Логотип
Меню
Страницы
Байланыс ақпараты
Министрлік туралы
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Қызметі
Онлайн қабылдау
Қызметі
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Басқарма туралы
Все материалы
10 сентября 2026
Астанада жас сарбаздарды ҰҚК-нің Шекара қызметіне шығарып салды

«Ел қорғау – ерлердің ісі» акциясы аясында елордадағы «Жастар» сарайында медициналық комиссиядан және психологиялық тестілеуден сәтті өткен 15 астаналықты әскери қызметке салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.

Іс-шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірханов, ҰҚК Шекара қызметінің, Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшылығы, ардагерлер, әскерге шақырылушылардың ата-аналары мен жақындары, сондай-ақ әскери кафедралардың 700-ден астам студенті мен мектеп оқушылары қатысты.

– Әскер жас азаматтардың мінезін шыңдап, дене төзімділігін арттырады. Сонымен қатар жастарды достыққа, бір-біріне қолдау көрсетуге үйретеді. Жігіттер барлық сынақтан абыроймен өтіп, заманауи техника мен әскери мамандықтарды меңгеретініне сенімдіміз. Ұлдарын туған жерін, отбасын және Отанын қорғауға даяр азамат етіп тәрбиелеген ата-аналарға алғыс айтамын, – деді Астана қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Руслан Балтеміров.

Іс-шара барысында әскерге шақырылушылар, мектеп оқушылары мен студенттер заманауи қару-жарақ түрлерімен, байланыс құралдарымен және ҰҚК Шекара қызметінің әскери киім үлгілерімен танысты. Қатысушылар алдында қызметтік ит те өз өнерін көрсетті. Кинологтың жетекшілігімен ол әр түрлі иіс үлгілері салынған заттарды тез әрі қателеспей тауып, көпшілікті тәнті етті. Әскерге шақырылушылар үшін Абай облысы Мақаншы ауданындағы Шекара қызметі бөлімшесінде абыроймен әскери борышын өтеген сарбаздармен кездесу де тағылымды болды. Салтанатты шара барысында ҚР ҰҚК Шекара қызметі директорының орынбасары генерал-майор Төлеужан Жүнісов үш күн бұрын үйлеріне оралған әскери қызметшілерге «Шекара қызметінің үздігі» төсбелгісін табыстады. Жаңа шақырылым Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданындағы ҚР ҰҚК Шекара қызметінің бөлімшесінде әскери борышын өтейді.

– Бүгін шекараны қорғауға бірден екі немерем – Әлтайыр мен Жомартты шығарып салып тұрмын. Олармен мақтанамын. Әскерде шыңдалып, жауапкершілігі артып, нағыз достықтың қадірін түсінеді деп сенемін. Барлық жігіттерге Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, аман-есен үйлеріне оралуын тілеймін, – деді Өмірзақ Жолмағамбетов.

Айта кетейік, биылғы күзгі әскерге шақыру науқаны барысында еліміз бойынша шамамен 23 мың азамат әскери қызметке шақырылады. Астанадан әскер қатарына 1400 жас аттанады. Оның 190-ы ҰҚК Шекара қызметінде әскери борышын өтейді.

10 сентября 2026
Голан жоталарында қазақстандық саперлер 2 мыңнан астам жарылғыш зат пен оқ-дәріні жойды

Қазақстанның Голан жоталарындағы БҰҰ-ның бөліну аймағын бақылау жөніндегі миссиясы құрамындағы үшінші ұлттық контингентінің инженерлік-саперлік тобы жарылғыш заттарды анықтау, залалсыздандыру және жою жұмыстарын жүргізіп келеді.
Бітімгерлік миссияны атқару кезеңінде биылғы мамыр айынан бастап 15-тен астам іс-шара өткізіліп, әскери қызметшілер 350-ден астам жарылғыш затты жойды. Сонымен қатар 1800-ден астам оқ-дәрі де залалсыздандырылды.
Инженерлік-саперлік топтың кәсіби шеберлігі, іс-қимылдарының үйлесімділігі және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауы саперлерге қойылған міндеттерді орындап, жауапкершілік аймағындағы тұрақты жағдайды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

10 сентября 2026
Бүгін – Әскери-техникалық саясат саласы мамандарының күні

10 қыркүйекте Қазақстан Қарулы күштерінің әскери-техникалық саясат саласындағы мамандары кәсіби мерекесін атап өтеді.

