
Қорғаныс министрлігінде Цифрландыру және ІТ қызметкерлері күні қарсаңында ведомствоның негізгі цифрлық жобалары таныстырылды. Шарада әскерді басқару, шақыру, даярлау және оқыту процесін өзгертетін шешімдер көрсетілді.
Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиевтің айтуынша, цифрлық трансформация – Президент айқындаған стратегиялық бағыттардың бірі.
– Қазіргі армия – бұл тек күш пен қуат емес, ең алдымен интеллект, – деді ол.
Көрме аймағында 16 интерактивті алаң жұмыс істеді. Қатысушылар цифрлық сервистердің жұмысын нақты уақыт режимінде көрді.
Негізгі жобалар:
2025 жылдың соңына дейін кадрлық есеп жүйесінде іс-сапар, демалыс билеттері, заттық аттестат және әскери атақ мерзімін көрсететін индикатор секілді сегіз жаңа модуль іске қосылады.
Министрлікте цифрлық шешімдер уақытты үнемдеп, бюджет шығындарын қысқартып, адами факторды азайтатыны атап өтілді.
Елорданың «Өндіріс» спорт кешенінде «Жас сарбаз барысы» қалалық турнирі өтті. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен оның бастамашысы болған – «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының қалалық филиалы.
Турнирдің ашылу салтанатына Қорғаныс министрлігінің, Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, «Өркен» балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі орталығының басшысы Ғинаят Хамитұлы, «Жас сарбаз» республикалық және қалалық балалар-жасөспірімдер қозғалысының төрағалары майор Мейірбек Меңдіғалиев пен Айдархан Шыңғысханұлы, жаттықтырушылар мен жас спортшылар қатысты.
– Қазақ күресі – жай спорт емес, бұл біздің ұлттық мұрамыз. Жастардың осындай турнирлерге қатысуы адамгершілік рухты, өз қабілеттеріне деген сенімділікті нығайтады, Отанға деген сүйіспеншілікті оятады, – деп атап өтті майор М. Меңдіғалиев.
Боз кілемге 2008–2009 жылы туған он екі мықты спортшы шығып, тартысты сайыста жоғары дайындық деңгейін және жеңіске деген ұмтылысын көрсетті.
Бас қаламыздағы № 85 мектеп-лицейінің оқушысы Әлижан Ерсаев қазақ күресінің чемпионы атанды. Екінші орын № 28 мектептің оқушысы Ерзат Төстікке, үшінші орын № 110 мектептен Әлихан Толысбайға бұйырды.
Бірінші және екінші орын алған жас балуандар «Жас сарбаз барысы» жарысының республикалық кезеңінде елорданың намысын қорғайтын болады.
Турнир жеңімпазы Әлижан Ерсаев бұл жетістік ол үшін маңызды қадам болғанын айтады.
– Жеңіс оңай болған жоқ, өйткені қарсыластар соған лайықты болды. Алайда өзіме деген сенім мен жаттықтырушылардың қолдауы нәтижеге қол жеткізуге көмектесті. Ендігі мақсатым – республикалық турнирде лайықты өнер көрсету, – деді чемпион.
«Жас сарбаз барысы» турнирі жас патриоттарды ата-бабаларымыздың бай мұрасы мен заманауи құндылықтарын құрметтеуге тәрбиелейтін ұлттық дәстүрлермен ұштасқан жарқын спорттық шара болды.
Астанада өткен «Жайдарман» ойындарында «Қазақстан CUP» лигасында өнер көрсететін астаналық айрықша мақсаттағы бригаданың «Жұлдызды жігіттер» командасы жүлделі үшінші орынды иеленді.
«Жайдарман» ойындарының «Қазақстан CUP» лигасы биыл ерекше тартысты өткенін айта кету керек. «Жұлдызды жігіттер» жайдарман тобы жоғарыда айтылған лигада 80 команданың ішінен суырылып шығып, 1/2 ширек финал ойындарына жолдама алған болатын. Ширек финал кезеңінде төрт үздік команда бақ сынады.
Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданы Ақтау ауылының мектеп оқушыларынан құралған «Жұдырық» командасы ауыл өмірін шынайы әрі қарапайым әзілмен жеткізсе, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Амазонка» қыздар командасы нәзік юмор арқылы залды күлкіге қарық қылды. С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің «Сейфуллин» командасы кәсіби дайындық пен тапқыр ойдың үлгісін көрсетті. Ал «Жұлдызды жігіттер» әскери тақырыпты сахнада шебер бейнелеп, көрерменге ерекше әсер қалдырды.
