«Ақтас» полигонында өткен әскери міндеттілердің жиыны аумақтық қорғаныс бригадасының тактикалық-арнайы оқу-жаттығуымен аяқталды.
Он күн ішінде жүзден астам әскери міндетті мемлекеттік-құқықтық, тактикалық, арнайы және атыс даярлығы бойынша сабақтардан өтті. Жалпы, оқыту 18 пән бойынша өтіп, оның ішінде тосқауыл бекеттеріндегі іс-қимыл, күзет міндеттерін орындау және шартты қарсыластың шабуылына тойтарыс беру де қамтылды. Аталғаннан бөлек республикалық маңызы бар әскери және стратегиялық объектілерді қорғау кезіндегі күзет, қорғаныс және жауынгерлік үйлесімділік мәселелері де пысықталды.
– Оқу-жаттығу жиыны әскери міндеттілердің кәсіби деңгейін арттыруға ықпал етіп қана қоймай, аумақтық қорғаныс жүйесін нығайтады. Әр сабақтың мазмұны мен тиімділігіне ерекше назар аударылды, – деп атап өтті Шымкент қаласының аумақтық қорғаныс бригадасының командирі полковник Бақытжан Әшімов.
Жиын қорытындысы бойынша ерекше көзге түскен әскери міндеттілер марапатталып, бірқатар қатысушыларға кезекті әскери атақтар берілді.
Айта кетер болсақ, әскери міндеттілер үшін жиын кезеңінде жұмыс орнының орташа жалақысы сақталады. Бұдан басқа, оларға қосымша төлемдер, тамақпен және киім-кешекпен қамтамасыз ету көзделген.
Қазақстан мен БАӘ қорғаныс ведомстволары әскери қызметшілерінің кездесуі ҚР Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығында өтті.
Тараптар әскери ынтымақтастықтың жауынгерлік даярлық саласындағы ықтимал бағыттарын талқылады.
Түркістан облысында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының механикаландырылған бригадасына көктемде әскерге келген 200-ге жуық сарбаз алғашқы жауынгерлік атыстарды орындап, ұрысқа барынша жақын жағдайда іс-қимылдарды пысықтады.
Жас жауынгерлер АК-74 қаруынан іс жүзінде алғаш рет оқ атып, қарсыластың шартты броньды көліктеріне жертөледе жатып қол гранаталарын лақтырды, оған қоса танк сынағынан өтті. Жас жауынгерлер 40 тонналық шынжыр табанды машина мен зуылдаған оқ астында қорқынышты жеңіп, шартты қарсыластың сауытты көлігін жоюды үйренді.
Әскери қызметшілерге практикалық іс-қимылдар алдында Т-72 танкінің, атыс қаруы мен жарылғыш заттардың тактикалық-техникалық сипаттамаларын зерделеу сабақтары өткізілді. Сынақтардың барлық кезеңдерін бірінші болып командирлер мен сержанттар өтті, жауынгерлік тапсырмаларды орындау техникасын бірінші өздері көрсетіп, содан кейін әскерге жаңа келгендер орындап шықты.
– Бүгін біз алғаш рет жауынгерлік қарудан оқ атып, граната лақтырып, жертөлелер мен түтін арасынан, сым қоршаулардан өттік. Мұның бәрі зуылдаған оқ пен танк гүрілінің астында болды. Ұмытылмайтын сәттер. Енді біз – нағыз сарбаздармыз, – деп бөлісті қатардағы жауынгер Кирилл Петров.
Командирлердің пікірінше, дәл осындай жаттығуларда әскери қызметшілердің жауынгерлік және дене шынықтыру деңгейі артып, төзімділік, байсалдылық және жылдам ден қою қабілеті дамиды.
Практикалық сабақтар аяқталғаннан кейін бөлімше командирлері қорытынды шығарды. Олар жеке құрамның жұмылу деңгейін жоғары деп атап өтіп, жауынгерлерді алғашқы әскери дайындық курсының маңызды кезеңдерінің бірін сәтті өтуімен құттықтады. Алда әлі әскери ант қабылдау және Отан игілігі жолында қызметті жалғастыру күтіп тұр.
Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжде Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары болды.
Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев кіші командалық құрамның мамандарын даярлаудың қолданыстағы жүйесі, бейінді комитет мүшелерін кадеттерді іріктеу тәртібі жайынан хабардар етті.
Заң шығарушы билік өкілдері оқу орнының инфрақұрылымымен, оның материалдық-техникалық базасымен, кадеттер мен мерзімді қызмет сарбаздарының тұратын жерімен, тамақтану және медициналық көмек көрсету шарттарымен танысты. Олар казармаға, асханаға, спортзалға барып, медициналық кабинеттің қалай жабдықталғанын көрді.
