Астана, 2023 жылғы 8 қараша – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Польша Елшісі Селим Хазбиевичті еліміздегі дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты қабылдады.
Қазақстандық дипломат С. Хазбиевичке ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің атынан алғыс граматосын табыстап, Польша Елшісінің Қазақстанда болған уақыты барысында екіжақты саяси, сауда-экономикалық байланыстарды нығайтудағы жемісті еңбегін ерекше атап өтті.
«Польша – Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропадағы жетекші сыртқы экономикалық әріптестерінің бірі. Қазақстан-Польша тауар айналымының Польшаның Орталық Азия елдерімен тауар көлемінің 80 пайыздан астамын құрайды», – деп атап өтті Р. Василенко.
Сұхбаттасу аясында екі ел арасындағы көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықтың зор әлеуеті ерекше аталып өтті. Осы орайда сұхбаттастар 2024 жылға жоспарланған Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы келесі отырысының тиімді жұмысының маңыздылығын атады.
Кездесу нәтижесінде Р. Василенко С. Хазбиевичке алдағы қызметіне сәттілік тіледі.
Өз кезегінде, Астанада алты жылдан астам жемісті еңбек еткен С. Хазбиевич Қазақстан тарапына қонақжайлылық үшін алғыс білдіріп, екі ел арасындағы жемісті ынтымақтастықтың одан әрі дамитынына сенім білдірді.
Анықтама: 2022 жылы Қазақстан мен Польша арасындағы өзара сауда көлемі 1,358 млрд АҚШ долларын (+79,2%) құрады (ЕО елдері арасында 8-ші орын), соның ішінде ҚР-дан Польшаға экспорт – 770,76 млн АҚШ доллары (+99,4%, яғни екі есе өсті), Польшадан Қазақстанға импорт – 587,5 млн АҚШ доллары (+58,2%, яғни 1,6 есе өсті). 2023 жылдың 9 айында өзара сауда көрсеткіштері 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (1 034,5 млрд доллар) 9,8%-ға төмендеп, 941,8 млн АҚШ долларын (экспорт – 418,6 млн доллар, импорт – 523,2 млн доллар) құрады.
ҚР Ұлттық Банкінің мәліметі бойынша 2005 жылдан бастап 2023 жылдың 31 наурызына дейін Польшадан келген тікелей инвестиция ағыны 401,4 млн АҚШ долларын құрады.
2023 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша Қазақстанда Польшаның қатысуымен 121 кәсіпорын тіркеліп, олардың ішінде 73-і жұмыс істеп тұрған компаниялар.