Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2023 жылғы 28 тамыз

Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2023 жылғы 28 тамыз

Мазмұны:

  1. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Еуразиялық Үкіметаралық Кеңестің отырысына қатысуының қорытындылары туралы;
  2. БҰҰ-ның Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні туралы;
  3. «Ядролық қарудың гуманитарлық салдары және Орталық Азия ядролық қарудан азат аймақ» атты өңірлік конференциясы туралы.

 

  1. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Еуразиялық Үкіметаралық Кеңестің отырысына қатысуының қорытындылары туралы

2023 жылғы 24-25 тамызда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Еуразиялық Үкіметаралық Кеңестің отырысына қатысу үшін Арменияның Цахкадзор қаласына сапармен барды.

Іс-шараға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттердің – Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресей үкіметтерінің басшылары қатысты.

Өткен кездесудің басты тақырыбы осы интеграциялық экономикалық бірлестіктің одан әрі дамуын талқылау болды. Атап айтқанда, Үкімет басшылары 2030 жылға дейінгі ынтымақтастық перспективалары туралы ЕАЭО декларациясының жобасы бойынша пікір алмасты, оны ағымдағы жылғы желтоқсанда Санкт-Петербургте өтетін ЕАЭО саммитінде Еуразиялық экономикалық одақ елдері көшбасшыларының қарауына ұсыну жоспарланып отыр.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов біздің басты басымдықтарымыз бен ЕАЭО шеңберіндегі ынтымақтастықтың стратегиялық бағытын белгіледі.

Цахкадзордағы кездесуде қорытынды құжаттарға қол қою қарастырылмаған.

 

  1. БҰҰ-ның Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні туралы

2009 жылғы 29 тамызда Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қарарымен Ұйымның Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні болып белгіленді. 1991 жылы 29 тамызда Семей ядролық полигоны жабылғаны мәлім. Бұл әлемдегі ең ірі полигонның жабылуы 1996 жылы Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың қабылдануына жол ашты. Халықаралық ядролық қаруға қарсы күрес күні бүкіл әлемде кеңінен аталып өтеді.

Осылайша, ү.ж. 29 тамызда Нью-Йоркте бұл мәселе бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі пленарлық отырысы өтеді. БҰҰ-ның Вена алаңында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі мен Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымы басшысының бірлескен мәлімдемесі жарияланады, онда ядролық сынақтар мен ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізудің маңыздылығы аталып өтеді. БҰҰ-ның Женевадағы Еуропалық бөлімшесінде, Қазақстанның Берндегі Елшілігінде және әлемнің басқа да қалаларында ядролық сынақтар бойынша арнайы дөңгелек үстелдер мен сарапшылардың талқылауларын өткізу жоспарланған.

 

  1. «Ядролық қарудың гуманитарлық салдары және Орталық Азия ядролық қарудан азат аймақ» атты өңірлік конференциясы туралы

2023 жылғы 29 тамызда Астана қаласында Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні шеңберінде Орталық Азия мемлекеттерінің дипломаттары мен сарапшыларының қатысуымен ҚР Сыртқы істер министрлігі, «Халықаралық қауіпсіздік және саясат орталығы» және «Ядролық қаруды жою жөніндегі халықаралық науқан» (ICAN) үкіметтік емес ұйымдарымен бірлесіп «Ядролық қарудың гуманитарлық салдары және Орталық Азия ядролық қарудан азат аймақ» атты өңірлік конференция жоспарланып отыр.

Іс-шараның ашылуы барысында Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаровтың сөз сөйлеуі жоспарлануда.