Қазылар алқасының шешімімен бірінші орынды «Сейфуллин» командасы иеленді. Екінші орын қарағандылық «Амазонка» командасына бұйырды. Ал «Жұлдызды жігіттер» және «Жұдырық» командалары үшінші орынды еншіледі.
– Бұл жетістік – біз үшін үлкен абырой. Себебі 80 команданың ішінен суырылып шығып, республикалық деңгейдегі үздіктер қатарына ендік. Қолдау көрсеткен әскери бөлім қолбасшылығы мен жанкүйерлерге алғысымыз шексіз, – дейді «Жұлдызды жігіттер» командасының капитаны капитан Бақберген Буратаев
Ұйымдастырушылар атап өткендей, «Жайдарман» ойыны тек әзіл емес, ол жастардың ойы мен өрісін кеңейтетін, бірлік пен достықты дәріптейтін мәдени алаң. «Жұлдызды жігіттер» осы рухты сахнада тамаша жеткізе білді. Әзіл арқылы патриотизм мен тәртіпті насихаттай білген команда көрерменнің де, қарсыластарының да құрметіне бөленді.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінде Әскери журналист күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Бұл кәсіби мереке әскер өмірін насихаттап, қоғамның Қарулы күштерге деген сенімі мен құрметін қалыптастырып жүрген журналистерді бір арнаға тоғыстырды.
Қорғаныс ведомствосы басшысының атынан құттықтау сөз сөйлеген министрдің орынбасары вице-адмирал Серік Борамбаев әскери журналистердің армияның беделін арттырудағы, объективті ақпарат таратып, қоғамда отансүйгіштік сезімді нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті.
Ол сондай-ақ ҚР Ұлттық ұланы мен ҰҚК Шекара қызметі баспасөз қызметінің өкілдерін, Медиа-контент орталығы мен «Сарбаз» газетінің редакциясын кәсіби мерекемен құттықтады.
Салтанатты жиынға республикалық телеарналар мен басылымдардың журналистері, танымал блогерлер және Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі мен «Қазақстан сарбазы – Воин Казахстана» газетінің қалыптасуына атсалысқан әскери журналистиканың ардагерлері қатысты.
Кездесу соңында вице-адмирал Серік Борамбаев қатысушыларға кәсібилігі, адалдығы және отандық әскери журналистиканың дамуына қосқан үлесі үшін грамоталар мен алғыс хаттар табыс етті.
Бұл іс-шара Отан қорғаушылардың өмірі мен қызметі туралы алғашқы болып хабар тарататын адамдарға деген құрмет пен ризашылықтың жарқын дәстүріне айналды.
«Біртұтас ел – біртұтас жер» республикалық акциясы аясында Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы жастардың патриоттық рухын көтеріп, Отан алдындағы борышын өтеуге деген ынтасын арттыру мақсатымен Қарағанды облысына келді.
Қарағанды қаласында Қорғаныс министрлігінің офицерлері Бауыржан Момышұлы және Нұркен Әбдіров атындағы жалпы білім беретін мектептердің оқушыларымен кездесті. Министрлік өкілдері оқу орындарының материалдық-техникалық базасымен танысып, Жауынгерлік даңқ мұражайы мен балалар әскери істің алғашқы қырларын меңгеріп, Қазақстан армиясының тарихымен танысатын «Жас сарбаз» сыныптарын аралады. Отан қорғаушылар жасөспірімдерге әскердегі қызметтің маңызы, кәсіби өсу мүмкіндіктері, әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктер туралы айтты.
– Мектеп оқушылары және студенттермен кездесулерде біз оларға әскер қатарында қызмет етудің артықшылықтарын түсіндіріп, сұрақтарына жауап береміз. Сондай-ақ ардагерлеріміз де ұмыт қалмайды. Олардың өмір жолы жас ұрпақ үшін тәрбие мектебі, – деді Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің өкілі полковник Дәулет Бейсеков.
Ақпараттық топ құрамында ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Әскери-тарихи музейінің қызметкерлері, Орталық ансамблінің әртістері мен Орталық әскери оркестрінің музыканттары бар. Олар Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған көрме мен концерт ұйымдастырды.
