Астана 2026 жылы Бесінші дүниежүзілік кадеттер ойынын өткізеді

Астана 2026 жылы Бесінші дүниежүзілік кадеттер ойынын өткізеді

2026 жылы Қазақстанның бас қаласы – Астана Халықаралық әскери спорт кеңесінің (CISM) Бесінші дүниежүзілік кадеттер ойындары өтетін алаңға айналады. Мұндай шешім ұйым президенті Ролим Гоместің төрағалығымен Абу-Дабиде өткен Әскери спорт кеңесінің әлемдік симпозиумында қабылданды.
Қазақстанның ауқымды жарысты қабылдауға дайын екені туралы Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы полковник Арман Әбеуов CISM Директорлар кеңесіне мүше елдерінің 15 өкілі алдында мәлімдеді. CISM басшылығы еліміздің спорттық инфрақұрылымының деңгейін, ұйымдастырушылық әлеуетін және ойындарға жүйелі дайындықты жоғары бағалады.
Кадет ойындарының бағдарламасына бес спорт түрі енеді: бокс, қазақ күресі, жеңіл атлетика, жүзу және шағын футбол. Бұл жарыстарға әлемнің түкпір-түкпірінен үздік курсанттар мен әскери оқу орындарының өкілдері қатысады деп күтілуде.
Алдағы ойындар болашақ офицерлер арасындағы достықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және патриоттық әрі спорттық құндылықтарды дәріптеуге арналған маңызды алаң болмақ.
Қазақстан үшін мұндай халықаралық жастар турнирін өткізу – ұлттық әскери-спорттық жүйенің жоғары деңгейде дамығанының айғағы. Бүгінде елімізде Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан, Төтенше жағдайлар министрлігі және Шекара қызметінің қарамағындағы алты әскери жоғары оқу орны мен Қорғаныс министрлігінің әскери-спорт колледжі жұмыс істейді.
Бұған дейін Дүниежүзілік кадеттер ойындары Анкарада (Түркия, 2010), Салинаста/Китода (Эквадор, 2014), Санкт-Петербургте (Ресей, 2022) және Каракаста (Венесуэла, 2024) өткен болатын.