Меню
Страницы
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Комитеттер
Министрлік туралы
Құжаттар
Онлайн қабылдау
Қызметі
Все материалы
Өсімдік шаруашылығы
07 мая 2025
Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде көктемгі егіс науқаны аяқталуға жақын

Ел өңірлерінде шамамен 2,1 млн гектар ауыл шаруашылығы алқаптары егілді. Көктемгі дала жұмыстары агротехникалық мерзімдерге сәйкес жүргізілуде.

Егіс науқаны әсіресе еліміздің оңтүстік өңірлерінде қарқынды жүріп жатыр.

Мәселен, Түркістан облысында – 449,2 мың га, Жамбыл облысында – 306 мың га, Жетісу облысында – 292,6 мың га, Алматы облысында – 187,9 мың га жерге егін егілді.

Басқа өңірлерде де егіс жұмыстары басталды: Шығыс Қазақстан облысында – 156,3 мың га, Абай облысында – 138,8 мың га, Қостанай облысында – 85 мың га, Ақмола облысында – 74,8 мың га, Қызылорда облысында – 52,5 мың га, Павлодар облысында – 56,9 мың га, сондай-ақ басқа аймақтарда да егіс жүріп жатыр.

Көктемгі дала жұмыстарына дайындық аясында келесі іс-шаралар атқарылды: 16,7 млн га жерде ылғал жабылды, 6,1 млн га алқапта себуге дейінгі өңдеу жүргізілді, 1,7 млн га жерде көктемгі жырту жұмыстары орындалды.

Бүгінгі таңда 942,1 мың га жерге дәнді дақылдар, 242,8 мың га жерге мал азықтық дақылдар, 492 мың га жерге майлы дақылдар, 118,8 мың га жерге мақта, 71,8 мың га жерге көкөністер, 57,7 мың га жерге бақша дақылдары, 32,5 мың га жерге картоп, 15,6 мың га жерге қант қызылшасы, 26,3 мың га жерге күріш және басқа дақылдар егілді.

Егіс науқанын уақтылы әрі тиімді өткізу үшін 866,8 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізуге шарттар жасалды. 254 теңге/литр бағамен (нарықтық бағадан 15% төмен) 401 мың тонна дизель отыны бөлінді.

Биылғы жылға арналған тұқым қажеттілігі 2,3 млн тоннаны құрайды. Қамтамасыз етілу деңгейі – 100%. Зертханалық тексеріс нәтижесінде тұқымның 99%-ы кондициялық деп танылды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі көктемгі егіс науқанының барысына мониторинг жүргізуді жалғастырып, өңірлерге қажетті әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсетуде.

Мал шаруашылығы
06 мая 2025
Айдарбек Сапаров австралиялық технология бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Түркістан облысына жұмыс сапары аясында «Turkestan Agro.kz» ЖШС-не барып, мал шаруашылығы саласындағы ірі инвестициялық жобалардың бірімен танысты. Жобаның жалпы инвестиция көлемі – 7,8 млрд теңге.

Бірінші кезең аясында түйіршіктелген құрамажем өндіретін зауыт іске қосылып, 15 000 бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңының құрылысы аяқталуға жақын. Қаржыландыру Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы бойынша жүзеге асырылуда. Құрылыс жұмыстарының келесі кезеңдері үшін алаң дайындау басталды, алдағы уақытта мал басын кезең-кезеңімен 50 000-ға дейін көбейту жоспарлануда.

Жобаның ерекшелігі – мал шаруашылығында австралиялық «торлы» (немесе «клеткалық») технологияны енгізу болып табылады, бұл технология өндірістің барлық кезеңдерін – жем-шөп өсіруден бастап өнімді қайта өңдеуге дейін қамтиды. Мұндай модель малды ұстау және бордақылау тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Толыққанды жем-шөп базасын қамтамасыз ету үшін компания 4,7 мың га жерге суару жүйесі арқылы мал азығын өсіруді жоспарлап отыр, сондай-ақ Австралия өндірісіндегі ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары сатып алынған.

Сонымен қатар 8 000 бас ІҚМ, ұсақ мал және жылқыға арналған алғашқы мамандандырылған мал биржасы мен ет өңдеу кешенінің құрылыс жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.

Сапар соңында Айдарбек Сапаров құрылыс жұмыстарын уақтылы аяқтауды және барлық жоспарланған өндірістік қуаттарды енгізуді қамтамасыз етуді тапсырды. Министр бұл жобаның аграрлық сала мен жалпы өңір экономикасы үшін маңыздылығын атап өтті.