Ұлы Отан соғысының ардагері Виктор Шелудяковқа бару бағдарламаның ерекше бөлімі болды. Биыл ардагер 100 жасқа толмақ. Қорғаныс министрлігінің өкілдері қарт майдангерге елге сіңірген еңбегі мен жас ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Әскерге шақыру пунктінде министрлік өкілдері жақын күндері Қарулы күштер қатарына аттанатын болашақ сарбаздармен де жүздесті. Олар жігіттерге табандылық, төзімділік пен сәттілік тіледі. Сондай-ақ, әскердегі қызмет – тек абыройлы міндет қана емес, әр азаматтың тұлға және ел азаматы ретінде қалыптасуындағы маңызды кезең екенін атап өтті.
Алдағы күндері ақпараттық-түсіндіру тобы Қарқаралы ауданында жұмысын жалғастырып, Шахтинск және Теміртау қалаларына баруды жоспарлап отыр.
Бұл мерекелік күн 1929 жылғы 7 қарашада республикалық «Қызыл әскер» газетінің бірінші нөмірі жарыққа шыққан күнімен байланысты.
Тәуелсіз Қазақстанның Қорғаныс министрлігі құрылған соң Орталық Азия әскери округінің «Боевое знамя» газеті базасында «Қазақстан сарбазы – Воин Казахстана» басылымын шығару ұйымдастырылды. Газеттің алғашқы 1992 жылдың 16 желтоқсанында нөмірі қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді.
Қазіргі таңда қорғаныс ведомствосының жанынан «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналы шығып тұрады. Бұл мерзімді басылымдардың бетінде республикалық және халықаралық деңгейдегі оқиғалар, әскери оқу-жаттығулар, әскери қызметшілердің спорттық жетістіктері, мәдени іс-шаралар және министрліктің әлеуметтік жобалары туралы материалдар жарияланады.
Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-коммуникациялық стратегиясын Ақпарат және коммуникациялар департаменті жүзеге асырады. Оның құрамында БАҚ-пен және қоғаммен байланыс жасайтын баспасөз қызметі жұмыс істейді.
Медиа саласының мамандары БАҚ-пен өзара іс-қимыл жасайды, ресми хабарламалар дайындайды, брифингтер, баспасөз конференцияларын, әскери дискурстар, журналистер мен блогерлерге арналған баспасөз турларын өткізеді. Биылғы жылы өңірлерге оннан астам журналистік сапар ұйымдастырылды. Қазақстандық «қалам мен микрофон шеберлері» Бейнеу, Ақтау, Аягөз, Гвардейск, Қарағанды және басқа да гарнизондарда болды. Астанада журналистер әскери парадқа, ал Ақтөбеде «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына дайындық шараларымен танысуға мүмкіндік алды.
Әскери журналистер, фотографтар, операторлар, мобилографтар, видеоинженерлер мен дизайнерлерден тұратын топ әртүрлі медиаөнімдерді шығарады. Олардың жұмыстары Қорғаныс министрлігінің ресми сайтында, ведомстволық басылымдарда жарияланып, бұқаралық ақпарат құралдарында және Telegram, Instagram, YouTube, TikTok әлеуметтік желілерінде таратылады. Жаңалықтар мен имидждік контент аудиторияға маңызды оқиғалардан хабардар болуға көмектеседі. Сонымен бірге әскери өмірдің ерекшелігін көрсетіп, үздік әскери мамандар туралы баяндайды.
Әскери тілшінің еңбегі адалдықты, шығармашылық ойлау қабілетін, батылдықты және экстремалды жағдайларда жұмыс істеуге дайын болуды талап етеді. Тапсырманы сәтті орындау үшін ол әрдайым оқиғаның ортасында, бір қадам алда және бір саты жоғары болуы тиіс.
Қорғаныс министрлігінің алқасы аясында ҚР Ұлттық қорғаныс университеті базасында қазіргі қарулы қақтығыстар тәжірибесі негізінде әскерлерді басқарудың жаңа тәсілдеріне арналған оқу-әдістемелік жиын өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов ашты.
Жиынға Қорғаныс министрінің орынбасарлары, Қарулы күштер түрлерінің бас қолбасшылары, өңірлік қолбасшылықтар мен әскер тектерінің қолбасшылары, құрамалар мен әскери бөлімдердің командирлері, Қарулы күштердің сержанттары және жергілікті әскери басқару органдарының бастықтары қатысты.
Оқу-әдістемелік жиын барысында әскерлерді даярлаудың өзекті мәселелеріне бағытталған әдістемелік және практикалық сабақтар ұйымдастырылды.