2009 жылы дәл осы күні Қорғаныс министрлігінде Әскери-техникалық саясат департаменті құрылған болатын. Бұл бағыттағы мамандар әскердің техникалық әлеуетін дамытуға байланысты кешенді міндеттерді атқарады. Мамандар қару-жарақ пен әскери техника саласындағы жаһандық үрдістерді зерделеп, заманауи әскери технологияларды талдайды және оларды Қарулы күштердің қажеттіліктері мен мемлекеттің мүмкіндіктерін ескере отырып қолдану әлеуетін бағалайды.

Осындай жұмыстардың негізінде армияны әрі қарай техникалық дамыту бағыттары айқындалып, әскерлерді қару-жарақ пен әскери техниканың заманауи үлгілерімен жабдықтау, оларды жеткізу көздерін әртараптандыру жөнінде ұсыныстар әзірленеді. Басым бағыттардың бірі – отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамыту.

Мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру кезінде қазақстандық кәсіпорындардың мүмкіндіктері, өндірісті жергіліктендіру және жаңа технологияларды игеру перспективалары да ескеріледі. Қазіргі кезде отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенінің кәсіпорындары қару-жарақ пен әскери техниканың жекелеген түрлерін, радиобайланыс жүйелері мен автоматтандырылған кешендерді шығарады. Әскерлерге отандық өндірістегі дөңгелекті сауытты машиналар, ұшқышсыз басқарылатын құрылғылар мен заманауи байланыс құралдары жеткізіліп жатыр. Жаңа үлгілерді сатып алумен қатар, қолданыстағы әскери техниканы жаңғырту жұмыстары да жүргізілуде.

Бұл саладағы жұмыстың бір маңызды бағыты – халықаралық әскери-техникалық ынтымақтастық. Қазақстан бұл салада 40-тан астам мемлекетпен және бейінді халықаралық ұйымдармен өзара қарым-қатынасты дамытып келеді. 18 елмен екіжақты шарттар мен келісімдер жасалған. Халықаралық комиссиялар мен жұмыс топтары тәжірибе алмасуға, заманауи шешімдерді зерделеуге және бірлескен жобаларды пысықтауға арналған маңызды алаңға айналып отыр.

Әскери-техникалық саясат қазіргі таңда әскердің техникалық әлеуетін арттыруды, қорғаныс өнеркәсібін дамытуды, жаңа технологияларды енгізуді және халықаралық әскери-техникалық байланыстарды нығайтуды көздейді.

Бұл жұмыстардың артында кәсібилігі мен біліктілігі Қазақстан Қарулы күштерінің техникалық әлеуетін жүйелі түрде дамытуға және еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға елеулі үлес қосып жүрген мамандар тұр.

09 сентября 2026
Қорытынды тексеруге дайындық: Әуе қорғанысы күштерінің әскери қызметшілері атыс жаттығуларын пысықтады

Ақмола гарнизонының оқу-жаттығу полигонында алдағы қорытынды тексеру қарсаңында Қарулы күштердің Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысы басқармасының жеке құрамымен атыс дайындығынан практикалық сабақтар өткізілді.
Атыс жаттығуы басталар алдында әскери қызметшілер арнайы жабдықталған оқу орындарда қаруды атуға дайындау жұмыстарын пысықтап, тактикалық медицина және жауынгерлік даярлықтың басқа да пәндерінен де нормативтер тапсырды.
Офицерлер құрамы жаттығу барысында 25 метр қашықтықтағы нысаналарға Макаров тапаншасынан №1 бақылау атыс жаттығуын орындады. Келісімшарт қызметіндегі әскерилер АК-74 автоматынан №4 жаттығуды орындап, қаруды шебер меңгергендерін көрсетті.
Жауынгерлік даярлық бас басқармасынан тағайындалған әкімшілік атыстарды ұйымдастырып, басқарды. Іс-шаралар Қарулы күштердің атыс қаруларынан, жауынгерлік машиналардан, танктерден және ауыр отшашар жүйелерінен атыс жүргізу курсының талаптарына қатаң сақтап өткізілді.
Сабақтар барысында атысқа қатысушылардың моральдық-психологиялық күйіне ерекше көңіл бөлінді. Тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі мамандар жеке құраммен түсіндіру және мотивациялық әңгімелер жүргізді. Психологиялық қолдау әскери қызметшілердің жауынгерлік рухын көтеруге, өз күштеріне деген сенімін нығайтуға және қойылған міндетті сапалы орындаудағы жауапкершілікті сезінуге ықпал етті.
Мұндай сабақтар жеке құрамға штаттық қарумен машықтануға, атыс дәлдігін арттыруға және қорытынды тексеру кезінде нормативтерді ойдағыдай тапсыруға психологиялық тұрғыдан дайындалуға мүмкіндік берді.

Жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін ұстау
09 сентября 2026
Астанада күзде әскерге шақырылған сарбаздар Ұлттық ұланға аттанды

 Елордадағы жинау пунктінде 35 астаналықты әскери қызметке салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Азаматтар Алматы қаласындағы Ұлттық ұлан бөлімдерінде әскери қызмет өткереді.

 Оларды шығарып салуға елорда әкімдігінің, Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның өкілдері, Астана қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшылығы, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ әскерге шақырылушылардың туған-туыстары мен жақындары қатысты.

Әскерге алынған азаматтарға бұл күн ерекше болды. Алда әскери ұжым, жауынгерлік даярлық, жауапкершілік пен жаңа міндеттер тұр. Мұның бәрі олардың өмірінің маңызды бөлігіне айналары сөзсіз.

– Бүгін сендер ересек өмірге маңызды қадам жасап отырсыңдар. Әскери қызмет сендерді сабырлылыққа, тәртіпке және бір-біріңе қолдау көрсетуге үйретеді. Әскери форманы абыроймен киіп, командирлерің мен қаруластарыңды құрметтеңдер. Әскери міндеттеріңді адал атқарыңдар. Әрқайсың Отан алдындағы борыштарыңды абыроймен өтеп, үйге шыңдалып, есейіп, жаңа өмірлік тәжірибе жинақтап, аман-есен оралуларыңа тілектеспін, – деді әскерге жаңа алынғандарға арнаған сөзінде Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Руслан Балтеміров.

 Әскери қызметке аттанғандардың қатарында Бисен Алимат та бар. Бисен үшін әскерге бару – жаңа білім алып, әскери мамандықты меңгеруге және өмірдің маңызды мектебінен өтуге мүмкіндік.

 – Бұл қадам – мен үшін әрине, өте жауапты қадам. Дегенмен, осы жолдан өтуге дайынмын. Әскери мамандықты меңгеріп, тәртіпті әрі шыңдалған азамат болғым келеді. Жақсы достар тапқым келеді. Ең бастысы – Отаным мен отбасым алдындағы әскери борышымды абыроймен өтеу, – деді ол.

 Әскерге шақырылушының анасы Гүлмира Сәрсеноваға да бұл күн ерекше әсерге толы күн болды.  

 – Әр анаға әскерге ұлын шығарып салу оңай емес. Дегенмен мен бүгін ұлыма мақтанышпен қарап тұрмын. Әскери қызметін жақсы өткеріп, мықты әрі жауапты азамат болып оралуына тілектеспін. Ең бастысы – денсаулығын сақтап, үйде оны жақсы көретін және әрдайым күтетін жандар бар екенін ұмытпасын, – деді Г. Сәрсенова.

 Іс-шара соңында Ұлттық ұланның әскери оркестрі мен ансамблі әскерге шақырылушылардың, олардың туған-туыстары мен қонақтардың алдында өнер көрсетті.

Биыл күзгі әскерге шақыру науқаны аясында Астанадан Қарулы күштер қатарына 1400 азамат шақырылатынын естеріңізге сала кетейік.

08 сентября 2026
Абай облысында «Сарбаз жолы» жаңа армиялық дәстүрі қанат жайды

Семейде Қорғаныс министрлігінің бастамасымен «Адал азамат – Сарбаз – Отан қорғаушы» жобасы аясында қолға алынған «Сарбаз жолы» жаңа армиялық дәстүрінің алғашқы іс-шарасы өтті.

Салтанатты шараға әскери қызметке аттанған 60 жас сарбаз қатысты. Жас Отан қорғаушыларды айтулы оқиғамен Абай облысының әкімі Берік Уәли, Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Қарулы күштердің ардагерлері, қоғам өкілдері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері, сондай-ақ жастардың туған-туыстары мен жақындары құттықтады. Салтанатты шара барысында жас сарбаздарға ақ жол тілеп, жүрекжарды тілектер айтылды.

