
Қорғаныс министрлігінде Отан қорғаушы күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты жиналыс өтті.
Бірқатар әскери қызметшілерге Президент Ақордада мемлекеттік наградалар табыстады. Әскерлерді басқару және елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету ісіндегі жетістіктері үшін ҚР Қарулы күштері Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Сәкен Жүсіпов II дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды. С. Нұрмағамбетов атындағы I дәрежелі «Айбын» орденіне Қорғаныс министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастығы полковник Олжас Құсайынов, Б. Момышұлы атындағы II дәрежелі «Айбын» орденіне Қорғаныс министрлігінің режимі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі әскери полиция жасағының бастығы полковник Талғат Әмірхан ие болды.
28738 әскери бөлімі зеңбірек артиллериялық дивизионының фельдшері аға сержант Руслан Мейірбаев пен 25744 әскери бөлімі танк батальонының танк командирі кіші сержант Шыңғыс Бақыт азаматтық және әскери борышын үлгілі орындағаны үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Жас ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиелеуге қосқан көп жылғы қызметі мен елеулі үлесі үшін ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы бастығының орынбасары – «Жауынгерлік даңқ» мұражайының бастығы Алуа Байқадамова «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды.
Жеке құрамды кәсіби мерекемен құттықтаған қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов қазақстандықтар биыл атап өтетін екі күннің тарихи маңыздылығына тоқталды.
– Ата-бабаларымыздың өшпес ерлігі тарихымыздың шежіресіне алтын әріптермен жазылған. Майдангерлердің жауынгерлік дәстүрін абыроймен жалғастырушы – Қарулы күштердің әскери қызметшілеріне де құрмет бөлек. Жеңімпаз ұрпақтың бүгінгі ізбасарлары жанқиярлық қызметімен мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайтып, бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға өлшеусіз үлес қосып жүр, – деді ол.
Кәсіби мерекеге орай 51 әскери қызметші мен азаматтық персонал мемлекеттік наградаға ие болды. Оның ішінде 17 адам орден, 33 адам медаль және бір адам «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды.
61 әскери қызметші ведомстволық наградалармен марапатталды. Оның ішінде 37 - «Ел қорғаны», 15 - «Халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі және 9 - «Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің үздігі» төсбелгісімен атап өтілді.
Отан қорғаушы күніне орай Қарулы күштердегі еңбек сіңірген жылдары үшін 2274 адам «Мінсіз қызметі үшін» және 153 ардагер «Қарулы күштердің ардагері» медалімен марапатталды.
Сонымен қатар Қорғаныс министрінің бұйрығымен ҚР Қарулы күштерінің 54 әскери қызметшісіне мерзімінен бұрын кезекті әскери атақтар берілді.
Марапаттау рәсімінен кейін ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы дайындаған мерекелік концерт өтті.
2025 жылғы 7 мамыр күні сағат 11:00-де Астанада Отан қорғаушы күні және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған ауқымды әскери шеру өтеді. Ұлы Отан соғысына қатысушылар, тыл еңбеккерлері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құрамалардың, күш құрылымдарының ардагерлері мен әскери қызметшілері салтанатты шараның басты көрермені болмақ.
Шеруге Қарулы күштердің үздік бөлімшелері, құрмет қарауылы роталары, құқық қорғау органдарының, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың өкілдері қатысады. Мерекелік іс-шара күшейтілген қауіпсіздік және бақылау шараларымен өтеді.
Салтанатты шеруге Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың 24 парадтық есептобы, 200-ден астам әскери техника, майдандық, армиялық және әскери-көліктік авиацияның 60-тан астам әуе кемелері қатысады.
Парадтың тікелей көрсетілімі сағат 11.00-ден бастап елорданың бірнеше негізгі алаңдарында:
- елорда әкімдігі ғимаратының жанындағы қалалық алаң – тікелей эфир және концерттік бағдарлама;
«Астана Арена» стадионы – тікелей эфир және мерекелік концерт;
«Astana Music Hall» тұрағы (құмыра), Б.Момышұлы даңғылы, 1 – шерудің тікелей көрсетілімі ұйымдастырылады.
