Түркияның Бурса қаласында қоян-қолтық ұрыс бойынша өткен әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Астананың халықаралық әуежайында Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшілерін әріптестері, достары мен туыстары салтанатты түрде қарсы алды.
Қоян-қолтық ұрыстан өткен әлем біріншілігіне 32 елден 300-ден аса спортшы, оның ішінде Қарулы күштер Арнайы операциялар күштерінің (АОК) және Қазақстанның басқа да күш құрылымдарының әскери қызметшілері қатысты. Тартысты жекпе-жектің нәтижесінде қазақстандық әскери қызметшілер бір алтын, бір күміс және бір қола олжалады.
62 келіге дейінгі салмақта АОК-нің әскери қызметшісі (22750 әскери бөлімі) аға сержант Арнат Нәметов жеңіске жетіп, жоғары тұғырдан көрінді. АОК-нің әскери қызметшісі (74814 әскери бөлімі) сержант Аян Тұрсын 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс медаль иеленді. 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде АОК-нің әскери қызметшісі (20709 әскери бөлімі) майор Вадим Федосеев қола медаль алды.
Қарсыластардың жақсы дайындығын атап өтіп, алтын еншілеген Арнат Нәметов былай деді:
– Қазақстанның әлемдік аренада абыроймен өнер көрсеткеніне өте қуаныштымын және мақтанамын. Үздіксіз жаттығулар керемет нәтиже берді. Бізді қолдағандардың бәріне алғыс айтамын.
Жеңімпаздарды қарсы алған жанкүйерлер спортшыларға ұмытылмас эмоциялар үшін алғыстарын жаудырды. Одан өзге жекпе-жек шеберлеріне жеткен жетістіктерімен мақтанатындықтарын және Қазақстанның намысын қорғап жүргендері үшін ризамыз деп атап өтті.
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында мемлекеттік емтихандар басталды.
Түлектердің білімі мен дағдыларын объективті, жан-жақты бағалау, олардың қызмет атқаруға дайындығын тексеру үшін институтқа ҚР Қорғаныс министрлігінен комиссия келді.
Емтихан сессиясы «Әли» оқу орталығындағы саптық байқаудан басталды. Сымдай тізілген курсанттар алдағы күрделі сынақтарға дайын екендіктерін көрсетті.
– Еліміздің қорғаныс қабілеті жас офицерлерді оқыту сапасына байланысты. Олар – армиямыздың болашағы. Түлектер мұқият дайындықтан өтті. Енді өз білімдерін растайтынына және қойылған міндеттерді лайықты орындайтынына сенімдімін, – деді институт бастығы генерал-майор Бауыржан Ибатулин.
Сынақ барысында теориялық білім, практикалық дағдылар, тактикалық ойлау деңгейі және түлектердің ұрысқа барынша жақын жағдайларда салмақты шешім қабылдау қабілеті бағаланады.
Аттестаттау аяқталғаннан кейін дипломды мамандар «лейтенант» алғашқы офицерлік атағын алып, Қарулы күштер қатарында қызметін жалғастырады.
Қарулы күштердің дайындық жоспары бойынша әскерлерде оқудың жазғы кезеңі кешенді тактикалық-саптық сабақтардан басталды.
Құрамалар, әскери бөлімдер мен мекемелер жауынгерлік әзірлікті жоғары дәрежеге келтіру кезінде жеке құрам мен бөлімшелердің іс-қимылдарын пысықтайды. Ескерту жүйесінің тиімділігі, дабыл беру кезінде штабтардың жұмысының үйлесімділігі тексеріледі.
Іс-шараларды өткізу үшін оқу сыныптары, далалық жағдайда жеке құрам мен техниканы қабылдау пунктері жабдықталып, стационарлық және далалық оқу-материалдық база дайындалған.
Бөлімшелер шоғырланған аудандарға шығарылды. Техника мен қару-жарақ жауынгерлік қолдануға дайын жағдайға келтірілді. Радиотехникалық бөлімшелер мен зениттік зымыран кешендерінің есептоптары күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды. Авиация бөлігін жедел әуеайлақтарға көшіру жүзеге асырылады. Жауынгерлік кеме экипаждары мен жағалау бөлімшелері порттар мен кеме тұрақтарының диверсияға қарсы қауіпсіздігін ұйымдастырады.
Іс-шаралар әскерлердің барлық санаттағы әскери қызметшілерді тағайындау, одан әрі кәсіби өсіру жөніндегі міндеттерді орындауға дайындығын арттыруға бағытталған.
Жазғы оқыту кезеңінде оқу-жаттығулар, бөлімшелердің далалық шығулары, практикалық атыстар, оқу-жаттығу ұшулары, кемелердің теңізге шығуы, жауынгерлік машиналарды жүргізу, парашютпен секіру орындалады.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызметін өтеген әскери қызметшілердің еліміздің жоғары оқу орындарында білім алу үшін мемлекеттік грант иегерлері атанғандарының тізімін жариялады.
Конкурстық іріктеуге Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, Мемлекеттік күзет қызметінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің және Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде белгіленген мерзімде қызметін өтеген 17 500-ден астам сарбаз қатысты.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі азаматтық жоғары оқу орындарына 2010 грант, Қорғаныс министрлігінің әскери институттарына 253 орын, Ұлттық ұлан академиясына 36 орын, ҰҚК Шекара қызметі академиясына 12 орын және Төтенше жағдайлар министрлігінің оқу орнына 3 орын бөлді.
Биылғы жылы талапкерлер таңдаған жоғары оқу орындарының рейтингінде Astana IT University, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті көш бастап тұр. Грант иегерлері арасында ең көп таңдалған мамандықтар – ақпараттық технологиялар, ақпараттық қауіпсіздік және техникалық мамандықтар.
Таразда қазақстандық Ангелина Лукас пен чилилік боксшы Даниэла Асэньхоның жекпе-жегі айқын жеңіспен аяқталды.
Қарқынды жекпе-жекте Қазақстан Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының атынан қатысқан Ангелина Лукас чилилік спортшы Даниэла Асэньходан сенімді реванш алды. Кездесудің алтыншы раундынан кейін Асэньхоның өзі жеңілгенін мойындағанда аяқталды.
Бұл жеңіс Ангелина үшін ерекше маңызды болды. Екі жыл бұрын ол Даниэлаға есе жіберген болатын. Бұл жеңіліс Ангелинаның спорттық мансабында жалғыз жеңілісі еді, содан бері ол реваншқа дайындалып, осы уақытқа дейін алдында мақсат қойып жүрді.
– Осы уақыт ішінде мен тек реванш алуды ойладым, – деді Лукас жекпе-жектен кейін, – міне, кездесу өтті, бұл жекпе-жектің туып-өскен және жаттығып жүрген қалам Таразда өткеніне қуаныштымын. Жерлестер мен әсіресе, әскери қызметшілердің қолдауы маған қосымша күш берді.
Ангелина Лукас Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовқа және Қазақстан армиясының барлық әскери қызметшілеріне ерекше алғысын білдірді. Тараз гарнизоны бөлімшелерінің әскери қызметшілері, оған қоса «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери оркестрі салмақ өлшеу рәсімінде де, жекпе-жек алдында өткен дәстүрлі face-to-face кездесуінде де спортшыны қолдап, оған жауынгерлік рух беріп, жеңіс тіледі.
Ангелинаны қолдауға «Тараз-Арена» спорт кешеніне ҚР Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубы басшылығының өкілдері, әскери бөлімдер мен Тараз гарнизонының әскери қызметшілері, сондай-ақ «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Ержан Ыбыраев келді.
– Ангелинаның жеңісі – өзі үшін ғана емес, Қазақстан Қарулы күштерінің спорты үшін де, бүкіл ел үшін де үлкен жетістік, – деп атап өтті генерал-майор Е. Ыбыраев Ангелинаны құттықтап.
Спортшыны достары, жанкүйерлері мен әріптестері жылы лебізімен құттықтап, оны бірауыздан мықты деп атады. Енді оның мансабында жаңа көкжиектер ашылады, ал бұл жеңіс барлық қазақстандық спортшыны рухтандырудың жарқын үлгісі.
Қорғаныс министрлігінде алғаш рет әскери қызметтің белгіленген мерзімінде қызмет еткен сарбаздарға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында оқуға мемлекеттік гранттар табысталды.
Сертификаттарды тапсыру салтанатты жағдайда өтті. Қорғаныс министрінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев жауынгерлік оқу үздіктерін құттықтады. Қорғаныс ведомствосы басшысы орынбасарының қолынан 2024 жылдың көктемінде шақырылып, мерзімді әскери қызметтен өткен 22 сарбаз оқу сертификаттарын алды.
ҰБТ тапсырмай, жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі – мерзімді әскери қызметтің беделін арттыруға, жас мамандарды қолдауға және олардың кәсіби өсуін ынталандыруға бағытталған мемлекеттік бастама.
– Конкурстық іріктеуге Қарулы күштердің, Мемлекеттік күзет қызметінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі мен Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде белгіленген мерзімде қызмет еткен 17500-ден астам сарбаз қатысты. Араларыңызда әскери оқу орындарына түсіп, офицер болуға шешім қабылдағандардың барына қуаныштымын. Бұл армиядағы қызмет жауапкершілік, тәртіп және патриотизм сияқты қасиеттерді қалыптастырғанын білдіреді. Оқуда да, қызмет ету кезеңінде де жоғары нәтиже көрсететіндігіңізге күмәнім жоқ, – деп атап өтті генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев.
Министрдің орынбасары Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтар үшін түрлі жеңілдіктерді арттыру жөнінде шаралар қабылдауды жалғастыра беретінін жеткізді.
Әділ және ашық іріктеу жүргізу үшін «Sarbaz 2.0» ақпараттық жүйесі құрылды. Онда барлық әскери бөлімдер тіркелген және бүкіл қызмет кезеңінде сарбаздардың үлгерімі мен тәртібі бойынша нәтижелер көрсетілген.
Енді кешегі сарбаздар ҰБТ тапсырмай, мемлекет есебінен оқудан бөлек, шәкіртақы алуға, тегін жатақханада тұруға және әскери кафедраға конкурссыз қабылдануға құқылы.
Ғылым және жоғары білім министрлігінен азаматтық жоғары оқу орындарына 2010 грант, Қорғаныс министрлігінің әскери институттарына 253 орын, Ұлттық ұлан академиясына 36 орын, ҰҚК Шекара қызметі академиясына 12 орын және Төтенше жағдайлар министрлігінің оқу орнына 3 орын бөлінді.
ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің 44813 әскери бөлімінде мерзімді қызмет өткерген Владислав Внуковский мерзімді қызмет әскери қызметшілерінің атынан алғыс сөз сөйледі.
– Қазақстан Республикасы Қарулы күштері қатарында қызмет ету мен үшін тек батылдық, тәртіп пен төзімділік мектебі ғана емес, сонымен қатар командада жұмыс істеуді үйренуге баға жетпес уақыт болды. Мен еліміздің тәуелсіздігі мен тұтастығын қорғауға қабілетті, қуатты және кәсіби армияның бір бөлігі болғанымды мақтан тұтамын.
Бүгін қолыма сертификат алып, Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтына түсіп, әкемнің жолын қуып, офицер болу туралы шешім қабылдадым, – деді Владислав Внуковский.
Іс-шараға әскердегі қызметі арқасында жетекші университеттерге түскен елордалық жоғары оқу орындарының студенттері мен сарбаздардың ата-аналары қатысты.
Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университетінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен Қорғаныс министрлігімен бірлесіп ұйымдастырылған әскери журналистика және дағдарыстық коммуникациялар бойынша семинар өтті.
