Дохада Қазақстан мен Катар сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялардың екінші раунды өтті

Дохада Қазақстан мен Катар сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялардың екінші раунды өтті

Доха, 2023 жылғы 20 желтоқсан – Катар Мемлекетінің Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев пен Катар Мемлекеті Сыртқы істер министрлігінің Бас хатшысы Ахмед Хасен Әл-Хаммадидің тең төрағалығымен Қазақстан-Катар саяси консультацияларының 2-ші раунды өтті.

Тең төрағалар екі ел басшыларының белсенді байланыстары нәтижесінде Қазақстан-Катар ынтымақтастығының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Биыл ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚМ Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнидің үш рет кездесуі ынтымақтастықты өрістетуге деген өзара ниеттестіктің бар екенін көрсетті.

Саяси консультациялар барысында тараптар екі мемлекет басшыларының өзара сапарлары нәтижесінде қол жеткізілген келісімдерді, оның ішінде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша уағдаластықтарды іске асыру барысын қарастырды.

Екі ел үкіметтері арасындағы белсенді байланыстар мен экономиканың түрлі салаларында өзара тиімді серіктестікті құруға және нығайтуға ықпал ететін Қазақстан-Қатар үкіметаралық комиссиясының тиімді жұмысы атап өтілді. Осыған байланысты биыл қазан айында Дохада өткен үкіметаралық комиссияның 6-шы отырысының қорытындылары қаралды.

Осы тұрғыда тараптар ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша көлемі 9,3 млн долларды құраған екіжақты тауар айналымының оң динамикасына қанағаттанушылық білдірді. Бұл көрсеткіш 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,8 есеге жоғары екеніне назар аударылды.

Сонымен қатар, саяси консультацияларға қатысушылар қазақстандық экспортты құны шамамен 250 млн долларды құрайтын 60-тан астам тауар түрі бойынша Қатарға ұлғайтуға елеулі әлеуетке ие екеніне назар аударды.

Екіжақты әріптестіктің басым бағыты ретінде перспективалық, оның ішінде девелопмент, ауыл шаруашылығы және энергетика салаларындағы инвестициялық жобаларды іске асыру барысы қарастырылды. Қазақстандық тарап Катардан Қазақстан экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемінің тұрақты ұлғаюын атап өтті. 2022 жылы біздің экономикаға салынған Катар инвестициясының көлемі 3 есе өсті.

Екі елдің іскер топтары тарапынан қызмет өрісін кеңейтуге деген белсенді қызығушылықты ескере отырып, тараптар компанияларға өзара тиімді серіктестік орнату және дамытуда жан-жақты көмек көрсетуге келісті.

Халықаралық күн тәртібін қарастыра отырып, тараптар тұрақты даму және тұрақтылықты нығайту саласындағы ең өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Екі мемлекет ұстанымдарының жақындығы, оның ішінде қақтығыстарды шешуде дипломатия мен бітімгерліктің рөлін күшейту қажеттігі атап өтілді.

Осы орайда екі елдің БҰҰ, АӨСШК, АҚИҰ, ИЫҰ секілді көпжақты құрылымдар мен «Орталық Азия-Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі» диалогтық алаңы аясындағы жемісті ынтымақтастығы атап өтілді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сыртқы істер министрліктері арасында тығыз диалогты жалғастыруға келісіп, екіжақты консультацияларды тұрақты түрде өткізу қажеттігін атап өтті.