Қазақстанның АӨК-сі
Өсімдік шаруашылығы
06 мая 2025
Айдарбек Сапаров Түркістан облысының шаруаларымен аграрлық саланы дамыту мәселелерін талқылады

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Түркістан облысына жұмыс сапары барысында жергілікті шаруалармен кездесті. Басқосу барысында өңірдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін толғандыратын негізгі мәселелер талқыланды.

Басты назар көктемгі егіс жұмыстарының барысына аударылды. Әсіресе, шаруаларды жанар-жағармаймен, тұқыммен және ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз ету жайы сөз болды.

Ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау тетіктері де күн тәртібіне көтерілді. Атап айтқанда, субсидиялау, несиелендіру және ауыл шаруашылығы жобаларына инвестиция тарту мәселелері қаралды.

Айдарбек Сапаров агробизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау Ауыл шаруашылығы министрлігінің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

«Біз әр фермердің мемлекеттік қолдау құралдарын пайдалана отырып, тиімді жұмыс істеуіне және дамуына жағдай жасау үшін жүйелі түрде жұмыс істеп келеміз. Өңірлердегі тұрақты кездесулер нақты қажеттіліктерді тереңірек түсінуге және қажетті шараларды дер кезінде қабылдауға мүмкіндік береді», — деп атап өтті министр, жергілікті шаруалардың пікірлері мен ұсыныстарын тыңдай отырып.

Өсімдік шаруашылығы
Өсімдік шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу
06 мая 2025
Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін құру жұмыстары жалғасуда

Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мақтаны терең өңдеп, дайын өнімді экспорттауға бағытталған ауқымды инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты. Үш кезең бойынша іске асырылатын жобаның жалпы құны – 146,8 млрд теңге.

«Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС өкілдерінің мәліметінше, 2024 жылы тамшылатып суару әдісін қолдану арқылы 1,2 мың гектар жерге мақта егілген. Өнімділік гектарына 60 центнерді құрады.

Биыл 2-кезең аясында 32 мың гектарға мақта егу, 3 мақта өңдеу зауытының, тамшылатып суару жүйелерін шығаратын зауыттың және жылына 45 млн жүгірме метр көлемінде тоқыма емес материалдар өндіретін фабриканың құрылысын бастау жоспарланып отыр.

2026 жылы мақта егіс алқаптарын 50 мың гектарға дейін ұлғайту, сондай-ақ екі мақта өңдеу зауытының, тігін және бояу-тоқыма фабрикаларының құрылысын бастау көзделген.

Министр атап өткендей, мақта шаруашылығы – агроөнеркәсіптік кешеннің болашағы зор бағыттарының бірі. Бұл саланы дамыту үшін жүйелі тәсіл қажет: егіс алқаптарын ұлғайту, заманауи агротехнологияларды енгізу және шикізатты терең өңдейтін инфрақұрылымды дамыту.

«Биыл бұл бағытта аймақта елеулі жетістіктерге қол жеткізілді. 2023 жылға дейін тамшылатып суару әдісімен бар болғаны 2 000 га жерге мақта егілсе, биыл бұл көрсеткіш 50 000 гектарға жетті. Саланы дамыту үшін мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. Біз мақта шаруашылығына қатысты жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Айдарбек Сапаров. Ол жобаның барлық кезеңдерін жедел жүзеге асырып, өңдеу кәсіпорындарының уақытылы салынуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Сондай-ақ министр «Gen Group Kazakhstan» ЖШС жылыжай кешеніне барды. Онда 5 гектар аумақта банан өсіріледі. Өткен жылы 385 тонна өнім жиналса, биыл шамамен 1000 тонна алу жоспарланған.

Жылыжайда тамшылатып суару жүйесі қолданылады, барлық үдерістер автоматтандырылған. Сонымен қатар шаруашылықта лимон мен құрманы жергілікті климатқа бейімдеу жұмыстары жүргізілуде.

Экспорт-импорт
Өсімдік шаруашылығы
06 мая 2025
Жаңа астық экспорты 7,6 млн тоннаға жетті

«ҚТЖ» ҰК» АҚ мәліметінше, 2024 жылғы қыркүйектен 2025 жылғы сәуірге дейінгі аралықта жаңа астық өнімі экспорты 7,6 млн тоннаны құрады. Бұл — өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 58%-ға артық (4,8 млн тонна).

