
Дүбірлі доданы Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы, Армия орталық спорт клубы және «Жас сарбаз» республикалық балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы ұйымдастырып отыр.
Дәстүрлі жарысқа еліміздің әр өңірінен келген 17 команда құрамындағы 72 жас спортшы қатысып жатыр.
Қысқы спартакиаданың салтанатты ашылу рәсіміне Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Раджан Жанысов, Алматы қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Жақсылық Айтбаев, ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті төрағасының орынбасары – Алматы қаласындағы оқу-жаттығу орталығының бастығы полковник Атахан Нуриддинов және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы майор Мейірбек Меңдіғалиев қатысты.
Жарыс бағдарламасына президенттік көпсайыс жаттығулары, атап айтқанда жасөсіпірімдер үшін белтемірге тартылу, қыздар үшін шалқалап жатып денені көтеру, сондай-ақ үш шақырымдық шаңғы жарысы және пневматикалық мылтықтан оқ ату кіреді. Командалық есепте жеңімпаздар спортшылардың жинаған ұпай саны бойынша анықталады.
Жарысқа қатысушылар үшін Алматы қаласының көрікті жерлеріне экскурсия, «Қалқан жалыны» кешкі алауы, патриоттық фильмдер көрсетілімі, жоғары әскери оқу орындарымен таныстыру секілді мәдени-демалыс бағдарламасы да қарастырылған.
«Қалқан» қысқы спартакиадасы биыл бесінші рет өткізіліп отырғанын айта кету керек. 2022 жылғы сайыста Қостанай облысының командасы жеңімпаз атанса, 2024 жылы Ақмола облысының құрамасы топ жарды. Ал 2023 және 2025 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының командасы екі мәрте чемпион атанған болатын.
Негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес Құрлық әскерлері бригадаларының (полктерінің, базаларының), сержанттарын командирлік даярлау жиыны өткізілуде.
Гвардейск гарнизонында Құрлық әскерлері, Әскери полиция, Қару-жарақ және Тыл басқармаларының, сондай-ақ әскери-медициналық бөлімшелері сержанттар құрамының кәсіби біліктілігін арттыру және практикалық дағдыларын жетілдіру бойынша мамандандырылған практикалық сабақтар өтіп жатыр. Іс-шаралар жеке құрамды басқару қабілеті мен тәрбие жұмысының сапасын жетілдіруге бағытталған.
Практикалық сабақтарда түрлі оқу жағдайында іс-қимыл алгоритмдері бойынша жаттығулар өткізілуде. Бағдарламаға шағын топтардың іс-қимыл тактикасы, жауынгерлік даярлықты ұйымдастыру және жеке-тәрбие жұмысы тақырыптары кірген. Мерзімді қызметтегі сарбаздарды оқытуда, көшбасшылық қасиеттерін жетілдіруде, сондай-ақ әскери ұжымның тәртіп пен ұйымшылдықты сақтауы үшін жауапкершілікте заманауи тәсілдерге ерекше назар аударылу үстінде. Жиынды ұйымдастырушылар сержанттар құрамы әскерлерді басқарудағы маңызды буын екенін атап өтті.
Олардың кәсіби дайындық деңгейі бөлімшелердің жауынгерлік даярлығына және әскери ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалға тікелей әсер етеді. Қарулы күштер Бас штабы Сержанттар құрамымен жұмыс жөніндегі басқармасының бастығы шебер сержант Темірбек Халықов сабақтар бригада және полк сержанттарымен командирлік даярлық жүйесі шеңберінде өткізіліп жатқанын айтты. Практикалық атыс барысында қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың тәжірибесі қолданылып, шағын топтардың құрамында атыс жүргізу жаттығулары пысықталуда. Атыс күндізгі және түнгі уақыттарда өткізіліп жатыр.
Бұдан басқа жауынгерлік даярлық бойынша нормативтер жинағын жаңарту, атыс бағытын өзгерту, жауынгерлік іс-қимыл жүргізудің қазіргі заманғы әдістеріне сәйкес басқа да өзгерістер енгізу жұмыстары жалғасын табады. Жиын қорытындысы бойынша қатысушылардың дайындық деңгейін талдау нәтижелеріне қарай, қолбасшылық үздік сержанттарды анықтайды. Жиында жиналған тәжірибе әскери бөлімдерде практикада іске асырылатын болады.
