Тегеранда Абай күні аталып өтті

Тегеранда Абай күні аталып өтті

Тегеран, 2024 жылғы 15 тамыз – Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Елшілігі және Экономикалық ынтымақтастық ұйымы жанындағы Мәдениет институтының бастамасымен Абай күніне орайластырып, «Абай мұрасы – Қазақстанның әлемдік мақтанышы» атты іс-шара ұйымдастырылды.

Іс-шараға Тегеранда аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдар басшылары, зиялы қауым өкілдері мен абайтанушылар қатысты.

Іс-шара барысында Мәдениет институтының директоры Саид Хан, Қазақстанның Ирандағы Елшісі Оңталап Оңалбаев, сондай-ақ қазақстандық ғалымдар және ирандық әдебиеттанушылары сөз сөйлеп, қазақтың ұлы ақыны, ағартушы, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, философ Абай Құнанбайұлының бай мұрасына кеңінен тоқталды.

Қазақстан Елшісі биыл ұлы ақынның туғанына 179 жыл толғанына, Абайдың өскен ортасына, оның Шығыс әдебиетімен байланысына сілтеме жасап, Абай Құнанбайұлы қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы екенін атап өтті. Елші ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады» сөзін келтіріп, Абайдың даналық орнын айқындап бергенін айтты.

О. Оңалбаев Абай шығармалары өзектілігін ешқашан жоғалтпайтынына ерекше назар аударды және Абайдың Шығысқа қатысы кең көлемді ойлары зерттеуді қажет ететін тақырып екенін мәлімдеді. Сонымен қатар ұлы ойшылды жаһан жұртына лайықты деңгейде танытудың маңызын атап өтті.

Назар аударатын жайт, қазіргі уақытта Иран Ұлттық кітапханасында Абай бюсті бар. Сонымен қатар Қазақстанның Горган қаласындағы Бас консулдығында Абай бұрышы жұмыс істейді.