Меню
Страницы
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Комитеттер
Министрлік туралы
Құжаттар
Онлайн қабылдау
Қызметі
Все материалы
Экспорт-импорт
Өсімдік шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу
14 мая 2026
Каспий теңізі Қазақстан майын экспорттаудың жаңа дәлізіне айналып келеді

Алғаш рет Ақтау портынан рапс майының экспорттық партиясы сәтті жөнелтілді. Бұл — тарихи оқиға әрі қазақстандық май өңдеу өнімдерінің сыртқы нарықтағы позициясын нығайтатын маңызды қадам.

Майлы дақылдарды өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының (МДӨҰҚ) мәліметінше, көлемі 5 мың тонна болатын алғашқы кеме 4 сәуірде жөнелтілген. Кемені толық тиеуге шамамен 2,5 тәулік кеткен. Рапс майын сатып алушы — Иранның ірі Kourosh Food Industry компаниясы. Ал жөнелтуші — МДӨҰҚ құрамына кіретін Қазақстандағы жетекші май зауыттарының бірі.

13 мамыр күні көлемі 5 мың тонна болатын күнбағыс майы тиелген екінші кеменің жүктелуі аяқталды. Бұл импорттаушылардың қазақстандық май өнімдеріне жоғары қызығушылық танытып отырғанын және Каспий арқылы өтетін жаңа экспорттық бағыттың болашағы зор екенін көрсетеді.

Майлы дақылдарды өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының басқарма төрағасы Ядыкар Ибрагимовтың айтуынша, Иран нарығы қазақстандық май өңдеу өнімдерін экспорттау үшін үлкен әлеуетке ие. Оның сөзінше, Иран жыл сайын шамамен 3,5 млн тонна өсімдік майы мен шрот/күнжара импорттайды. Оның ішінде 1,5 млн тоннасы — тікелей өсімдік майлары.

«Біздің елдер Каспий теңізі арқылы байланысқан. Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ пен Иран арасындағы еркін сауда келісімі аясында преференциялық кедендік режим жұмыс істейді. Соңғы үш жылда қазақстандық май зауыттары Иранға 100 мың тоннадан астам май өнімдерін экспорттады. Оның 94%-ын шрот құрады. Ақтау порты арқылы өсімдік майын тасымалдаудың іске қосылуы жеткізілім көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік береді», — деді ол.

МДӨҰҚ бағалауынша, Ақтау порты арқылы ай сайын 3–4 кеме жөнелтуге болады. Бұл жылына 150–200 мың тонна өсімдік майын экспорттауға мүмкіндік береді. Болашақта Иранға экспортталатын өсімдік майы мен шрот көлемі жылына 500 мың тоннадан асуы мүмкін.

Қауымдастық мәліметінше, өңдеу саласының дамуы экспорт арналарының кеңеюіне жаңа мүмкіндік ашып отыр. Бұрын бұл бағыт іс жүзінде пайдаланылмаған болса, бүгінде өндіріс көлемінің артуы мен логистиканың жолға қойылуы арқасында Қазақстан жаңа нарықтарға шығып, халықаралық саудадағы позициясын нығайтып келеді.

Жаңа жеткізу арнасының іске қосылуы экспорт нарықтарын әртараптандыруға, негізгі логистикалық бағыттарға түсетін жүктемені азайтуға және 2026–2028 жылдарға арналған Жол картасында көзделген саланың валюталық түсімін 1 млрд АҚШ долларынан асыру мақсатына жақындауға мүмкіндік береді.

Фитосанитариялық қауіпсіздік
14 мая 2026
Шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес шараларын жүргізу туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес шараларын жүргізу туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.

Брифинг барысында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы шегіртке зиянкестерімен күресті уақтылы әрі сапалы ұйымдастыру еліміздің фитосанитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі зиянкестердің таралуының алдын алу және ауыл шаруашылығы алқаптарын қорғау мақсатында барлық қажетті шаралар жүргізілуде.

