Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық бөлімшелері мемлекеттік фитосанитариялық бақылау жүргізу барысында Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Павлодар және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында Қазақстан аумағына қауіпті карантиндік организмдерді кіргізуге жол бермеді.
Тексеру барысында инспекторлар зертханалық зерттеу жүргізу үшін сынамалар алды.
«Фитосанитария» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалдары жүргізген сараптама нәтижесінде өнімнің жекелеген партияларынан ауыл шаруашылығы және орман алқаптарына қауіп төндіретін карантиндік нысандар анықталды.
Атап айтқанда, Астана қаласы мен Павлодар облысында көлемі 268 текше метр орман және ағаш материалдарынан қарағай сүрекші қоңызының (Monochamus galloprovincialis) залалдауы расталды.
Батыс Қазақстан облысында жалпы салмағы 397 тоннадан асатын дәнді және майлы дақылдар партияларынан, оның ішінде арпа, мақсары және зығырдан карантиндік арамшөптер — ащы жусан және сұңғыла анықталды.
Жамбыл облысында 1 тонна жас өріктен шығыс жеміс жемірі (Grapholita molesta) мен калифорниялық қалқанша сымыры (Diaspidiotus perniciosus) табылды.
Ақтөбе облысында салмағы 0,8 тонна айсберг салатының партиясынан батыс гүл трипсі (Frankliniella occidentalis) анықталды.
Сонымен қатар, Түркістан облысындағы «Б. Қонысбаев» өткізу бекетінде Өзбекстан Республикасынан әкелінген жалпы салмағы 1,55 тонна екі анар партиясынан Комсток сымыры табылды.
Өзбекстаннан, Қырғызстаннан және Ресейден жеткізілген залалданған карантинге жатқызылған өнім экспорттаушы елдерге кері қайтарылды.
Фитосанитариялық талаптарды бұзған тұлғаларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қозғалды. Материалдар сот органдарына жолданып, нәтижесінде әкімшілік айыппұлдар салынды.
Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттаушылар мен жеткізушілерге фитосанитариялық талаптарды қатаң сақтаудың қажеттігін ескертеді.
Карантинге жатқызылған өнімді әкелу және тасымалдау кезінде белгіленген талаптарды сақтау Қазақстан аумағына қауіпті карантиндік организмдердің енуін дер кезінде анықтап, олардың таралуына жол бермейді. Бұл — елдің фитосанитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды шаралардың бірі.
Өңірлерде мал азығын дайындау науқаны жалғасуда.
Облыс әкімдіктерінің жедел деректеріне сәйкес, бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер алдағы қысқы қорада ұстау кезеңіне қажетті барлық түрде 36,7 млн тонна жемшөп дайындады. Бұл жоспарланған көлемнің 89%-ын құрайды.
Қазіргі уақытта 25,9 млн тонна шөп дайындалды, бұл жоспардың 101,2%-ын құрайды. Сондай-ақ 2,3 млн тонна пішендеме (жоспардың 100,3%-ы), 2,9 млн тонна құрама жем (жоспардың 50,1%-ы), 1,8 млн тонна сүрлем және 3,7 млн тонна сабан дайындалды.
Қысқы қорада ұстау кезеңін оңтайлы өткізу және сақтандыру қорларын қалыптастыру мақсатында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» акционерлік қоғамы 201,3 мың тонна астық көлемінде жемдік қор қалыптастырды. Қажет болған жағдайда бұл резерв ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жемшөп ресурстарымен қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын болады.
Науқан еліміздің барлық өңірінде жалғасуда. 2026–2027 жылдардағы қысқы қорада ұстау кезеңі басталғанға дейін 25,7 млн тонна шөп, 2,3 млн тонна пішендеме, 2,8 млн тонна сүрлем, 4,8 млн тонна сабан және 5,7 млн тонна құрама жем дайындау жоспарланып отыр.
Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, жемшөп дайындау барысын қатаң бақылауда ұстап отыр. Жүргізіліп жатқан мониторинг пен резервтерді уақтылы қалыптастыру мал шаруашылығы субъектілерін қажетті жемшөп қорымен қамтамасыз етуге және алдағы қысқы кезеңді ойдағыдай өткеруге бағытталған.