Депутаттар әскери бейіндегі мамандардың беделін арттыру жөніндегі пікірлерін айтты, сонымен қатар кәсіптік бағдар беру жұмысын күшейтуді ұсынды. Мәжіліс депутаты Айдос Сарым колледжге негізінен оңтүстік облыстардан келген жастар түсетініне назар аударды. Оның пікірінше, мотивациялық факторлардың бірі білім алушыға азаматтық өмірде де пайдалы болатын мамандық алу мүмкіндігі болуы керек. Ол барлық аймақтардағы мектептерде колледж түлектеріне арналған преференциялар туралы ақпараттандыру жұмыстарын өрбітуді ұсынды.
Сапар барысында депутаттарға колледж тәрбиеленушілерінің мәдени бос уақытын, әскери-патриоттық тәрбиесін және спортпен шұғылдануын ұйымдастыру жайы да айтылды. Қонақтар мұражайға, оқу орнының кітапханасына және спортзалға барды.
Іс-шара соңында депутаттар әскери колледждің жеке құрамымен кездесті. Мәжілісмендер әскери білім мен әскери қызметке қатысты заңнаманың ережелеріне түсініктеме беріп, оны жетілдіру жөніндегі көзқарасымен бөлісті.
Атаулы күнге орай Ұлттық әскери-патриоттық орталықта салтанатты іс-шара өтті.
Оған Қорғаныс министрлігінің басшылығы, әскери-техникалық мектептер, оқытушылар, Қарулы күштердің ардагерлері мен курсанттар қатысты.
Жиналғандарды Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев маңызды күнмен құттықтады. Ол негізгі миссияся жұмылдыру ресурсын толықтыру үшін әскерге шақырылушылар мен әскери дайындалған резервті сапалы дайындау болып табылатын мекеменің тарихы бай екенін атап өтті.
Генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев бұдан басқа жұмысшы мамандықтар жылы әскери-техникалық мектептердің қорғаныс қабілеті мен мемлекеттің тиімді дамуына қажетті мамандарды сапалы даярлаудың рөлі мен жауапкершілігі едәуір артқанын алға тартты.
Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектептері Ақтөбе, Алматы, Атырау, Қарағанды, Көкшетау, Қызылорда, Павлодар, Семей, Талдықорған, Тараз, Өскемен, Орал және Шымкент қалаларында жұмыс істейді. Мекемелер атқыш, мерген, граната лақтырушы, барлаушы, ҰҰА операторы, "B, C, C1" санатындағы жүргізуші, МТЛБ механик-жүргізушісі, радиотелеграфист сияқты әскери-есептік мамандықтар бойынша азаматтарды даярлау бағдарламаларының кең спектрін іске асырады. Уақыт талаптарын ескере отырып, мамандықтар тізімі үнемі кеңейіп отырады.
– Біздің мекеме қорғаныс және азаматтық бейіндегі мамандарды даярлау жүйесіндегі маңызды буыны, кәсібиліктің, патриотизмнің және Отанға адалдықтың тірегі болды. Біз жүріп өткен жол – беріктіктің, тұрақтылықтың және ынтымақтастықтың жоғары сапасының дәлелі. Ширек ғасыр – біз оқыған, оқытқан, жетілдірген және кәсіби мәдениетті қалыптастырған, лайықты азаматтардың жаңа буынын, мемлекетіміздің қорғаушыларын тәрбиелеп шығарған уақыт, – деді өз сөзінде ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери-техникалық мектебінің бас директоры генерал-майор Әділбек Алдабергенов.
Әскери-техникалық мектептің 25 жылдығына орай бірқатар әскери қызметшілер, мамандар мен ардагерлер "Ел қорғаны" ведомстволық медалімен, Қорғаныс министрі мен Әскери-техникалық мектептің бас директорының атынан грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Салтанатты шара Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың шығармашылық ұжымы дайындаған концерттік бағдарламамен аяқталды.
Әскери бөлімдерде, әскери жоғары оқу орындарында, колледждер мен мекемелерде Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 101 жыл толуына арналған іс-шаралар өтті.
Ақмола облысының Ақкөл қаласында Тәуелсіз Қазақстанның бірінші қорғаныс министрінің ескерткішінде митинг өтті. Оған Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев пен Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы вице-адмирал Серік Борамбаев, атқарушы билік пен қоғам өкілдері, Қарулы күштердің әскери қызметшілері мен ардагерлері қатысты.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеушілер аты аңызға айналған әскери қолбасшы Сағадат Нұрмағамбетовтің Қазақстан армиясының қалыптасуы мен дамуына қосқан зор үлесін, оның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлігін және бейбіт уақытта Отанға мінсіз қызметін атап өтті. Батырды бір минут үнсіздікпен еске алып, оның ескерткішке гүл себеттерін қойды.