Спикердің мәліметінше, 2022 жылдан бастап Қазақстанда шегіртке зиянкестерінің саны артқан, ал 2024 жыл өңделген аумақ көлемі бойынша шарықтау кезеңі болды сол жылы шамамен 3,1 млн гектар жер өңделді. 2025 жылдан бастап химиялық өңдеуге жататын аумақ көлемінің төмендеуі байқалады. Атап айтқанда, 2025 жылы шамамен 2,7 млн гектар өңделсе, биылғы жылы болжам бойынша 2,2 млн гектар жер өңделмек.

Өңдеу көлемінің ең көп төмендеуі Қостанай облысында 452 мың гектарға, Ақмола облысында 153 мың гектарға және Ақтөбе облысында 89 мың гектарға болжанып отыр.

2026 жылы қорғаныс шараларын жүргізуге 532 бірлік арнайы бүрку техникасы тартылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 21%-ға артық. Сонымен қатар, зерттеу жұмыстарына шамамен 3 392 маман мен 57 зерттеу дроны жұмылдырылды.

Вице-министрдің айтуынша, өңдеу көлемінің төмендеуі өсімдіктерді қорғау жүйесін кешенді жетілдірудің нәтижесінде мүмкін болды. Атап айтқанда, фитосанитариялық қызметтің материалдық-техникалық базасын жаңғырту аясында мониторинг пен нүктелі өңдеу жұмыстарын жүргізуге арналған 103 дрон сатып алынған.

Сондай-ақ химиялық өңдеу қызметтерін бірыңғай сатып алу жүйесі енгізіліп, бұл процестерді орталықтандыруға және бюджет қаражатын тиімді пайдалануға мүмкіндік берді. Желдеткішті бүріккіштердің өнімділік нормалары қайта қаралып, көрсеткіш 100 гектардан 70 гектарға дейін төмендетілді. Бұл өңдеу жұмыстарының өнімділігін арттырып, мерзімін қысқартуға ықпал етті.

Бұдан бөлек, Қазақстан ТМД елдерінің шегірткеге қарсы күрес жөніндегі келісімін іске асыруды жалғастыруда. Бұл зиянкестердің трансшекаралық көші-қонының алдын алуға және іс-қимылдарды үйлестіруге мүмкіндік береді.

Күрес шараларын үйлестіру мақсатында барлық облыстарда облыс әкімдерінің орынбасарларының төрағалығымен жедел штабтар құрылған.

Қазіргі уақытта штабтар штаттық режимде жұмыс істеп, жүргізіліп жатқан іс-шараларға тұрақты бақылау жасауда.

Ағымдағы жылдың сәуір айының басынан бастап еліміздің оңтүстік өңірлерінде химиялық өңдеу жұмыстары басталды. 2026 жылғы 13 мамырдағы жағдай бойынша шамамен 378 мың гектар жер өңделді. Оның ішінде Түркістан облысында 287 мың гектар, Жамбыл облысында 87 мың гектар, Алматы облысында 0,6 мың гектар және Жетісу облысында 3,1 мың гектар жер өңделген.

Химиялық өңдеу барысында фитосанитариялық мақсаттағы жоғары тиімді пестицидтер, соның ішінде тиаметрин, диурон және басқа да препараттар қолданылуда.

Сонымен қатар, Өзбекстан Республикасы және Қырғыз Республикасының мамандарымен бірлескен шекара маңындағы зерттеу жұмыстары жүргізілді. Мониторинг нәтижесінде шекаралас аумақтарда шегіртке зиянкестерінің таралу ошақтары анықталған жоқ.

Ресей Федерациясымен және Қытай Халық Республикасымен бірлескен зерттеу іс-шараларын ағымдағы жылдың мамыр айының соңы маусым айының басында өткізу жоспарланған.

Ауыл шаруашылығы министрлігінде жүргізіліп жатқан күрес шаралары ведомствоның тұрақты бақылауында екені атап өтілді.

Қазақстанның АӨК-сі
Мал шаруашылығы
14 мая 2026
Шығыс Қазақстан облысының фермері отбасылық құс шаруашылығын табысты кооперативке айналдырды

Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкері Азамат Кенжехан шағын отбасылық шаруашылықты толыққанды өндірістік кооперативке айналдыра алды. Глубокое ауданының Ново-Ульбинка ауылында орналасқан «AbiNar» кооперативі құс етін өңдеумен айналысады.