Азық-түлік келісімшарт корпорациясы егін жинау науқаны кезінде өз қорларындағы бос астық көлемін азайтуда. Шілде-тамыз айларында ұлттық астық операторы Түркістан облысына бидай тиелген 427 вагон жөнелтті.
Жалпы, өңір Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарындағы элеваторлардан 30 мың тонна астық өнімін алды. Жеткізілген астықтың басым бөлігін үшінші және төртінші сыныпты бидай құрады. Астықты өңірлер арасында қайта бөлу бидай өндіру мүмкіндігі климаттық және топырақ жағдайларына байланысты шектеулі өңірдегі азық-түлік теңгерімін сақтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар солтүстік өңірлерден астық жөнелту жаңа өнімді қабылдау үшін элеваторлардың сыйымдылығын босатуға жол ашады. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров егін жинау науқанына дейін астық қабылдау инфрақұрылымын уақтылы дайындауды тапсырған болатын.
Бос астық қорларының азаюы мемлекеттік қорға әсер етпейді. Корпорацияның астық базаларында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған 500 мың тонна азық-түлік астығы тұрақты түрде сақталады.
Тағы 200 мың тоннаны тұрақты жем қоры құрайды. Ол құс және мал шаруашылығы кәсіпорындарын, құрамажем өндіретін зауыттарды қолдау үшін пайдаланылады. Сондай-ақ құрғақшылық, төтенше жағдайлар немесе өзге де күтпеген жағдайлар туындаған кезде бұл қорды пайдалануға болады.
Астық қорлары Азық-түлік келісімшарт корпорациясының еншілес кәсіпорны – «Астық қоймалары» серіктестігінің астық базаларында және серіктес элеваторларда сақталады. Олардың жалпы астық сақтау сыйымдылығы 8,9 млн тоннадан асады.
Азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясат пен негізгі тәсілдерді Ауыл шаруашылығы министрлігі айқындайды. Ал ұлттық оператор ретінде Азық-түлік келісімшарт корпорациясы астықты сатып алуды, сақтауды және өңірлер арасында қайта бөлуді жүзеге асырады.
Жыл сайын астық қоры ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден астық сатып алу арқылы толықтырылып, жаңартылып отырады. Егін жинау аяқталғаннан кейін форвардтық бағдарламаға қатысатын шаруалар астықты мемлекеттік қорға жеткізе бастайды. Бұдан бөлек, ұлттық оператор қорды толықтыру және жаңарту мақсатында нарықтан тауарлық астық сатып алады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) Астана қаласында ветеринария саласы мамандарына арналған практикалық семинар өткізуде. Бес күндік оқу барысында мамандар эпидемиологиялық қадағалау жүргізу, тәуекелдерді бағалау және жануарлар арасында таралатын жұқпалы аурулардың алдын алу мен бақылау бойынша білімдері мен тәжірибелік дағдыларын жетілдіреді.
Аталған семинар ФАО-ның Қазақстан мен Орталық Азия елдеріндегі ветеринариялық эпидемиология саласының әлеуетін арттыруға бағытталған тұрақты қолдауы аясында ұйымдастырылып отыр. Бұл жұмыс ветеринариялық-эпидемиологиялық қадағалау жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ жануарлардың жұқпалы ауруларының алдын алу және олармен күресу тәсілдерін одан әрі дамытуға бағытталған.
Семинарға Қазақстанның түрлі өңірлерінен ветеринария саласының мамандары қатысуда. Оқу барысында олар эпидемиологиялық қадағалау жүргізу, тәуекелдерді бағалау және ауру жағдайларын жан-жақты зерттеу бойынша тәжірибе жинақтайды.
