
Женева, 2023 жылғы 13 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Қайрат Омаров Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 75 жылдығына арналған жоғары деңгейлі іс-шараға қатысты.
Женева алаңында Қ. Омаровтың БҰҰ БЖКБ, ДДСҰ, ХЕҰ, ХКҰ және ДЗМҰ сияқты халықаралық ұйымдардың басшыларымен кездесулері өтті.
Әңгімелесу барысында қазақстандық дипломат сұхбаттасушылардың назарын Қазақстанның әлеуметтік-саяси дамуына аударып, жүргізіліп жатқан реформалар туралы айтып берді. Женева алаңындағы адам құқықтары мәселелері бойынша серіктестермен сапалы және тиімді өзара іс-қимыл жасауға, сондай-ақ елдік және көп жақты деңгейдегі әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық жолдағы ынтымақтастықты тереңдетуге ерекше назар аударылды.
БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Фолкер Тюркпен жоғары деңгейдегі кездесу алаңында өткен кездесуде Қ. Омаров Қазақстанның өзінің халықаралық міндеттемелерін орындауға, құқық қорғау институттарын нығайтуға және адам құқықтары мен демократияны қорғаудың ұлттық жүйесін дамытуға жәрдемдесуге бейілділігін растады. Сонымен қатар, 2023 жылғы 8 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған гендерлік теңдікті нығайту, балалардың құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес және қылмыстық сот төрелігі жүйесінде адам құқықтарын кеңейту жөніндегі шараларды көздейтін іс-қимыл жоспарын бекіткен маңызды Жарлық туралы хабарлады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Бас директоры Тедрос Гебрейесуспен әңгімелесу барысында сұхбаттасушылар Қазақстан мен ДДСҰ арасындағы ынтымақтастықтың ағымдағы жай-күйі туралы пікір алмасты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау қызметтерімен қамтуға қол жеткізу үшін медициналық-санитарлық алғашқы көмектің (МСАК) іргелі рөлін атап өтіп, тараптар 2023 жылғы қазанда ДДСҰ басшысының Қазақстанға сапары барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ортаға салған МСАК-ты қолдауға арналған халықаралық коалиция құру туралы Қазақстанның бастамасын ілгерілету жолдарын талқылады.
Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) штаб-пәтерінде ҚР Сыртқы саясат ведомствосы басшысының орынбасары ХЕҰ Бас директоры Жилбер Унгбомен кездесті. Қ. Омаров әңгімелесушіні еліміздің жұмысшылар мен жұмыс берушілердің еңбек құқықтарын қорғау саласындағы күш-жігері, сондай-ақ халықаралық стандарттарды ұлттық заңнамаға интеграциялау туралы хабардар етті. Қазақстан Үкіметінің диалог пен сындарлы өзара іс-қимылға ашықтығын құптай отырып, Ж. Унгбо Үкіметпен, кәсіподақтармен және ҚР жұмыс берушілер бірлестіктерімен ынтымақтастықты жалғастыруға үміт білдірді.
Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) Бас директоры Эми Поуппен және Бас директордың операциялар жөніндегі орынбасары Угочи Дэниэлспен кездесулер барысында тараптар мигранттардың құқықтарын қорғау саласындағы бірлескен күш-жігерді талқылады. ХКҰ өкілдері босқындарды қорғау және халықаралық көші-қон мәселелері жөніндегі консультативтік платформа – Алматы процесі шеңберінде өңірлік ынтымақтастықты нығайтудағы Қазақстанның жетекші рөлін атап өтті. Тараптар серіктестікті дамытуға, оның ішінде Орталық Азия мен Ауғанстан елдері үшін БҰҰ-ның Алматыдағы өңірлік орталығы базасында өңірлік жобаларды іске асыру арқылы әзірлігін растады.
Министрдің бірінші орынбасары Қазақстанның зияткерлік меншігін дамытуды талқылау үшін Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) Бас директоры Дарен Тангпен кездесу өткізді. Қ.Омаров Жаһандық инновациялық индексті құрудағы ДЗМҰ рөлін атап, Орталық Азия елдері үшін магистрлік бағдарламаны және Алматыда ДЗМҰ өңірлік кеңсесін ашу мүмкіндігін ұсынды. Бұған қоса Қ.Омаров БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі бастамасы үшін алғысын білдіріп, Қазақстанның экономикалық зерттеу институтымен ынтымақтастықты нығайтуға бастамашылық етті. Сонымен қатар, кездесу барысында патенттік қорғауды қолдау, тауар белгілерін тіркеу, кәсіпкер әйелдерге арналған тәлімгерлік бойынша жобаны бастау мәселелері талқыланды. Жалпы кездесу тұрақты даму үшін зияткерлік меншік саласындағы серіктестікті нығайтудың маңыздылығын білдірді.