Экспорт көлемінің артуы қазақстандық астыққа сыртқы нарықтағы жоғары сұранысты, сондай-ақ жеткізу географиясының кеңейіп, логистикалық бағыттардың тиімді жетілдіріліп жатқанын көрсетеді.

Экспорттың негізгі бағыттары және өсім қарқыны: Өзбекстан — 2,7 млн тонна (+29,7%, 2023 жылғы 2 млн тоннамен салыстырғанда); Тәжікстан — 1,1 млн тонна (+51%, 726 мың тоннамен салыстырғанда); Ауғанстан — 270 мың тонна (+34%, 202 мың тоннамен салыстырғанда); Қырғызстан — 181 мың тонна (екі есе артты); Иран — 889 мың тонна (2023 жылғы 54 мың тоннамен салыстырғанда 16,4 есе өсті); Әзербайжан — 569 мың тонна (5 мың тоннадан 113,8 есе өсті).

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық әлеуетін дамыту және қолдау жұмыстарын жалғастыруда.

Фитосанитариялық қауіпсіздік
05 мая 2025
Түркістан облысында марокко шегірткесіне қарсы 350 мың гектардан астам жер өңделді

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жұмыс сапары барысында Түркістан облысында марокко шегірткесіне қарсы жүргізіліп жатқан шаралармен танысты.

Болжамға сәйкес, 2025 жылы өңірде үйірлі шегіртке зиянкестерінің таралуы 192 мың гектар аумақты қамтиды деп күтілуде. Алғашқы ошақтар сәуір айының басында тіркеліп, 6 сәуірден бастап ауыл шаруашылығы алқаптарында химиялық өңдеу жұмыстары басталды.

Бүгінгі күнге дейін 350 мың гектардан астам жер өңделді. Іс-шараларға агродрондарды қоса алғанда, 193 бүріккіш техника және мониторинг пен фитосанитарлық бағалау жүргізетін 980 маман тартылған.

Министр жұмыстардың сапасына, әсіресе жоғары технологиялық жабдықтарды қолдану аясында, қатаң бақылау жүргізу қажеттігін атап өтті:

«Препараттар жеткілікті, техника, соның ішінде дрондар бар. Бақылауды күшейтіңіздер. Барлық өңдеу жұмыстары сапалы әрі уақытылы орындалуы тиіс. Шегіртке қанаттанып үлгермеуі керек», — деді Айдарбек Сапаров.

Айта кетейік, 2024 жылы шегірткелердің таралуына қатысты болжам 271,6 мың гектарды құрағанымен, күрес шаралары шамамен 390 мың гектар аумақты қамтыды. Химиялық өңдеу заманауи техника мен жоғары тиімділігі бар препараттар арқылы оңтайлы мерзімде жүргізіліп, жоғары биологиялық тиімділікке қол жеткізілді.

Мамандардың үйлесімді және кәсіби жұмысының арқасында ауыл шаруашылығы дақылдарының зақымдануының алдын алынып, зиянкестердің көршілес мемлекеттердің шекаралас аумақтарына өтуіне жол берілмеді.

Мал шаруашылығы
AGROPROJECT
05 мая 2025
Ақмола облысында ірі мал шаруашылығы жобалары іске асырылуда

Ақмола облысында агроөнеркәсіп кешеніндегі ірі жобалар белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі — Торғай ауылдық округінде мал шаруашылығы кластерін құру.

«Ерейментау-Астық» ЖШС 10 мың бас қойға арналған бордақылау және өсіру фермасының құрылысын бастады.

Компаниялар тобының бас директор орынбасары Қоныспек Нұрғазиннің айтуынша, жоба аясында бордақылау алаңына арналған базаны салу және қайта жаңарту, серуен алаңдарын, қоршаулар мен астық қоймаларын, сондай-ақ мал азығын өндіретін цех тұрғызу көзделген. Сонымен қатар, тракторлар, азық таратқыштар мен жем өндіруге арналған құрал-жабдықтарды сатып алу жоспарланған.

«Біз экспорттық бағытты белсенді түрде дамытып жатырмыз. Жыл басынан бері қазақстандық өнімдерді Катарға жеткізуді бастадық. Қазақстандық ет араб елдерінде жоғары сұранысқа ие және өз бренді ретінде танылған. Біз ірі көлемдегі жеткізілімдерге ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасуға дайынбыз. Қазіргі таңда БАӘ-де аккредитациядан өту жұмыстары жүріп жатыр», — деді «Алтын таға» холдингінің сату бөлімінің басшысы Алтынбек Орынбаев.

Ерейментау қаласында 10 мың бас ірі қараға арналған сиыр етін өндіретін агроөнеркәсіп кешені салынады. Жоба аясында жылына 90 мың тонна жем және 7,6 мың тоннадан астам сиыр етін өндіру жоспарланған.

Жобаның инвесторы — «Big Farm» ЖШС. Компания бұл тік интеграцияланған кешенге 77 млрд теңгеден астам инвестиция салуды жоспарлап отыр. Бұл Қазақстанның экспорттық әлеуетін айтарлықтай арттырып, 380 тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қызметкерлер үшін тұрғын үйлер салу да қарастырылған.

Ақмола облысындағы мал шаруашылығы кластері — аграрлық секторды дамыту мен елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық бағдарламаның маңызды бөлігі. Бұл бастама ет пен ет өнімдерінің экспорт көлемін арттыруға сеп болмақ.

05 мая 2025
Алматы облысындағы балық аулау, егіс, АЭА мен ядролық технология

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Алматы облысына жұмыс сапарындан өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесті. Арнайы экономикалық аймақтағы ғылыми-инновациялық нысандарды аралап, Ядролық физика институтының жұмысымен танысты.

Алматы облысында егіс науқаны белсенді жүріп жатыр. Биыл ауыл шаруашылығы дақылы 436,8 мың гектарға дейін жеткізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 мың гектарға артық. «Кең дала» бағдарламасы бойынша биыл көктемгі егіс жұмысына облыс шаруаларына 15,7 млрд теңге жеңілдікпен қаржы бөлініп, 32 өндірушіге қаражат берілген.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша екі жылда жалпы құны 10,8 млрд теңге болатын 1 361 қарыз алушы жеңілдікпен несие алған. 2025 жылы 2,5 млрд теңге көлемінде тағы 211 қарыз берілмек.

Биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша өңірдегі АӨК секторына салынған инвестиция көлемі 13,2 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге көп. Биыл облыста жоспар бойынша 33,5 млрд теңге сомасына 17 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Оның 11-і шаруаларға 2,5%-дық жеңілдікпен, СҚО тәжірибесін тарату бағдарламасы бойынша іске асырылады. Бұл күнде 103 жаңа жұмыс орны құрылған алты жоба орындалып үлгерген.

«Байсерке Агро» ЖШС оқу орталығында өткізілген вице-премьермен кездесуге 20-дан астам фермер қатысты. Кездесу барысында Серік Жұманғарин Үкіметтің диқандарды қолдауға айрықша назар аударуының нәтижесінде 2025 жылғы бірінші тоқсанның қорытындысына сәйкес, ауыл шаруашылығы саласы 3,7% экономикалық өсуді көрсеткенін атап өтті.

«Мемлекеттің шаруаларды қолдауын сезініп отырғандарыңыз даусыз. Егер 2022 жылы көктемгі егіс пен егін жинауға жеңілдікпен 70 млрд теңге берілсе, бүгінде 5%-бен 700 млрд теңге, соған ұқсас мөлшерлемемен техника лизингіне тағы 200 млрд теңге бөлінді», — деп атап өтті вице-премьер. 

«Qazaq Balyq» қауымдастығының Алматы филиалының төрағасы, «Балық мектебі» жастар арасында балық шаруашылығын танымал ету мектебінің негізін қалаушы Мәрлен Тұрсынәлі балық өсіру саласын дамыту бойынша өз ұсынысын айтты. Оның айтуынша, балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы саланың дамуына айтарлықтай серпін берген. Сонымен қатар, су тапшылығы жағдайында балық өсіруді одан әрі тиімді дамыту үшін жем-шөп құнын субсидиялауда, бассейндерге жер асты суын пайдалану үшін ұңғыманы бұрғылау шығынын жабу мақсатымен суға жеңілдікті тариф енгізуде, өнімге ветеринариялық құжат алу процесін оңайлатуда, цифрландыруда мемлекеттің қолдауы қажет. 

Серік Жұманғарин АШМ-ге барлық ұсынысты егжей-тегжейлі қарап, балық шаруашылығын қолдау мүмкіндігін пысықтауды тапсырды. 