«Эпидемиология саласындағы кәсіби дағдыларды дамыту ветеринариялық қызметтердің ауруларды дер кезінде анықтап, негізгі тәуекелдердің қай жерде және қандай деңгейде шоғырланғанын бағалап, соған сәйкес жедел әрі нақты шаралар қабылдауы үшін өте маңызды. Бұл семинар қатысушыларға күнделікті жұмысында қолдана алатын құралдарды меңгеруге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, олар эпидемиологиялық қадағалау деректерін талдаудан бастап, ауру ошақтарын зерттеу және тәуекелдерді бағалауға дейінгі жұмыстарды қамтиды», — деді ФАО-ның ветеринариялық эпидемиологы Хавьер Гитьян-Мартинес.
Семинар бағдарламасы ветеринариялық эпидемиологияның жануарлар денсаулығын қорғаудағы маңызын түсіндіруге және оның мүмкіндіктерін кеңінен қолдануға арналған.
Оқу сессиялары барысында қатысушылар аталған саланың негізгі қағидаларымен танысып, деректерді талдау мен түсіндіру, тәуекел факторларын анықтау және бағалау, сондай-ақ жұқпалы аурулардың жекелеген жағдайлары мен өршу себептерін зерттеу әдістерін игереді.
Теориялық сабақтардың нақты жағдайларға негізделген жаттығулар мен түрлі іс әрекеттермен ұштастырылуы қатысушылардың алған білімдерін іс жүзінде бекітеді. Мұндай тәсіл мамандардың жануарлар денсаулығына қатысты күнделікті міндеттерді тиімді шешуге қажетті практикалық дағдыларын нығайтуға ықпал етеді.
Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының құрамындағы Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары бал мен зімбір негізінде алкогольсіз, адам ағзасына пайдалы сусын дайындау технологиясын әзірледі.
Жобаның басты ерекшелігі – Қазақстанда мұндай сусынды дайындауда осыған дейін бал мен зімбір бірге қолданылмаған. Ғалымдар екі табиғи өнімді бір құрамда алғаш рет ұштастырып, олардың пайдалы қасиеттерін мүмкіндігінше сақтап қалуға бағытталған өңдеу тәсілін әзірледі.
Жоба аясында институт мамандары сусынның 40 түрлі құрамын жасап, сынақтан өткізді. Зерттеу нәтижелері, дәмі мен иісіне қатысты бағалау, сондай-ақ өндірістік және қаржылық тиімділігі ескеріліп, ең қолайлы төрт құрам таңдап алынды.
Зерттеу барысында дайын сусындардың құрамында антиоксиданттардың мол екені анықталды. Өнімді әзірлеу кезінде бал мен зімбірдің құрамындағы пайдалы әрі әсерлі заттардың өндірістің әр кезеңінде барынша сақталуына ерекше мән берілді. Осы қасиеттер сусынның адам денсаулығына пайдалы бағытта жасалғанын көрсетеді.
Жаңа технологияның маңызы – отандық омарташылық өнімдерін тағам өндірісінде кеңінен пайдалануға жол ашуында. Қазақстанда бал өндіру көлемі жоғары болғанымен, оны пайдалы сусындар жасауға өндірістік тұрғыда пайдалану әлі де жеткіліксіз. Жаңа тәсіл бал өнімдерін өңдеудің жаңа бағытын қалыптастырып, құны жоғары дайын өнім шығаруға жол ашады.
Әзірленген технологияға елімізде пайдалы модельге берілетін патент алынған. Сонымен қатар алкогольсіз және құрамында спирті аз сусындарды өндірістік жолмен дайындауға арналған әдістемелік ұсынымдар әзірленді.
Қазіргі таңда жаңа технологияны тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарына енгізуге болады. Бұл отандық пайдалы сусындардың түрін көбейтіп, бал өнімдерін тереңірек өңдей отырып, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы ғалымдарының ғылыми жұмыстарын өндіріске енгізуге серпін береді.
Осы ұсынымдарды «Дәнді және майлы дақылдар. Қазақстан» зерттеу бюросы әзірледі.
