Қазақстан мен Кипр ынтымақтастықты дамытуға бағытталған

Қазақстан мен Кипр ынтымақтастықты дамытуға бағытталған

Никосия, 2025 жылғы 6 наурыз – Кипр Республикасына ресми сапары аясында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Кипр Сыртқы істер министрі Константинос Комбоспен кездесу өткізді.

Тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылады.

Екі елдің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары арасындағы тұрақты кездесулер екі елдің қарым-қатынастарының қарқынды дамуына, сондай-ақ тиісті шарттық-құқықтық базаны нығайтуға елеулі серпін бергені аталды.

ҚР СІМ басшысы елдер арасындағы тауар айналымы өткен жылы 2023 жылмен салыстырғанда 5 есеге ұлғайғанын, ал 2024 жылы Кипр инвестицияларының көлемі 227 млн АҚШ долларын құрағанын атап өтті. Инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейту және өзара сауда көлемін одан әрі ұлғайту мақсатында іскерлік байланыстарды жандандыру ұсынылды.

Өз кезегінде Кипр сыртқы саяси ведомствосының басшысы Қазақстан Никосияның Орталық Азиядағы сенімді серіктесі екенін атап өтті. Түрлі халықаралық алаңдар шеңберінде, оның ішінде БҰҰ мен ЕҚЫҰ желісі бойынша екі елдің өзара іс-қимылына жоғары баға берілді.

Тараптар Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия құру мүмкіндігін қарастыру, «Кипр-Қазақстан» Іскерлік қауымдастығының қызметін жандандыру, екі ел арасында тікелей рейстер ашу туралы мәселені пысықтау уағдаластығына қол жеткізді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша министрлер тығыз және жемісті ынтымақтастыққа және басым салаларда, оның ішінде 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Кипрдің ЕО Кеңесіне алдағы төрағалығы шеңберінде жаңа бастамаларды әзірлеуге өздерінің дайындығын растады.

Сапар барысында ҚР СІМ басшысы «Кипр-Қазақстан» Іскерлік қауымдастығының президенті Костас Маркидеспен кездесіп, экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, Қазақстанға кипрлық инвестицияларды тарту, сондай-ақ түрлі салалардағы бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады.

Екі елдің іскер топтары арасындағы серіктестікті тереңдету өзара сауданың одан әрі өсуінің және инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейтудің маңызды факторы болатыны аталып өтті.

2024 жылы Қазақстан мен Кипр арасындағы тауар айналымы 7,1 млн АҚШ долларын (экспорт – 6,2 млн доллары, импорт – 949 мың доллары) құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 5 есе жоғары. 2005 жылдан 2024 жылдың II тоқсанына дейін Кипрдің Қазақстан экономикасына құйған инвестиция көлемі 4,8 млрд долларынан асты. 2024 жылы Кипрден тікелей инвестициялар ағыны 227,6 млн долларын құрады. Қазақстанда кипрлік капиталдың қатысуымен 367 компания тіркелген.