Астана, 2025 жылғы 6 наурыз – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко елімізде дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Астана қаласындағы Бағдарламалар офисінің басшысы Фолькер Фробартты қабылдады.
Кездесу басында Р.Василенко Ф.Фробартқа Қазақстанның ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастығын нығайтуға қосқан үлесі үшін ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің атынан Құрмет грамотасын табыс етті.
Сыртқы саяси ведомство басшысының орынбасары Ф.Фробарт пен оның әріптестеріне Ұйым қызметінің барлық үш өлшемдерде – әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және адами өлшемдерде Қазақстандағы белсенді қызметі үшін алғысын білдірді.
Атап айтқанда, шекара қауіпсіздігін басқаруды жақсарту, трансұлттық қатерлер мен киберқылмысқа қарсы іс-қимыл, цифрландыруға жәрдемдесу, әскери инспекциялар тетігін көздейтін ЕҚЫҰ-ның 2011 жылғы Вена құжатын іске асыру сияқты мәселелер бойынша мемлекеттік органдармен бірлесіп жобаларды іске асырудағы Бағдарламалар офисінің үлкен жұмысы аталып өтті.
Екінші өлшемде Офистің елдің Экологиялық кодексін әзірлеуге, жаңа Су кодексін қайта қарауға және жаңартуға, су ресурстарын басқару мен қоршаған ортаны қорғауға одан әрі жәрдемдесуге, сондай-ақ табиғи апаттар тәуекелдеріне төзімділікті арттыруға қосқан үлесі аталып өтті.
Адами өлшемде Офис басшысының Жоғарғы және Конституциялық соттардың ғылыми-консультативтік кеңестеріне жеке қатысуы аталып өтті. Соңғы жылдары Офиспен бірлесіп ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары шеңберінде сот жүйесін жетілдіруге, Конституциялық соттың қызметін қолдауға, сондай-ақ әйелдерге қарсы зорлық-зомбылыққа және адам саудасына қарсы күреске бағытталған жобалар іске асырылды.
Сонымен қатар Офистің Қазақстан Конституциясын кеңірек қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін оны Брайль қарпімен транскрипциялап, басып шығаруға қосқан үлесі аталып өтті.
Ф.Фробарт қазақстандық тарапқа жан-жақты қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, болашақта да Қазақстанмен байланысын жалғастыратынына үміт білдіріп, елімізден жылы сезіммен кететінін атап өтті.