Дәнді дақылдар
Астық нарығы біртіндеп қалыпты жұмыс режиміне қайта оралуда.
|
тг/кг, ҚҚС-пен, элеватордан |
Ағымдағы орташа баға (элеватор) |
Өзгерістер |
Ұсынымдар |
Ықтимал ең жоғары баға |
Ықтимал ең төменгі баға |
|
жұмсақ бидай 3 кл, 28 клк + |
111 |
- |
ТОҚТАТУ |
145 |
- |
|
жұмсақ бидай 3 кл, 25 клк дейін |
92 |
- |
ТОҚТАТУ |
120 |
- |
|
жұмсақ бидай 3 кл ,23 клк дейін |
88 |
- |
ТОҚТАТУ |
110 |
- |
|
жұмсақ бидай 4 кл, 20 клк дейін |
80 |
- |
ТОҚТАТУ |
110 |
- |
|
жұмсақ бидай 5 кл, 17 клк дейін |
70 |
- |
ТОҚТАТУ |
100 |
- |
|
арпа 2 кл |
67 |
- |
ҚАЖЕТТІЛІГІНЕ ҚАРАЙ |
95 |
- |
|
Қатты бидай (прот 14+) |
93 |
- |
ҚАЖЕТТІЛІГІНЕ ҚАРАЙ |
120 |
- |
|
Қатты бидай(прот 15+) |
106 |
- |
ҚАЖЕТТІЛІГІНЕ ҚАРАЙ |
140 |
- |
*Қызылмен – бір аптада төмендегені, жасылмен – көтерілгені, барлық бағалар – жаңа егіндік кезеңіне
Майлы және бұршақты дақылдар
Майлы дақылдар нарығы тұрақтанып келеді. Бұл ретте нарық қатысушылары жаңа өнім көлемі мен экспорттық сұранысты ескере отырып, бағаның алдағы уақытта қалыптасуын күтуде.
Асбұршақ бағасы өсті.
|
тг/кг, ҚҚС-пен, элеватордан |
Қазіргі баға |
Өзгерістер |
Ұсынымдар |
Ықтимал ең жоғары баға |
Ықтимал ең төменгі баға |
|
Зығыр |
180 |
- |
ҚАЖЕТТІЛІГІНЕ ҚАРАЙ |
230 |
- |
|
Рапс |
202 |
-5 |
ҚАЖЕТТІЛІГІНЕ ҚАРАЙ |
230 |
- |
|
Күнбағыс |
221 |
- |
САТУ |
240 |
180 |
|
Сафлор |
178 |
- |
ҚАЖЕТТІЛІГІНЕ ҚАРАЙ |
200 |
150 |
|
Соя |
193 |
- |
ҚАЖЕТТІЛІГІНЕ ҚАРАЙ |
250 |
180 |
|
Қыша қара/ақ |
215 |
- |
ҚАЖЕТТІЛІГІНЕ ҚАРАЙ |
260 |
- |
|
Бұршақ (сары)* |
90 |
+5 |
САТУ |
145 |
- |
|
Жасымық қызыл** |
112 |
- |
САТУ |
200 |
- |
|
Жасымық (ірі тар) ** |
110 |
- |
САТУ |
250 |
- |
*-жоғары сапаға ие солтүстік өңірледе, **-ҚҚС-сыз жаңа егінді кезең курсивпен көрсетілген
Түсіндірме:
Ағымдағы баға – келісімшарттар жасалатын элеваторда немесе вагонда ҚҚС қоса есептегенде Қазақстан ішіндегі орташа межеленген бағалар. Бағалар аймаққа, сапа көрсеткіштеріне, жеткізу шарттарына байланысты өзгеруі мүмкін.
Ұсыныстар: стоп-сауданы неғұрлым тиімді бағаларға дейін тоқтата тұру ұсынылады; қажет болған жағдайда сату (техникалық, қаржылық); сату – тауарды сату ұсынылады, өйткені жақын арада қолайлы перспективалар күтілмейді.
Ең жоғары - бұл аталған брошюра авторларының ағымдағы сауда маусымында жетуі мүмкін сияқты көрінетін бағаның жоғарғы шегі. Бұл пікір түпкілікті емес және жағдайға байланысты өзгеруі мүмкін.
Ең төменгі - бұл ағымдағы маусымда қол жеткізе алатын бағаның төменгі шегі.
Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Halyk Bank агроөнеркәсіптік кешеннің деректерін бірыңғай цифрлық ортаға біріктіруге бағытталған «Halyk Farmer» жобасы бойынша жұмысты жалғастыруда.
Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Halyk Bank өкілдері АӨК-ке арналған цифрлық платформалар мен деректердің технологиялық инфрақұрылымын дамыту жолындағы басымдықтарды талқылады.
«Halyk Farmer» жобасы мал басын есепке алу, мәмілелер және салалық талдау деректерін бірыңғай цифрлық ортаға біріктіруді көздейді. Бұл салалық үрдістердің ашықтығы мен қадағалануын арттыруға, деректердің сапасын жақсартуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған цифрлық қызметтерді дамытуға жаңа мүмкіндіктер береді.
Кездесу барысында бизнес-процестерді үйлестіру, технологиялық шешімді таңдау, сондай-ақ Министрліктің ақпараттық жүйелеріндегі деректер қоймасына қойылатын талаптарды қалыптастыру мәселелері қаралды.
«АӨК-ті цифрлық трансформациялау – бұл, ең алдымен, үдерістердің қадағалануы, деректердің сапасы және сенімділік. Halyk Bank-пен бірлескен жоба мал басын есепке алу, мәмілелер мен салалық талдау деректерін бірыңғай цифрлық ортаға біріктіріп, саланың сенімді деректер қоймасын құруға жол ашады. Бұл ауыл шаруашылығын басқару тиімділігін арттырып, қазақстандық фермерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», – деп атап өтті ауыл шаруашылығы вице-министрі Таласбек Қанафин.
Деректердің бірыңғай инфрақұрылымын құру АӨК-ті одан әрі цифрландырудың негізіне айналады. Бұл мемлекеттік процестер мен салалық талдауды жетілдіруден бастап, бизнес пен фермерлерге арналған жаңа цифрлық сервистерді енгізуге дейінгі бағыттарды қамтиды.
«Halyk Farmer» жобасын іске асыру агросаланы цифрлық трансформациялау және Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамыту үшін заманауи технологиялық инфрақұрылым қалыптастыру жөніндегі жүйелі жұмыстың бір бөлігі.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі агроөнеркәсіп кешеніне қатысты ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысымен танысты.
Министр бірқатар шаруашылықтың тыныс-тіршілігін көріп, өндірістік әлеуеті мен алдағы даму жоспарларына назар аударды.
Солардың бірі – 6 мың бас сауын сиырға арналған «Евразия инвест» серіктестігінің тауарлық сүт фермасы.
Кешеннің 1,2 мың басқа арналған алғашқы кезеңі іске қосылған. Қазір 2,4 мың басқа арналған екінші кезеңнің құрылысы жүргізілуде. Үшінші кезеңнің құрылысын 2028 жылы бастау жоспарланған.
Кешен толық пайдалануға берілген кезде сауын сиыр саны 6 мың басқа жетпек. Төлін қоса есептегенде, жалпы мал басы 15 мыңнан асады. Шаруашылық жылына 70 мың тоннадан астам сүт өндіруді межелеп отыр.
Мұнымен қатар шаруашылықтың өзіндік жемшөп қорын қалыптастыру жұмыстары да қатар жүргізілуде. Компанияның жалпы жер қоры 56 мың гектарды құрайды. Оның 10 мың гектары – суармалы жер.
Шаруашылықтағы қуаттылығы 35 мың тонна элеватордың мүмкіндігін 50 мың тоннаға дейін арттыру көзделген. Өндіріс үдерістері автоматтандырылған. Ал дәнді және майлы дақылдардың сапасы шаруашылықтың жеке зертханасында тұрақты бақылауда.
Мұнда сыйымдылығы 17 мың тонна болатын заманауи көкөніс қоймасы да жұмыс істейді. Қазір тағы үш қойманың құрылысы жүріп жатыр. Жаңа нысандар іске қосылғанда өнім сақтау мүмкіндігі қосымша 35 мың тоннаға артады.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында «Асхат» шаруа қожалығы кейінгі үш жылда егіс алқабын 1 мың гектардан 18 мың гектарға дейін ұлғайтқан. Оның 1,2 мың гектары – суармалы жер.
