Тель-Авив, 2023 жылғы 27 шілде – Биыл күзде Астанада өтуі жоспарланған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының отырысына дайындық жұмыстары аясында Қазақстан Елшісі Сатыбалды Бұршақов Израильдің Бас Ашкенази раввині Давид Лаумен, Иерусалим Патриархы Теофил ІІІ және Конфессияаралық диалог институтының директоры раввин Яаков Нагенмен кездесті.
Елші Бас раввин мен Патриархқа тұрақты ынтымақтастық және Қазақстан бастамаларына үнемі қолдап жүргені үшін ризашылығын білдіріп, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің қорытындыларына арналған кітап табыс етті.
Өз кезегінде діни лидерлер 20 жыл ішінде Съезд алаңы бүкіл әлем дінбасылары мен олардың өкілдеріне ашықтық, толеранттылық және өзара құрмет атмосферасындағы ең өзекті және өткір мәселелерді талқылауға мүмкіндік бергенін атап өтті.
Қазақстан дипломатының Я. Нагенмен кездесуі барысында Конфессияаралық диалог институты мен Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығымен ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.