Сондай-ақ кездесуде фермерлер субсидия төлеу кешіктірілетінін жеткізді. Вице-премьер қазіргі уақытта барлық өңірде субсидия алуға өтінім осы мақсатқа бюджеттен жыл сайын бөлінетін қаражат көлемінен едәуір асып түсіп жатқанын айтты. Фермерлерді АӨК саласындағы инвестициялық жобаларды 6% жеңілдікпен салалық қаржы институттары арқылы қаржыландыру мүмкіндігін пайдалануға шақырды. 

Сонымен қатар Серік Жұманғарин фермерлерді көп пайда әкелетін дақыл егу арқылы әдеттегі бидай алқабын қысқарта отырып, егінді әртараптандыруға, дәнді дақыл өңдеуді дамытуға шақырды.

Өсімдік шаруашылығы
05 мая 2025
Астық, майлы дақылдар және бұршақ дақылдарын өндірушілерге арналған сауда стратегиясы бойынша ұсыныстар 05.05.2025

Осы ұсынымдарды «Дәнді және майлы дақылдар. Қазақстан» зерттеу бюросы әзірледі.

Дәнді дақылдар

элеватардан, ҚҚС-мен,  тг/кг

Ағымдағы баға

(элеватор)

Өзгерістер

Ұсыным

Мүмкін

макс

Мүмкін

 мин

жұмсақ бидай 3 сыныпты, 28 клк +

128

-

ТОҚТАТУ

145

-

жұмсақ бидай 3 сыныпты, 25 клк дейін

87

-

ҚАЖЕТТІЛІГІНЕ ҚАРАЙ

95

-

жұмсақ бидай 3 сыныпты, 23 клк дейін

86

+2

ҚАЖЕТТІЛІГІНЕ ҚАРАЙ

89

-

жұмсақ бидай 4 сыныпты, 20 клк дейін

80

-

ҚАЖЕТТІЛІГІНЕ ҚАРАЙ

80

-

жұмсақ бидай 5 сыныпты, 17

клк дейін

73

-

ҚАЖЕТТІЛІГІНЕ ҚАРАЙ

75

-

арпа 2 сыныпты

85

+1

ТОҚТАТУ

87

-

Дурум (прот 14+)

81

-

САТУ

110

-

Дурум (прот 15+)

94

-

САТУ

130

90

Дән маңызы бар 3 классты бидайдың және арпаның құны 23-ке дейін өсті.

Қызыл-бір апта ішінде төмендеу, жасыл-көтерілу, барлық бағалар-жаңа егінге қатысты

Майлы/Бұршақ Дақылдары

Майлы дақылдар тобында зығыр қымбаттады.

элеватардан, ҚҚС-мен,  тг/кг

Ағымдағы баға

Өзгерістер

Ұсыным

Мүмкін

макс

Мүмкін

 мин

Зығыр

291

+30

ТОҚТАТУ

300

-

Рапс

223

-

ҚАЖЕТТІЛІГІНЕ ҚАРАЙ

250

180

Күнбағыс

195

-

ТОҚТАТУ

210

160

Мақсары

138

-

САТУ

150

85

Соя

204

-

ҚАЖЕТТІЛІГІНЕ ҚАРАЙ

225

-

Қыша қара/ақ

177

-

ҚАЖЕТТІЛІГІНЕ ҚАРАЙ

300

200

Бұршақ (сары)*

122

-

ҚАЖЕТТІЛІГІНЕ ҚАРАЙ

130

80

Жасымық қызыл**

242

-

ҚАЖЕТТІЛІГІНЕ ҚАРАЙ

265

-

Чечевица зел (крупная тар) **

395

-

ҚАЖЕТТІЛІГІНЕ ҚАРАЙ

450

-

* - сыйақылы сапа кезінде солтүстік өңірлер, * * - ҚҚС-сыз Курсив жаңа өнім бөліп берді        

Түсіндірме:

Ағымдағы баға-келісімшарттар жасалатын элеваторда немесе вагонда Қазақстан ішіндегі ҚҚС-пен орташа өлшенген бағалар. Бағалар аймаққа, сапа көрсеткіштеріне, жеткізу шарттарына байланысты өзгеруі мүмкін.

Ұсыныстар: стоп-сауданы неғұрлым қолайлы бағаларға дейін тоқтата тұру ұсынылады; қажет болған жағдайда сату (техникалық, қаржылық); сату – тауарды сату ұсынылады, өйткені жақын арада қолайлы перспективалар күтілмейді.