Алдағы уақытта шаруашылық мал шаруашылығын да кеңейтуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, 1,5 мың басқа арналған тауарлық сүт фермасын салу және бір мезгілде 5 мың бас малды бордақылауға мүмкіндік беретін алаң құру көзделген.
Сонымен бірге 500 гектар алқапта картоп өсіруді қолға алып, суармалы жер көлемін 10 мың гектарға дейін жеткізу межеленген.
Министр барған келесі нысан – «МФ Рамадан» серіктестігінің тауарлық сүт фермасы. Мұнда құны 4,8 млрд теңге болатын өндіріс қуатын арттыруға бағытталған жоба жүзеге асырылуда.
Қазір фермада 1 мыңнан астам ірі қара бар. Мал басы 1,5 мыңға дейін жеткізілмек. Жоба толық аяқталғаннан кейін шаруашылық тәулігіне 27 тонна сүт өндіретін болады.
«Сүтті мал шаруашылығын дамыту – басым бағыттардың бірі. Бүгінде сүт өндіру көлемін арттырумен бірге, оны жоғары сапада отандық қайта өңдеу кәсіпорындарына үздіксіз жеткізу маңызды.
Бұл үшін заманауи тауарлық сүт фермаларын дамыту, малдың генетикалық әлеуетін жақсарту арқылы өнімділігін арттыру, автоматтандырылған технологияларды енгізу және өзіміздің жемшөп қорымызды қалыптастыру қажет. Осындай кешенді тәсіл өндірістік шығындарды азайтып, шаруашылықтардың тиімділігін арттырады», – деді Айдарбек Сапаров.
Жұмыс сапарының соңында министр инвестициялық жобаларды белгіленген мерзімде орындауды және кәсіпорындардың жоспарланған өндірістік қуатына дер кезінде шығуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сондай-ақ суармалы егіншілікті дамытуға, жемшөп қорын нығайтуға, заманауи технологияларды кеңінен енгізе отырып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалануға айрықша мән беруді тапсырды.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров сала кәсіпкерлерін өндірістік көрсеткіштермен ғана шектелмей, ауылдық аумақтарды дамытуға белсенді инвестиция салуға, тұрақты жұмыс орындарын құруға және заманауи әлеуметтік инфрақұрылым қалыптастыруға шақырды. Бұл туралы министр Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында өңірдің аграршыларымен кездесуде және облыстағы озық шаруашылықтардың бірі – «Шахтерское» серіктестігінің жұмысымен танысу кезінде айтты.
Айдарбек Сапаров елімізде егін жинау науқаны жалпы алғанда жақсы қарқынмен жүріп жатқанын атап өтті. Бүгінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 10 млн гектар алқаптан, яғни жалпы егіс алқабының 63,9 пайызынан жиналды. 14 млн тонна астық бастырылды.
Егін жинау қарқыны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жоғары. 2025 жылдың осы кезеңінде 6,7 млн гектар алқап жиналып, 9,5 млн тонна астық бастырылған болатын.
Қарағанды облысында дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 646 мың гектардан, яғни жалпы алқаптың 71,4 пайызынан жиналды. Бұдан бөлек, 197 мың тонна картоп пен 63 мың тонна көкөніс жиналды.
Кездесуде талқыланған негізгі мәселелердің бірі – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін қаржылық қолдаудың қолжетімділігі болды.
«Кең дала» бағдарламасы аясында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге Қарағанды облысындағы 233 фермерге жалпы сомасы 15,6 млрд теңге көлемінде қаржыландыру берілді. Бұл қолдау 182 мың гектардан астам егіс алқабын қамтыды.
Жеңілдетілген лизинг бағдарламасы бойынша жалпы құны 18,2 млрд теңге болатын 925 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын жеткізуге 866 шарт жасалды.
Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында өңірге бөлінген 7 млрд теңге толық игерілді. Суармалы егіншілікті дамыту және тауарлық сүт фермаларын салу бағыттары бойынша төрт жоба қаржыландырылды.
Министр агроөнеркәсіптік кешеннің қарқынды дамуы тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Осыған байланысты ол кәсіпкерлерді өздері жұмыс істейтін ауылдардың инфрақұрылымын дамытуға белсенді инвестиция салуға және ауыл тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру жағдайларын жасауға шақырды.