Алматыда Сағадат Нұрмағамбетов тұрған үйдегі мемориалдық тақтада қолбасшылықтың, гарнизон әскери қызметшілерінің, әкімдік өкілдерінің, замандастарының, ардагерлердің, оқытушылардың, жоғары әскери оқу орындарының курсанттарының және батырдың қызы Айсұлу Нұрмағамбетованың қатысуымен жиын өтті.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Астана мен Мәскеуде әскери шерулер өтті. Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеев кеңестік кезеңде 1965, 1985, 1990 жылдары Сағадат Қожахметұлы Жеңіс парадын өзі басқарғанын еске салды. Кейінгі жылдары, 1995 жылдан бастап, мұндай шерулерді ол Тәуелсіз Қазақстанда ұйымдастырды.
– Менің әкем әрқашан аға буынның, онымен бірге қызмет еткен адамдардың жадында қалады. Өскелең ұрпақ үшін ол өз Отанын сүйетін нағыз азаматтың үлгісі. Армия оның үйі, екінші тынысы болатын. Ол атақ үшін емес, елі үшін қызмет етті, – деді Айсұлу Сағадатқызы.
Жиналғандар ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойды. Әскери оркестрдің үнімен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері, әскери оқу орындары мен әскери-техникалық мектептің курсанттары салтанатты маршпен жүріп өтті.
Мұндай шара әскер қолбасшысы Сағадат Нұрмағамбетов жерлеген Кеңсай зиратында да өтті. Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманының қабірінің жанындағы ескерткіште әскери қызметшілер оның мемлекеттік наградаларының көшірмелерін орнатты.
Жамбыл облысының Гвардейск гарнизонында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы саябақта митинг өтіп, аты аңызға айналған қолбасшының бюстіне гүл себеттері қойылды. Қатысушылар батырды бір минут үнсіздікпен еске алды. Отанның аңызға айналған ұлының құрметіне салют командасы қарумен салтанатты түрде дүркіндетіп оқ атты.
Астана мен Алматыдағы республикалық маңызы бар қалаларда әскери колледждің және Құрлық әскерлері әскери институтының басшылығы, жеке құрамы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің бюстіне гүл шоқтарын қойды.
Ұлы Отан соғысының батырын еске алу үшін әскери бөлімдерде оның өмірі мен жауынгерлік жолы туралы деректі фильмді тамашалау шаралары өтті. Әскери жоғары оқу орындарының курсанттық бөлімшелерінде жеңімпаздар дәуірінің даңқты өкілі, нағыз патриот Сағадат Нұрмағамбетов туралы өлеңдерді орындаудан челлендждер ұйымдастырылды.
Мамырдың әр төртінші жексенбісінде ҚР Қарулы күштерінің Мәдениет және өнер қызметкерлері кәсіби мерекесін атап өтеді.
Қазақстан армиясындағы шығармашылық кәсіптер өкілдерін біріктіретін орталық мәдениет мекемесі – Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы көпфункционалды мекеме болып табылады. Бұл орталық 2015 жылы ашылды. Оған Орталық ансамбль, Орталық әскери оркестр және өңірлік гарнизондардың филиалдары кіреді.
Орталықта жиырма мыңнан астам экспонаты бар Қарулы күштердің Әскери-тарихи музейі жұмыс істейді. Мекеме мамандары сирек кездесетін тарихи және мәдени ескерткіштерді дәріптеу, оқ-дәрілерді, қару-жарақтарды, әскери тарихқа қатысты бірегей құжаттар мен фотосуреттерді сақтау жөнінде қажырлы жұмыс атқарып келеді.
Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге көп көңіл бөлінеді. Бүгінде 280 мыңнан астам бала мен жасөспірім «Жас сарбаз» республикалық балалар-жасөспірімдер қозғалысына біріктірілді. Қозғалыс тәрбиеленушілері әскери-патриоттық клубтарда, «Жас сарбаз» сыныптарында және Smart Sarbaz үйірмелерінде әскери істің негіздерін меңгеруде. ҰӘПО жанындағы «Жас сарбаз» шығармашылық студиясында Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қызметшілерінің балалары домбыра тартуды, ән салуды және хореографияны үйренеді.
Ұлттық әскери-патриоттық орталықта үшінші жыл қатар мерзімді қызмет сарбаздарының шығармашылық взводы әскери борышын өтейді. Қызмет аяқталған соң жастар алдында жаңа мүмкіндіктер ашылады. Олар жоғары оқу орындарына жеңілдік шарттарымен түсе алады немесе Қарулы күштердің шығармашылық ұжымдарында келісімшарт бойынша қызметін жалғастыруына болады.
Қарулы күштердің мәдениет және өнер қызметкерлері өздерінің күнделікті еңбектерімен патриотизмді қалыптастыруға, елдің мәдени мұрасын сақтауға және нығайтуға елеулі үлес қосып келеді.
