Астана, 2025 жылғы 27 наурыз – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Астанаға алғашқы ресми сапарымен келген Армения Республикасының Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоянмен кездесті.
Тараптар қазақ-армян қатынастарының кең ауқымды мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдың басым бағыттары, сондай-ақ ағымдағы жылға арналған биік және жоғары деңгейдегі іс-шаралар кестесі қарастырылды.
Достық пен өзара тиімді ынтымақтастық негізінде екіжақты серіктестікті тереңдетуге өзара міндеттеме білдірілді. Тараптардың ниеттерін іс жүзінде растау ретінде Арменияның Қарағанды мен Ақтөбедегі құрметті консулдарының кеңселерін ашу болды.
ҚР Сыртқы істер министрі мемлекет басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында өткен жылы қазақ-армян қатынастары сапалы жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. 2024 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Армения Премьер-министрі Никол Пашинян қабылдаған Бірлескен мәлімдеме екі елдің одан әрі жақындасуына деген өзара ұмтылысты көрсетті.
Осыған байланысты сыртқы саяси ведомстволардың басшылары биік деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын егжей-тегжейлі қарастырды.
«Армения – Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы сенімді саяси және сауда-экономикалық серіктесі және қазақ-армян байланыстары еш қиындықсыз, сындарлы көзқараспен дамуда және бір-бірінің мүдделерін ескеруге дайын. Мен екі халықтың игілігі үшін барлық уағдаластықтарды іске асыру мақсатында ең тығыз өзара іс-қимылға дайын екенімді білдіремін», – деді М.Нұртілеу.
Сауда-экономикалық саладағы кооперацияны одан әрі кеңейтуге ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның жетекші үйлестіруші рөлі назарға алынып, оның кезекті отырысын жуырда өткізу ұсынылды.
Екі елдің бизнес-топтарының іскерлік байланыстарды дамытуға қатысуының маңыздылығы аталып өтті. Бүгінгі таңда Арменияда қазақстандық капиталдың қатысуымен 100-ден астам кәсіпорын, ал Қазақстанда 430-дан астам армян компаниясы тіркелген.
Армения СІМ басшысы А.Мирзоян «өткен жыл біздің мемлекеттер арасындағы екіжақты қатынастар тарихындағы маңызды кезең болды» деп мәлімдеді. Ол биік және жоғары деңгейдегі сапарларға, сондай-ақ көптеген бірлескен іс-шараларға толы болғанын атап өтті, бұл әртүрлі салалардағы өзара іс-қимылға қажетті серпін берді. «Мемлекеттеріміз егемендік пен тәуелсіздікті нығайтуға, сондай-ақ транзиттік әлеуетті арттыруға және ұлттық экономикаларды жаңғыртуға ұмтылуда біртұтас. Мұның бәрі серіктестік қарым-қатынасты кеңейту үшін берік негіз жасайды. Ереван мен Астана халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша жиі сәйкес немесе ұқсас ұстанымдарға ие», – деп толықтырды А.Мирзоян.
Тараптар инвестициялық байланыстарды одан әрі нығайтуға жәрдемдесуге уағдаласты. Армян экономикасына қазақстандық капитал салымдарының жалпы көлемі 56 млн АҚШ долларынан асады.
Цифрлық саладағы өзара іс-қимылды кеңейтудің перспективалық мүмкіндіктері аталып өтті. Астана халықаралық қаржы орталығының алаңында оны ұлғайту үшін резервтер бар. Орталықта Армениядан цифрлық технологиялар, қаржылық қызметтер және сақтандыру саласында жұмыс істейтін 10 компания тіркелген.
Министрлер ауыл шаруашылығы, көлік және логистика салаларындағы жаңа мүмкіндіктерді анықтау үшін ортақ күш салуға келісті.
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың мазмұнды күн тәртібі аталып өтті. Мемлекет басшыларының қатысуымен өткен жылы Қазақстанда Арменияның мәдениет күндері өтті. Ағымдағы жылы Қазақстанның Армениядағы мәдениет күндері мәдени алмасудың оң тәжірибесін жалғастырады.
Жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастық практикалық мазмұнмен толықтырылады. Бұл үшін Қазақстан мен Арменияның жоғары оқу орындары арасында қол қойылған өзара іс-қимыл жөніндегі 13 келісімдер мен меморандумдар негіз болады.
Кездесу барысында министрлер сондай-ақ өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша «сағат теңестірді», көпжақты және интеграциялық құрылымдар шеңберінде одан әрі тығыз байланыстарға, екі мемлекеттің халықаралық бастамаларын ілгерілету кезінде өзара қолдау көрсетуге бейілділігін растады.
Ресми сапар барысында Армения Республикасының Сыртқы істер министрі А.Мирзоян Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың қабылдауында да болды.