Мүмкін макс-бұл нақты брошюраның авторлары ағымдағы сауда маусымында бағаға жетуі мүмкін сияқты көрінетін бағаның жоғарғы шегі. Бұл пікір түпкілікті емес және жағдайға байланысты өзгеруі мүмкін.

Мүмкін мин-бұл ағымдағы маусымда Мәдениет қол жеткізе алатын бағаның төменгі шегі.

05 мая 2025
Қазақстанның балық шаруашылығы саласы тұрақты өсімді көрсетуде

Балық шаруашылығы тұрақты дамып келеді: 2024 жылдың қорытындысы бойынша балық өнімдері нарығының көлемі 94,6 мың тоннаны құрап, 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7%-ға артты. Оның ішінде 45,2 мың тоннасы табиғи су айдындарынан ауланған балыққа, ал 18,2 мың тоннасы балық өсіру шаруашылықтарында өндірілген өнімге тиесілі. Балық өнімдерінің экспорты 23,4 мың тоннаны құрады.

Балықты қайта өңдеумен 72 кәсіпорын айналысады, оның ішінде 20 кәсіпорын өз өнімдерін Еуропалық одақ елдеріне экспорттайды. Бүгінде Қазақстанда өндірілетін 50-ден астам атаулы балық өнімі әлемнің 21 еліне экспортталады.

Мемлекет аквакультураны дамытуға белсенді қолдау көрсетуде. 2021 жылдан бері салаға бөлінетін субсидия көлемі 9 есеге өсіп, 2024 жылы 4,5 млрд теңгеге жетті. Инвестициялық шығындардың 25%-на дейін, жем-шөпке жұмсалатын шығындардың 30%-ы, шабақ, аналық балық және ветеринариялық препараттар сатып алуға кететін шығындардың 50%-ы мемлекет тарапынан өтеледі. Нәтижесінде, соңғы үш жылда балық өсіру шаруашылықтарының саны екі есеге артып, 600-ге жетті.

2024 жылы балық шаруашылығы саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар 5,2 млрд теңгеден асты. Қуаттылығы 2,5 мың тонна болатын 30 жоба іске асырылды. Сонымен қатар, жылына 50 мың тоннаға дейін балық өндіруге мүмкіндік беретін тағы 50 инвестициялық жобаның жүзеге асырылуы жалғасуда.

Саланы дамыту 2021–2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Бағдарлама мемлекеттік қолдау шараларын, аквакультураны бақылау бойынша ақпараттық жүйелерді енгізуді, отандық өндірушілерді қолдауды және балық ресурстарын сақтау мен молайтуға бағытталған іс-шараларды қамтиды.

Балық популяциясын қалпына келтіру мақсатында табиғи су айдындарына жыл сайын шабақ жіберу жұмыстары жүргізіледі. 2024 жылы мемлекеттік тапсырыс аясында су айдындарына 54 миллион дана бағалы балық түрлерінің шабағы жіберілді.

Дайын өнімді қайта өңдеуді ынталандыру және экспортты арттыру мақсатында өңделмеген балықты сыртқа шығаруға шектеу қойылды. 2024–2025 жылдары көксерке мен сом балығын экспорттауға алты айлық тыйым салу енгізілді. Бұл аталған балық түрлерін қайта өңдеуге арналған шикізат көлемін 23%-ға арттыруға мүмкіндік берді.

Өңделген балық өнімдерін субсидиялау механизмдерін енгізу, сондай-ақ 2,5% мөлшерлемемен балық өсіру және өңдеу жобаларын қаржыландыруға арналған бюджеттік несиелеу бағдарламаларын кеңейту жоспарлануда.

Өткен жылы «е-fish» атты балық пен балық өнімдерінің заңдылығын қадағалауға арналған ақпараттық жүйе пилоттық режимде іске қосылды.

Каспий итбалығы популяциясын сақтау мақсатында «Каспий итбалығы» мемлекеттік табиғи резерваты құрылды. Атыраудағы бекіре зауытын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ Қызылорда облысында инкубациялық цехтың құрылысы басталды.

Қазіргі уақытта Сенатта саланың өсуін ынталандыруға, оның ашықтығын арттыруға және инвестиция тартуға бағытталған «Аквакультура туралы» заң жобасы қаралуда.

Социальные сети
Instagram
Youtube
Telegram
Facebook
Меню подвал
Экран дикторы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы