Бейжіңде Қазақстанның Достар клубының кезекті отырысы өтті

Бейжіңде Қазақстанның Достар клубының кезекті отырысы өтті

Бейжің, 2023 жылғы 24 ақпан – Қазақстанның Бейжіңдегі Елшілігі Қазақстанның Достар клубының кезекті отырысын өткізіп, оның барысында еліміздегі ағымдағы жағдай мен Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының келешегі туралы жан-жақты пікір алмасуды ұйымдастырды.

Іс-шараға Қытайдың Қазақстандағы бұрынғы елшілері Яо Пэйшэн, Чжоу Сяопэй және Чжан Сиюнь, белгілі жазушы, Қытай Халықтық саяси консультативтік кеңесінің бұрынғы депутаты Ақбар Мәжит, Еуразия мәселелері бойынша қытайлық зерттеу орталықтарының басшылары, сондай-ақ ҚХР мемлекеттік органдары, академиялық және іскерлік топтарының өкілдері қатысты.

Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев өзінің алғы сөзінде отырысқа қатысушыларды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастама еткен саяси реформаларды іске асырудың негізгі кезеңдері туралы егжей-тегжейлі ақпараттандырды. Қазақстандық дипломат ағымдағы жылғы 19 наурызда өтетін ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарға кезектен тыс сайлаудың еліміз үшін маңыздылығына назар аудара отырып, алдымен Президент сайлауын, содан кейін Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарын сайлауды дәйекті түрде өткізу саяси жаңару цикліндегі соңғы кезеңді аяқтап, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі өзекті және стратегиялық міндеттерге көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік беретінін ерекше атап өтті.

Өз тарапынан Достар клубының мүшелері еліміздегі ағымдағы жағдай туралы өз пікірлерімен бөлісті және «Әділетті Қазақстанды» құру шеңберінде жүргізіліп жатқан реформаларға оң баға берді.

Мәселен, ҚХР-дың ҚР-дағы бұрынғы елшісі Чжан Сиюнь тәуелсіздіктің 30 жылдан астам уақыты ішінде Қазақстан зор жетістіктерге қол жеткізгенін және Президент Қ. Тоқаев бастама жасаған саяси реформалар мемлекеттің одан әрі дамуы мен өркендеуі үшін қажетті және уақтылы болып табылатынын атап өтті. Олар қазіргі жаһандық жағдайға және ішкі саяси үдерістерге сәйкес келеді. «Ең бастысы, жүргізіліп жатқан өзгерістердің негізінде халық пен елдің мүдделерін жан-жақты қорғау жатыр», – деді қытайлық елші.

ҚХР Мемлекеттік кеңесі жанындағы Реформаларды дамыту орталығының Еуропа мен Азияның әлеуметтік даму институтының директоры Ли Юнцюаньнің пікірінше, Қазақстанда реформалар қазірдің өзінде қазақстандықтар үшін айқын байқалуда және елдің сыртқы саясатына, оның ішінде Қытаймен ынтымақтастықта оң ықпал етуде.

Жалпы, Клуб мүшелері Мәжіліс пен мәслихаттарға кезектен тыс сайлау өткен жылы жүзеге асырылған конституциялық реформаның логикалық жалғасы екенімен келісті. Ағымдағы сайлау барысы Қазақстандағы өкілді билік тармағын қалыптастырудың жаңа, әділ және бәсекелі ережелеріне көшкенін айғақтайды.

Қазақстан-Қытай ынтымақтастығына қатысты Клуб мүшелері өткен жылғы қыркүйекте ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Астанаға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындылары және оның барысында қол жеткізілген уағдаластықтар екіжақты қатынастардағы жаңа кезеңге бастама бергенін ерекше атап өтті.

Осы тұрғыда, сондай-ақ ағымдағы жылы «Бір белдеу, бір жол» бастамасына он жыл толатынын ескере отырып, отырысқа қатысушылар екі ел үшін өзара тиімді ірі экономикалық жобаларды бірлесіп іске асыруға назар аударуды ұсынды.

Кездесу соңында Достар клубының мүшелері Қазақстанда болып жатқан өзгерістер аясында Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының кең перспективаларын бірауыздан атап өтіп, тығыз өзара ықпалдасуды кеңейтуге және тереңдетуге үміт білдірді.