Сонымен бірге, әскери парад республикалық телеарналардың тікелей эфирінде көрсетіледі.
Бұдан бөлек, әскери парадты өткізуге байланысты іс-шара ауданында автокөлік қозғалысы уақытша шектелетінін хабарлаймыз.
Елорда тұрғындары мен қонақтарына бағдарларды алдын ала жоспарлауды ұсынынамыз.
Қауіпсіздік ережелерін сақтауды және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің нұсқауларын орындауды сұраймыз.
Уақытша жабылған учаскелер барлық іс-шаралар толық аяқталғаннан кейін қайта ашылады.
Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев пен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков әскери оркестрдің сүйемелдеуімен символдық лентаны салтанатты жағдайда кесті.
Іс-шараға Алматы өңірлік гарнизонының, Ұлттық ұланның, ҰҚК Шекара қызметі академиясының басшылығы, Қарулы күштердің ардагерлері, әскери жоғары оқу орындарының курсанттары және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.
Жиынды Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев ашты.
– Біздің ата-бабаларымыз осы қару-жарақ пен әскери техникамен Мәскеу мен Ленинградты қорғады, Сталинград пен Ржев маңындағы қанды шайқастарға қатысып, Украина мен Беларусьті, Балтық жағалауы мен Польшаны азат етті, біраз Еуропа елдеріндегі шайқастарға қатысты. Бұл мұражай бүгінгі буынға қазақстандық жауынгерлер – Бауыржан Момышұлы, Сағадат Нұрмағамбетов, Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Рахымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және тағы басқа батырлардың сұрапыл соғыс жылдарынан қалған жәдігерлерін көрсететін орын, – деді ол.
28 панфиловшылар саябағына және Армия үйіне келушілер Ұлы Отан соғысы жылдарында кеңес әскерлері қаруланған әскери техниканы, яғни Т-34, Т-44, Т-55 танктерін, 1931 жылғы 230 мм гаубицаларын және «Катюша» реактивті артиллериясының әйгілі БМ-13 жауынгерлік машинасын көре алады.
Биыл сондай-ақ, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай Армия үйі қалпына келтірілді. Оның алдыңғы жағында жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру үрдістерін көрсететін заманауи барельеф орнатылған.
Армия үйінің ғимаратында Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың филиалы бар. Ашылғаннан кейін онда балалар әскери-патриоттық клубтары жұмыс істей бастайды. Концерттік және мәрмәр залдарда, Жауынгерлік даңқ мұражайында күрделі жөндеу жүргізілді. Балалардың әскери-патриоттық фильмдерін түсіру үшін үлкен заманауи кинопавильон құрылды.
– Алматы үшін Армия үйінің мәдени маңызы зор. Ғимарат сәулет ескерткіші ретінде белгілі. Біз қаланың және бүкіл Қазақстанның ең қасиетті көрікті жерлерінің бірі ретінде оның таза келбетін қастерлеп, сақтауға міндеттіміз, – деп атап өтті Қорғаныс министрінің орынбасары.
Төлеби ауданында орналасқан "Балдәурен" республикалық оқу-сауықтыру орталығының филиалындағы алтыншы ауысым Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналып отыр.
Түркістан қаласы әскери қызметшілерінің балаларынан бөлек, мұнда әскери-патриоттық клубтар мен бірлестіктер арасындағы жарыстардың өңірлік іріктеу кезеңдерінде жеңіске жеткен командалардың мүшелері, "Жас сарбаз" балалар-жасөспірімдер қозғалысының тәрбиеленушілері мен кадет сыныптарының оқушылары келді.
Лагерьде балалар үшін мерекелік бағдарлама және аумаққа экскурсия ұйымдастырылды. Күн тәртібімен, тұру және қауіпсіздік ережелерімен танысқаннан кейін балалар бірден лагерь өміріне қосылды. Танысу, командалық ойындар және шығармашылық шеберханалар оларға достық атмосфераны сезінуге және жаңа жағдайға бейімделуге көмектесті.