Азамат Кенжехан еңбек жолын өз ауласындағы шағын құс қорасынан бастады. Алғашында ол құсты тек отбасының қажеті үшін өсірген. Уақыт өте келе өнімге сұраныс артып, кәсіпкер өндіріс көлемін кеңейту туралы шешім қабылдайды. Дамудың маңызды кезеңдерінің бірі «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысу болды. Бағдарлама аясында фермер 25 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды.

Бөлінген қаражатқа құсты сою және мүшелеуге арналған заманауи цех салынып, қажетті құрал-жабдықтар орнатылды. Бұл кооперативке өндіріс көлемін ұлғайтуға, өнім сапасын жақсартуға және ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді.

Бүгінде «AbiNar» бастамашылдықтың, табанды еңбектің және мемлекеттік қолдаудың арқасында шағын отбасылық шаруашылықтың тұрақты ауыл шаруашылығы кәсіпорнына айнала алатынын көрсететін жарқын үлгіге айналды. Мұндай жобалар ауылдық аймақтардың дамуына, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және ауыл халқының тұрмыс сапасын арттыруға ықпал етеді.

Кооперативтің дамуы Қазақстандағы құс шаруашылығы саласының жалпы оң өсімін де көрсетеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша республикадағы құс саны 49,1 миллион басқа жетіп, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 7,7 пайызға жоғары болды. Құс еті өндірісі 372 мың тоннадан асып, жұмыртқа өндірісі 4,6 миллиард данаға жетті. 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша елде 93,8 мың тонна құс еті мен 1,1 миллиардтан астам жұмыртқа өндірілді.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 69 құс фабрикасы жұмыс істейді. Оның 32-сі ет бағытында, ал 37-сі жұмыртқа өндіруге маманданған. Елдің жұмыртқаға деген ішкі сұранысы толық қамтамасыз етілген, ал құс етімен қамту деңгейі 78 пайызды құрайды.

Қазақстанның АӨК-сі
14 мая 2026
«Құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенцияның қолданылу аясына кіретін балықтар мен басқа да су жануарларының түрлерін Қазақстан Республикасының аумағына импорттауға, Қазақстан Республикасының аумағынан экспорттауға және (немесе) кері экспорттауға әкімшілік органның рұқсаттар беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2025 жылғы 30 қазандағы № 405 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы жобасын қоғамдық тыңдау

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы «Құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенцияның қолданылу аясына кіретін балықтар мен басқа да су жануарларының түрлерін Қазақстан Республикасының аумағына импорттауға, Қазақстан Республикасының аумағынан экспорттауға және (немесе) кері экспорттауға әкімшілік органның рұқсаттар беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2025 жылғы 30 қазандағы № 405 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы бұйрық жобасын ресми интернет-ресурсында орналастырылғаны туралы хабарлайды.    

Жоба келесі сілтеме бойынша қол жетімді:

https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15825603

Осыған байланысты, Министрлік аталған жобаны талқылауға қатысуға шақырады, өз ескертулеріңіз бен ұсыныстарыңызды беруді сұраймыз.

Қазақстанның АӨК-сі
14 мая 2026
«Ішкі және сыртқы нарықтарда сауда жасау үшін бекіре тұқымдас балық түрлерінің уылдырығын таңбалау қағидаларын және сыртқы нарықта бекіре тұқымдас балық түрлерінің уылдырығымен сауда жасауға арналған таңба нысанын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2025 жылғы 30 қазандағы № 404 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» жобасын қоғамдық тыңдау

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы «Ішкі және сыртқы нарықтарда сауда жасау үшін бекіре тұқымдас балық түрлерінің уылдырығын таңбалау қағидаларын және сыртқы нарықта бекіре тұқымдас балық түрлерінің уылдырығымен сауда жасауға арналған таңба нысанын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2025 жылғы 30 қазандағы № 404 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» бұйрық жобасын ресми интернет-ресурсында орналастырылғаны туралы хабарлайды.    