Оған күштік құрылымдардың, мемлекеттік органдардың, БАҚ және онлайн-қоғамдастық өкілдері қатысты.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Әлішер Мұқажан және Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаменті БАҚ-пен жұмыс жөніндегі басқармасының бастығы подполковник Эрик Мусин құттықтау сөзінде бұқаралық ақпарат құралдарының маңызды рөлін атап өтті.
Журналистер «Төтенше жағдайлар кезіндегі ТЖМ мен БАҚ өкілдерінің іс-қимылдарын үйлестіру және ақпараттық өзара іс-қимылы», «Төтенше жағдайларға ден қоюда ақпараттық жүйелерді қолданудың өзекті тәсілдері», «Қазіргі заманғы қарулы қақтығыстарда күрес жүргізудің гибридті әдістері», «Медиагигиена мемлекеттік міндет ретінде: жеке дағдыдан тұрақтылық инфрақұрылымына дейін» дәрістерін тыңдады.
Семинарда табиғи төтенше жағдайлар кезіндегі БАҚ-тың рөлі атап өтілді. Жаппай су тасқыны мен жойқын жер сілкінісі халыққа үлкен қауіп төндіреді және қоғамның барлық институттарының үйлестірілген әрекетін талап етеді. Мұндай жағдайда бұқаралық ақпарат құралдары халықты сенімді ақпаратпен қамтамасыз ететін өмірлік маңызды буын болып табылады. Уақтылы берілген жаңалықтар дүрбелеңнің алдын алуға көмектеседі, дәлелденген мәліметтер мен жалған ақпаратқа қарсы тұру халық пен мемлекеттік қызметтер арасындағы байланысты сақтауға мүмкіндік береді.
Семинарға қатысушылар үшін қарулы қақтығыс аймақтарындағы журналистер жұмысының ерекшеліктері туралы баяндама да пайдалы болды. Халықаралық гуманитарлық заңға сәйкес, қарулы қақтығыс аймағында БАҚ өкілі оны шабуылдан және зорлық-зомбылықтан қорғайтын азаматтық мәртебеге ие. Алайда, егер журналист қарулы құрамаға кіріп, қолына қару алса немесе кез келген әскери нысандардың жанында болса, оны жоғалтады.
Дәрістен кейін сұрақ-жауап сессиясы өтті. Іс-шара соңында семинарға қатысушылар сертификаттар алды.
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында мерекелік шара өтті.
Жиналған қонақтарды Орталық бастығы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Әсенов құттықтап, жылы лебізін білдірді:
– Қымбатты балалар, сендерді тамаша мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Жазғы демалыс уақыты да келіп жетті. Жақсы демалып, жаңа әсерлерге бөленіп, білімнің биік шыңдарын бағындыруға күш-қуат жинауларыңды тілеймін. Сол білім болашақта еліміздің өркендеуінің кепілі болсын, – деді ол.
Отан қорғаушысы күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған байқауда жеңіске жеткен балаларды салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Бұл байқауға еліміздің барлық өңірінен 200-ден астам бала қатысқан болатын.
Дипломдар табысталғаннан кейін балалар қызықты ойындар, байқаулар мен викториналарға қатысты. Мереке ұйымдастырушыларымен бірге балалар шаттанып ойнап, ән салып, би билеп, үлкен қуыршақтармен көңіл көтерді.
«Жас сарбаз» балалар шығармашылық студиясының тәрбиеленушілері өз өнерлерін көрсетті. Сондай-ақ барлық балаларға дәмді балмұздақ таратылды.
Қорғаныс министрлігінің оқу орындарында халықаралық балаларды қорғау күніне арналған іс-шаралар ұйымдастырылды.
Алматыдағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында жүзден астам бала ойын-сауық бағдарламасына қатысты.
Алғашқы минуттардан бастап балалар көңілді және сиқырлы атмосфераға еніп кетті. Ертегі кейіпкерлері өмірге келіп, курсанттар аниматорлардың бейнелерінде ойындар, конкурстар мен интерактивті тапсырмалар ұйымдастырды. Курсанттар әр баланың назарын аударып, мерекенің және жылуын сезінуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысты.
