Астанада әскери қызметшілер арасында жүзуден чемпионат жеңімпаздарын марапаттады

Астанада әскери қызметшілер арасында жүзуден чемпионат жеңімпаздарын марапаттады

Елорданың «Алатау» спорт сарайында Қорғаныс министрлігінің, Бас штабтың және Қарулы күштер құрылымдық бөлімшелерінің әскери қызметшілері арасында жүзуден жарыс өтті. XV Спартакиада аясында ұйымдастырылған жарыстар Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналды. Сайысқа 32 команда құрамында 128 спортшы қатысты.

       Төрелік екі топ: Қорғаныс министрлігінің бөлімшелері, Бас штаб және Қарулы күштердің бас бөлімшелері бойынша ұйымдастырылды.

       Ерлер арасында 100 метрге жүзуде жеке біріншілік үш жас санаты: 30 жасқа дейін, 40 жасқа дейін және 40 жастан асқандар бойынша өтті. Әйелдер 50 метрге жүзді. Оларда жас ерекшелігіне бөлу болған жоқ. Сонымен қатар, 4х50 метрлік командалық эстафета өтті.

       Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне ҚР Қарулы күштері Бас штаб бастығының бірінші орынбасары генерал-майор Сәкен Жүсіпов пен Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы полковник Арман Әбеуов қатысты.

       – Жарыс барысында жекелеген спортшылар жүзудің тамаша техникасын көрсетіп, бізді қуантты. Жалпы, дайындық деңгейі жақсы, командалардың бірлігін және олардың жеңіске деген ұмтылысын көрдік, – деп атап өтті генерал-майор С. Жүсіпов.

       Чемпионат қорытындысы бойынша бірінші топта Қару-жарақты бақылау және инспекциялауды қамтамасыз ету орталығының командасы жеңіске жетті, екінші орында – Әскери өкілеттіліктер орталығы, үшінші орында – Жедел жоспарлау департаменті.

       4х50 метрлік эстафетада орындар былайша бөлінді: Қару-жарақты бақылау және инспекциялауды қамтамасыз ету орталығы, Метрологиялық қамтамасыз ету және стандарттау орталығы, Ақпараттық қамтамасыз ету департаменті.

       30 жасқа дейінгі санатта жеке есепте алтынды Әскери-ғарыштық бағдарламалар орталығының атынан қатысқан капитан Ренат Сәкенов олжалады. 40 жасқа дейінгілерде Қару-жарақты бақылау және инспекциялауды қамтамасыз ету орталығының әскери қызметшісі капитан Мұрат Смағұлов ең жақсы уақытты көрсетті.  40 жастан асқан жүзушілер арасында бірінші болып Мемлекеттік құпияларды қорғау департаментінің подполковнигі Әлнұр Қуанғалиев мәреге жетті. Бұл топтағы әйелдер арасында Ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің капитан Лариса Адамович үздік деп танылды.

       Екінші топта Тыл бастығы басқармасының спортшылары чемпион атанды, екінші орын ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің командасына, үшінші орын – Әскери полиция бас басқармасына берілді.

       4х50 метрлік эстафетада Тыл бастығы басқармасының командасы жеңіске жетіп, екінші орынды ҚР Ұлттық қорғаныс университеті, үшінші орынды Әскери полиция бас басқармасы иеленді.

       30 жасқа дейінгілерде Тыл бастығы басқармасының майоры Мейірбек Атбаев ең жақсы уақытты көрсетті. 40 жасқа дейінгі топта сол бөлімшенің подполковнигі Евгений Ерастов чемпион атанды. 40 жастан асқан санатта бірінші орынды Әскери инфрақұрылым бас басқармасының подполковнигі Илья Моргунов еншіледі. Әйелдер арасында Қару-жарақ бастығы басқармасының подполковнигі Ұлпан Талап үздік нәтиже көрсетті.

Жарыс әскери қызметшілердің командалық рухын нығайтуға ықпал етіп, қарқынды әрі тартысты өтті. Командалар мен сайысқа қатысушылар кубоктармен, грамоталармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.