Көп сатылы сараптамалық бағалау қорытындысы бойынша қазақстандық Әділет Серікбайдың зерттеуі ТМД-ға мүше елдер жоғары әскери оқу орындарының тыңдаушылары мен курсанттарының VII Халықаралық әскери-ғылыми жұмыстар байқауында үздік деп танылды.
Бұл еңбегі үшін Қиыр Шығыс гвардиялық жоғары жалпы әскери командалық училищесінің курсанты Әділет Серікбай Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің грамотасымен марапатталды.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай өткізілген байқауға 700-ден аса әскери-ғылыми жұмыс ұсынылды. Қазақстандық курсанттың «Қазақ халқының Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қосқан үлесі» тақырыбындағы зерттеуі қазақстандықтардың майданда көрсеткен ерлігі мен табандылығы, тылдағы жанқиярлығы туралы тарихи рөлін көрсетті.
– Ел тарихын халықаралық деңгейде таныстыру мен үшін абыройлы іс. Ата-бабамыздың ерлігін ұмытпау – біздің міндетіміз, – деді болашақ офицер.
Әділет Серікбай 2003 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Сәтбаев ауылында дүниеге келген. Ол мектепте оқып жүргенде әскери маман болғысы келді. 2020 жылы Алматыдағы Құрлық әскерлерінің әскери институтына түсіп, кейін Қиыр Шығыс гвардиялық жоғары жалпы әскери командалық училищесінде «теңіз жаяу әскерлері бөлімшелерін басқару» мамандығы бойынша оқуын жалғастырды. Алдағы уақытта Әділет Серікбай ҚР Қарулы күштерінің Арнайы операциялар күштері қатарында қызметін жалғастыруды жоспарлап отыр.
Қазақстандық курсанттың халықаралық байқаудағы бұл жеңісі болашақ офицерлердің даярлық деңгейі жоғары екендігінің айқын дәлелі болып қана қоймай, ТМД-ға мүше елдердің әскери-ғылыми ынтымақтастық жүйесінде еліміздің беделін нығайтты.
Қонаев қаласында Gas Gun Competition PRS (снайпинг) дисциплинасы бойынша Алматы облысының Кубогы өтті.
Жарыс әртүрлі қашықтықта және түрлі позициялардан ату жаттығуларын қамтыды. Турнирге Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қызметі, Қорғаныс министрлігінің Арнайы операциялар күштері, Ұлттық ұлан бөлімшелерінің мергендері, сондай-ақ құралайды көзге атқан әуесқой мергендер қатысты. Жарыс төрт бағыт бойынша өткізілді.
Мергендер дәлдікті, атыс дағдыларының тұрақтылығын, шектеулі уақытта жұмыс істеу қабілетін, қашықтықты жылдам бағалап, әртүрлі жағдайда оқ ату бағытын түзету шеберлігін тексеруге бағытталған практикалық жаттығулар кешенін орындады. Сынға түскен мергендер жоғары техникалық дайындықты, заманауи жоғары дәлдікті ату әдістерін меңгеруді және барынша жинақылықты көрсете білді. Нәтижесінде «жартылай автоматты карабин» класында жүлделі орындардың барлығын Қорғаныс министрлігінің Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшілері иеленді.
Мергендер сайысы әскери қызметшілер мен күштік құрылым қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін жетілдіруге, сондай-ақ кәсіби және азаматтық атқыштар қауымдастығы арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал етті.
Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков аталған өңірде болашақ офицерлерді даярлау барысымен танысып, әскери қызметшілерді медициналық қамтамасыз ету қалай ұйымдастырылатынын көрді.
Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында министрдің орынбасары жоғары оқу орны басшылығының оқу-тәрбие қызметінің ағымдағы көрсеткіштері, курсанттарды даярлау нәтижелері және қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске асыру перспективалары туралы баяндамасын тыңдады. Білім ордасының оқу-материалдық базасымен және инфрақұрылымдық объектілерімен танысқанда ол мамандандырылған аудиторияларды және бейіндік пәндер бойынша практикалық дағдыларды жетілдіруге арналған виртуалды жаттықтыру кешенін қарап шықты.
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтына барғанда генерал-майор Асқар Мұстабеков Қарулы күштер құрамаларына басшылық құрам кадрларын даярлауға жіті назар аударды. Әскери оқу орнында өткен кеңес аясында кадрлық әлеуетті нығайту және білім беру бағдарламаларын жетілдіру мәселелері қаралды. Дәрежелі оқытушылардың үлесін арттыру және мемлекеттік тілде бейіндік әдебиеттерді басып шығару қажеттілігі де назардан тыс қалмады.
ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-клиникалық госпиталінде генерал-майор Асқар Мұстабеков емдеу процесінің қалай ұйымдастырылатынын, пациенттерді кешенді тексеруге және дәл диагностикалауға арналған заманауи емдеу және диагностикалық аппараттарды көрді. Бөлімшелерді аралау барысында ол емделіп жатқан әскери қызметшілердің денсаулығы мен медициналық көмек көрсету сапасына мән берді.
Жұмыс сапарының соңында Қорғаныс министрінің орынбасары білім беру, тәрбие қызметін одан әрі жетілдіру, сонымен қоса ҚР Қарулы күштерінің әскери қызметшілерін медициналық қамтамасыз етудің тиімділігін арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабековтың басшылығымен «Жаңа форматтағы әскер. Әскери-патриоттық тәрбие» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті.
Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжде ұйымдастырылған іс-шараға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес сектордың өкілдері және медиасарапшылар қатысты.
Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков әскерде жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасалып жатқанын атап өтті.
– Біз цифрландыруды дәйекті түрде дамытып, әскер мектебінен өткен азаматтарға білім беру мен әлеуметтік мүмкіндіктерін кеңейтеміз. Біздің стратегиялық мақсатымыз – жоғары технологиялық армия құру, адами әлеуетті нығайту, әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етіп, олардың жауынгерлік рухын арттыру, – деді ол.
Парламент Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ғалиасқар Сарыбаев әскери-патриоттық тәрбие мәселесі төңірегінде өз ұстанымын білдірді.
– Патриоттық тәрбиені армиямен ғана байланыстыру дұрыс емес. Сондықтан біз бүгін осында жиналып, мектеп жасынан ант беруге дейінгі аралықта қалыптасатын тәрбиені айтып отырмыз, – деп атап өтті сенатор.
Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Геннадий Шиповских Қорғаныс министрлігіндегі тәрбие және патриоттық даярлықтың қолданыстағы жүйесі туралы оң пікір айтып, бұл жұмыстың бейінді жоғары және арнаулы оқу орындарында да жолға қойылғанын атап өтті. Сонымен қатар, депутаттың пікірінше, жастардың патриоттық санасын нығайтуда интеграцияланған мәдени-білім беру стратегиясы мен азаматтарды ақпараттандыру маңызды рөл атқарады.
– Мәдениет және ақпарат министрлігі қорғаныс ведомствосымен тығыз жұмыс істеуге тиіс. Армия туралы объективті түсінік алу үшін фильмдер түсіру, әскери бөлімдер туралы сапалы репортаждар жариялау, әскери мамандардың кәсіби жұмысын және олардың ел қауіпсіздігіне қосқан үлестерін көрсету қажет, – деді Г. Шиповских.
Алматы қаласы, Алматы облысы және Жетісу облысы бойынша «Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитетінің өкілі Татьяна Тропина патриоттық тәрбие ең алдымен қоғам арқылы қалыптасып, отбасынан басталу керектігін алға тартты.
– Әскери-патриоттық тәрбие беру идеясын қолдаймыз. Алайда сенім қарапайым нәрседен – адам қауіпсіздігінен, отбасын құрметтеуден, шынайы іріктеуден, қызметтен мән табудан және қоғамның бұл тақырыпта сөзбен емес, іспен әрекет етуінен басталады. Сонда патриотизм абстракциялы ұғым ғана болмай, жастар саналы түрде қабылдайтын жауапкершілікке айналады, – деп атап өтті қоғам өкілі.
Дөңгелек үстелге қатысушылар әскери-патриоттық тәрбие беру, әскери қызметтің беделін және Қарулы күштердің имиджін арттыру саласындағы жұмыс жүйелі негізде құрылып, барлық жас санаттары мен әлеуметтік топтарды қамтуы тиіс деген пікірде болды.
Іс-шара аясында дөңгелек үстелге қатысушылар әскери-спорт колледжінің материалдық-техникалық базасымен және кадеттердің күнделікті тынысы мен бос уақыты қалай өтетінін көрді.
Алматыға жұмыс сапары барысында Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов БҰҰ-ның Голан жоталарындағы миссиясына баруға дайындалып жатқан 3-ші ұлттық бітімгерлік контингенттің әскери қызметшілерімен кездесті.