Орталықта болу мерзімі - 21 күн. Бұл ретте мәдени-демалыс және сауықтыру іс-шараларынан басқа балалар мектеп бағдарламасы бойынша сабағын жалғастырады.
Әскери қызметшілердің балалары үшін мұндай демалысты ұйымдастыру Қорғаныс және Оқу-ағарту министрліктерінің уағдаластықтары мен бірлескен күш-жігерінің арқасында мүмкін болды. Жалпы, 2025 жылы "Балдәурен" орталығының филиалдарында мыңнан астам бала демалмақ.
Ресей Федерациясы Қарулы күштері Бас штабының Әскери академиясында оқитын қазақстандық тыңдаушылар, адъюнкттер мен докторанттар соғыс жылдарында Ақтөбеде жасақталған 312-ші атқыштар дивизиясы шайқасқан орындарға барды.
Қазақстан Қарулы күштерінің әскери қызметшілері Калуга облысы Малоярославец ауданы Детчино ауылында болды. Александр Кусков басқаратын "Красная гвоздика" патриоттық клубының мүшелерімен бірге олар "Балалар мәдениет үйі" мұражай-көрме экспозициясына барды. Ауыл маңында 312-ші атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің ерлікпен шайқасқан Детчинск секторы қорғаныс шебінің шегінде әскери жерлеу орындары бар.
1941 жылдың қазан айында Можай қорғаныс шебінің Детчинск секторында Ақтөбеде құрылған көпұлтты 312-ші атқыштар дивизиясы Мәскеуді қорғауға қатысты. Қазақстандықтар Боровск, Малоярославецк және Детчинск бағыттарында шайқасқа кірді. Қазақстандық құрама үлкен шығынға ұшырай отырып, жаудың моторлы күштерінің алға жылжуын кешіктірді. Жоғары тұрған қолбасшылықтың бұйрығымен өзінің жауынгерлік позициясын сақтап қалды. 312 атқыштар дивизиясының 10867 жауынгерінен 147 ғана адам тірі қалды.
– Тарихтың Ұлы Отан соғысы туралы баяндайтын беттері тым алыс және шынайы емес сияқты көрінеді, - деп бөлісті әскери академияның докторанты полковник Әсет Аққозинов. - Бірақ бостандық пен тәуелсіздікті қорғаған жерлестеріміздің ерлігі ешқашан өшпейді.
312-ші атқыштар дивизиясының жауынгерлері мен Подольск жаяу әскер училищесінің курсанттары жерленген бауырластар зиратында қазақстандық әскери қызметшілерді "Д. Березовка" ауылдық елді мекенінің әкімшілік басшысы Елена Андреева қарсы алды. Мұнда салтанатты митинг өтіп, шайқаста қаза тапқан қазақстандықтарды еске алды.
Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің бригадасында мерзімді қызметін өтеген әскери қызметшілердің Жауынгерлік тумен қоштасу рәсімі өтті.
Іс-шараға өткен жылдың көктемінде еліміздің жеті өңірінен шақырылған 120-дан астам әскери қызметші қатысты. Қонақтардың қатарында Қарулы күштердің ардагері отставкадағы полковник Сабыр Нәжекенов, Ақтау қаласы мен Маңғыстау облысы бойынша "Аналар жүрегі" сарбаз аналары комитетінің өкілі Гүлмира Жанысбаева және әскери бөлімдердің командирлері бар.
- Сіздер бригадада лайықты қызмет еттіңіздер. Бір жыл ішінде өмірлік тәжірибе жинап, нағыз ерлер мен патриоттарға тән қасиеттерді дамыта алдыңыздар. Болашақта өздеріңе пайдалы болатынына сенімдімін. Сіздерге сәттілік тілеймін, - деді бригада командирі полковник Марат Құдабаев.
Әскери қызметке адалдығы және оқу-жауынгерлік тапсырмаларды сапалы орындағаны үшін сарбаздарға грамоталар, естелік сыйлықтар мен фотоальбомдар табыс етілді.
Алғыс сөздер әскери қызметшілердің өздерінен де айтылды.