Айтулы оқиғаның естелігі ретінде оларға «Киелі Абай елі» кітабы табыс етілді. Іс-шараның келесі кезеңі 28738 әскери бөлімінде жалғасты. Мұнда жас сарбаздар, ата-аналар және қоғам өкілдері әскери қызметшілердің күнделікті тыныс-тіршілігімен танысып, әскери техника мен қару-жарақ үлгілерін тамашалады.

Абай облысының әкімі мен Қорғаныс ведомствосы басшылығының қатысуымен өткен кездесуде әскери-патриоттық тәрбие жүйесі, Отан алдындағы міндетті орындаудың маңызы, әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында Қорғаныс министрлігі қабылдап жатқан шаралар және әскери қызметін өткерген азаматтарға ұсынылатын мүмкіндіктер туралы айтылды. Іс-шара барысында үздік әскери қызметшілерге құрмет көрсетілді.

Абай облысының әкімі Берік Уәли Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жүрген сарбаздар мен олардың ата-аналарына Алғыс хаттар табыс етті. Сонымен қатар жауынгерлік даярлықта жоғары нәтижеге қол жеткізіп, жоғары оқу орындарында білім алуға арналған мемлекеттік гранттарға ие болған үздік әскери қызметшілерге тиісті сертификаттар табысталды.

Айта кетейік, «Сарбаз жолы» жаңа армиялық дәстүрі Отан қорғаушының қалыптасу жолының барлық кезеңін қамтиды. Атап айтқанда, шақыру пунктінен бастап, әскерге шығарып салу, жас жауынгер курсынан өту, Әскери ант қабылдау, әскери-есептік мамандықты меңгеру және запасқа шығу кезеңдерін біріктіреді. Абай жеріндегі бұл бастама әскерді, қоғамды және отбасын ортақ құндылық – адал, тәртіпті азамат, елін қорғайтын лайықты Отан қорғаушы мен патриот тәрбиелеу мақсатына жұмылдыруға бағытталған.

07 сентября 2026
Ақтауда алғаш рет күштік құрылымдардың арнайы бөлімше жүзгіштері өзара бақ сынады

Каспий теңізінің акваториясындағы әскери-теңіз күштерінің әртүрлі кемелер дивизионы базасында Ақтау гарнизонының арнайы бөлімшелері арасында Aktau water challenge-2026 жарысы өтті.

Он кезеңнен тұратын сайысты ҚР Қарулы күштерінің Арнайы операциялар күштері ұйымдастырды. Оған Корғаныс министрлігі, ІІМ және ҰҚК Шекара қызметінің 8 командасы құрамында жүзден астам әскери қызметші қатысты. Бағдарламада бес метрлік биіктіктегі пирстен секіру, 100 метрге жүзу, туннельді, эстакаданы, понтондарды, торлы қабырғаларды еңсеру және су үстіндегі арнайы тапсырмаларды орындаудың шынайы жағдайларына барынша жақындатылған басқа да кедергілер қамтылды. Жарысқа тәжірибелі жауынгерлермен қатар мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер де бақ сынады. Сайыстан алған әсерімен Теңіз жаяу әскері бригадасында бес айға жуық қызмет еткен «Морпех» командасының мүшесі кіші сержант Темірлан Құмаров бөлісті.

– Біздің команда үшінші орынды иеленді, бұл өте жақсы нәтиже деп есептеймін. Жарысқа мұқият дайындалдық. Мен үшін ең қиыны бес метрлік биіктіктегі пирстен секіру болды. Жарыстың алты минуты тұтас бір сағаттай сезілді. 100 метрді уақытқа жүзіп өту және барлық су үсті кедергілерін еңсеру де оңай болған жоқ. Ұйымдастырушыларға осы сынақтан өтіп, өз күшімізді тексеруге мүмкіндік бергені үшін алғыс айтқым келеді, – деді ол.

Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Арнайы операциялар күштерінің Jaubasar командасы иеленді. Екінші орынды Әскери-теңіз күштерінің диверсияға қарсы күштер мен құралдар ротасының құрамасы қанжығасына байлады. Үшінші орынды Теңіз жаяу әскері бригадасының «Морпех» командасы мен Ішкі істер министрлігінің «Барыс» командасы өзара бөлісті.

Арнайы бөлімшелер жауынгерлерінің кәсіби даярлық деңгейін арттыруға және іс-қимыл дағдыларын жетілдіруге бағытталған аталмыш іс-шара жоғары деңгейде өтті. Сайыс жеңімпаздары кубоктармен марапатталып, барлық қатысушыларға грамоталар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Aktau water challenge-2026 ұйымдастырушылары жарысты жыл сайын өткізіп, көптеген командаларды шақыруды және қатысушыларға қойылатын талаптарды күшейтуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ сынақтан өту шарты жетілдіріліп, нысанаға оқ ату кезеңдері қосылатын болады.