– Егемен еліміздің жарқын болашағы - балалар. Балалық шақтарың қуаныш пен махаббатқа толы болсын. Сендердің тыныштықтарың үшін ата-аналарың күн-түні қызмет етеді. Армандарың орындалсын! – деп балаларды әскери жоғары оқу орнының бастығы генерал-майор Нұртас Қабақов құттықтады.
Кездесудің ең ұмытылмас сәттерінің біріне айналған курсанттардың жарқын дефилесі балалардың ерекше таңданысын тудырды.
Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының аумағында 400-ден астам әскери қызметшінің балаларына арналған ауқымды іс-шара өтті. Олар үшін спорттық жарыстар, концерттік бағдарлама, ашық аспан астындағы қару-жарақ пен әскери техника көрмесі ұйымдастырылды.
Спорттық байқаулардың жеңімпаздары естелік сыйлықтар алды. Балалар техниканың үлгілерін қуана қарап, әскери қызметшілермен суретке түсті. Балаларға балмұздақ пен тәттілер таратылды.
Іс-шаралар жылы, көңілді атмосферада өтті. Әр бала мерекеден сыйлықпен ғана емес, естен кетпес естелікпен қайтты.
Көктемде әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасына келген 190-нан астам сарбаз салтанатты жағдайда әскери ант қабылдады.
Қызылорда, Батыс Қазақстан, Атырау, Түркістан, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарынан шақырылған жас сарбаздар бір ай ішінде алғашқы әскери дайындықтан өтіп, жалпыәскери жарғыларды, саптық және атыс даярлығының негіздерін меңгерді.
Олар командирлерінің, Қарулы күштер ардагерлерінің, сарбаз аналары комитеті өкілдерінің, туған-туыстары мен жақындарының алдында ант беріп, Отанды қорғауға әрдайым дайын әрі антқа адал болуға серт берді.
Салтанатты рәсім бөлімше Жауынгерлік туының шығарылуымен және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранының орындалуымен басталды.
— Сіздер үлкен ынтамен жаттығып, әскери істің негіздерін меңгердіңіздер. Бүгін мыңдаған адамның алдында ержүрек әрі батыл болуға, қызметтің қиындығына төтеп беруге, нағыз Отан қорғаушы болуға серт бердіңіздер. Сіздерге мықты денсаулық пен сәтті қызмет тілеймін, — деп жас сарбаздарды осы маңызды оқиғамен әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасының командирі полковник Марат Құдабаев құттықтады.
Сарбаздарға жылы лебізін ата-аналар да білдірді. Отбасылар атынан сөз сөйлеген Олеся Полоз сарбаздарға төзімділік, батылдық пен рухани күш тіледі:
— Қымбатты балалар, сіздер — отбасыларыңыздың мақтанышысыздар. Қызметті абыроймен атқарып, әрдайым көтеріңкі көңіл-күй мен үміттеріңізді жоғалтпауларыңызды тілейміз. Біз сіздерге сенеміз!
Ресми бөлім аяқталған соң, жас жауынгерлер өздерінің машықтарын көрсетті. Олар қол күресі элементтерін, саптық жүріс пен қарумен жұмыс істеу тәсілдерін паш етті. Сарбаздардың өнері ата-аналарға нағыз тосынсый болды. Олар ұлдарының дайындығының жоғары деңгейіне куә болды.
Іс-шара соңында командалық құрам туыстармен кездесу өткізіп, олардың барлық сұрақтарына жауап берді және байланыс үшін қажетті ақпаратты ұсынды. Осы күні жас сарбаздарға алғашқы қысқа мерзімді демалыс берілді.
Енді олар Батыс Қазақстан өңірінің әуе шебін күзету үшін қызмет ету орындарына аттанады. Сарбаздар Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарындағы бөлімдерге, сондай-ақ Бейнеу кентіне, Жаңаөзен және Форт-Шевченко қалаларына бөлінетін болады.