- Әскери бөлім командирі полковник Марат Рашитұлы Құдабаевқа, бөлімше командирлері мен сержанттар құрамына біздің қалыптасу жолындағы білімі мен қолдауы үшін зор алғысымызды білдіреміз. Бүгін үйге оралғанда көпшілігіміз келісімшарт бойынша қызметін жалғастырып, тағдырымызды Қарулы күштермен байланыстыру туралы шешім қабылдадық, - деді Ержанат Болатбайұлы.
Айта кетейік, көктемгі науқан қорытындысы бойынша Ақтау гарнизонынан 1500-ге жуық әскери қызметші запасқа шығарылды.
Қарағанды облысындағы «Спасск» оқу-жаттығу орталығында ұйымдастырылған іс-шараға 300-ден аса жеткіншек қатысты.
Олардың қатарында бастапқы әскери және технологиялық даярлық пәндерінің және әскери кафедралардың оқытушылары, «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер қозғалысының тәрбиеленушілері, «Әлияшылар» қозғалысының қатысушылары және еліміздің барлық өңірлерінен келген жоғары сынып оқушылары бар.
Ойынның ұйымдастырушысы – Amanat партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты бұл шараны Отан қорғаушы күніне және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орайластырды.
Ойынның ашылу салтанатына Мәжіліс спикері, Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Парламент депутаттары, Қорғаныс министрлігінің, «Астана» өңірлік қолбасшылығының басшылығы, Қарулы күштердің ардагерлері мен қоғам өкілдері қатысты.
– Qaisar ойыны пайда болғаннан бері бес мыңнан аса ұл-қызды бір арнаға тоғыстырған нағыз батылдықтың, отансүйгіштіктің, жауапкершілік пен тәртіптің ордасына айналды. Аталған қасиеттердің бәрі әр адамға өмірдің кез-келген саласында қажет. Бұндай шара адамның мінезін шыңдап, алға қойған мақсаттарға жетуге жөн сілтейді, борыштың не екенін ұқтырады, – деді партия төрағасы Еран Қошанов.
Бұдан өзге ол мемлекет бүгінде қатысушыларға әскери қызметшілерді қолдауға және әскери қызметтің беделін көтеру мәселелеріне ерекше назар аударатынын да айта кетті.
– Мерзімді әскери қызмет өткергеннен кейін жастар ақысыз жоғары білім ала алады. Қазірдің өзінде 4500-ден аса жас осы мүмкіндікті пайдаланды, – деп нақтылай түсті Е. Қошанов.
Qaisar ойын бағдарламасында ату, автоматты бөлшектеп, құрастыру, әскерилендірілген эстафета, зерделі жарыс пен тактикалық тапсырмалар бар. Биыл бағдарламаға алғаш рет ұлттық спорт түрлері мен заманауи технологиялармен байланысты пәндер енгізілді.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай оқу-жаттығу орталығының аумағында ұйымдастырылған көрмені тамашалаған жастар қазақстандық жауынгерлердің соғыстағы ерлігін еске алды.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында Түркістан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығымен бірлесіп «Айбын-2025» әскери-патриоттық жиынының іріктеу кезеңін өткізді.
Іс-шара Төлеби ауданының «Бәйшешек» жазғы сауықтыру лагерінің базасында өтті. Жарыстың ашылу салтанатында Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшылығы, Қарулы күштер мен жергілікті қақтығыстарға қатысқан ардагерлер жас сарбаздықтарға сәттілік тіледі.
Жарысқа Түркістан облысының аудандары мен қалаларынан 17 команда құрамында 255 адам қатысты.
Жас патриоттар белтемірге тартылу (ұлдар), ішті қатайту (қыздар), әскерилендірілген кросс, арқан тарту, пневматикалық мылтықтан ату, АК-74 автоматын бөлшектеп-жинау, сондай-ақ жалпы әскери қорғаныс жиынтығын кию сияқты пәндерде жарысты.