07 сентября 2026
Сарыөзек гарнизонының танкшілері жоғары дайындық деңгейін көрсетті

Сарыөзек гарнизонында 12740 әскери бөлімінің танк батальонының жауынгерлік атыстары өтті.
Жауынгерлік даярлық іс-шарасына 60-қа жуық әскери қызметші қатысып, 10-ға жуық әскери техника жұмылдырылды. Т-72 танктерінің экипаждары 1600, 1700 және 1800 метр қашықтықта пайда болған алыс және жақын нысаналарға оқ атты. Сонымен қатар танкшілер танктің штаттық қару-жарағы мен ірі калибрлі пулеметтерден атыс жаттығуларын орындады.
– Жауынгерлік атыстар – тек атыс дәлдігін ғана емес, бүкіл экипаждың өзара іс-қимыл үйлесімділігін де сынайтын маңызды кезең. Әскери қызметшілер қару-жарақты сенімді меңгергенін, жылдам шешім қабылдап, жұмылған жұдырықтай үйлесімді әрекет ете алатынын көрсетті, – деді 12740 әскери бөлімінің командирі полковник Жәнібек Құранбеков.
Негізгі жаттығуларды орындамас бұрын танкшілер теориялық және практикалық дайындықтан өтті. Олар нормативтерді, қару-жарақты қолдану тәртібін, оқ-дәрілерді тиеуді, сондай-ақ техниканы жорықтық жағдайдан жауынгерлік жағдайға және кері ауыстыру тәртібін пысықтады.
Экипаж құрамындағы басқару мен байланысты ұйымдастыруға ерекше назар аударылды. Тиісті нәтиже шешімді санаулы секунд ішінде қабылдаған командир, көздеуші және жүргізуші-механиктің үйлесімді жұмысына тікелей байланысты.
Атыс барысында 3-сыныпты сержант Райымбек Қалиахметов, аға сержант Ришат Семятов және 3-сыныпты сержант Санат Бұтабаев ерекше көзге түсті.
Жауынгерлік атыстар танк бөлімшелерінің кәсіби дағдыларын тексеру және жетілдірудің кезекті кезеңіне айналды. Жинақталған тәжірибе әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлық деңгейін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.

07 сентября 2026
Астанада орман өрттерінің салдарын жоюға қатысқан әскери ұшқыштар марапатталды

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов өрт апатымен күресте жоғары кәсіби шеберлік, батылдық пен ерлік көрсеткен Әуе күштерінің әскери қызметшілеріне мемлекеттік наградалар табыс етті.
Мемлекеттік наградалар Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты мен Павлодар өңіріндегі табиғи өрттерді сөндіруге белсенді қатысқан әскери ұшқыштарға берілді. Өртке қарсы іс-шаралар барысында авиация экипаждары жалпы көлемі шамамен 230 тонна болатын суды 115-тен астам рет әуеден төкті.
Қорғаныс ведомствосының басшысы әскери ұшқыштарға мінсіз қызметі, табандылығы және әскери борышына адалдығы үшін шынайы алғысын білдірді. Оның айтуынша, мемлекеттік наградалар – әскери қызметшілердің табиғи апатпен күресте көрсеткен жанқиярлығы, төзімділігі мен жауапкершілігіне берілген лайықты баға.
– Сіздер аса күрделі жағдайда жоғары кәсіби шеберлік, батылдық пен әскери антқа адалдық таныттыңыздар. Ауқымды табиғи өрттерді сөндіру кезінде шешімді әрі үйлесімді әрекет еттіңіздер. Қауіпті сәтке қарамастан, елді мекендерді, адамдардың өмірін және еліміздің табиғи байлығын қорғадыңыздар. Сіздердің шеберліктеріңіз бен ерліктеріңіздің арқасында тілсіз жаудың ауыр зардаптарының алдын алдыңыздар, – деді ол.
Қызметтік міндетін атқару кезінде көрсеткен ерлігі мен шебер әрекеті үшін Б. Момышұлы атындағы «Айбын» II дәрежелі орденімен 54835 әскери бөлімі командирінің орынбасары подполковник Айдын Сағиев марапатталды.
«Жауынгерлік ерлігі үшін» медаліне авиациялық борттың аға техниктері капитан Сергей Грибанов (54835 әскери бөлімі) және капитан Асхат Ізмағамбетов (19132 әскери бөлімі) лайық деп танылды.
Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен Әскери-әуе күштері қолбасшылығы басқармасы жауынгерлік даярлық басқармасының аға инспектор-ұшқышы полковник Дәурен Қарақатов марапатталды.
Табиғи өрттердің салдарын жоюға әскери авиацияны тарту – ел тұрғындары мен аумақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды бағыттардың бірі.
Жоғары мемлекеттік марапатқа ұсынылған әскери қызметшілердің барлығы – 1-сыныпты мамандар. Олардың әрқайсысының 1500 сағаттан астам ұшу тәжірибесі бар.
Мемлекеттік наградалар әскери қызметшілердің жоғары кәсіби даярлығы мен ерлігіне берілген лайықты баға болды. Олардың табанды әрі үйлесімді әрекеттері табиғи өрттердің зардабын азайтып, адамдардың өмірі мен еліміздің табиғи байлығын қорғауға мүмкіндік берді.

Жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін ұстау
06 сентября 2026
Астанада әскерге шақырылушылардың алғашқы легін Шекара қызметіне шығарып салды

Елордада Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің жинау пункті базасында әскерге шақыру жасындағы жастарды Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің қатарына шығарып салу салтанатты рәсімі өтті.

Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің, ҰҚК Шекара қызметінің өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ әскерге шақырылушылардың туған-туыстары мен жақындары қатысты. Бозбалалар Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауылында орналасқан, жарты ғасырдан астам тарихы бар әрі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғау бойынша маңызды міндеттерді атқаратын әскери бөлімде қызмет ететін болады.

– Отан шебін қорғау – үлкен мәртебе әрі зор абырой. Осыған лайықты ұл тәрбиелеп өсірген ата-аналарға шынайы алғысымды білдіремін. Әскерге шақырылушыларға мықты денсаулық, сенімділік, төзімділік пен әскери істі меңгеруде табыс тілеймін. Бұл қызмет сіздер үшін тұлға ретінде қалыптасу мен жарқын болашақ құру жолындағы маңызды қадам болсын, – деді Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілі, запастағы полковник Ғани Артықов.

Әскерге шақырылушылардың арасында жергілікті әскери басқару органына өз еркімен келген 19 жасар Берік Иноятов та бар. Ол биыл Астана қаласының Жоғары медициналық колледжін аяқтаған.

– Нағыз азамат өз уақытында әскерде борышын өтеп, Отан алдындағы міндетін орындауы тиіс деп есептеймін. Бұрын шекарадағы қызмет туралы фильмдерді қарайтын едім, ал енді өзім осы атмосфераға еніп, нағыз өмір мектебінен өтіп, өзімді шыңдай түсемін. Мемлекеттік шекараны қорғауға өз үлесімді қоса алатыныма мақтанамын және әскери борышымды абыроймен орындауға тырысамын, – деп өз ойымен бөлісті. Шақырылушы Серікболсын Айнабековтің әжесі әскерге екінші немересін шығарып салып отыр.

– Биыл дәл осы жерден үлкен немерем Диасты Шекара қызметіне шығарып салған едік. Ол қызметін аман-есен өтеп, оралды. Бүгін кезек Серікболсынға келді. Ол да ағасының жолын қуып, шекарада қызмет ететін болады. Бұл біздің отбасымыз үшін үлкен мақтаныш әрі жауапкершілік. Жігіттерімізге шын жүректен мықты денсаулық, төзімділік және сәтті қызмет тілеймін, – деді ол.

Әскери қызметті өткеру кезеңінде сарбаздарға кредиттік демалыстар беріледі. Бұдан бөлек, запасқа шығарылғаннан кейін жауынгерлік даярлықтың үздіктері ҰБТ тапсырмай-ақ елдің жоғары оқу орындарына мемлекеттік грантқа түсе алады. Не болмаса келісімшарт бойынша әскери қызметін жалғастыруға мүмкіндіктері бар.

Биыл Астанадан мерзімді әскери қызметке 1 400 азамат аттанады, олардың 190-ы ҰҚК Шекара қызметіне барады.

Социальные сети
Instagram
Twitter
Меню подвал
Экран дикторы
Құпиялылық саясаты
Терминдер мен қысқартулар
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің сайты