«Аграршылар тек маусымдық жұмысқа адам жалдамай, ауыл тұрғындарын жыл бойы тұрақты жұмыспен қамтуға ұмтылуы керек. Адамның тұрақты жұмысы, лайықты өмір сүру жағдайы және туған ауылында қажетті инфрақұрылымы болған кезде оның еңбекке де, жерге де көзқарасы мүлде өзгеше болады. Бұл туралы Мемлекет басшысы да бірнеше рет айтқан», – деді Айдарбек Сапаров.
Министр тиімді шаруашылық жүргізудің және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің жарқын үлгісі ретінде жұмыс сапары барысында барған «Шахтерское» серіктестігінің қызметін атап өтті.
Кәсіпорын ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып отыр. Шаруашылық картоп тұқымын өсіру бойынша элиталық тұқым шаруашылығы мәртебесіне ие және дәнді дақылдар тұқымының бастапқы тұқым өндірушісі болып табылады. Сонымен қатар шаруашылық базасында етті бағыттағы ангус тұқымды ірі қара мал өсіретін ірі репродуктор жұмыс істейді.
Министр картоп қоймасының жұмысымен, картоп жинау барысымен, сондай-ақ екі ірі инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты. Атап айтқанда, 1 792 гектар суармалы жерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу және қуаты 15 мың тонна болатын жаңа көкөніс қоймасын салу жобалары жүзеге асырылуда.
Кәсіпорын өндірісті кеңейтуге ғана емес, ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға да инвестиция салып отыр.
Министрдің пікірінше, дәл осындай тәсіл ауылдық жерлердегі бизнес үшін негізгі бағдарға айналуы тиіс. Яғни кәсіпорынның экономикалық тиімділігі өзі жұмыс істейтін аумақтың дамуына деген жауапкершілікпен қатар жүруі қажет.
«Шахтерское» серіктестігінің басшысы, «Еңбек ері» атағының иегері Георгий Прокоп мемлекеттік қолдау қазіргі таңда ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту мен оның тиімділігін арттырудың маңызды факторы екенін атап өтті.
«Бүгінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға бағытталған тұтас құралдар кешені әзірленді. Инвестициялық субсидиялар мен жеңілдетілген несиелендірудің арқасында біз техниканы жаңартып, суармалы егіншілікті дамытып, заманауи сақтау нысандарын салып, өндіріс қуатын кезең-кезеңімен арттыра аламыз», – деді Георгий Прокоп.
2025 жылы «Шахтерское» серіктестігінің негізгі капиталына салған инвестиция көлемі 5 млрд теңгеден асты.
Айдарбек Сапаров елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін суармалы алқаптардың көлемін ұлғайту және ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтаудың заманауи нысандарын құру стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
Өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері министрге мемлекеттік қолдау мен қаржыландыру, өндірісті дамыту, инвестициялық жобаларды іске асыру және агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамыту мәселелері бойынша өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды.
Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасына ветеринариялық құжаттарсыз 252 мың дана тауық жұмыртқасын кіргізудің жолы кесілді.
«Жайсаң» ветеринариялық бақылау бекетінде ҚР АШМ ВБҚК Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясының қызметкерлері Ресей Федерациясынан Байқоңыр қаласына бағыт алған көлік құралын бақылау барысында тасымалданатын жүкке қажетті ветеринариялық құжаттардың жоқ екенін анықтады.
Аталған құқық бұзушылық бойынша тиісті акт және әкімшілік хаттама толтырылып, жұмыртқа Ресейге кері қайтарылды.
Тасымалдаушыға ветеринариялық заңнама талаптары және бақылаудағы өнімдерді мемлекеттік шекара арқылы өткізу қағидалары түсіндірілді.
Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті бақылаудағы өнімдердің мемлекеттік шекара арқылы өткізілуін қатаң бақылауды және тиісті ветеринариялық құжаттарсыз өнімдердің әкелінуіне жол бермеуге қатысты шараларды күшейтуді жалғастыратын болады.