– Болашақ Отан қорғаушыларды әскери қызметке тарту, олардың бойында патриотизм мен батырлық рухты қалыптастыру – біздің ортақ әрі басты міндетіміз. Қатысушылардың дайындық деңгейі өткен жылдарға қарағанда едәуір жоғары болғанын атап өткім келеді. Жарыс қорытындысы бойынша іріктелген он ұл мен бес қыз Ақтөбе облысында өтетін «Айбын» халықаралық жастар жиынында өңірдің атын лайықты таныстыратынына сенімдімін, – деп атап өтті «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Аружан Шекербек.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Кентау қаласының командасы, екінші орынды Сайрам ауданының құрамасы, үшінші орынды Арыс қаласы иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен, дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Алты Hyundai Mufasa автокөлігін облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментіне табыс ету кәсіби мереке – Отан қорғаушы күніне арналған тамаша сыйлық болды.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мен ҚР Қарулы күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаментінің өкілі полковник Нұрлан Уәли жол талғамайтын көліктердің кілттерін беру салтанатына қатысты. Олар әскери қызметшілерді келе жатқан мерекемен құттықтап, қызметте табыс тіледі.
Жергілікті бюджет есебінен сатып алынған, Қазақстанда құрастырылған автокөліктер өңірдің қалалық және аудандық бөлімшелері үшін керемет тарту болды. Енді оларды әскерге шақыру науқандары мен әскерге шақыру жасына дейінгі балаларды отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған шараларды өткізуге пайдаланатын болады.
Оқу-әдістемелік жиын аясында ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысының басқармасы ұшқышсыз ұшу аппараттары жүйесі операторларының жарысын ұйымдастырды.
Оған өңірлік қолбасшылықтар мен әскери оқу орындарының 25 командасы қатысты. Іс-шараны Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов қорытындылады. Ол әскери қызметшілерді келе жатқан Отан қорғаушы күнімен құттықтап, қызметте табыс тіледі.
Қорғаныс ведомствосының басшысы қазіргі заманғы ұрыста маңызды артықшылық тудыратын ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану аясының әмбебаптығы мен кеңеюіне назар аударды.
Тапсырмаларды сәтті орындау үшін сала мамандарына жоғары дәлдік, техникалық сауаттылық, жылдам реакция және төтенше жағдайда шешім қабылдау мүмкіндігі қажет. Сіздер бұл кәсіби қасиеттерді жарыс барысында толық көрсете алдыңыздар, - деді Қорғаныс министрі.
Байқауға қатысушылар түрлі тапсырмаларды орындады. Оның ішінде дәл пилоттық және бағдарлар бойынша навигациядан бастап, барлау операцияларын жүргізу және шектеулі көріну жағдайындағы тапсырмалар бар. Жылдамдыққа, дәлдікке және күрделі жағдайда жұмыс істеу қабілетіне ерекше назар аударылды.
Жарыс қорытындысы бойынша "Мерген аспан аңшысы" номинациясын лейтенант Сүндетбай Дүйсенбаев (41433 әскери бөлімі) жеңіп алды. Екінші орынды ефрейтор Данияр Серікқанов (44736 әскери бөлімі), үшінші орынды лейтенант Диас Ескер (74261 әскери бөлімі) және кіші сержант Ақылбек Тыныштықов (25744 әскери бөлім) иеленді.
"Үздік маман-техник" номинациясы бойынша бірінші орынды сержант Ілияс Әбілқасов (30217 әскери бөлімі), "Үздік симулятор операторын" Құрлық әскерлері әскери институтының жауынгері кіші сержант Роман Смирнов иеленді.
Кіші сержант Ақылбек Тыныштықов "Епті аспан аңшысы" номинациясында да үздік нәтиже көрсетті. Екінші орынды аға лейтенант Жарас Қабыкеш (68665 әскери бөлімі), үшінші орынды сержант Ілияс Әбілқасов (30217 әскери бөлімі) алды.
"Ұшқышсыз авиациялық жүйелерді дамыту бойынша үздік өңірлік қолбасшылық" номинациясы "Шығыс" ӨңҚ-на берілді.
Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне грамоталар, кубоктар және бағалы сыйлықтар табысталды.