Қазақстан «Орталық Азия – Үндістан» диалогы шеңберіндегі Ауғанстан бойынша бірлескен жұмыс тобының бірінші кездесуіне қатысты

Қазақстан «Орталық Азия – Үндістан» диалогы шеңберіндегі Ауғанстан бойынша бірлескен жұмыс тобының бірінші кездесуіне қатысты

Нью-Дели, 2023 жылғы 7 наурыз – Үндістан астанасында аға лауазымды тұлғалардың қатысуымен «Орталық Азия – Үндістан» Диалогы шеңберіндегі Ауғанстан бойынша Бірлескен жұмыс тобының бірінші кездесуі өтті. Іс-шараға сондай-ақ БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының және БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының өкілдері шақырылды.

Қазақстандық делегацияны басқарған Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Талғат Қалиев өз сөзінде Қазақстанның өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі халықаралық күш-жігерге қосқан практикалық үлесі туралы хабардар етті.

Қатысушылар Ауғанстан төңірегіндегі жағдайдың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Ауған бағыты бойынша белсенді өзара іс-қимылға және бірлескен тәсілдер әзірлеуге ортақ міндеттеме айтылды.

Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар Ауғанстандағы жағдайды реттеу ісінде әлемдік қоғамдастықтың күш-жігерін үйлестірудің маңыздылығын, сондай-ақ бүкіл өңірдің мүддесі үшін, ең алдымен гуманитарлық көмек жеткізу, ұзаққа созылған әлеуметтік-экономикалық дағдарыстан шығу мақсатында ауған халқына практикалық жәрдем көрсету мәселесінде халықаралық консенсустың қажеттілігі аталып өтетін Бірлескен мәлімдеме қабылдады.