68665 әскери бөлімінде жарыстар өтіп, нәтижесінде Ақтөбе қаласында өтетін XI халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынына қатысатындар анықталды.
Жас патриоттар белтемірге (ұлдарда) тартылу, ішті қатайту (қыздар), әскерилендірілген кросс, арқан тарту, пневматикалық мылтықтан ату, АК-74 автоматын ішінара құрастырып-бөлшектеу, жалпы әскери қорғаныс жиынтығын кию және Smart Sarbaz зияткерлік ойындары сияқты пәндерде бағын сынады.
– Үш күндік далалық жиын барысында «Айбын» XI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында Астананың намысын қорғайтын үздік үш команданы анықтадық. Биыл бұл сайыс Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орайластырылып отыр, – деді «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының елордалық филиалының төрағасы Асхат Налшыбек.
Жарыс қорытындысына келсек, бірінші орынды «Сарайшық» ауданының «Ақсұңқар» командасы, екінші орынды – «Сарыарқа-2» ауданының командасы, үшінші орынды – «Үміт» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері жеңіп алды.
Бұдан өзге іріктеу турына 7 команда құрамында 150 ұл-қыз қатысқанын айта кетелік.
Қазақстандық бітімгерлік контингентінің орналасқан жеріне «Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлінген аумақты бақылау жөніндегі күштері» БҰҰ миссиясының қолбасшысы генерал-майор Анита Асма танысу сапарымен келді.
Бұл қолбасшының рота ротацияға кеткеннен кейінгі бітімгерлік базаға алғашқы сапары. Генерал-майор Анита Асма қазақстандық бөлімше қолбасшылықтың резерві екенін және оқиға болған жағдайда БҰҰ персоналын эвакуациялау, құтқару және қорғау жөніндегі міндеттерді орындайтынын атап өтті.
UNDOF миссиясының қолбасшысы қазақстандық бітімгерлердің кәсіби шеберлігі оларға жүктелген барлық міндеттерді ойдағыдай орындауға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Аналар күніне орай сарбаздар аналарының II республикалық форумы өтті.
«Әскердегі азаматтың қызметіндегі ана даналығы» ұранымен өткен бұл шара армия, мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық қоғам өкілдері арасындағы ашық диалог алаңына айналды.
Форумға Парламент Мәжілісінің депутаттары, атқарушы биліктің, бейінді министрліктер мен ведомстволардың, Мемлекеттік күзет қызметінің, ҰҚК Шекара қызметінің, Ұлттық ұланның, Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері, сондай-ақ «Аналар жүрегі» сарбаздар аналары комитетінің және оның өңірлік филиалдарының мүшелері қатысты.
Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов өз сөзінде әскери қызметшілердің отбасыларын армияның қоғамдық өміріне белсенді тарту және әскерге шақырылушылардың моральдық және патриоттық қасиеттерін қалыптастырудағы ананың рөлі арқылы халықтың әскери қызметке деген сенімін нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Дөңгелек үстел барысында Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан, ҰҚК Шекара қызметі, Әскери прокуратура, Денсаулық сақтау министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілдерінің баяндамалары тыңдалды. Мерзімді қызмет өткеру шарттары, әскери қызметшілерді заттай мүлікпен және тамақпен қамтамасыз ету, әскерге шақырудың ашықтығы, отбасылармен өзара қарым-қатынас, моральдық-психологиялық қолдау, сарбаздарды құқықтық қорғау және мерзімді қызметтегілер үшін білім беру мүмкіндіктері мәселелері талқыланды.
«Аналар жүрегі» сарбаздар аналары комитетінің төрайымы Лилия Хайруллина әскери бөлімдердің басшылығымен диалог құрудың және әскердегі қызметтің қауіпсіз, әлеуметтік тұрғыда қорғалған және беделді болуға жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтіп, сонда жастар армияға өз еркімен барады, ал олардың туыстары командирлерге сенім артады деді.
Форумда ұйымдастырылған жауынгерлік дайындықта үздік нәтижелерге қол жеткізген ұлдардың аналарымен кездесулері тосынсый болды. Жас жауынгерлерге 10 күндік демалыс беріліп, ынталандырылды. Осындай лайықты ұлдар тәрбиелеген аналарға ведомстволар мен сарбаздар аналары комитеті басшыларының атынан грамоталар, алғыс хаттар және бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Форум қорытындысы бойынша ұсыныстардың ресми хаттамасы орындаушыларды, мерзімдерін және күтілетін нәтижелерді нақты белгілей отырып, толтырылды, бұл барлық тартылған тараптардың одан әрі бірлескен іс-әрекетінің жол картасы болмақ.