Жоба келесі сілтеме бойынша қол жетімді:

https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15825591

Осыған байланысты, Министрлік аталған жобаны талқылауға қатысуға шақырады, өз ескертулеріңіз бен ұсыныстарыңызды беруді сұраймыз.

Ветеринарлық қауіпсіздік
Мал шаруашылығы
14 мая 2026
Ақмола облысындағы жаңа сүт-тауарлы фермасына Еуропадан голштин тұқымды сиырлар жеткізілді

Аталған өңірде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, облыс әкімдігінің қолдауымен, жеке инвестор мен «KOKSHE» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен бірлескен қаржыландыру аясында агроөнеркәсіп кешені саласында ірі жоба жүзеге асырылуда.

Бурабай ауданында «Burabay Milk» серіктестігі 1440 бас ірі қара малға арналған заманауи сүт-тауарыл фермасының, сондай-ақ Щучинск қаласында сүт зауытының құрылысын қолға алуда.

Жобаны іске асыру аясында 330 бас асыл тұқымды мал әкелу жоспарланған.
Компания болашақ ферма үшін жоғары өнімді асыл тұқымды табынды қалыптастыру жұмыстарын бастап кетті. Нәтижесінде Германиядан 165 бас голштин тұқымды қашардың алғашқы партиясы арнайы әуе рейсімен жеткізілді.

Қазіргі уақытта карантиндік шаралардан өтіп, жаңа күтім жағдайларына бейімделуде.
Алдағы бір ай ішінде ветеринариялық мамандар міндетті кешенді зерттеулер жүргізіп, аса қауіпті ауруларға қатысты тексеру жүргізеді.

Алдағы уақытта да облыстық және аудандық ветеринариялық қызметтер өкілдерінің қатысуымен асыл тұқымды мал басын толықтыру жалғасатын болады.

Экспорт-импорт
13 мая 2026
Қазақстан алғаш рет балмұздақтың нетто-экспорттаушысы атанды

Қазақстанның балмұздақ нарығы 2025 жылдың қорытындысы бойынша рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізіп, отандық тамақ өнеркәсібінің қарқынды дамуын және елдің экспорттық әлеуетінің артып келе жатқанын дәлелдеді.

Қазақстан Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы және салалық сарапшылардың деректеріне қарағанда, балмұздақ өндірісінің көлемі 63,2 мың тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 22%-ға артты. Бұл 2000 жылдардың басынан бергі алғашқы жоғарғы көрсеткіш.

Ерекше атап өтерлігі Қазақстан тарихта алғаш рет балмұздақтың нетто-экспорттаушысы мәртебесіне ие болды. Жыл қорытындысы бойынша экспорт көлемі 36,8%-ға артып, 14,2 мың тоннаны құрады және импорт көрсеткішінен асып түсті. Қазақстандық балмұздақтар негізінен Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан елдеріне экспортталады.

Сонымен қатар импорт көлемі төмендеуде. Мәселен, 2025 жылы балмұздақ импорты 5,1%-ға қысқарып, 12,2 мың тоннаға дейін азайды. Бұл отандық өндірушілердің сыртқы нарықта бәсекеге қабілеттілігі артып, ішкі нарықта позициясының нығайып келе жатқанын көрсетеді.

Қарқынды өсім биылғы жылы да сақталуда. Қаңтар–наурыз айларының қорытындысы бойынша балмұздақ өндірісі бірден 58,6%-ға өсіп, 14 566 тоннаға жетті. Бұл өндірістің жыл санап нығайып келе жатқанын, ішкі және сыртқы нарықтарда өнімге деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.

Аталған саланың негізгі қозғаушысы «Шин-Лайн» компаниясы деуге болады, ол Қазақстандағы балмұздақ экспортының 95%-ына дейін қамтиды. Бүгінде Шин-Лайн ТМД елдері арасындағы балмұздақ өндірушілер арасында 4-орында. Өткен жылдың қорытындысы бойынша компанияның экспортты 14,2 мың тоннаға жетті, ал экспорттық түсім 49 млн доллардан артық.
Негізінен Қытай, Ресей, Беларусь, Моңғолия, Кавказ елдері және Орталық Азия мемлекеттерін қоса алғанда, оннан астам елді қамтиды.