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдиновтың басшылығымен қазіргі заманғы қарулы қақтығыстар тәжірибесі тұрғысынан әскерлерді басқару мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Онда қарулы күрестің заманауи тәсілдерінің даму үрдістері талданып, технологиялық факторларға баса назар аударылды. Атап айтқанда, ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану және оларға қарсы іс-қимыл, жасанды интеллектіні әскерлерді басқарудың автоматтандырылған жүйесіне енгізу, сондай-ақ тылдық және техникалық қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Қорғаныс министрлігі, Бас штаб және Қарулы күштердің басшылық құрамы 2025 жылы өткен оқу-жаттығулар барысында анықталған проблемалық мәселелер мен кемшіліктерге жан-жақты талдау жасады. Жиын қорытындысы бойынша жауынгерлік дайындықты жоспарлау, басқару жүйесін жетілдіру және әскерлерді жан-жақты қамтамасыз ету бағытындағы ұсыныстар мен нақты шешімдер әзірленді.
Жоспарға сәйкес барлау, радиоэлектрондық күрес, байланыс, ақпараттық технологиялар және киберқауіпсіздік құралдарын қолдануға арналған әдістемелік және практикалық сабақтар өткізілді.
Сонымен қатар Қорғаныс министрінің орынбасарлары өздері жетекшілік ететін бағыттар бойынша лауазымды тұлғалардың баяндамаларын тыңдап, алдағы оқу жылына арналған міндеттерді айқындады. Онда жауынгерлік даярлықты ұйымдастыру, әскери тәртіп пен әскерлер қызметі, тылдық және техникалық қамтамасыз ету, байланыс жүйесін ұйымдастыру, сержанттар корпусының қызметін жетілдіру мәселелері қаралды.
Жиын соңында қатысушылар жедел өнер және тактика пәндері бойынша сынақ тапсырып, мемлекеттің қорғанысы саласындағы басшылық құжаттар бойынша білім деңгейлері тексерілді.
Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген алқасында 2025 оқу жылының қорытындысы бойынша жауынгерлік жарыс жеңімпаздары марапатталды.
Қарулы күштер түрлері арасында Құрлық әскерлері, әскер тектерінен – Десанттық-шабуылдау әскерлері үздік деп танылды.
Жалпыәскери қызметтегі жетістіктері үшін бірінші Қорғаныс министрі Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың төсбелгісімен және кубогымен 53898 әскери бөлімінің командирі полковник Азамат Асанов марапатталды. Десантшы жауынгерлер Қарулы күштердің XXII спартакиадасының жеңімпазы болып танылды. Осыған байланысты спорттағы жоғары көрсеткіштері үшін Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеев грамотамен және кубокпен марапатталды.
Дене шынықтыру көрсеткіштері бойынша үздік әскери ұжымдар да анықталды. Бригадалар арасында «Оңтүстік» ӨңҚ 28903 әскери бөлімінің командирі подполковник Тахир Нартов, барлау полктерінен – 35950 әскери бөлімінің командирі подполковник Ермек Ысқақов, қамтамасыз ету базалары полктерінен – Десанттық-шабуылдау әскерлері 12881 әскери бөлімінің командирі полковник Роман Тукарт, әскери оқу орындарынан – ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков кубокпен марапатталды. Әскери полиция басқармаларынан – Ақтау өңірлік гарнизоны әскери полиция басқармасының бастығы полковник Сәкен Әуелбеков, Қарулы күштер түрлері басқармаларынан – Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев, өңірлік қолбасшылықтар мен әскер тектері басқармаларынан – Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы полковник Айдос Мырзахметов атап өтілді.
Астанада Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың төрағалығымен өткен кеңейтілген алқа отырысында Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің 2025 жылғы қызметінің қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған міндеттер айқындалды.
Алқа отырысына Қорғаныс министрінің орынбасарлары, Қарулы күштер түрлерінің бас қолбасшылары, өңірлік қолбасшылықтар мен әскер тектерінің қолбасшылары, құрамалар мен бөлімдердің командирлері, қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің бастықтары қатысты.
Жиынды ашқан Қорғаныс министрі жыл қорытындысы Жоғарғы Бас қолбасшы қойған тапсырмаларды ескере отырып жасалатынын атап өтті. Алдағы кезеңнің басым бағыттары ретінде авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов басқару сапасы, қару-жарақтың жағдайы және адами капитал секілді үш негізгі бағытты айқындады.
– Басқарудың тиімділігін арттыру үшін әскерлерді заманауи байланыс құралдарымен, әсіресе тактикалық деңгейде, қамтамасыз ету қажет. Бұл бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылдың тұрақтылығын және шешім қабылдау жеделдігін қамтамасыз етеді, – деп атап өтті ведомство басшысы.
Қорғаныс министрі жоғары дәлдіктегі оқ-дәрілерді қолдануға көшу қажеттілігіне де назар аударды. Бұл атыс соққыларының дәлдігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Дәурен Қосанов сондай-ақ командирлердің дербестігіне қатысты министрліктің ұстанымын да айқындады. Оның айтуынша, барлық деңгейдегі командирлер оқу-жаттығулар, атыстар, ұшулар және теңізге шығулар кезінде бастамашылдық пен жауапкершілік танытуы тиіс.
Жауынгерлік және жұмылдыру дайындығының жағдайы, сондай-ақ жалпы қызметтік іс-қимылдың нәтижелері туралы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов баяндады. Қамтылған бағыттар бойынша министрдің орынбасарлары әскери тәртіп, техникалық және тылдық қамтамасыз ету, сондай-ақ Қарулы күштердің цифрлық трансформациясы мәселелерін қозғады.
Отырыс қорытындысы бойынша Қорғаныс министрі қазіргі қарулы қақтығыстардың тәжірибесін ескере отырып, әскерлерді қолданудың заманауи нысандары мен тәсілдерін енгізуді тапсырды. 2026 жылға арналған міндеттердің қатарында – қазақстандық әскери қызметшілердің БҰҰ аясындағы бітімгерлік операцияларға қатысуын кеңейту, байланыс, радиоэлектрондық күрес және ұшқышсыз авиациялық кешендерді дамыту бар.
Цифрландыру саласында Дәурен Қосанов жасанды интеллект технологияларын, автономды басқару жүйелерін енгізу және ұлттық қауіпсіздіктің киберқұрамдасын күшейту қажеттігін атап өтті.
Алқа жұмысының соңында 2025 оқу жылының қорытындысы бойынша жауынгерлік жарыстың жеңімпаздары марапатталды.
Қарулы күштердің элиталық бөлімдерінде күзгі әскерге шақыру науқаны аяқталды. Алматы, Қонаев және Талдықорған қалаларында орналасқан Десанттық-шабуылдау әскерлерінің құрамалары мен әскери бөлімдеріне 1500-ден астам жас жауынгер келіп қосылды.
Алғашқы күннен бастап оларға бейімделу кезеңіне арналған кешенді іс-шаралар өткізілуде. Жас сарбаздардың роталық оқу жиындарында әскери қызметтің негіздерін меңгеріп, саптық, атыс, тактикалық және дене даярлығынан өтіп жатыр. Сондай-ақ жалпыәскери жарғылар мен ішкі тәртіп ережелерін үйренуде.
– Біздің басты міндетіміз – жас сарбаздардың тез бейімделуіне көмектесу, жауынгерлік дәстүрлермен таныстыру және оларды Әскери ант беруге дайындау, – деді 61993 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Дәурен Төленбаев. – Оқу үдерісі кешенді түрде ұйымдастырылып, дене және психологиялық дайындықты, сондай-ақ әскери-патриоттық іс-шараларды үйлестіріп жүргізіледі.
Бейімделу барысында психологтар белсенді жұмыс атқаруда. Жас жауынгерлерге диагностикалық тестілер, топтық тренингтер және жеке кеңестер өткізіледі. Мұның бәрі бөлімдердегі салауатты моральдық-психологиялық ахуалдың қалыптасуына ықпал етеді.
Жиын бағдарламасында жауынгерлік және атыс даярлығына ерекше мән берілген. Полигондарда жас десантшылар Калашников автоматынан алғашқы атыс жаттығуларын орындап, бөлімше құрамында іс-қимыл жасауды және бронетехниканы жүргізіп тексеріп көру тәжірибесінен өтті.
– Алғашқы атыстарда сәл толқыдым, бірақ кейін нысанаға дәл тигізе бастадым, тіпті «тоғыздыққа» тигіздім. Спорттық дайындық көп көмектесті, – деді 2024 жылы Канадада өткен Dageki World Full Contact Karate Championship әлем чемпионатының жеңімпазы, Астанадан шақырылған қатардағы жауынгер Тәтімбек Нөгербек. Күн өткен сайын жас десантшылар өздерін үлкен әскери отбасының бір бөлігі ретінде сезіне түсуде. Алда оларды парашютпен секіру, далалық жаттығулар және жауынгерлік оқудың жаңа кезеңдері күтіп тұр.