Астанада Қазақстан мен Румыния ынтымақтастығының перспективалары талқыланды

Астанада Қазақстан мен Румыния ынтымақтастығының перспективалары талқыланды

Астана, 2025 жылғы 7 ақпан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Румынияның Қазақстандағы Елшісі Мадалина Лупумен кездесу өткізді.

Сұхбат барысында тараптар қазақ-румын ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен перспективаларын, сондай-ақ екіжақты қатынастарды одан әрі дамытудың негізгі бағыттарын талқылады.

Р.Василенко екі ел арасындағы экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды тереңдетудің маңыздылығын атап өтіп, екіжақты сауданы кеңейту және түрлі салалардағы әріптестікті нығайту үшін үлкен әлеует бар екенін мәлімдеді.

Қазақстанның Еуропадағы ең ірі шетелдік активі, Румыния экономикасында маңызды рөл атқаратын және жетекші инвестор мен ірі салық төлеушілердің бірі «ҚазМұнайГаз Интернешнл» компаниясының қызметіне ерекше назар аударды.

Тараптар белсенді ынтымақтастықты жалғастыруға және Қазақстан-Румыния қарым-қатынастарының барлық аспектілерін нығайтуға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға уағдаласты. Сондай-ақ 2025 жылға арналған іс-шаралар кестесі талқыланды.

Румыния – Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропа өңіріндегі жетекші сауда және инвестициялық серіктесі (Еуропа бойынша 5-ші, әлем бойынша 12-ші орын алады). 2024 жылғы қаңтар-желтоқсанда екіжақты сауда көлемі 2,9 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде ҚР-дан экспорт – 2,79 млрд долл., Румыниядан импорт – 138,4 млн долл. Соңғы онжылдықта Румыния Қазақстан экономикасына 1,57 млрд доллар көлемінде инвестиция құйды. Елімізде румын капиталы бар 37 компания тіркелген.