Өсімнің маңызды факторларының бірі – өндірістік инфрақұрылымға салынған ауқымды инвестициялар.

Атап айтқанда Байсеркедегі 50 гектар аумақта орналасқан заманауи зауыт өңірдегі ең ірі әрі технологиялық жағынан дамыған кәсіпорындардың бірі. Жалпы инвестиция көлемі 64 млрд теңге, онда 3500-ден астам адам қызмет етеді.

Экспорттың артуына жеткізілетін өнім құнының өсуі де ықпал етті. Былтыр қазақстандық балмұздақтың орташа экспорттық бағасы 1 кг үшін 3,47 долларға жетіп, отандық өнімнің қосылған құны мен сапасының артқанын көрсетті.

Фитосанитариялық қауіпсіздік
13 мая 2026
Қазақстан және Қырғызстан шегіртке зиянкестерімен күресте өзара іс-қимылды күшейтуде

ҚР АШМ АӨК мемлекеттік инспекция комитеті мен Қырғыз Республикасының Өсімдіктерді қорғау және карантин департаменті арасында қол қойылған Бірлескен іс-шаралар жоспары шеңберінде екі елдің шекаралас аумақтарында шегіртке зиянкестерінің таралуының алдын алуға және фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен фитосанитариялық жұмыстар қолға алынуда.

Қазақстан мен Қырғызстанның уәкілетті органдарының екіжақты ынтымақтастығы аса қауіпті зиянкестердің трансшекаралық таралуының алдын алуға және шекаралас өңірлердің ауыл шаруашылығы алқаптарын қорғауға бағытталған.

Осыған байланысты қазақстандық делегация Қырғыз еліне жұмыс сапарымен барып, тараптар шекаралас аумақтарға фитосанитариялық мониторинг жүргізіп, шегіртке зиянкестерінің ошақтарын анықтау мақсатында жер телімдерін тексерді, сондай-ақ бейінді қызметтер арасында жедел ақпарат алмасуды ұйымдастырды.

Әсіресе, химиялық өңдеу жұмыстарын үйлестіруге, профилактикалық іс-шараларды синхрондауға және зиянкестердің екі мемлекеттің аумағында таралуына жол бермеу жөніндегі бірлескен шараларды әзірлеуге баса назар аударылды.

Бірлескен іс-қимыл ауыл шаруашылығы дақылдарын қорғауға, фитосанитариялық тұрақтылықты сақтауға және шекаралас өңірлердің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.

Қазіргі уақытта шекаралас аумақтарда бақылау және тексеру іс-шаралары күшейтіліп, қорғаныш шараларын жүргізуге арналған арнайы техника, қажетті материалдық-техникалық құралдар мен препараттардың дайындығы жолға қойылған.

Екі ел өкілдері фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастықты әрі қарай жалғастыруға және шегіртке зиянкестерімен күрес жөніндегі іс-шараларды бірлесе атқаруға ынталы екендерін жеткізді.

Ғылым және инновация
13 мая 2026
Қазақстандық ғалымдар жусан тозаңына қарсы аллергияға арналған препаратты зерттеудің II кезеңін бастады

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті ғалымдары «ҰАҒБО» мекемесі құрамында жусан тозаңына аллергияны емдеуге арналған отандық иммундық терапиялық препараттың II кезеңдегі клиникалық зерттеулерін бастады.

Қазақстандағы маусымдық аллергияның ең кең таралған түрлерінің бірі - жусан тозаңына аллергия саналады. Отандық клиникалық-диагностикалық зертханалардың мәліметінше, жусан тозаңына сезімталдық барлық тозаң аллергендерінің ішінде бірінші орында тұр, яғни 30%-ды құрайды. Әсіресе Алматы қаласы үшін өзекті. Себебі мұнда жусанның гүлдеу кезеңі шілдеден қарашаға дейін жалғасады. Осы уақытта мыңдаған адам мұрынның бітелуі, түшкіру, көзден жас ағу және өмір сапасының төмендеуі жағдайларына тап болады.