Бөлімше командирі подполковник Ілияс Алматов жеке құрамның қойылған міндеттерді орындауға әзірлігі туралы баяндады.
— Дайындық халықаралық стандарттарға сай жүргізілуде. Жеке құрам миссия аймағына аттануға толық дайын, — деді ол. Әскери қызметшілерге арнаған сөзінде қорғаныс министрі алдағы миссияның маңыздылығын атап өтті. — Бітімгерлік операцияға қатысу — үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Қазақстандық контингент ел басшылығы мен БҰҰ миссиясы қолбасшылығының сенімі мен құрметіне ие. Сіздер елімізді лайықты түрде танытасыздар деп сенемін, — деді авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов.
Министр сондай-ақ жауапкершілік аймағындағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қазақстандық бітімгерлердің қосқан үлесін атап өтті. Сол күні Армия үйінде «Қазақстан ГАЖ орталығы» АҚ басқарушы директоры Нұркен Ержанов министрге Defence Tech кеңсесін таныстырды. Бұл – қорғаныс саласына арналған көпфункционалды инновациялық хаб. Аталмыш орталық қорғаныс саласына қажетті перспективалы әзірлемелерді іздеу және іріктеу, идеядан бастап прототип жасауға және пилоттық жобаға енгізуге дейін қолдаумен айналысады. Сонымен қатар Қорғаныс министрлігінің ведомстволық ұйымдарымен, ғылыми қауымдастықпен және стартап-экожүйемен өзара іс-әрекетті қамтамасыз етеді.
Елордадағы Орталық саябақта Қорғаныс министрлігі мен Қарулы күштер Бас штабының құрылымдық бөлімшелері арасында шаңғы жарысынан өткен чемпионат өз мәресіне жетті.
Жарысқа 39 команда құрамында 150-ден аса әскери қызметші (әр командада үш ер адам және бір әйел) қатысты. Эстафетада ерлер 2,5 шақырым қашықтықты, ал әйелдер 1 шақырым қашықтықты еңсерді.
Төрешілік екі топ бойынша ұйымдастырылды. Бірінші топта Қорғаныс министрлігі мен Бас штабтың орталықтары, департаменттері және басқармаларының командалары бақ сынаса, екінші топта Қарулы күштердің бас басқармалары, басқармалары, әскери бөлімдері мен мекемелерінің құрамалары жарысты.
Қорғаныс министрлігі аппаратының басшысы полковник Төлеген Бөлежановтың айтуынша, дәстүрге айналған чемпионат саламатты өмір салтын насихаттауға, әскери қызметшілердің дене дайындығын нығайтуға және әскери ұжымдардың ынтымағын арттыруға бағытталған.
Эстафеталық жарыс қорытындысына келсек, бірінші топта Метеорологиялық қамтамасыз ету және стандарттау орталығының командасы жеңіске жетсе, Әкімшілік департаментінің спортшылары екінші орынға тұрақтады. Ал Жауынгерлік даярлық департаменті мен Сержанттық құраммен жұмыс басқармасы қола жүлдені өзара бөлісті.
Жеке біріншілікте осы санат бойынша ерлер арасында Әскери өкілдіктер орталығының әскери қызметшісі подполковник Сергей Лобода жеңімпаз атанды. Екінші орынды Әкімшілік департаментінің өкілі 1-сыныпты сержант Азамат Жақыпов иеленді. Үшінші орын Метеорологиялық қамтамасыз ету және стандарттау орталығы командасының сапында өнер көрсеткен полковник Дархан Ахановқа бұйырды.
Әйелдер арасында подполковник Алена Ақымбекова (Жедел жоспарлау департаменті) чемпион атанды. Күміс медаль аға лейтенант Әсем Бақаеваға (Метеорологиялық қамтамасыз ету және стандарттау орталығы) табысталды. Қола жүлдені 3-сыныпты сержант Алтынай Смағұлова (Зейнетақымен қамтамасыз ету орталығы) иеленді.
Екінші топта 14776 әскери бөлімінің командасы жеңіске жетті. Күміс жүлде Әскери полиция бас басқармасының құрамасына, ал қола жүлде Тыл бастығының басқармасына бұйырды.
Жеке есепте ерлер арасында майор Никифор Чембердиев (Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысы басқармасы) жеңіске жетті. Күміс медаль подполковник Евгений Ерастовқа (Тыл бастығы басқармасы), ал қола медаль полковник Ернар Оқасовқа (14776 әскери бөлімі) табысталды.
