафедрасында 17 мыңнан аса студент білім алып жатқанын мәлімдеді. Сонымен қоса дайындық сапасы біркелкі емес: кафедралардың жасақталу деңгейі орта есеппен 69% десек, жоғары оқу орындары бойынша Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің көрсеткіші – 94%-дан асады, ал Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында 42%-ды құрайды.

Вице-адмирал Серік Борамбаев отырысқа қатысушыларды жоғары оқу орындарындағы әскери даярлық жүйесін елеулі жаңартуға бағытталған реформалар кешенімен таныстырды. Әскери-патриоттық тәрбие жайлы заңға енгізілген түзетулер әскери кафедраларды құруға және олардың қызметіне қойылатын нақты талаптарды айқындайды. Оқу бағдарламаларын біріздендіру маңызды қосымша болды. Одан бөлек, оқу процесін ұйымдастыру, оқытушылардың жұмысы және әскери-оқу практикасын өткізу ережелері алғаш рет заң жүзінде бекітілді. Вице-адмирал С. Борамбаев айтқандай, мұндай шаралар оқытуды стандарттауға және олқылықтарды заңды жоюға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, әскери факультеттер құрылып, әскери даярлық сапасына мониторингтің бірыңғай жүйесі енгізілетін болады. Оқу процесінің тиімділігін арттыру үшін қызмет етіп жүрген әскерилер тартылатын болады. Студенттерді оқыту кезінде сондай-ақ, материалдық-техникалық базаны жаңғырту және бірлесіп пайдалану көзделген.

– Осы шаралар кешенін іске асыру әскери-оқытылған резервті дайындаудың заманауи, тиімді және стандартталған жүйесін құруға, азаматтық және әскери білім берудің өзара іс-әрекетін нығайтуға, жастарға патриоттық тәрбие беру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті вице-адмирал С. Борамбаев.

Отырыста депутаттар мемлекеттік органдардың өкілдеріне білім беру бағдарламаларын жаңартуға, кафедралардың оқытушылармен жасақталуын арттыруға, заманауи оқыту құралдарымен жарақтандыруға және студенттердің практикалық даярлығын нығайтуға қатысты бірқатар нақты сұрақтар қойды.

Талқылау қорытындысы бойынша заманауи технологияларды, нақты жауынгерлік тәжірибені ескере отырып, оқу бағдарламаларын кешенді жаңарту, материалдық-техникалық базаны жаңғырту және оқытудың практикалық құрамдас бөлігін күшейту қажеттігі атап өтілді. Қатысушылардың барлық мәлімдемелері комитеттің ұсынымдарында ескеріліп, Үкіметке жіберілмек.