Қолданыстағы емдеу тәсілдері негізінен ауру белгілерін уақытша жеңілдетуге бағытталған, дерттің негізгі себебін толық жоймайды. Ал дәстүрлі аллерген-спецификалық иммунотерапия бірнеше жыл бойы ұзақ ем қабылдауды әрі препараттарды бірнеше мәрте енгізуді талап етеді.

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі ғылыми-техникалық бағдарламасы аясында ғалымдар PollenVax атты жаңа отандық препаратты әзірледі. Препарат OtarBioPharm базасында халықаралық GMP стандартына сәйкес өндірілуде.

Бұл жусан тозаңы аллергенінің рекомбинантты ақуызы негізінде жасалған. Оның басты ерекшелігі — емдеу курсының едәуір қысқартылуы. Терапия аптасына бір рет жасалатын төрт теріасты инъекциясынан тұрады.

Бұған дейін 30 еріктінің қатысуымен клиникалық зерттеудің I кезеңі сәтті аяқталды. Зерттеу нәтижесінде препараттың қауіпсіздігі дәлелденіп, адам ағзасына жақсы қабылданатыны анықталды. Сондай-ақ аллергенді бейтараптандыратын антиденелердің түзілуі және терілік прик-тест нәтижелері бойынша аллергенге сезімталдықтың төмендеуі секілді оң иммунологиялық көрсеткіштер тіркелді.
Қазіргі таңда II кезеңдегі клиникалық зерттеуді өткізуге ресми рұқсат берілді.

Аталған зерттеу — жусан тозаңынан туындаған аллергиялық риниті расталған, жасы 18 бен 65 жас аралығындағы 138 пациенттің қатысуымен жүргізілетін рандомизацияланған, қос соқыр, плацебо-бақыланатын клиникалық сынақ.
Зерттеуге қатысу мерзімі 180 күнге дейін созылады.

Бұл жобаның жүзеге асырылуы отандық биофармацевтиканың дамуына серпін беретін маңызды қадам саналады. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған заманауи инновациялық препараттарды әзірлеудегі қазақстандық ғылымның әлеуетін айқын көрсетеді.

Өсімдік шаруашылығы
Мемлекеттік қолдау шаралары
12 мая 2026
Президенттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасының орындалуы: Үкіметте көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу барысы қаралды

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Президенттің аграрлық саланы дамыту жөніндегі міндеттеріне сәйкес, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу мәселелері қаралды. Жиында Ауыл шаруашылығы, Энергетика, Экология және табиғи ресурстар, Су ресурстары және ирригация министрліктерінің, «Бәйтерек» холдингінің басшылары, сондай-ақ Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының әкімдері баяндама жасады.

Олжас Бектенов Мемлекет басшысы аграрлық саланы дамыту және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мәселелеріне ерекше мән беретінін атап өтіп, ол үшін көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы әрі сапалы жүргізу керек екенін баса айтты.

«Мемлекет басшысының конституциялық реформасы елімізді одан әрі жаңғыртуға, оның ішінде экономиканың барлық саласын дамыта отырып, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Осы орайда азық-түлік қауіпсіздігін күшейту және импортқа тәуелділікті азайту өте өзекті мәселе болып отыр. Қазіргі таңда басты міндет – егіс науқанын сапалы жүргізу», — деп атап өтті Премьер-министр.

Үкімет тарапынан барлық қажетті жағдай жасалды. Қаражат бөлінді, фермерлерді техникамен және ресурстармен қамтамасыз ету шаралары қабылданды. Бұл ретте агротехнологиялық талаптарды қатаң сақтау және шаруаларды жанар-жағармаймен уақтылы қамтамасыз ету қажеттігі баса айтылды. Биыл 2,3 млн тонна тыңайтқыш себу және элиталық тұқымдардың үлесін 11,7%-ға дейін жеткізу жоспары бекітілді. Премьер-министр аталған көрсеткіштерге толық көлемде қол жеткізу керектігін атап өтті. Сонымен қатар өсімдіктерді қорғау шараларын уақтылы жүргізіп, егіс алқаптарын әртараптандыру жұмысын жалғастыру маңызды.

