«Әскери баспана» жеңілдетілген ипотекасы қайта жанданады: Қорғаныс министрі мен «Отбасы банкі» төрағасы әскери қызметшілердің тұрғын үй мәселелерін талқылады

«Әскери баспана» жеңілдетілген ипотекасы қайта жанданады: Қорғаныс министрі мен «Отбасы банкі» төрағасы әскери қызметшілердің тұрғын үй мәселелерін талқылады

Қорғаныс министрлігінде ведомство басшысы авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов пен «Отбасы банк» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың кездесуі өтті. Тараптар әскери қызметшілерді баспанамен қамтамасыз ету және «Әскери баспана» жеңілдетілген ипотекалық несиелеу бағдарламасын қайта жандандыру мәселелерін талқылады.

Министр жеке құрамның әлеуметтік әл-ауқаты Қорғаныс министрлігі жұмысының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Сондай-ақ, ол «Отбасы банк» мобильді қосымшасының жұмысына қатысты мәселелерді жедел шешкені үшін Ләззат Ибрагимоваға алғысын білдіріп, оның қызметін тезірек қалпына келтіруге үміт артты.

Кездесу барысында министр «Баспана.кз» сайтында жарияланған жаңа талаптарға да назар аударды. Олар әскери қызметшілер үшін жалдамалы тұрғын үй рәсімдеуде қосымша қиындықтар туғызуда.

Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі «Әскери баспана» бағдарламасын қайта іске қосу болды. Дәурен Қосанов бастапқы жарна мен несие бойынша пайыздық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

– Әскери қызметшілер үшін жеңілдетілген ипотекалық несиелерге нақты қолжетімділік маңызды. Қазіргі уақытта ондай мүмкіндік жоқ, ал тұрғын үй бағасының өсуінен бастапқы жарна жинау іс жүзінде мүмкін емес, – деп атап өтті Қорғаныс министрі.

Министрдің айтуынша, 15 мыңнан астам әскери қызметші отбасы тұрғын үй төлемдері жүйесі мен ипотекалық бағдарламалар, соның ішінде «Әскери баспана» арқылы тұрғын үй жағдайын жақсартқан.

Сондай-ақ, ол бұрынғыдай екінші деңгейлі нарықтан баспана сатып алу мүмкіндігін қайтаруды ұсынды. Себебі көптеген әскери қызметшілер жөндеуден өткен, инфрақұрылымы дамыған, қызмет орнына жақын орналасқан пәтерлерді қалайды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар әскери қызметшілер үшін өзекті тұрғын үй мәселелерін бірлесе шешуге дайын екендігін растады.