Әйелдер арасында биік тұғырдан көрінген аға лейтенант Гүлжан Нүсіпова (Әскери полиция бас басқармасы) болды. Екінші орынды 3-сыныпты сержант Динара Садырбаева (14776 әскери бөлім) иеленсе, үшінші орын подполковник Ұлпан Талапқа (Қару-жарақ бастығы басқармасы) бұйырды.
Жарыс өтетін аумақта қатысушылар мен қонақтарға жылынатын шатырлар орнатылып, ыстық тамақ пен шай берілді.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының барлау полкіне Бейнеу ауылынан, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарынан әскерге келген мерзімді қызметтегі сарбаздардың отыздан аса ата-анасы келді.
Әскери бөлімге келгендер әскери қызметтің жайын, жауынгерлік даярлықтың қалай ұйымдастырылатынын көріп, жеке құрамның тұрмыс-тіршілігі, тамақтануы және демалыс тәртібімен танысты.
Ата-аналарға бөлімнің материалдық-техникалық базасы, заманауи жарақтандырылуы мен әскери-есептік мамандықтарына қарай жауынгерлерді даярлауда қолданылатын жабдықтар көрсетілді.
– Әскери бөлімнің басшылығы мен бөлімше командирлері ата-аналардың көкейінде жүрген барлық сұраққа жауап беріп, ұлдарының қызметі мен тұрмыс жайына қатысты жан-жақты айтып берді, – деді «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары подполковник Азамат Жұмағазиев.
Аталмыш шара барысында тәрбиелік жұмысқа, психологиялық қолдау көрсету мәселелеріне және сарбаздарды оқу-жауынгерлік міндеттерді орындауға даярлау бағыттарына ерекше көңіл бөлінді.
Алған әсері жайлы әскери қызметшілердің бірінің анасы Клара Гусманова пікірін білдірді. Сарбаздың анасы бәрін өз көзімен көріп, ойындағы сұрақтарына толық жауап алғаны үшін бөлім басшылығына алғыс айтты.
– Әр ана ұлының қандай жағдайда қызмет етіп жүргенін білгісі келеді, – деді ол. – Біз казармаларды, оқу сыныптарын, асхананы аралап, командирлермен тілдестік. Бәрінен тәртіп, жинақылық және сарбаздарға деген қамқорлық байқалады.
Мұндай шараларды өткізу әскери бөлім басшылығы мен сарбаздардың отбасылары арасындағы байланысты нығайтып, ата-аналардың көңілін орнықтыруға және армияға деген сенімді арттыруға ықпал етеді.
Павлодар қаласында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушысы Василий Иванович Григораш ғасырлық мерейтойын атап өтті.
Айтулы мерекеге орай майдангерді Павлодар облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Руслан Әбіханов және «Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің ардагерлері» РҚБ облыстық филиалының төрағасы Жан Қаратаев құттықтады.
Олар қорғаныс ведомствосы басшысының атынан Василий Ивановичке жауынгерлік ерлігі, батылдығы мен әскери борышқа адалдығы үшін алғыс сөздер жазылған құттықтау хатын табыс етті.
– Сіздің өмір жолыңыз –шынайы төзімділік пен жанқиярлықтың үлгісі, жас ұрпақ үшін тағылымды өнеге. Сіздің жүріп өткен жолыңыз бен жасаған қызметіңіз үшін бас иеміз, бейбіт өмір үшін алғыс айтамыз. Әр күніңіз қуанышқа, қамқорлыққа және лайықты құрметке толы болсын, – деді департамент басшысы полковник Р. Әбіханов.
Василий Григораш 1926 жылғы 21 ақпанда Алтай өлкесінің Гурлинка ауылында дүниеге келген. Мектепті тәмамдаған соң қызыл әскер қатарына шақырылды. Аға сержант Василий Григораш Байкал өңірі әскери округінің 293-дивизиясы құрамында соғысып, бөлімше командирі болған. Оның жауынгерлік ерлігі ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен және басқа да мерейтойлық марапаттармен атап өтілген.
Василий Иванович қонақтарға жылы лебіздері үшін алғыс айтып, әскери қызметшілерге зор денсаулық, отбасылық амандық және ел игілігі жолындағы қызметтеріне табыс тіледі. Ол ең бастысы – бейбітшілікті көздің қарашығындай сақтау екенін атап өтті.