Ауа райы жағдайларына мониторинг жүргізуге ерекше назар аударған жөн.

Экология министрлігі жедел шешімдер қабылдау үшін егіншілерге өзекті метеорологиялық болжамдарды уақтылы беруді қамтамасыз етуі қажет.

Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту және отандық машина жасаушыларды әрі қарай да қолдау қажеттігін баса айтты. Соңғы 3 жылда фермерлер 70 мыңға жуық жаңа техника сатып алды, оның 90%-ы өзіміздің отандық өндірістен шыққан. Ауыл шаруашылығы, Өнеркәсіп министрліктері мен «Бәйтерек» холдингі жаңа техниканың үлесін арттыру жұмысын жалғастыру, өнім түрлері мен көлемін арттыру үшін отандық машина жасаушыларды әрі қарай да белсенді ынталандыру тапсырылды.

Бұдан басқа, агроөнеркәсіп кешенін цифрландыруды дамыту шаралары қаралды. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында саланы цифрландыруға баса назар аударғаны атап өтілді. Премьер-министр цифрлық құралдар аграрлық өндірістің барлық кезеңінде, яғни процестерді жоспарлау мен бақылаудан бастап дайын өнімді есепке алу мен сатуға дейін қолданылуы тиіс екенін атап өтті. Ауыл шаруашылығында цифрлық шешімдер мен ЖИ енгізудің табысты тәжірибелерін кеңінен тарату қажеттігі ерекше атап өтілді. Сондай-ақ леулі жер ресурстарына ие шаруашылықтардың әлеуетін толық жұмылдыру керек.

Жалпы соңғы жылдары өсімдік шаруашылығы орнықты өсім көрсетіп келеді, негізгі міндет – осы қарқынды сақтап қалу.

Отырыс қорытындысы бойынша Олжас Бектенов мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.

Бірінші. Ауыл шаруашылығы министрлігі   әкімдіктермен және «Бәйтерек» холдингімен бірге   диқандарды барынша қамти отырып,   өтінімдерді қарау   және жеңілдетілген қаржы бөлу рәсімдерін оңтайландырсын.

Олар   басы артық әкімшілік кедергілерге  тап болуға тиіс емес. Барлық өтінімдерді   тез әрі ашық түрде қарау қажет.

Сонымен қатар егіншілердің қаржы ресурстарына қолжетімділігін кеңейту мақсатында   Ауыл шаруашылығы және Қаржы министрліктері   Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін өзге аймақтарға да таратып, револьверлік қаржыландыру тетігін қарастыруы қажет.

Екінші. Шегірткенің таралу қаупін ескере отырып,   Ауыл шаруашылығы министрлігі өңір әкімдерімен бірге   жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіп,   зиянкестерге қарсы профилактикалық   және қорғаныс шараларын қабылдасын. 

Олардың таралу болжамдарын қайта қарап, шұғыл әрекет ету үшін  ведомствоаралық үйлестіруді күшейту тапсырылды.

Үшінші. Вегетациялық кезеңнің басталуын ескере отырып, Су ресурстары және ирригация министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, оңтүстік өңірлерді егінге қажетті сумен тұрақты қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдасын.

«Ауыл шаруашылығында   су үнемдейтін технологияларды белсенді енгізу қажет. Су тапшылығының қаупі жоғары өңірлерді   басым тәртіппен қаржыландыруды қарастырып,   диқандарды тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйесіне көшуге ынталандыратын   кешенді шараларды жүзеге асыру керек. Бірқатар оңтүстік аудандарда   фермерлер тарапынан   су тапшылығына қатысты шағымдар тіркелуде. Мұндай мәселелерді шешу жұмыстары   тұрақты түрде жүргізілуі тиіс», — деп атап өтті Премьер-министр.

Жалпы, Ауыл шаруашылығы министрлігі   облыс әкімдіктерімен бірге   егіс жұмыстарының уақтылы аяқталуын   және жазғы егіс науқанының сапалы өтуін бақылауды қамтамасыз етуі қажет. 

Жалпы үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жүктелді.

Социальные сети
Instagram
Youtube
Telegram
Facebook
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты